Демография және біз
Жуырда бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан халқының саны 18 млн.-ға жуықтағанын және оның 71 пайызының қазақ екенін жазып, сүйіншіледі. Әрине, бұл деңгейге жеткізген шет жұрттан атамекенін аңсап оралған ағайынның үлесі мен бұдан 40-50 жыл бұрынғы алтын құрсақ аналарымыздың алды 12-14, орташасы 6-8, кемі 4-5 баладан дүниеге әкелген еңбегі екенін ұмытпағанымыз абзал. Ол кезде «Күміс алқа» иеленген аналардың «Алтын алқа» алғандарға қызыға қарағанын бүгінгі ұрпақ аңыз етіп айтады. Ал 2010 жылдан бері «Алтын алқа» 7 балалы, «Күміс алқа»
6 балалы аналарға берілетін болды. Бұл, адамға, өмірдің жалғасы – ұрпаққа деген көзқарастың ғана емес, баланы өмірге әкелу мүмкіндігінің өзгергенін де аңғартар дәлел. Бұған өз кезінде экономикалық, психологиялық, физиологиялық факторлардың да әсер ететіні анық. Отбасындағы бала санының артуына кері ықпал ететін қандай жағдай деп сұрай қалсаңыз, қарапайым халық қаржылық жетіспеушілік пен әлеуметтік мәселелерді көлденең тартады. Оған құндылық атаулының өзгеруін қосатындар да бар. Демографияның алға жылжуына «дертті» кедергі ретінде ажырасудың көптігін мысал ететіндер де жоқ емес. Бұның анық-қанығына көз жеткізуге біздің сөзімізден гөрі, тиісті орындардағы мамандардың демографиялық зерттеулерге сүйенген пікірі дәйектірек болар деп ойлаймыз. ҚР БЖҒМ-нің Ғылым комитетіне қарасты экономика институтының Әлеуметтік саясат және адам капиталын дамыту бөлімінің меңгерушісі, э.ғ.д., профессордың ассистенті Сәуле Қалиева мен Сүлеймен Демирел университеті Әлеуметтік ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы, PhD Жеңісбек Төлен мырзамен осы сұрақтар төңірегінде өткізген сұхбатты 12-13 беттерден оқи аласыздар.
Сәуле ҚАЛИЕВА,
ҚР БЖҒМ-нің Ғылым комитетіне қарасты экономика институтының Әлеуметтік саясат және адам капиталын дамыту бөлімінің меңгерушісі,
э.ғ.д. профессордың ассистенті
Өсімталдық мінез сыры
– Демографияға әсер ететін факторлардың бірі – экономикалық жағдай екені белгілі. Біздің елдегі қазіргі экономикалық жағдай халық санының артуына немесе кемуіне қалай әсер етіп отыр?
– Экономикалық жағдай демографиялық ахуалдың жақсаруына әсер ететін маңызды фактордың бірі екені рас. Тұрғындардың қаржылық әлеуетінің артуы – оларды ұрпақтарының әл-ауқаты жақсы болады деген сенімге жетелейді. Бұл сенім, әсіресе, жас отбасылардың бір баласының екеу болуына, екі баласының үшеу болуына, сөйтіп әрі қарай көбеюіне түрткі болады. Солай десек те, тұрғындардың өсімталдық мінез-құлқына сан ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлер мен отбасылық құндылықтардың, демографиялық қалпының әсері зор. Сол себепті де қазіргі экономикалық жағдай халық санының өсу қарқынына тікелей әсер етіп отыр деп біржақты айтуға болмайды.
– Қазақстандағы балаларға берілетін жәрдемақының мөлшері жыл сайын артып келеді. Алайда, күнделікті тұрмыста қолданылатын тауарлар бағасы тұрақты емес. Олар квартал сайын қымбаттамаса, арзандап жатқан жоқ. Бұл жағдайда мемлекет тарапынан берілетін жәрдемақы әр отбасындағы бала санының артуына қаншалықты ықпал ете алады.
– Мемлекеттік жәрдемақылар елдегі демографиялық көрсеткіштің артуына ұдайы ықпал ете алмайды. Дегенмен, тұрғындардың белгілі бір санаты үшін маңызды екені рас.
– Еліміздің әр аймағындағы демографиялық ахуал әр түрлі екені белгілі. Бұған сол аймақтағы экономикалық жағдай немесе өмір сүруге қолайлы климат әсер етеді деп айта аламыз ба? Әлде оның басқа себебі бар ма?
– Демографиялық ахуалдың дамуына көптеген әлеуметтік-экономикалық факторлардың әсер ететіні анық. Осылайша, халықтың қалалық жерлер мен ауылдық аймақтарда орналасуы тұрғындардың индустриалды ұйымдасу үрдісі мен шаруашылығына әсер етеді. Ол өндірістегі өзгерістер мен тұрғындардың орналасуын, оның әлеуметтік-кәсіби, демографиялық құрылымын, өмір сүру салты мен мәдениетін де қамтиды.
Тұрғындар арасындағы қарқынды урбанизация процесі қазіргі заманғы демографиялық дамудың тұрақты әрі ауқымды беталысын көрсетіп отыр. Оған индустриалды өндірістің қарқынды дамуы мен өнеркәсіп түрлерінің үздіксіз жаңаруы негіз болып отыр. Ал бұл қоғамның экономикалық-әлеуметтік дамуындағы қалалар маңызының артқанын көрсетіп отыр. Тұрғындардың басым көпшілігі осындай қалаларға шоғырланып, ол қалалар қоғамдағы өндірістік, әкімшілік, шаруашылық, әлеуметтік, мәдени, т.б. функцияларды атқарады. Қазіргі заманғы қалалардың көпшілігі – ірі өнеркәсіптік орталықтар, көлік-транзиттік тораптар, сауда және медициналық, білім беру, мәдени шаралар атқарылатын қызмет көрсету орталықтары. Бұлардың барлығында қалыпты өмір сүру мен қалалық әлеует қалыптастыру мүмкіндігі бар. Бұндай қалаларда сонымен қатар ұлттық экономиканың дамуында маңызды роль атқаратын ұсақ және ірі кәсіпорындар шоғырланған. Ал жұмыс орындары бар болған жерде адам капиталының дамитыны анық.
Қазақстанда тұрғындар санының артуы мен оның құрылымын анықтау әр өңірдің ерекшелігіне қарай сараланады. Оның сипаты кейде прогрессивті, енді бірде регрессивті мәнге ие.
Негізгі демографиялық көрсеткіштерді талдау қажетті аймақтық саралаудың ел ішіндегі демографиялық сипатқа әсер ететінін көрсетіп отыр. 2015 жылғы деректерге сәйкес, Қазақстандағы табиғи өсім барлық 16 аймақта тіркелген. Туу көрсеткішінің ең жоғарғысы Оңтүстік Қазақстан облысында – 17,684, ең төменгісі Солтүстік Қазақстан облысында – 115 адам болған. Ал Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар облыстарындағы ауыл тұрғындарының туу көрсеткіші әр аймақтағы әйелдерді санағанда орта есеппен 37%, 21% және 30% болған.
Елдегі тұрғындарды жас мөлшеріне қарай сараласақ, қазір балалардың үлесі – 26,6%, ал 65 жас пен одан үлкен адамдардың саны – 6,8%-ды құрайды. Сонымен қатар, әр аймақтағы тұрғындар арасындағы бала санының орташа көрсеткіші республика бойынша бала санының орташа көрсеткішінен едәуір көп, енді бірінде аз. Мәселен, Оңтүстік Қазақстан облысында 34,8%, Маңғыстауда – 32,8%, Жамбыл мен Қызылордада – 31,8%, Атырауда – 31,0%. Ал керісінше Қостанай облысында 19,7%, Солтүстік Қазақстан облысында – 20,3%, Алматы қаласында – 20,6%, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарында – 21,3 және 21,4%-ды құрайды.
Сондай ақ, соңғы 10 жыл ішінде Астана қаласындағы бала саны қарқынды түрде артып – 64,5%-ды, Алматы қаласында – 33,1%, Маңғыстау облысында – 32,5% және Атырау облысында – 24,7%, ал салыстырмалы түрде бала саны Солтүстік Қазақстан облысында – 2,5%, Қостанай облысында – 5,0% және Ақмола облысында – 5,2%-ға ғана артқан. Елдегі барлық аймақтағы балалардың үлес салмағы бойынша қыз балаларға қарағанда ұл балалар санының 51% ға артық екенін айтып өткен жөн.
2015 жылы ел ішіндегі барлық аймақтан бала санының артуы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысы алға шықты (971,2 мың ад.), Алматы облысы (546,0 мың ад.), Жамбыл олысы (348,9 мың ад.) және Алматы қаласы (338,9%). Солтүстік Қазақстан облысында бала саны едәуір аз (116,0 мың ад.), Батыс-Қазақстан облысында (151,1 мың ад.), Павлодар олысында (161,3 мың ад.), Ақмола обл (168,1 мың ад.) және Қостанай облысында (173,4 мың ад.).
Мына мәселені қаперге алған жөн: біздегі демографиялық үрдістің инерттілігі басым болғанмен, өте баяу жүруде. Сол себепті мемлекет өз күшін дәл уағында демографиялық саясатты жүзеге асыратын тетіктерді нығайтуға жұмсау қажет. Және ол әр аймақтың ыңғайына қарай басымдық алып отырса, қауіптің алдын алып, экономикалық әл-ауқаттың нығаюы мен әлеуметтік-экономикалық жаңғырудың қарқын алуына ықпал етер еді.
Жеңісбек ТӨЛЕН,
Сүлеймен Демирел университеті Әлеуметтік ғылымдар кафедрасының аға оқытушысы, PhD
– Елдегі демографиялық саясатқа әсер ететін шаралар ретінде бірінші экономикалық, екінші әкімшілік-құқықтық, үшінші тәрбиелік іс-шаралар аталады. Қазақ халқының тарихына үңілсеңіз, сан түрлі оқиғалардың кесірінен қырғын көріп, саны кемігеніне қарамастан жылдар өте, қырғын көрмеген өзге халықтың санына жете алмаса да, қатарға қосылып келгенін аңғарамыз. Бүгінгі бейбіт заманда қазақ дүниетанымындағы ұрпақ жалғастығы туралы түсінік несімен ерекшеленеді?
– ХХ ғасырдың басында Әлихан Бөкейханов қазақтың саны 6 млн.-ға жетті деп айтқан еді. Бірақ халықтың басына түскен тарихи зобалаң, аштық, қуғын-сүргін, репрессия, Ұлы Отан соғысы секілді оқиғалар қазақтың демографиялық өсімін тежеп, 6 млн. халықтың санын 1,5 млн.-ға дейін азайтып жіберді. Бұл – біздің халықтың санының азаюына әсер еткен ең үлкен тарихи фактор. Ал сіз айтып отырған экономикалық, әкімшілік-құқықтық, тәрбиелік іс-шаралар демографияға мұндағы жылдары ғана әсер ете бастады. Демографияға әсер ететін басты фактор ретінде экономиканы атауға болмас, бірақ белгілі бір деңгейде халық санының өсуіне ол да ықпал етті. Ал әкімшілік-құқықтық фактор халық санының артуына немесе кемуіне айтарлықтай ықпал етеді деп айта алмаймын. Меніңше, демографияның өсуіне ықпал етіп отырған басты фактор – менталитет пен сананың, құндылықтардың өзгеруі. Қазір демографиялық көрсеткіштің баяу жылжуына экономикалық-әлеуметтік жағдай әсер етіп отыр деген пікір жиі айтылады. Алайда, негізгі себеп – сананың өзгеруі. Яғни құндылықтардың алмасуы. Бұдан бір-екі буын бұрынғы ұрпақты алып қарасақ, қазіргі заманнан қиын уақытта да кем дегенде бес-алты я болмаса он бала дүниеге әкеп өсірген. Ал бертін келе нарықтық экономикаға көшкен жылдары халықтың қаржылық әлеуеті әлдеқайда жоғары болса да бала туу көрсеткіші төмендей берген. Демек, туу көрсеткішінің жоғары болуында экономикалық, яки әлеуметтік фактор шешуші роль ойнап тұрған жоқ. Қазір Қазақстандағы туу көрсеткіші орташадан төмен, демографиялық дүмпу жоқ. Бұл менің ойымша, дәстүрлі отбасы институтының құлдырауынан болып отыр. Қазір дәстүрлі отбасындағы құндылықтарды сақтап, бұрынғыдай отбасындағы бала санын көбейту маңызын жойды. Қазір жастардың басым бөлігі кеш үйленеді. Орташа үйлену жасы бұрын 20-22 жас болса, қазір 26-28 жасқа ұзарған. Үйленген күннің өзінде бала сүйіп, отбасы мүшелерін көбейтуден бұрын карьера жасауды алғашқы орынға қояды. Ондай жағдайда бала санын көбейту, дәстүрлі отбасының құндылықтарын сақтау жүйесі екінші орынға өздігінен ысырылып шығады. Батыс Еуропа, Америка елдерінде дәстүрлі отбасы институтының орнына индивидуалистік құндылықтар бірінші орында тұрады. Әйел де, ер де өзінің жұмысы мен жеке тұлға ретінде жетілуін ең бірінші орынға қояды. Батыс Еуропа елдерінде дамушы шығыс мемлекеттеріне қарағанда өмір сүру деңгейі жоғары болғанмен, демографиялық өсім өте баяу. Мәселен, Германия қартайып келе жатқан мемлекетке жатады. Франциядағы халық санын көбейтіп отырған сырттан келетін эмигранттар. Ал шығыс елдерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы батыс елдерімен салыстырғанда төмен болғанмен демографиялық өсім әлдеқайда жоғары. Бұл да демографиялық өсімге әлеуметтік жағдайдан гөрі дәстүрлі құндылық пен ұлттық менталитеттің әсері көп болатынын дәлелдейтін бір мысал. Сіз айтқан тәрбиелік іс-шаралар осы ұлттық құндылық пен менталитетке сәйкес келеді. Қазақстанда соңғы жылдары қарқын алған жаһандану процесіне сәйкес құндылықтар алмасу үрдісі тез жүрді де, біздегі дәстүрлі институттар әлсіреп, соның әсері демографиялық өсімнің баяулауына әкеп соқты. Дәстүрлі отбасылық институтты сақтау, бала туу ұғымы сетінеп, индивидуалистік құндылықтар сіңе бастады. Жеке адам отбасы мүшелерін көбейтуден бұрын карьера жасау, өзін-өзі жетілдіруге күш сала бастады.
– Көзқарастың өзгеруіне әсер ететін фактор ретінде нені ерекше атап айтар едіңіз?
– Бүгінгі күні әсер етіп отырған негізі фактор – жаңа айтып өткеніміздей жаһандану, батыстану (westernization) процесі. Ашық ақпараттық қоғамда жаппай мәдени ықпалдасу үрдісі жүруде. Қай елдің мәдениеті күшті, ол басқа әлсіз мәдениеттерді өзіне жұтады не оған ықпал етеді. Американдық саясаттанушы Самуэль Хантингтон «ХХІ ғасырда мәдениеті күшті, өркениетті елдер дамушы елдерге ықпал етеді» деп айтқан еді. Осы ұстанымға сүйенсек, қазір мәдениеті дамыған Батыс Еуропа мен америка мемлекетінің мәдениеті мен құндылықтары, өмір сүру үлгісі басқа да дамушы елдерге ықпалын тигізуде. Дәл осы нәрсе біздегі дәстүрлі құндылықтардың өзгеруіне тікілей әсер етіп отыр.
– Ұрпақ туралы ұғым өзгерген кезеңде халық санының өсуіне экономикалық және әкімшілік шаралар игі ықпал ете ала ма?
– Демографиялық көрсеткішті ұлғайтуға экономикалық, әкімшілік шаралар ықпал ете алады. Мемлекет тарапынан арнайы бағдарламалар жүзеге асып, жүйелі жұмыс істеп отырса, ол елдегі демографиялық жағдайдың жақсаруына жанама түрде, қосымша дем беруші күш ретінде ықпал ете алады. Бірақ адам санын көбейтуге тікелей әсер ете алады деп айту қиын. Ал егер жалпы мемлекеттік тұрғыда ұлттық құндылықтар мен отбасы институтын нығайтуға бағытталған идеологиялық шаралар атқарылса, елдегі демографиялық өсімнің ортадан жоғары қырқын алуына әсер ете алады деп ойлаймын.
Әзірлеген Н.Дүтбаева
ПІКІРЛЕР1