Ккібастұздағы Мәшһүр Жүсіп ескерткіші
Екібастұз қаласында ұлы ойшыл, тарихшы, этнограф, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің белгілі тұлғасы Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ескерткіші ашылды. Бірнеше жыл бұрын кеншілер қаласының бас көшесі – Ленин көшесіне әулие бабамыздың есімі берілгенде бөркін аспанға атып шаттанған халықтың қуанышы еселене түсті. Ескерткіштің ашылу салтанатына облыс әкімі Болат Бақауов, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің қызметкері, мәшһүртанушы Айтмұхамбет Тұрышев, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының ұрпақтары, алыс-жақыннан келген қонақтар қатысты.
Аймақ басшысы Болат Бақауовпен ғұламаның шөбересі Абай Шарапиев ескерткіш жабуын түсірген соң, С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің оқушысы Бауыржан Кәкімов пен «Зерде» мектебінің оқушысы – Мәшһүр Жүсіп бабаның шөпшегі Перизат Сүйіндік ақын өлеңдерін оқыды.
Екібастұзға кіреберіс тұсқа ерекше рең беріп, ел рухын көтеріп тұрған қола ескерткіштің биіктігі тұғыртасымен қоса есептегенде 7 метрге жуық. Авторы – қарағандылық мүсінші Жаубасар Қалиев.
60 жылдық мерекесін атап өткен кеншілер шаһарында қазақтың дарынды ұлдарына арнап бұған дейін талай ескерткіш соғылған. Бүгінгі ескерткіш ең көркем әрі сәтті жасалған деуге болады. Ескерткіштің ашылуына Екібастұз қаласының әкімі Қайрат Нүкенов қолдау танытып, «Екібастұз қаласындағы Мәшһүр Жүсіп қоғамдық қоры» (президенті Бақтыбай Амантаев) мұрындық болды.
Диана Бақтаева.