АҚЫН ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ ҚАРАШАҢЫРАҚТА ҰЛЫҚТАЛДЫ
Қазақстан Жазушылар одағының қасиетті қарашаңырағында Жазушылар одағының Төрағасы, көрнекті ақын, белгілі драматург, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалиннің жетпіс жасқа толған мерейтойы аясында кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.
Тұсаукесер рәсімін белгілі ақын, Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Жайлыбай ашып, ақынның ерте кезден басталған шығармашылық жолына тоқталды. Қасиетті шаңырақта тұсауы кесілгелі тұрған ақынның соңғы жылдары жазылған алты кітабы туралы сөз қозғады. Тұсаукесерге еліміздің он төрт облысынан ақын-жазушылар, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерден келген арнайы делегация өкілдері қатысты. Алғашқы сөз Түркиядан арнайы келген делегация мүшелеріне беріліп, Түркия Премьер-министрінің орынбасары Тұғырыл Түркештің құттықтау хатын оның кеңесшісі Тұрсын Кубеноғлы жеткізген, бауырмалдық тілегін ерекше әсерде қабылдадық. Оған қоса, мерейтой иесіне Түркия Жазушылар одағының сыйлығы, ЭКО Еуразия қауымдастығының сыйлығы тапсырылып, ақын мерейін бір көтеріп тастағандай. Бүкіл түркі дүниесінде шығармашылық құбылыс жасаған тұлғаларға берілетін аталмыш сыйлықты сонау Америкадан бастап Македонияға дейін, Балқан елдерінен бастап Түркияның бірнеше қалаларында өнер, әдебиет, мәдениет қайраткерлеріне тапсырылғанын тіліне тиек етті. Арнайы сыйлық символы – Білге қағанның ескерткіші. Осы ескерткіште Исмаил Гаспралының «Тілде, ділде және тіршілікте – бірлік» деген ұраны жазылған. Қазақстан халқы Ассамблеясының бірінші орынбасары Дархан Мыңбай жүрекжарды тілегін құттықтау хат арқылы білдіріпті.
Шара барысында мерейтой иесі өлеңдерін татар тіліне аударған танымал ақын Роберт Миннуллинді, онымен бірге Мәскеуден, Өзбекстан, Әзірбайжаннан келген делегация өкілдерін сахнаға шақырды. Ақын Роберт Миннуллин өз сөзінде Нұрлан Оразалиннің өлеңдері татаршаға аудару барысында оның шығармалары өзіне бұрынғы қазақ батырларындай бірбеткейлік, намысшылдық рух бергенін ерекше тебіреніспен сөз етті.