«Ақша қардай таза жырлар»
09.06.2017
2174
0

Ақын Гүлбақыт Қасеннің «Құсқанаты» жинағының Біссімілласы Шығыс шайырларының шығарма беташарында «Аса мейірімді, рахымды Алланың атымен бастаймын» деп келетін ежелгі мақамымен, дәстүр дағдысымен сабақтас деп таныдым.

Өлеңдерінің мазмұнында Алла сыйы – өмір нұрына шүкір тәубамен қарайтын бір сабыр бар, бір төзім бар. Қазақ өлеңіне кейінгі дәуірлерде өмір өткелін қалпынша қабылдап, аялау даналығы жетпей қалған еді. Өктем, өлшеп-пішіп, кесіп үкім айтып басына сөйлеуге итермелеп отырған ал­дам­шы пафос өлеңнің бетіне шіркеу бол­ғаны рас. Дәстүрлі, қашан да қалпынан аспаған сыйымды ақындық «Мен» бұзып-жарып, тым қайраткер көрінуге, жұлқы­нып дүниені реттеуге көп ұмтылды.
Гүлбақыт Қасеннің ақындық «Мені» дүние-ғалам құндағындағы пенделік ғұмырдың игіліктеріне дәйім риза пейілде тұлғаланғандай.
Ұлы Мәннің тарау-тарау қисындарын барлау еркіндігі бой түзеп қалған ақындық даралығын таныта түседі.
Ол өлеңін дүниенің бар салмағын кө­тер деп күштемейді. Тіксініп, еш құбы­лыс­қа үкім айтпайды. Лайықтап, сыйымды сыр төгеді. Ақынның сезімін қымтап жазатындығы назар аударды.
Именшек, сыпайы ақындығы тартымды. Барлығын тауысып айтуға, көсемдік көрсетуге құлық танытпайды. Дүниені бұ­лайша сезіну бақыт деп еріксіз елжірете­тін тынбай қайнап жататын иман бұлағы, тұнық тұмадай бір тәтті дәм, мөлдір, мінсіз кісілік болмыс бой көрсетіп отырады.
Менің жаным айдай нұрлы,
Айдай нұрлы әдемі.
Әдемі әлем тербеледі
Әсемдігі мәні еді.
Адам атаулы, ақын атаулы, Мұқағали той­­май кеткен жарық, жылы тіршілікке ын­тығу сезімі жайлы әуенімен тербейді. Ли­рикалық қаһарман ғашық болудың дүниені қозғайтындай қуатына қайран қалар еді. Махаббат шуағымен нұрланған ер­­ке сұлудан кейде өсекші өлең сыр ұрлай­ды.
Сен жіберген Ақ боз атты ерттедім.
Ғайып болған бақытыма беттедім.
…Салып жүрмін бұлақтардың күлкісін.
Жақынсың ба?
Қырда гүлдер дір етті.
Гүлбақыттың «Алтыным» элегиялық топтамасында жар жағалап ғұмыр сүретін, ұдайы аласапыран сезім дауылдарын кешіп жүретін адам баласымен күні бір, «апанға түсе жаздап аман қалған, ақша бұлттан алақанына жас тамған» лирикалық қаһарман тұлғасы автордың жаңаша бір өлеңдік құрылымдық, түршілдік ізденіс­те­рінде танылады. Ғашық қыздың көктем­де­гі құбылмалы жай күйі бейтарап қал­дыр­майды.
Көктем-қыз бұрымымды өріп кеткен,
Сыйлаған көк көйлегі көрікті еткен.
Ақ тамақ қарлығаштар сонда келіп,
Хабарын ғашығымның беріп кеткен.
«Құсқанаты» жыр жинағын түзген топ­тама жырлардың бір шоғыры – туған өлке, оның жақсылары мен жайсаңдарына деген құрмет, марқаю сезімі, жер жұмағы Же­т­і­су­­дың қадіріне жету, қастерлеу риза­шы­лы­ғы бұрқ-сарқ қайнаған перзенттік иба.
…Бақ таймаған ауылымнан айналдым!
Ат байлаған бауырымнан айналдым!

Ақын айтқан мына бір наз және назар аударды.

Арыстың бойын, Ертісті,
Сырды, Жайықты
Жырлады бәрі. Ғашықтар
мінген қайықты…
Өзені болған, өзегі болған өмірдің –
Ілеміз жатыр үн-түнсіз қалпы, байыпты.
Лирикалық қаһарман туған жерімен бірге тыныстайды. Болмысы сонымен тұтасқан. Кіндігі байланған. Ақын шаһар­да жүріп те жырды жүрегінде Айдарлының құмында ғана жазады.
Айдарлының құмдарында жазылған
Кейде жүрем өз жырымды түсінбей…
Ибалы, нәзік ақындық болмыстағы тәуелшіл батылдықты байқамай қала ал­маймыз.
Ақын өлеңмен бетпе-бет қалғанда, жыр жазарда «Теңіз толқып, тау теңселіп» бара жатады. Қилы құйын сезім, аяусыз азап бастан өтеді.
Кейде ақындық стихиясының Гүлба­қыт өлеңдерінде тосын, күтпеген тұстан ашылып отыратыны қызық.
Жанымды ұғар дәл өзіңдей кімім бар?
Сен болмасаң өліп кетер түрім бар.
Мұңайғанда қарс айрылар жүрегім.
Ей, өлеңім,
Мені қуант, тілімді ал!

Өлеңі жайлы әйгілі Ахматова да бұлай айтпа­ған­дай сөз айтқаны бар.

Бұл бір өлең өзінше –
Бедері әсем білінген.
Қалғып кетіп көз ілсем.
Кірпігіме ілінген.
Жырға арнап жазатын өлең жайлы өлеңдерінде ақын наз айтатын тағы бір қымбат бейне ұдайы бой тасалап тұратыны, Тағдыры қаламның ұшында тұрған ақындық «Меннің» тағы бір тіршілік тұ­ғыры өлеңмен біртұтастықта тұлғалануы – Гүлбақыт Қасеннің лирикадағы жан иірімдерін, жасырын толқындарды сездіртудің бір тәсілі. Сүйген жан оның өлеңі туып, жыр жаратылған сәттегі жан мерекесіне ұдайы куә. Қасында жүретін, сыр ашып басқаға айтпаймын дейтін сыңары. Бейтаныс тұлға қазақтың жаны сұлу арлы қызын жырымен бірге жылы шуағымен ілгері жетелейді, жан мұратына жеткізуге қол ұшын береді.
Гүлбақытта сөз тапқыштық мүмкіндік мол көрінді. Кісіден ой ұрлап, кісінің сөзіне қол салмайтын дегдарлығы бар.
Образбен ойлау, тапқыр айшықтаулар жасау, теңеу кеңістігі өнімді, берекелі.
Көтере ме аспа жолы аспанның?
Биік тұрып құлдырауым – қас қағым.
Өлеңі өрімінде салыстырудың өзіндік өрнектерін салуға бейім.

…Нота болып қосылып ем пернеңе –
Күмбірлеген күй боп шалқып барамын.
…Бұлақ болып қосылып ем арнаңа –
Өзен болып ағып барам арқырап.
…Жота болып жалғасып ем төбеңе –
Талаптанып таудай болып шықтым мен.
Алатаудың Аспанмен жалғасқанын сезетін ақынның сурет салып, көрініс ашып кететін шеберлік сәттері қуантады. Наурыз келгенде құт мекен мың-сан сәу­лемен құлпырады. «Жеті өзеннің жылғасы кеңиді», «Мың аттыға бір атты» иіліп сәлем беріп қауышады. Жасыл шөптің өмір иісі жаулап кетеді.
«Өткенге өлеңмен хат жіберу» де – ақынның өз тапқаны. Оның жыр жина­ғындағы Мұқағалиға арнаулар, «Әннің ақберені» поэмасы ақындықтағы тынымсыз, тындырымды ізденістері назар аударады. Гүлбақыттың өлеңдегі түршілдік, құрылымдық ізденістері қуантады, үміт жалғатады.
«Мейірімді жүректемін – қуансам,
Мұңайғанда – тамыры жоқ тастамын», – дейді құсжолының жолағына жалғанып, сезімі жүрегінен тамған, арманын арна ғып ағыс түзген, бұлақ күлкісіне құлақ түр­­ген ақын қыз.
Жыр жинағын өлеңдік тұтастықта ұстап тұрған – жылы сезімдер. Ақын қыз мақтауға тіл жетпес Жетісуымен мақ­та­нады. «Жетісудың астанасы» күн санап ертегідегідей жедел өсіп, жасанып кеткен Талдықорғанға арнау. Туған Көкталдың гүлі де ерекше, терегі де бойшаң. Дәстүрлі поэтикалық қолданыстарға балама тауып кететін епті қалам туған жерді айтқанда тіптен жүрдек көрінді. Жанының емі, көңілінің дәруі –Көкталдың ақ қайың, ақ талдары, дала сулары айтатын ән, ғаламда жоқ Көкталдың кештері, көктеректей көкпеңбек Көкталдың аспаны. Жыр жаза­тын жақсы қыз жабырқаған, жасыған сәттерде ырыс ұйыған Қоңырөлеңіне кеткісі келеді.
Белжайлау, бұлағың тұп-тұнық,
Аптапта шөлімді баса ма?
Даланың кеңдігін ұқтырып,
Тұрсың-ау!
Сенен жер аса ма?
Белжайлау бір мәнде – кеңістікті кең жайлаған туған елдің тұтас тұлғасы. Гүлбақыттың жырларында бағзы замандардан аман жеткен көшпелі өркениеттің ендігі дәуірмен бетпе-бет тұрған бұ­зыл­маған ұрпағы тұлғаланған.
Өткен тарих: өмірсүйгіш, кең пейіл, ақ жүрек, біртуар ұлттық тұтастығын сезін­діре түскен «Құсқанаты» жыр жинағындағы «Ән ақберені» поэмасы ақын қыздың өнерпаз тұлға тағдырына жалпыадамзат­тық өрістен, ортақтастық, жанпида мұрат­тар кеңістігінде қарайлайтынын көр­сетті.
Әні бір әсем болып ұлт тарихында қал­ған Дәнеш Рақышұлы, өнер киесін, өмір өгейлігін, халқының тағдырымен тұтасқан тұлғаның жан күйін өлеңге түсіруге тәуе­келі жеткен Гүлбақыт Қасен бай ғұмыр­баян­дық мазмұнды оңтайлы поэтикалық құрылыммен қамтиды.
Поэма өнер қонған қазақ атты кенен елінің бір өрені – Жетісуда сайраған бұл­бұл Дәнешке жолбасы арнаумен басталып, «Өзім жайлы», «Мен аққумын көлдегі», «Жігерлендіру», «Аяусыз тағдыр», «Талқы асуы», «Зұлымдық құрбаны», «Саясында алманың» болып жалғасқан. Әншінің қысталаң уақыттар қыспағындағы тұлға болып қалыптасу жолы қамтылған. Поэмада орайлы тұстарда Дәнеш салған әндер «Біздің ауыл Текшенің етегінде», «Аңшы­ның әні» , «Ақтұйғын», «Саясында алма­ның», «Қисмет», т.б. аталып отырады.
Бай суан. Мен – Рақыштың Дәнешімін,
Күзеткен бала жастан ән есігін.
Біреудің арманымын қол жетпестей,
Біреудің құлқы кеткен дәмесімін.

Рақыштың жыр саулаған қамшысынан,
Аталған ежелден-ақ «Әнші суан».
Тәжіхан – анам да әнші, сүйекте – өнер,
Асығым түскен екен алшысынан.
Қыз бен жігіт жиын-тойда көрісетін бұрынғы ел өмірі. Әдишаны Дәнеш те бір тойда тапқан. Әуелі екеуінің айтысы жұртты елеңдетті. Дәнеш ессіз ғашық бол­ды. Арман қол созымда тұрғандай еді… Заман бұзылды. Ел елінен қашқандай күн туды басқа. Қазақтың әлпештеген аруын «ат көтіне» байлады. Дәнештен айрылған Әдиша дертті. Тарихпен тұтасқан адам тағдыры, өнерпаз тағдыры арғы беттен көрмегені қалмай, отыз үшінде Еліне оралған Дәнеш әншінің шалқу, шарықтау құбылыстары, жан қуаты, жаңғыруы, өн­ер­дегі ендігі екпін серпіні жинақы мазмұнда ашылады.
Аққуым …
Әлде аспанын аңсап жетті ме?
Теңселіп таулар, бауларым ән сап кетті ме?
Айтты ма сырын атажұртына, аяулым,
Айналдым сенен, бас иген асыл тектіге!

Белжайлау мүлгіп,
Баркөрнеу жыр боп еседі…
Бурақожырдың гүрілі құлақ теседі.
Әншінің үні қозғады бәрін, жаңғыртты,
Естіген ел-жұрт: «Әсет тірілді! деседі…
Гүлбақыт Қасеннің «Құсқанаты» жыр жинағы аналық мейір, туған өлке, жақын адам, жақсылық, ізгілік ырызықтары, тарихи құнар, іңкәр сезімдер жайынан. Лири­калық түпбейненің адамгершілік мұрат­тармен құнарланған бітім-болмы­сында қашан да қастерлі кісілік тағылым бар.
Бұл – Гүлбақыт туындыларын түгелдей төрт аяғы тең жорға деп мақтау емес. Өлеңдегі поэтикалық қуатты еселей түсу, кемелдену келешектік еншісі.

Қанипаш МӘДІБАЙ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір