Ұлттық таным мәселелері
23.06.2017
6478
0

Ақұштап Бақтыгереева­ның публицистикасы туралы тұңғыш ғылыми еңбек жақында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университе­тінде қорғалды. Филология факультеті Қазақ филологиясы кафедрасының «5В020500» – «Филология: қазақ тілі» мамандығының бітіруші түлегі Нұрсұлтан Мықтыбаевтың «Ақұштап Бақтыгереева публицистикасындағы ұлттық таным мәселелері» тақырыбындағы дипломдық жұмысын қорғау сағатына ақын Ақұштап Бақтыгерееваның өзі арнайы келіп қатысты.

Ақұштап Бақтыгерееваның пуб­ли­цис­тикасы туралы осы уақытқа дейін бірді-екілі баяндамалар жасалғаны болмаса, толық қамтылып және көлемді түрде зерттелмеген болатын. Нұрсұлтан Мық­ты­баевтың ғылыми-зерттеу ең­бе­гі­нің басты ерекшелігі мен жаңалығы да осында – Ақұштап Бақтыгерееваның публицистикасы тұңғыш рет кең көлемді және ауқымды түрде толық зерттеліп, тал­данып, сарапталып, тақырыптық және авторға тән қолтаңбалық ерек­ше­ліктері алғашқы рет айқындалып отыр.
Ғылыми ізденуші өзінің «Ақұштап Бақтыгереева публицистикасындағы ұлттық таным мәселелері» тақыры­бын­дағы еңбегінде қоғам қайраткері А.Бақ­ты­герееваның публицистикасына ғы­лыми түрде кеңінен талдау жасай отырып, ақынның ұлттық таным тақырыбында баспасөзде жарияланып келе жатқан мақалалары мен шығармаларын «Публицист мақалаларындағы туған жер, ауыл, Отан тақырыптарының мәні мен маңыз­дылығы», «А.Бақтыгереева публицисти­ка­сындағы әйел-ана және қыздар та­қыры­бы мәселелері», «Қоғам қайраткері пу­блицистикасындағы ұлттық құн­дылық­тар мен мәдениет, ұлттық тәрбие және ұрпақтар үндестігі – ұлттық таным­ның ажырамас бөлшегі ретінде» секілді бірнеше тарауларға жіктеп, қазақ хал­қының ұлттық танымын сақтап қалу жолындағы көкейкестілігін баяндайды. Бәрімізге жақсы таныс көрнекті қалам­гер­дің әр жылдары еліміздің бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған ма­қа­лаларына жан-жақты зерттеулік талдау жүргізу арқылы ұлттық идеология мен ұлттық танымның артықшылықтары мен кемшіліктерін, жетістіктері мен ір­кі­ліс­терін көрсетуді мұрат тұтқан автор­дың жұмысы жоғары дәрежеде орын­далған.
Осы арада: «Ғылыми ізденуші неге басқа емес, публицисттің дәл осы ұлттық таным тақырыбындағы мақалаларына тоқталған?» деген заңды сауалдың туындайтыны рас. Жалпы, бүгінгі қоғамдағы ұлттық танымның ролі қандай? Бұл тұрғыда:
– Әрбір ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік ұлттық танымы мен мәдениетінің қайталанбас бай тарихы бар. Мәселен, қазақ халқының осындай көл-көсір рухани мұралары ұлттық танымымыздан ажырап, соңғы жылдары мемлекеттік деңгейдегі мәселеге айналып келеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев биыл­ғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Ұлттық бірегейлікті сақтау» атты бөлімінде: «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Қазір салтанат құрып тұрған жаңғыру үлгілерінің қандай қатері болуы мүмкін? Қатер жаң­ғыруды әркімнің ұлттық даму үлгісін бәріне ортақ, әмбебап үлгіге алмастыру ретінде қарастыруда болып отыр. Алайда, өмірдің өзі бұл пайымның түбірімен қате екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде әрбір өңір мен әрбір мемлекет өзінің дербес даму үлгісін қалыптастыруда. Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғылары­мыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз, танымымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезов­тің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана. Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды» дей келе, «Жаңа тұрпатты жаңғыру­дың ең басты шарты – сол ұлттық ко­дыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай» деп түйіндеген болатын.
Олай болса, ұлттық код дегеніміз не? Ұлттық код дегеніміз, ең алдымен – ұлт­тық таным. Ұлттық таным, халық танымы – әрбір ұлттың, халықтың ұлттық тарих сахнасында ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтары, мәдениеті мен тілі, діні мен ділі, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері мен наным-сенімдері. Ұлттық танымды әрбір халық­тың болмысының барлық саласымен тамырлас, астас жатқан қасиетті ұғым ретінде қарағанымыз жөн.
Бүгінгі таңда қазақ халқының ұлттық танымы үлкен қауіп-қатердің үстінде тұрғаны жасырын емес. Тәуелсіздігіміздің екінші он жылдығында ұлттық идеология мен ұлттық таным мәселесі мемлекет­тік дәрежеде көтеріліп, сол уақыттан бері көптеген пікірталастың тақырыбына айналып келеді. Әрине, қирағанды қайта тұрғызу мен қайта салуға қарағанда, жоғалтқанды іздеп-тауып, бастапқы орнына келтіру әлдеқайда қиын. Ал сол жоғалтқаның ата-бабаңның мыңдаған жылдар бойы тірнектеп жинап, уысынан шығармай ұрпағына табыстап отырған қасиетті мұрасы, рухани байлығы, ұлттық танымы болғандықтан, оның салмағы да соғұрлым ауырлай түседі. Тіпті, бұл ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрлеріміз, ұлттық құндылықтарымыз сияқты түпсіз қазыналарымыздың босап қалған орындарын толтыру үшін бүгінгі заманда өмір сүрушілердің ғұмырлары жетпеуі де мүмкін. Бірақ өткен мен ер­теңнің арасын ажыратып, үзіп алмас үшін бүгінгі буын алдында орасан зор міндеттер тұр. Ал бұл ұлы істердің бар сал­мағы, ұлттық танымды ұрпаққа жеткізудің басты ұйытқысы болып табылатын бұқаралық ақпарат құралдарына, оның ішінде ұлттық шараларды насихаттауда қомақты орын алатын баспасөзге жүктеліп отыр.
Ақұштап Бақтыгереева ұлтқа арнаған шығармаларында ең бірінші ұлттық мәселені – қазақтың мәселелерін көтеріп келеді. Ақынның өзі осы жөнінде: «Иә, өзге тіл, өзге діннің ықпалы көбірек тиген бұл жағалау Қазақ елінің өзге өңірінен ерекшелеу еді. Тек бабалар рухының мық­тылығынан өз келбетін, өз салтын сақтап, бірін тапса, бірін жоғалтып отыр­ғаны рас қой. Еліктегіш, сенгіш, аңғалдау да болатын қазақ ұрпағын, әсіресе, ұлт ұрпағына ана болатын қазақ қызының батысқа қатты еліктейтін өңірі де осы жер. Бұл – менің көкейімдегі өмір бойы басты мәселем, тақырыбым да», – дейді.
Бақтыгереева публицистикасының тақырып аясы өте кең, ауқымды. Оның публицистикасының тақырыбы мен ондағы ұлттық мәселелерді негізінен үш топқа бөліп қарастыру қажет. Оның біріншісі – туған жер, ауыл, Ақжайық тақырыбы, екіншісі – ана, әйел, қазақ қыздарының ұлттық тәрбиесі жөніндегі, ал үшіншісі – ұлттық тәрбие, ұрпақтар үндестігі, ұлттық құндылықтар мен ұлттық мүдде, халықтық таным, қоғам­да­ғы түрлі мәселелерді қаузаған мақала­ла­ры, – дейді ізденуші Нұрсұлтан Ертуған­ұлы.
Қорғау отырысы кезінде пікір айтқан мемлекеттік аттестация комиссиясының мүшесі, Филология факультетінің деканы, филология ғылымының кандидаты, доцент Зейнолла Мүтиев зерттеуші Н.Мықтыбаевтың аталмыш тақырып­тағы еңбегі дипломдық жұмыс болып қорғал­ға­нымен, ғылыми және жазылу тұрғы­сынан магистрлік, кандидаттық жұмыс­тардан еш кем түспейтіндігін жеткізді.
Қорғау жұмысына арнайы келіп қатысқан ақын, қоғам қайраткері Ақұш­тап Бақтыгереева ұлттық идеология, ұлттық таным және ұлттық тәрбие мәселелері тұрғысында кеңінен ой толғады. – Қазіргі күні біздің халқымыз­дың ұлттық танымындағы көп нәрселер ұмытыла бастаған. Көп нәрселер жаңарған. Сонау Шоқан, Ыбырай, Абай, Мәшһүр Жүсіп, Шәкәрім бабаларымыздан бастап зерттеле бастаған ұлттық таным, ұлттық мәдениет, әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміз бертін келе өзінің бұрынғы жанашырларынан айрылып қалды. Әсіресе, кеңес өкіметінің кезінде ұлттық танымымыз бен мәдениетіміз, тарихымыз бұрмаланып, ұлттық құнды­лық­тарымыз отаршылдық идеологияға күшпен таңылып келді. Халқымыздың бүкіл салт-дәстүрін де ескілікке балап, тыйым салынған тұста қазақ халқы асыл мұраларынан айрылып қалғандары жасырын емес. Соның салдарынан ғасырлар бойы қалыптасқан бір ұлттың танымы жойылып кетудің аз-ақ алдында тұрды. Оған мысалды алыстан іздеп жатудың қажеті жоқ. Тек бір ғана тіл мәселесін алсақ та жетіп жатыр. Сол секілді, жаңа­ша ойлау мен батыс мәдениетіне бой алдырған кейінгі ұрпақ болса өз рухани байлықтары мен ұлттық құндылықтары­нан бірте-бірте айрылып қалғандарын сезінбей қалыптасып келеді. Сөйтіп, мең-зең күйде ХХІ ғасыр табалдырығына жеткен жаңа ұрпақ егемендікке қолы жетіп, тәуелсіздік дәмін татқан соң ғана өткенге көз тастап, жоғалтқандарын іздей бастады. Экономика – құстың бір ғана қанаты екендігін, екінші қанатында ұлттық руханият мәселесі тұруы қажет­тігін ешқашан естен шығармауға тиістіміз. Осы тұрғыда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мақаласы бәрімізді бір серпілтіп тастады, – дей келе, осы уақыт­қа дейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде Н.Ома­шев, Т.Мәмесейіт, С.Абдрахманов секілді танымал ғалымдардан, ІІМ Қостанай академиясында білім алған Нұрсұлтан Мықтыбаев туралы да өзінің жылы лебі­зін білдіріп, көз алдында ержетіп келе жатқан оның болашағынан зор үміт күтетінін айтып, ақ батасын берді.
Ал университет басшылығы атынан сөз алған оқу орнының тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры, педагогика ғылымының кандидаты Түймеш Дәрішева бұл ерекше қорғау екендігін айтып, диплом қорғау жұмысына зерттеу нысанының қатысуы бұрын-соңды тарихта болмағанын жеткізді. Ғылыми еңбектің тақырыбы мен алға қойған мақсат-міндеттерін жан-жақты талдай келе, жұмыс туралы жақсы пікірін білдірген ғалым Түймеш Малба­ғар­қызы қоғам қайраткері Ақұштап Бақ­тыгерейқызына университет ұжымы атынан алғысын білдірді.
Ерекше атап өтерлігі – Н.Мықты­баевтың ғылыми жұмысы Х.Досмұ­ха­медов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Журналистика кафедрасынан тәжірибеден сәтті өтіп, осы жұмыстың нәтижелерінің негізінде 2017–2018 жаңа оқу жылынан бастап Журналистика кафедрасының сту­дент­теріне «Ақұштап Бақтыгерее­ваның пуб­лицистикасы» атты элективті (таңдау) пән жүргізіле бастайды екен. Сондай-ақ, ғылыми еңбек толықты­рылып, алдағы күндері монография болып өз алдына жеке жарық көрмек.
Б.Бақтаев.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір