Асқар ақынның жұмбағы
23.06.2017
1658
0

1970 жылғы мамыр айының үшінші онкүндігінен бастап ақын Асқар Тоқмағамбетов Оңтүстік өңір басшыларының шақыруымен алтын аймаққа шығармашылық сапарға шықпақшы болды. Түс әлетінде Асекең телефон шалды. «Нағашы, (ол мені баласынбай кейде осылай атайтын) дайындал, Шымкент жағына жолсапарға шығамыз. Обкомға дейін айтып, сені бір айға сұрап алдым. Менің шығармашылығым жөнінде сенің дайындығың барын білемін. Бірсүкүні жүреміз».

Атақты ақынмен қыдырғанды кім жек көрсін, әдепкіде қуансам да, артынан жү­рек­­сіндім. Даңқы бар адам, – ойынан шық­сам жақсы, оқыс ұнамай қалып жүр­сем ұят басам-ау. Бұрыннан білем – ол кей­бір қалам­дастары секілді кірпияз емес, ішім­дік­ке жоқ. Дастарханда күй таңда­майды, әзіл-қал­жыңмен отырыстың пәрін ашып отырады. Ондайда жығылып отырып жығып кете береді.
Сонымен жолға шықтық. Күн ыстық. Түркістанда түстеніп, күн ауа Кентауға бет түзедік. Бір сәйкеден өтісімен шофер «Волганы» құтырта жөнеліп еді, кішкене қара мысық алдымыздан кесіп өтемін деп дөңгелектің астына түсті. Асекең мысық тірі қалды деп ойлады білем:

– Кеседі жолды неге қара мысық?
Кәрі ме, әлде, бала мысық –
деп ыңылдады. Мен өлеңді жалғай қой­дым:
– Қалбалақтап өзі ұрынды дөңгелекке,
Сірә, өзі алса керек арақ ішіп…
– Әдемі айттың! – деп Асекеңнің жүзіне жылы сызық жүгірді. – Сосын тірі қалды ма? – деп сұрады. Шофер Асқар (оның аты да Асқар еді): – Қайдағы тірі, мыж-мыжы шықты, – деп еді, ақын қабағы қатулана қалды.
Жүріп кеттік. Бір тоқал төбені айнала бергенімізде шофер кілт тоқтады. Баллон тесіліпті. Жүргізушінің жұмысы қызды. Біз тысқа шығып, ауа жұттық. Ақын көңілсіз тұр. Осы сәт тәуекелге бардым да, ақын ойын аударғым келіп:
– Қалбалақтап қара мысық кесіп өтті,
Өзі өлді машинаның несі кетті, –
дедім дауыстаңқырап. Ақын іліп әкетті:
– Мына Асқар ажалына себеп болып,
Обалы дөңгелегін тесіп өтті! –
деп мырс етті.
– Тамаша! Ақын сүйсінгенде қолдана­тын осы сөзді екі рет қайталадым. Ақын Асқар қағытпаның аяғын сәтті түйгеніне шаттанды, жүргізуші Асқар ұялып, жүзін жасқай берді.
Асекең қонақта ұзақ отыруды, мылжың тост айтуды ұнатпайды екен. Шақырған жерге қанша уақыт отыратынын алдын ала ескертеді. Әдеби кештен соң даң-дұңға жаны қас. Кешке қарай жеңіл тамақтанады да, қонақ үйге тартады. Сосын түннің бір уағына дейін газет-журнал сүзеді, кітап оқиды. Жазу жазған күні ұзақ отырып қалады. Жазу жазғанда күй де таңдамайды екен. Тосыннан келіп қалған ұшқыр жолдарды, әзіл-сықақты газет жиегіне жаза салатыны бар.
Сарыағаш курортында бір жұма де­малдық. Осы жерде бір топ өлең жазды. Арагідік мені де шымшып қояды. Бір күні түнде бөлмеме кештеу оралдым. Келсем, жастығымның үстінде бір парақ өлең жатыр. Асекең жұмбақ жазып кетіпті. Қайта-қайта оқыдым:

– Түнімен қайда жүрсің, сайтан бала?
Курортын Сарыағаштың «сайқалдама».
Қоймасаң ауыл жаққа оралған соң,
Қылмысыңды келінге айтам бала.

Жем салған айдың көлдің шабағына
Қызығып түн қыдырған талабыңа.
Қыз қуған найсап Найман ойлансын деп,
Мынадай жұмбақ жаздым жанабыңа.

Бір қозы түрлі түсті доп-домалақ,
Жоқ оның басы, көзі – қу құмалақ.
Аузы жоқ ас ішетін, аяғы жоқ,
Пана боп көк жапырақ тұр қоралап.

Басы жоқ болса-дағы тұмсығы бар,
Сыртында майда тікен – қылшығы бар.
Тұмсықтан шыққан кіндік жерге сіңген,
Аңдасаң сол кіндіктің бір сыры бар.

Сол қозы емшекпен де жұмысы жоқ,
(Жетім жан дүниеде туысы жоқ).
Бір орнында жатып-ақ буаз болар,
Еркек пе, ұрғашы ма, жынысы жоқ.

Торсияр жаңбыр тисе жаңбасына
Күн тисе гүмпиеді арқасына.
Бағлан боп 40 күнде пісіп тұрар
Шаруаның ерте туған марқасы ма?

Қызығып отырасың қолыңа алып,
Ақтарсаң одан әрі ішін жарып.
Сүйексіз білем-білем ақ майды асап
Дәміне отырасың қайран қалып.

Ішінен үш шарана тағы шығар,
Ұстасаң еріп кетер майдаланып.
Жұмбағым осыменен тәмамдалды,
Шеше алмай жүрсін дедім Найман налып.
Асекең мені сынау үшін қайрап отыр­ғанын жақсы түсіндім. Бірер күн батылым бармай жүрдім де, ақыры жауап жаздым:
– Асеке, тиді қолға үшбу хатың,
Ақынсың алты Алашқа мәшһүр атың.
Оқысам нағашыңды сойып сапсың,
Бар тағы ойландырар жұмбақ-затың.
Етекке намаз оқып өспепсіз ғой,
Қозыпты жаста талай махаббатың.
Жаспын ғой жігіттіктің буымен
Қыдырып кетіп едім кешке жақын.
Шашаусыз апармын ауылға аман,
Оллаһи, келініңіздің аманатын.
Жиен аға, халық хардар есіміңе,
Өсіп ең өлең-жырдың бесігінде.
Әзілмен әзіліңе жауап қатып,
Келейін жұмбағыңның шешіміне.

Қозыңның қарны да жоқ, басы да жоқ.
Ішетін даяр тұрған асы да жоқ.
Жынысы жоқ, сонда да буаз болған,
Қасында ұрықтанар ашына жоқ.

Жұмбағың қайран етер адамзатты,
Кім көрген мұндай қозы – мақұлқатты.
Өмірі қырық-ақ күндік және өзінің,
Бал-шырын көрінеді етті тәтті.

Шешуі бұл жұмбақтың қауын екен,
Қорегі күн мен ылғал жауын екен.
Ішінен шықса тағы үш шарана,
Ол ұрық, өсіп-өнер қауым екен.

Жиен аға, тамақсаулау тәбетіңіз,
Жеміске ашқарақтық әдетіңіз.
Түйнекті жұмбақ етпей бұдан кейін,
Нағашыңнан асыл тағам дәметіңіз.
Асекең жауабымды оқып көрді де «та-ма-ша!» деп көңілімді көтеріп қойды.

Өтеген ЖАППАРХАН.
Қызылорда.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір