Пәк күнім кеткен сол әппақ шашына сіңіп анамның…
23.06.2017
1251
0

Қалау Сәлеметбайұлы


Алтайды, досым, көрмесең, ештеңе онда көрмедің,
Үйрене салдым орманнан тоқуды ойдың өрмегін.
Кетесің күй боп тартылып ойыңа алмай өңгені,
Толқынында Ертістің ноталар ойнап өзді-өзі.
Жынданып кетпе теректер жаудырған сан мың тілектен,
Шапалақ күтсең жас талдар соғады жапырақ-жүрекпен.
Мәңгүрттеу мынау қалада үйреніп қалдың мақталып,
Жарлығын үнсіз уақыттың жартастар айтар ақтарып.
Тіміскілеп атақтың қалмайтын жандар ізінен
иіскеген ару гүлдерім
ауырлап талай үзілген…
Табиғат сырлы анамда құпия қанша бар ұлы?!
Аяғын сүйіп жүрсіңдер,
Гүлдердің басы – тамыры!
Айналып кетсе таңғалма самал жел кенет дауылға,
Өзге боп біз де кеттік қой бірге өскен кеше бауырға.
Төпесе көктен тамшылар,
Шалғындай шатты дір етем,
Мың тамшы жастан адамда бір тамшы ғана шын екен.
Бүркіт те көрмес бір-бірін көргенде таудың тұманын,
Буалдыр мынау уайымның әкесін бірақ ұрамын.
Безілдетсе Бежеңнің күйлерін шалы даланың,
Домбыраны тартуды ұмытып бірақ қаламын!
Орманды кезсем өзімше ойларға шомып, түнеріп,
Жиғызар есті жас шыбық жағымнан тартып жіберіп.
Шын жылай алсаң, егер де, жаңбырмен бірге жылап ал,
Тарихыңдай өзгерген жаңбырдан соңғы қыналар…
Мың жұлдыз жәндік ұстайтын торыңның мың сан көзіндей,
Қалмассың өзіңді қауқарсыз көбелектей бір сезінбей!
Әкелер шын алдыңа бейнеңді сонда жаңғырық,
Қаңғыған шын дауысын әлдебір таста қалдырып.
Сапарға ұзақ шығармыз ұмытып бәрін ат мініп,
Уақытқа көр қазармыз тағамен кейін лақтырып.
Кісінесе айғыр арқырап дала оты болып лаулағын,
Кеудеңнен шығар қуалап азғын бір ойдың азбанын.
Күл шашар кейде бұқалар,
Өзгеріп ауыл реңі,
Сипағанды білмес сиырлар,
Жоқтауды, бірақ, біледі…
Алаңсыз сол бір әлемде анаңды ғана айналып,
Құлынмен бірге желіде келеді қалғың байланып.
Жаңа ашқан көзін жалғанда таңғы шық тұрса дірілдеп,
Күнәні сезген ең алғаш есіңе сәби күнің кеп…
Буы ұрмас Алтай – алтын тау құшаққа сені басады,
Алтынды дәйім қап-қара топырақ көміп жатады.
Алтынды қазсаң, қап-қара топырақ шығар ілесіп,
Қаралықпенен шын алтын көргенде емес күресіп.
Сермеумен екі қолыңды өтінем өлең оқыма,
Қара жермен де сырласқан қойшының қара қосында.
Мақтауға ғана жаралған мүйізін кессең бұғының,
Бұрқырап қанап кетер-ау сұлулық жайлы ұғымың.
Сезініп суық бауырды жүректің кейде тоңғаны,
Алтын бар жерде қашанда жылан да жүрер ордалы.
Тұрады қоңыз демалып домалатып жүрген тезекті,
Күлгендей кейде, о, тоба,
Бердім деп саған кезекті…
Қайтармыз сосын қалжырап қабағы суық қалаға,
Көктем де келер алдамшы,
Жапырақ басып жараға.
Жаз өтер және қыс келер алдауға алған ақ қары,
Ісініп қарға семірер қаланың қара батпағы.
Бас араз болған ағайын шақырмас мені Алтайдан,
Бала бір күнгі бал сурет,
Алтайым қазір қартайған!
Арманда кетті қайтейін Алтайым жаттың қолында,
Өзерген бәрі-бәрі де,
Сағыныш қана орнында…
Алтайды, бәлкім, алыста сағыну үшін жаралдым,
Пәк күнім кеткен сол әппақ шашына сіңіп анамның.
Өлеңді қойып, бұл күнде өзіме кеттім жат болып,
Бала күн қалған – тайымның езуінен аққан ақ көбік.
Бала күн қалған елуге бөлініп елдің іргесі,
Ашыққан бұзау секілді ілініп талға сіргесі.
Бесіктегі сәбидей нән мысық басқан кеудесін,
Шарасызданып қиналам,
Ойламау жерді ерге сын!
Жат табанға таптатып түркінің алтын бесігін,
Алсамшы қару қолыма,
Сұрамай босқа кешірім.
Жатады жанып кеудемде айналған жерім отарға,
Жібермеді Ертіс – анамды бұрымын байлап бетонға.
Айналған халық тобырға,
Домбыра ғана қолында,
Қаптайды қара шегіртке жусанды отап жолында.
Баладай қамсыз күйіммен, Алтайым, саған қайтармын,
Зар-мұңымды әуелі жаһанға жыр ғып айтармын.
Қаптаған қалың дұшпанға айтылар сонда кесімім,
Аластап алам жырыммен түркінің алтын бесігін!

***
Кеңістік кейде құшақ жаяр маған,
Ұшында қаламымның ай аунаған.
Көремін уақытты,
Көзден аққан
жасымды ауырсынып баяулаған…

Қабығын кемірсе мың таң шуағы,
Алдымда алма – аңсарым аршылады.
Орман – ана ұйқыда,
Төсін емген
сәби бұлттар аунап әлсін-әлі…

Қалықтап аспанда аққу-қаз үндері,
Ақынның жырына ырғақ әзірледі.
Мәңгілік жымияды мәнін білсем,
Көрініп кемпірқосақ – әжімдері.

Бар сұлулық, (келмейді айта бергім)
Сендерді бірден сүйіп қайтады ерін,
Жалғыз тал шыққа түйген байтақ елім!
Алдар көсе – өмірім ән сала бер,
Сен-дағы шаршамашы шайтан – өлім…

Патша – Сөз барлығын да өз ырқына алып,
Шүкір!
Шүкір!
Осылай бұрқырадық!
«Шап – деймін – алға тынбай!»
Уақытқа
Мүше беріп жырымнан жыртып алып!

Әке
Өзегіндейсің өмірдің,
Өзіңді іздеп шарқ ұрам.
Деміме қара темір – түн,
Қып-қызыл таң боп балқыған.

Бара алман саған, аяулым,
Қиып бұл қи – жалғанды.
Баса алмас сәуле – аяғын,
Айға іліп қойсам арманды.

Келеді түспей жырыма,
Өтсе де мұңмен мың түнім.
Ең соңғы рет ұлыңа,
Ымдады нені кірпігің?!

Өлімге бермен орныңды өз,
Сағынышымның төрінде.
Улайды мені ұлы сөз
есеңгіреген ерінде…

Таба алмай соңғы сөзіңді,
Күбірлеп ұлың көз ілген.
Еріді дүние, езілді,
Оттан да ыстық демімнен…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір