Астана бастауы
Сан ғасыр аңсаған жерұйықты қазақ баласы ақыры іздеп тапты деген ұйғарымға келу әлдекімге тым артық теңеудей көрінуі бек мүмкін. Іздеп тапқан емес, қазақ қазақ болғалы өз қолымен тұрғызып, алты алаштың ардақты мекеніне айналдыру үлгісінің куәгеріміз. Айналасы жиырма жылдың о жақ, бұ жағында қазақ жұртының ғана емес, күллі әлемдегі сүйкімді қалалардың қатарынан табылуының өзі неге тұрады. Оқымысты бабамыздың қалаларды жіктеген кездегі айтқан ой, жасаған қорытындысы оның атамекенінде өмірлік шындыққа айналып келе жатқанына қуанбағанда не қылмақпыз. Алдағы Астана күніне орай кейінгі толқын мамандардан пікір сұрағанда көңіл тоғайтатын жауаптар естідік.
– Бір кездері ел астанасын ауыстыру идеясына халықтың үмітінен гөрі күдігі басымдау болғаны рас. Ал бүгінгі таңда Қазақстан мен Астана атаулары егіз ұғымға айналып үлгерген. Астананың аз уақыт ішінде тек еліміздің салтанатты астанасына ғана емес, Еуразия кіндігіндегі ең белсенді қалаға, әлемдік деңгейдегі шешімдер қабылданатын орталыққа айналуы қазақ халқының күш-қуатын, болашаққа деген нық сенімін сездіретіндей. Сіз қалай ойлайсыз?
Қарлыға НАҚЫСБЕКҚЫЗЫ, Огайо университеті Е.Скриппс атындағы Журналистика мектебінде (АҚШ) Фулбрайт бағдарламасы бойынша ғылыми зерттеуші, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультеті деканының орынбасары:
– Әрбір жаңа идеяны қолға алғанда оған деген үміттен гөрі күдіктің басым болуы – табиғат заңдылығы. 70 жыл бойы елдің астанасы болған Алматы қаласының астана деген атауын өзге қалаға ауыстыру жайлы идея алғашында халықтың тоқсан пайызының көңілінен шықпады десем, шындыққа жанасады деп ойлаймын. Оған негізінен басты екі себеп болды: біріншісі, ол кезеңде халқымыз сан ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігіне жаңадан қол жеткізіп, бары мен жоғын түгендеп үлгермеді. Яғни жас егеменді ел ретінде әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелер толық тұрақтана қойған жоқ. Сондықтан нарық заңының қырларын жаңа меңгере бастаған жұрт кең далаға зәулім қала тұрғызамыз, оны елдің астанасына айналдырамыз деген идеяны жүзеге аспас жай ғана елес секілді қабылдады. Екінші себеп, әлемде жер көлемі жағынан тоғызыншы орында тұрған кең байтақ еліміздің Ақмолаға қарағанда көрікті, ауа райы қолайлы қалалары баршылық. Солардың қатарында неге қысы суық әрі ұзақ, жазы қапырық ыстық әрі құрғақ Ақмоланы таңдады деген сауал көпшілікті алаңдатты. Десек те, уақыт талабы өз мақсатына жетті. Бұл мақсаттың жүзеге асуында Елбасының өз идеясына деген сенімі басты роль атқарғанын тарих мойындады. Заманауи талаптарға сай Астана қаласы елдің тарихи, мәдени, саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында астаналық мәртебеге ие болды. Және бұл қазақ халқының жарқын болашағына деген үміт пен сенімді қалыптастырды.
Сейілбек МҰСАТАЕВ,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану және саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымының докторы:
– Әрине, Сіздің айтқаныңызбен толық келісемін. Бүгінгі Астана мен кешегі Ақмоланы мүлдем салыстыруға келмейді. Целиноград болған кезі де есімізде. Ширек ғасырға жетер-жетпес кезеңде бұрын облыс орталығы болған шағын қала Елорда деңгейіне жетіп, әсем Астанаға айналуы оңай болған жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, қиын-қыстау кезеңде Елбасымыз батыл шешім қабылдап, көреген саясаткер ретінде ел астанасын оңтүстік-шығыс шеттегі Жетісуда орналасқан Алматыдан Қазақстанның қақ ортасындағы, Сарыарқаның төсіндегі Ақмолаға ауыстыруға бел байлауы ерлік емей немене? Рас, бастапқыда көптің көңілінде күдік басым болды. Экономика тұралап жатқан, дағдарыс дендеген шақта Есіл өзенінің бойындағы жазында батпақ-қамыс мен маса-шіркейге толы, қысында қақыраған суығы мен бұрқасын бораны толастамайтын, инфрақұрылымы әлсіз Ақмола қаласына Қазақстанның астанасын көшіру ақылға сыймайтын әрекет сияқты көрінген еді. Ұлт көшбасшысының ерік-жігері мен табандылығы арқасында орындалмас қиялдай болған «астананы көшіру жобасы» сәтті жүзеге асты. Бүкіл әлемді таңғалдырған мегажоба бүгін шынайылыққа айналып, Астана – әлемдегі әсем елордалардың қатарында тұр. Астанада өткен әлемдік деңгейдегі басқосулар мен түрлі іс-шараларды қазір санасақ жаңылысатын дәрежеге жеттік. ЕҚЫҰ, ШЫҰ, ИЫҰ саммиттері, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері, Қысқы Азиада олимпиадасы мен спорттың өзге де түрлерінен әлем біріншіліктері, Еуразиялық медиафорум, Астана экономикалық форумы, ЕХРО-2017 және өзге де халықаралық іс-шаралар өткізілді. Бүгінде Астананы әлем таниды, таңғалады, мойындайды. Астанамен бірге Қазақ елін дүние жүзі танып-білді. Кезінде Елбасымыз «Астананың дамуы – Қазақстанның дамуы» деп ұран тастаған болатын. Сол ұран шындыққа айналып отыр.
Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ, саясаттанушы:
– Еуразияның кіндігінде жаһандық топтасудың һәм ауқымды интеграцияның инициаторы ретінде бейбітшілік пен келісім, татулық пен бірлікті темірқазық еткен Астанамыз 19 жылдық тарихында Вашингтон – Брюссель – Мәскеу – Бейжің секілді геосаяси орталықтар белдеуінде өзіндік қолтаңбасымен айшықталды. Салт атты өркениетімен салтанат құрған көшпенді империялық дәуіріміздің архетипі сынды Ақорда әлемдік саяси ой-пікірлерге, саяси шешімдерге өзіндік даусымен, жаңаша серпінмен ықпал аясын барған сайын кеңейтіп келеді. Астана тәуелсіз Қазақстанның келбетін ғана айшықтап қана қойған жоқ, елдің ішкі-сыртқы саясатының негізін қалады. Астананың 10 жылдық белесі – тәуелсіздік жылдарымыздың жарқын шежіресі, еңселі елдігіміздің айғағы. Астана – әлемдік картадағы аузы дуалы саясаткерлердің, экономистердің, әлемдік тұлғалардың көз тіккен құбыласы.
Астананың Еуразия кеңістігіндегі аса маңызды орталық болуын адамдардың саяси шешімі емес, тарих пен тағдырдың өзі әлдеқашан белгілеп қойған. Еуразияның қос полюсіндегі Мәскеудің батыстық, ал Бейжіңнің шығыстық дәстүрлерді барынша бойына сіңіргендіктен кәміл сеніммен Еуразиялық кеңістіктің кіндігі деп атаудың қай жағынан алсақ та қисынсыз шығар еді. Ал Еуразияның нақ ортасынан ойып орын алып, бәйтеректей жайқалып өсіп келе жатқан Астананың Мәскеу мен Бейжің сияқты Батысқа да, Шығысқа да бұра тартпай, геосаяси, өркениеттік һәм мәдени ошақ ретіндегі миссияны мүлтіксіз атқарып жатқанын күллі әлем мойындап та үлгерді. Еуразия төсіндегі Астана әлемдік деңгейдегі іс-шаралардың үздіксіздігі мен маңыздығы жағынан Нью-Йорк, Женева, Брюссель, Мәскеу, Бейжің, Париж секілді алып шаһарлармен тайталасқа түсе алатын әлеуетті қала ретінде қалыптасып келеді. Давос жиыны секілді дәстүрлі Астана экономикалық форумы, үш жылда Астанада тұрақты түрде өтетін әлемдік және дәстүрлі діндердің съездері, 2010 жылғы ЕҚЫҰ-ға төрағалық пен Астана саммиті, одан кейінгі Ислам ынтымақтастық ұйымына төрағалық міндеті, EXPO-2017 халықаралық көрмесі, Ақорданың мәмілегерлік күш-жігерінің арқасында Украина-Ресей жанжалы, Түркия-Ресей текетіресі, Сирия дағдарысы кезінде араағайындық та Астананың бейбіт миссиясы ғана емес, әлемдік тәртіпті қайта қарау үрдісіндегі алпауыттардың мүддесінен гөрі дамушы елдердің де өз үні мен позициясын айғақтайтын сұхбат алаңы екенін көрсетеді. Аса мәртебелі меймандар мен саясаткерлерді ымыраға келтіріп, ата-бабасынан жауласып келе жатқан әр түрлі дін көшбасшыларын бір дастархан басында шүйіркелестіретін бейбітшілік пен келісім қаласы имиджін нық бекіткен қала әлемде жоқ шығар. Бұлардың барлығы иісі қазақ үшін зор мақтаныш. Дегенмен, Астананың басты миссиясы – елді қазақыландыру, қазақтың құдіретіне, ұлттық болмыс-бітіміне әлемді табындыру миссиясы.
– Астананы көшіру идеясы ұлттың стратегиялық мүдделерінен туындағаны жасырын емес. Осы бастаманың геосаяси, әлеуметтік-экономикалық және рухани-тарихи астары туралы айтсаңыз. Әлемде Астана феноменіне ұқсас баламалар кездесе ме?
Қарлыға НАҚЫСБЕКҚЫЗЫ:
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын-қыстау кезеңге қарамастан, ел астанасын көшіру ел тарихындағы батыл шешімдердің бірі деп ойлаймын. Оншақты жылда әлемді тамсандыратындай қала тұрғызудың сыры – ұлттың стратегиялық мақсат-мүддесінің айқындылығы мен халықтың ынтымақ-бірлігінде. Бұл елдің экономикалық және геосаяси мүддесі мен ұлттық стратегиялық мүддесі өзара үйлесімділік тапқан жобалардың бірі. Неміс ғалымы Андреас Даум кез келген ел астанасының атқаратын негізгі қызметтерінің қатарына: әкімшілік, интеграция, символизация және ұлттық мәдени, тарихы орындарды, мәдени ескерткіштерді қорғауды атап көрсетеді. Ал америкалық зерттеуші Питер Холл астаналарды қызметіне қарай бірнеше түрге бөледі: көпфункционалды астаналар (Мәскеу, Лондон, Токио); ғаламдық астаналар (Вашинтон, Париж, Женева); саяси астаналар (Лиссабон, Катманду); суперастаналар (Брюссель, Аддис-Аббеба, Джакарта); бұрынғы астаналар; бұрынғы империялық астаналар және провинциялық астаналар, т.б. 1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша, Астана қаласы «әлем қаласы» атағын алғаны есімізде. Сонымен қатар, көптеген әлемдік ақпарат құралдары Астананы ғаламдық астана ретінде тануда. Әлемдік деңгейдегі іс шаралар, ғаламдық мәселелер Астана қаласында талқылануда, шешімдерін табуда. Оған қазіргі кезде Астана қаласында өткізіліп жатқан ЭКСПО-2017 көрмесі нақты мысал бола алады. Кез келген мемлекет ең алдымен астанасының әлеуметтік-экономикалық даму жағдайына ерекше мән береді. Астана қаласының негізгі феномені – өзіндік сәулеті мен көркіне сай қарқынды дамуында. Ал, әлемде Астана феноменіне ұқсас қалалар өте көп. Президентіміз Н.Назарбаевтың пікіріне сүйенсек, болашақта Астана Канада қалалары мен Сингапур қаласы секілді өмір сүруге ең қолайлы қалалар қатарына енеді.
Сейілбек МҰСАТАЕВ:
– Астананы елдің орталығына көшіру әлбетте геосаяси әрі геоэкономикалық маңызы аса зор қадам. Ол тек соғыс жағдайында ғана емес, бейбіт өмірде де аса қажет. Қазақстанның жері кең-байтақ. Сондықтан мемлекеттік басқару тұрғысынан алғанда да маңызды. Алтай мен Атыраудың арасында ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр Ұлы Далада – Сары- арқа, Бетпақ дала, Жетісу, Ырғыз, Үстірт аймақтары, Арал мен Каспий теңіздері, Алакөл, Балқаш, Зайсан сияқты ондаған көлдері, Алтай, Алатау, Қаратау, Хантау, Жамбыл сияқты толып жатқан таулары, Ертістен бастап Еділ, Жайыққа дейінгі аралықта қаншама өзен-сулары бар. Осы Ұлы Даланы, киелі қазақ жерін ежелден мекендеген қасиетті Қазақ елі жатыр. Сондықтан Елорданың ел орталығында болуы қай жағынан алғанда да тиімді, стратегиялық маңызға ие. Әрине, тарихта өзге елдер де астаналарын ауыстырып жатқаны белгілі. Алысқа бармай-ақ, көрші Қытай мен Ресейді, туысқан Түркияны мысалға келтірсек болады. Бірақ Астана феномені ешбір салыстыруға келмейді, өз алдына бөлек, бірегей ғасыр жобасы, құбылысқа пара-пар құрылыс.
Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ:
– Посткеңестік елдер тарихында кеңістік пен аймақтағы қайта құрылымдау, ел орталығын ауыстыру бағытында Президент Н.Назарбаевтай батыл қадамға ешкім тәуекел етпепті. КСРО-дан тараған елдердің ішінде астана ауыстырған да жалғыз Қазақстан. Астананың ауысуы – ең алдымен тәуелсіз елімізге тарихи «Мен» идеясының, далалық дүниетанымның қайта оралуы деп ұғынған жөн. Алматы кезеңдік жағынан кеңестік, жағрапиялық жағынан Латын Америкасының көп елдерінің астаналары, Тбилиси секілді таулы аймақта қоныс бұйырған астана. Сөзіміз дәлелді болуы үшін Афины, Амстердам Лима, Гавана, Сингапур сияқты қалалардың теңіздік-мұхиттық сипатқа ие болып, өз елдерінің бет-бейнесін айқындап бергенін ескерсек, кезінде Алматы тау, биіктік символикасын санаға сіңіргені мәлім-дүр. Алайда, Қазақстан таулы ел емес қой, ұлан-ғайыр даласы бар мемлекетпіз. Мен Бірнеше жыл бұрын АҚШ астанасы Вашингтонға ғылымдама тағылымдамамен бардым. Вашингтон қаласының сәулет өнерінде әр түрлі халықтардың, соның ішінде италиялық қолтаңба менмұндалап көрініп тұрады. Қаланың жобасы нақты философияға құрылған. Вашингтон көшелері шахмат тақтасы секілді бір-бірімен қиылыса отырып, елдің жүрегі ретінде Ақ үйді емес, Конгресс қоныс тепкен Капитол ғимаратын меңзейді. Яғни плюреализм мен демократияның бесігі Конгресс екенін айғақтайды. Сондықтан біздің Астана – елімізге, қазақы болмысымызға тән далалық символика, яғни кеңпейілдік, дархандық, ақкөңілдік сияқты төл қасиеттерімізге қан жүгіртуі тиіс.
– Батыс пен Шығыс мәдениеті мен дәстүрін тоғыстырған Астана қаласының сәулеті мен келбеті арқылы тарихи жадымыздың көрінісін, қазақ ұлтының бет-бейнесін көруге болатындай. Жалпы айтқанда, Астана қазаққа не әкелді деп ойлайсыз?
Қарлыға НАҚЫСБЕКҚЫЗЫ:
– Астана – Еуропа мен Азияның көпірі. Қазақстан мен Астана атауы егіз ұғымға айналды. Қазақстанда болған кез келген шетелдік әріптестердің алғашқы айтары Астана қаласының сәулеті мен келбеті. Америкалық бір ғалым Астанаға сапары барысы жайлы: «Мен Астана қаласын аралау барысында Еуропа мен Азияға қатар сапар шеккендей сезімде болдым. Қала сәулеті Батыс пен Шығысты жарасымды үйлестіре білген», – деген еді. Ал Астана қазақ халқына не әкелді деген сауалға келер болсақ, ең алдымен, Астанаға қоныстанушылар саны көбейді, мәселен, қала халқы 1997 жылы небары 287 200 адам болса, 2016 жылғы 1 мамырдағы статистикалық деректер бойынша 880 191 адамға жеткен. Екіншіден, жаңа жұмыс орындарының ашылуы халықтың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік тудырды. Әсіресе, жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылды. Үшіншіден, Астана қаласы қазақ халқының жаңа мәдени-рухани ордасына, төртіншіден, әлемдік өркениет пен ғылым-білімнің жаршысына айналды. Сондықтан Астана жастарды жарқын болашаққа жетелейтін қасиетті мекенге айналады деп сенемін.
Сейілбек МҰСАТАЕВ:
– Кез келген мемлекеттің басты белгілерінің бірі – оның астанасының, елордасының болуы. Ел мен елорда – бір-бірінен бөліп-жаруға келмейтін біртұтас ұғым-түсінікке айналып кеткен. Басқаша айтсақ, Париж десеңіз, Франция, Пекин десеңіз, Қытай есіңізге сап етіп түсе қалады. Міне, сол сияқты шетелдіктер Астана дегенде Қазақстан туралы көз алдарына елестете алса, миссия орындалды деген сөз. Яғни елорда – елдің визиттік кәртішкесі сияқты, имидждік роль ойнайды. Ал ондай деңгейге жету оңай шаруа емес. Мысалы, Африкадағы көптеген мемлекеттердің астанасы тұрмақ, өзі туралы да көп адамдар біле бермейді. Себебі, олардың көбісі кенжелеп дамымай қалған, әлемде жағымды имидждері қалыптаспаған. Ал ондай жағымды имиджді қалыптастыратын кім? Әрине, елдің халқы, әрбір азаматы. Халқының әл-ауқаты артқан сайын білімі, мәдениеті, спорты, т.б. дамиды. Сөйтіп, талантты жастар, мәдениетті зиялы қауым, өнерпаздар, спортшылар өз елін әлемге танытады. Елімен бірге елордасының аты танымал болады. Сондықтан дұрыс түсінік болуы керек. Астана қазаққа не әкеледі деп күтіп отырмай, қазақ алдымен әлемге өзін-өзі танытуы керек. Елбасымыздың рухани жаңғыру мен бәсекеге қабілетті болу туралы баршамызға талап қоюы тегін емес. Әрбір қазақ өзінің игі ісімен, білімен, мәдениетімен, күштілігімен, талантымен және өзге де жақсы қасиеттерімен әлемге танымал болуға ұмтылуы керек. Құдайға шүкір, әр салада әлемді мойындатқан, Қазақ елінен шығып жатқан дүлдүлдер баршылық. Бірақ әлі де болса жеткілікті емес. Қазақтарды әлем кеңінен таныса, Қазақстанды да жазбай таниды. Қазақстан әлемге танымал болса, Астананың да аты дүниежүзіне дүрілдеп шығады.
Құбаш САҒИДОЛЛАҰЛЫ:
– Бұған дейін астықты өңір мәртебесі болған Астана шаһары жалпыұлттық идеологияның құрамдас бөлігіне айналды. Астана идеясының мәні – отарсыздануға жасалған бетбұрыс, қазақтануға бағытталған ұлы көш еді. Осының арқасында мемлекет құраушы ұлтқа кең мүмкіндіктер туып, орысы көп Арқада ұлттық идеология үстемдік алып, сан жылдар сіресіп қалған құлдық сананың көбесі сөгіле бастады. Сондықтан Астана елорда болғалы Тәуелсіз мемлекетіміздің тарихында өрлеу басталды деуге толық негіз бар. Мәдени-өркениеттік парадигма тұрғысынан Астананың мән-маңызы қандай болмақ: Астана – қазақстандық Еуразиялық идеяны жүзеге асырудың темірқазығы, Алматы астана болып қала бергенде Еуразиялық орталық мәртебесіне сай бола алмас еді; кешегі КСРО-ның жүрегі Мәскеу болды, ал қазақтың бірге соғатын жүрегі, тәуелсіздігінің тірегі, жалпы Еуразияның кіндігі – Астана болуы керек; Астана сан ғасыр езгіде болған еуразиялық түркілік өркениеттің жаңғыруының басы болуы керек; әлемдегі халықаралық саяси, мәдени іс-шаралар өтетін орталықтар көбінесе АҚШ пен Еуропада, Шығыс Азия елдерінде шоғырланған. Бұлайша жағрапиялық орналасуы олардың өз мүддесін көздеуден аса алмауына әкеліп соғады. Ал Астана – Еуразияның орталығы болса, әлемде тепе-теңдік пен үйлесімділік сақталады.
Сонымен Астана идеясы қазаққа не берді? Біріншіден, Астана ауыстыру тоң болып қатқан қоғамдық санаға қозғау салды, бітеу бұлақтың көзін ашты; Екіншіден, ұлттың бойындағы жасампаздық потенциалын жүзеге асыруға мүмкіндік берді; Үшіншіден, елордамыз теріскей мен күнгейдегі Ресей мен Қытайдың қыспағынан қауіпсіз аймаққа ту тігіп, тепе-теңдік сақтауға алғышарт жасады; Төртіншіден, қалың қазақтың көшін орысы басым солтүстікке бұру арқылы елдің тұтастығы бекемделіп, Арқа өңірі қазақтана түсті; Бесіншіден, жаңа тәуелсіз Қазақстанның ұлттық элитасы қалыптасып, топтаса бастады; Алтыншыдан, Қазақстанның тәуелсіз менталитетін, жаңа өмір салтын қалыптастырды. Жетіншіден, Астана – бүкіл елдің экономикалық, саяси-әлеуметтік және мәдени дамуының ұйытқысы, алға сүйрейтін локомотивіне айналды. Аймақтар Астанаға қарап бой түзейтін болды, ал мәдени-қаржылық орталық Алматымен бәсекелестік орта түзді.
Сондықтан бүгінгі заман Батыс пен Шығыстың алтын көпірі іспетті Астанаға бүкіл Еуразияның күн тәртібіндегі қыруар жұмыстарын атқару миссиясын жүктеп отыр. Айналып келгенде, Астана – атақ-даңқ, мансап қуушылардың ортасына емес, ұлтты һәм мемлекетті құрушылардың киелі ордасына айналуы тиіс. Астананың алыс-жақын көкжиектегі басты миссиясы – айбарлы, салауатты һәм сауатты Қазақ ұлтының бар арманын өмір шындығына айналдыру.
Ғалым ЖҮСІПБЕК, дербес зерттеуші
Астана идеалист жас буынды қалыптастырды
Әдетте география дегенде аумақтық, кеңістік, климаттық, т.б. табиғи факторлар ойға келеді. Алайда, география мен саясат, саяси үрдістер тікелей байланысты. Мысалы, Батыс елдері университеттерінде саяси география мамандығы мен арнайы кафедралар бар. Осы саладағы мамандар саясаттануға, халықаралық қатынастарға тікелей қатысы бар мәселелермен айналысады. Астананың көшірілуі мен дамуы Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орталық Азия, тіпті бүкіл пост Кеңестік аймақтың саяси географиясына оң әсерін тигізді, көптеген позитивті үрдістердің қайнар көзі болды деп айта аламыз.
Астана кеңестік емес, жаңа тәуелсіз дәуірдің ең үлкен символдарының біріне айналды. Шетелдік мамандардың да мойныдауынша, Астана жаңа Қазақстандағы ұлт және мемлекет қалыптастыру үрдістерінде өте үлкен роль атқарды. Жалпы, Астана жаңа тәуелсіз Қазақстанның астанасы болғандықтан, Қазақстанның және жалпы Орталық Азия аймағының сыртқы дүниемен интеграциясында өте маңызды роль атқарды.
Тарихи деректерге сүйенсек, Ақмола мен Көкшетау өңірлері ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап Ресейден келетін переселендер көші үшін негізгі аймақтардың бірі болып қабылданып, жергілікті халық, қазақтар, өз жерінде жүйелі түрде ығыстырылып, азшылықта айнала бастады. Одан кейінгі кезеңдерде болған азамат соғысы, сталиндік ұжымдастыру мен ашаршылық, тың көтеру нәтижелерінде жергілікті халықтың саны, тіпті құлдырап кетеді. Астананың көшірілуі болса, осыншама уақыттан бері азайған жергілікті халық санының көтерілуіне ғана жол ашпады, сол өңірдің тез арада қайтадан қазақтың мәдени орталықтарының біріне айналуына жол ашты. Себебі, Астананың көшуі өнер, мәдениет және білім ордаларының даму нәтижесін берді. Осылайша бүкіл Еуразия аймағында ондаған жылдар бойы ассимиляцияға ұшырап жатқан халықтар арасында қайтадан плюреализм мен көптүрліліктің дамуына өте үлкен септігін тигізді.
Сондай-ақ, Астана жаңа тәуелсіз Қазақстанның астанасы болғандықтан, Қазақстанды ғылым-білім саласындағы ғаламдық үдерістермен байланыстыратын қала болды. Бұрынғы Кеңестер Одағы мемлекеттерінде кездеспейтін Назарбаев университеті сынды, ғаламдық деңгейде танымал көптеген мамандар жұмыс істейтін білім және ғылым ордасының негізі қаланды. Мысалы Гарвард универститеті профессорының Қазақстанға, Астанаға көшіп баруы жай ғана құбылыс емес! Осылайша «интеллектуалды ландшафт» та өзгере бастады.
Климаты соншалықты жайлы емес аймақта орналасқан Ақмоладан Астана сынды қала жасау, көркейту, тағы да қазақ халқының табандылығы мен төзімділігін көрсетті десе болады. Мемлекеттік мекемелер Астанаға көшіп келген кезде істеген кейбір азаматтарды танимын. Жасағандары шынымен үлкен ерлік. Әсіресе, жаңа ғана оқуын тәмамдаған, кейбірі шетелден білім алып келген жастарымыз өте үлкен табандылық пен төзімділік көрсетті. Жалпы, сол алғаш буын ішінде өте үлкен идеалист азаматтар болды. Идеалист болмаса, ешкім қыста қақаған аязда отбасынсыз таңертеңнен кешке дейін жұмыс істей алмас.
Меніңше, Астананы көшірудің астарында мемлекеттік органдарға елді алға сүйрейтін идеалист мемлекетшіл жастарды тарту идеясы да болған сияқты. Жайлы жерінен кеткісі келмегендердің көбісі Алматыда қалып қойды. Астанада қазақтың идеалист мемлекетшіл жас буыны – өзін анық көрсете алатын орта пайда болды десе де болады.
Дайындаған Айнара АШАН.
ПІКІРЛЕР1