Ғасырды жырлаған ақын 70 жаста
Айтарым көп. (Несі мін?!)
Бір сөзім жоқ жасырын.
Бесігім бе? Бесігім…
Жиырмасыншы ғасырым, –
деп жырлаған көрнекті ақын, драматург, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Оразалин мерейлі 70 жасқа толды.
Ақынның мерейтойына орай өткізілген шығармашылық кеші 13 маусым күні Алматы қаласындағы Абай атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Опера және балет театрында өтті.
Оқырманға ой салып, көкейдегіні дөп басқан ақынның кешіне зиялы қауым өкілдері, жергілікті және шетелдік ақын-жазушылар, өнер, мәдениет қайраткерлері қатысты. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың құттықтау хатын ала келген қала әкімі Бауыржан Байбек ақынның қоғамдағы, саясаттағы сіңірген еңбегін айта келіп: «Есімі елімізге кеңінен танылған ақын және белсенді қоғам қайраткерісіз. Еңбекке араласқалы бері баспасөз, мәдениет пен өнер салаларында жауапты қызметтер атқардыңыз. Қаламыңыздың қарымымен, ұйымдастырушылық қызметіңізбен мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне үлес қостыңыз. Өлеңдеріңіз қазақ оқырмандарының ойынан шығып қана қоймай, бірқатар бауырлас халықтардың тілдеріне аударылды», – деп шығармашылығына тоқталды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының мемлекеттік хатшысы Г.Әбдіхалықова, Мәжіліс төрағасы Н.Нығматуллин, Сенат төрағасы Қ.Тоқаев та қуанышқа ортақтасып, жүрекжарды тілектерін жолдаған екен. Оларды депутаттар Қ.Сұлтанов пен А.Бижанов жеткізді.
Сахнаға шыққан Қазақстанның Халық жазушысы, Еңбек Ері, аса көрнекті ақын Олжас Сүлейменов, сондай-ақ, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Ері Асанәлі Әшімов ізгі ниетін білдіріп, аға мен іні арасындағы ілтипатты қазақы дәстүрмен көрсетті. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Академиясының студенттері ақынның отты жырларын мәнерлей орындап, тыңдарман қауымның жүрек сезімін тербегендей болды.
Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармония мерейтойлық кешті сазбен тербеді.
М.Қуатқызы.