АСПАНДА ЖҮЗГЕН АҚША БҰЛТ
21.10.2025
253
0

Алматыдай алып шаһардың жайын ауызына жұтылып кеткеніме бір аптадай болған. Қаланың қарбалас тірлігіне кәдімгідей үйреніп қалдым. Жалдап жатқан жерім – Шемякин көшесіндегі 138-үй. Көше бұрын Винницкая атында болып келіпті де, кейіннен Дубосеково разъезіндегі ұрысқа қатысқан 28 гвардияшы-панфиловшылар құрамындағы старшина, Совет Одағының Батыры (1942) Шемякин Григорий Мелентьевичтің (1906–1973) атына ауысыпты… Бағыма қарай үй иелері адам бөтенсіремейтін бауырмал жандар болып шықты. Алексей Сергеевич Китастый Ұлы Отан соғысының ардагері, капитан. Әйелі Ира тәтей – неміс қызы. Оның шешесі – әзербайжан, неміске тұрмысқа шыққан. Бала-келіндері Сергей мен Ольга қолдарында, бірге тұрады. Үш түрлі ұлт өкілдері бас қосқан отбасына бір қазақ келіп қосылды.

– Теперь мы многонациональная семья, – дейді Алексей Сергеевич күле сөйлеп.
С.М.Киров атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ мемлекеттік университетіне (қазіргі ҚазҰУ) оқуға түсу үшін құжаттарымды тапсырып қойғанмын. Бүгінгі шаруам Дзержинский көшесі мен Сейфуллин даңғылы аралығында орналасқан Интернационал көшесіндегі (бұрынғы Солдат көшесі) 29-үй, 1-пәтерге келе жатырмын. Қазақтың көрнекті классик ақыны Әбу Сәрсенбаев сонда тұрады. Қолымда жолай базардан сатып алған гладиолус гүлі. Жаңқалтамда ақын Темірхан Медетбековтің мен туралы жазып, Әбеңе жолдаған сәлемхаты. Іздеген үйімді тауып, сәлден соң жүрексіне есік қоңырауын бастым. Есік жайлап ашылды да аржағынан бұйра шашы ақбурыл тартқан Әбекеңнің өзі көрінді. Амандасып жатқанымда, қолымдағы гүлді көріп:
– Гүл ұсынатындай біздің үйде бойжеткен қыз жоқ қой, – деді. Қысылып қалдым. Ішке кірген соң қонақ күтетін бөлмедегі Ләзиза, Райхан апайларға көрісіп, сәлемдестім. Әбең төр жақтағы жапсарлас бөлменің есігін ашып мені сонда шақырды. Жазу кабинеті екен. Қарсы қабырғадағы сіресіп тұрған кітаптардан көз сүрінеді. Одан жоғарыда көгілдір бояумен салған теңіз айдыны, ұшып жүрген шағалалар… Суретке арбалып тұрып қалсам керек, «мұнда отыр» деді Әбең креслоны нұсқап, өзі диванға жайғасып жатып. Темірханның хатын ұсындым. Оқып шығып, Темірханның хал-жағдайын тәптіштей сұраумен болды. «Екі-үш өлеңіңді оқышы, көрейік», – деді содан соң,ілгері ұмсынып. Әсіресе Әбеңе ұнағаны «Қаратау», «Соңғы бәйге» атты өлеңдерім болды. Жазғандарымды суретіммен қоса алып қалды. Бұл кейінірек «Сапарың сәтті болғай, талапкер!» деген Әбеңнің жолашар лебізімен «Жалын» альманахының 1978 жылғы 1-нөмірінің 75–76-беттерінде жарияланды.
Оқу мәселесіне келсек, Рымғали Нұрғалиевтің (қабылдау комиссиясының хатшысы) үйіне ертіп апарып мені таныстырып, мықтап табыстап кетті. Әкемдей қамқоршым болған Әбекемнің маған жасаған жақсылығын тіріде ұмытармын ба!?
Студент атанғанымды естіген Әбең кітап сөресінен жақында ғана шыққан «Ақырғы гранаталар» өлеңдер жинағын суырып алды да: «Медет ұлым, оқуға түскен қуанышыңа менен шашу деп қабылда. Алдыңнан ақ күн туғай. Аталық тілекпен Әбу Сәрсенбаев. 14.09.77. Алматы» деп жазып, қолыма ұстатты. Кезінде Әбеңнің көмегін көрген ақын-жазушылар көп көрінеді: Жұмекен Нәжімеденов, Зейнолла Шүкіров, Сайын Мұратбеков, Әділбек Абайділданов, Меңдекеш Сатыбалдиев, Қанипа Бұғыбаева, Темірхан Медетбеков… Бұл тізімді бұдан әрі де сағызша соза беруге болады. Жә, осы да жетер. Құдай-ау, өз шаруасын ысырып тастап, қаншама адамның қам көңіліне қанат бітіріп, үмітін үкідей желбіретіп жіберу, қамқорлық көмегін аямау дегенің кез келген кісінің қолынан келе бере ме!? «Бұлақ көрсең көзін аш» депті бабаларымыз. Соның үдесінен шыққан біреу болса, ол – Әбекең.
Бірде, Маңғыстауға келген сапарында (Ләзиза апа екеуі) Ақтауда болып, сосын, тікұшақпен Форт-Шевченко қаласына барып, оқырмандармен кездесу өткізген соң Таушық ауылындағы біздің үйге соғу жоспарлары болыпты. Апамыз, Раушанға (менің қызым) көйлек қарап біраз әлекке түсіпті. Мұны маған ке­йіннен Темірхан айтты. Әбекеңнің ойы менің әкеммен танысып, әңгімелесу екен. Екеуі жандай құрдас. Өкінішке қарай, өндіріс орнында күрделі бұзылыс болған ба, тікұшақ оларды Шетпеге түсіріп тастап, Қаражанбасқа кетіпті. Әбеңнің өтініші бойынша, аудандық атқару комитетіндегілер Таушықтағы маған көлік жіберіпті. Келсем, кеңсе алдында тұрған Оңайжан Сармурзин мен Қабиболла Есболов екеуі мені ертіп алып сол кезде аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторы болып істейтін Асан Әбдіровтің үйіне қарай беттедік. Құрметті қонақтарды қарсы алу, күту шаруасын Асан ағамыз өз мойнына алыпты. Келсек, ас дайын болғанша Құлбарақ ата басына барып тағзым етіп қайтайық деген. Асекең бастаған қонақтарды күтіп ауладағы көрпе-төсек жайылған нар үстінде бір-бір жастықты алып қисая кеттік. Бие сауымындай мезгіл өтісімен қорымға кеткендер де келіп «Уазиктен» түсіп жатты. «Баламыз келіпті ғой» деп Әбең мен апай мені кезек-кезек құшақтарына алып бетімнен сүйіп мәре-сәре болысты. Фотограф Арман бәрімізді нысанаға алып, аппаратын шыртылдатып суретке түсірумен жүр. Асан аға аймағымыздың абыз ақсақалы Алшын қарияны алдыртты. Ол кісі келісімен жапырлай амандасып-көрісіп, ішке кірдік. Төрге төбедей болып жайғасқан Алшекемнің жанында Әбең мен Ләзиза апай, одан кейін Оңайжан, Қабиболла, Темірхан т.б. жастарына қарай орналасып жатты. Қонақтарға «жол болсын» айтқан Алшекем Құлбарақ батырдың денесі Маңғыстауда, басы Хиуада жерленгенін айтып:
Аржағың ер Есболай Итемгеннен,
Келеді айқын жүйрік «ит өлгеннен».
Қайтпады қайран ерлер қауымына,
Ажалға өзі барып сүйкенгеннен.

Құлбарақ туып еді Табылдыдан,
Жау көрсе жаман қашар шабындыдан.
Ер жігіт үйде туып, түзде өледі,
Тигенде ажал оғы қағындыдан,–
деп атақты Абыл жырын төкті де тастады. Аз-кем тыныстап алып «мынау қай бала?», «анау қай бала?» деп әрқайсымызбен танысып-білісіп, маған жеткенде: «Әлгінде өзіңіз айтқан Құлбарақтың туған жиенімін», – дедім, ішкі мақтаныш сезімімді ірке алмай. Біртүрлі сенбегендей раймен «Бержағын айтшы», – деді. «Анам қаратоқай беріш Бекмағамбетің қызы, Омылхан, Жәкірбай деген нағашыларым бар» дегенімде, шежіре кісі ғой, оларды танитын болып шықты. Табылдыдан бері қарай таратып берді. Тарихтан сыр шерткен сұхбатымыз, ел-жұрттың жағдайына, мұнайлы өлкеміз жайлы әңгімелерге жалғасты. Қысқасы, бұл бір тәлім аларлықтай тамаша отырыс болды. Әбең мен Ләзиза апаны Алматыға баратын түнгі пойызға мінгізіп, қол бұлғап қош айтысып қала бердік.
Алматыға кезекті сапарымда ел көрсін, жер көрсін деген оймен жетінші класта оқитын қызым Раушанды өзіммен бірге ала кеттім. Ол сабаққа алғыр болатын. Алексей Сергеевичтің үйіне түстік. Келесі күні Әбеңдікіне (Әбу) бардық. Әкей мен Ләзиза апай қызымның бет-ауызынан түк қалдырмай сүйіп, қатты қуанды. Райхан апай ағылшын тілі оқулығын жазған адам ғой, Раушанға ағылшын тілін үйретем деп әлек. Ол болса, бұрыннан неміс тілінен сабақ алып жүрген. Фариза апай келгенде оның бәрі жайына қалды. «Менің қызым» деп өзіне біржолата меншіктеп алған апай Раушанды көшеге ертіп алып кетеді. Үнемі солай.
Біз (Раушан екеуміз) қаланың көрікті жерлерін аралап, М.Горький атындағы Орталық мәдениет және демалыс паркінде болдық. Хайуанаттар паркіндегі бұрын көрмеген түрлі аң-құстарды көріп тамашаладық. Аспалы жолмен Көктөбеге көтерілдік. Айналасы, бел­уардан келетін алуан түрлі жабайы гүлдерге толы. Раушан әр гүлді бір иіскеп, мәз-мәйрам… Арада екі аптадай уақыт зымырап өте шықты. Ұшаққа билетіміз алулы. Ауылға қайтар алдында Әбеңнің үйінен аттандық. Ұшуға әлі ерте болған соң қыдырыстап жүргенбіз. Бір кезде Раушанның оқыстан шыққан дауысынан жүгіріп қасына барсам, бір аяғы жерге төселген плита темірдің арасына кіріп, сынған темірдің біздей ұшы балтырдың ұзына бойын ырситып тіліп кетіпті. Әуелі әуежай басындағы санитарлық көмекке жүгініп, содан соң ауруханаға жеткіздік. Аяғын басып жүре алмайды. Сонда бір аптадай жатты. Фариза апай да, Әбең де дәмдерін тосып, хабарласып, келіп-кетіп жүрді. Қарапайым, үлкен жүректі жандарға деген алғыс сезімімізді білдіріп ауылға қайтқанбыз.
Бір-бірін жан-тәнімен ұғысып, көңіл қалауымен қосылған жарасымды жанұя қандай болады десе, Әбең мен Ләзиза апайды көрсетер едім. Өзара сыйластықтары қандай десеңізші. Ләзиза Мешітбайқызы Павлодар облысы Ақсу ауданында 1908 жылы қажының отбасында өмірге келіп, өсіп, білім алып бойжетеді. Сауатсыздықты жою мектебінде мұғалім болып жүріп 1930 жылы Алматы қаласындағы КомВУЗ-ға оқуға түсіп журналист мамандығын алып шығады. Әбу мен Ләзизаның алғашқы танысып-білісуі осы КомВУЗ-да басталады да, ақыры қос жүректің қауышуына әкеледі.
Әрқашан өзің болдың сағынарым,
Мөп-мөлдір қасиетіңе табынды арым.
Келдің сен бақытымның ақ құсы боп,
Көркейтіп Сәрсенбайлар шаңырағын, – деп жан-жары Ләзизаға деген ынтық ықыласын, шынайы ризашылығын ақ шуақ сезімге бөлеп жайып салады. Ләзиза апай облыстық «Сталин жолы”, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде, «Қазақстан әйелдері» журналында жұмыс істеп өмірден көрген-түйгені мол тәжірибелі журналистке айналды. Талай талапты жастарға қамқорлығын аямай қол ұшын созды. Соның бір ғана мысалы Қанипа (Бұғыбаева) апамыз. Қанипа талантының тамыр жайып танылуы, көрнекті ақын болып қалыптасуына көп көмегі тиген абзал жандар Ләзиза мен Әбекең болатын. Бізбен бірге оқитын Қанипа апай сол үйде жатып оқыды. Қаншама келімді-кетімді қонақтары көп болса да, олардың қабақтарын бір шытқанын көрген емеспін. Заңғар жазушы Әбіш Кекілбаевтың: «Біз көрген заманда әз кісі болса, ол – басқа ешкім де емес, тек Әбу ақын шығар. Не үлкенге, не кішіге қабағын түймей, тілін тигізбей, өмірден обал мен сауаптың ала жібін аттамай, адал өтуге тек сол кісінің дәті шыдаған шығар», – деген сөздері ойға оралады. Осынау тамырды тап басып айтқан тәмсілдің шындығына талай рет көзім жетті.
Оның, мен мектеп бітірген жылы «Жазушы» баспасынан «Ақша бұлт­тар» атты өлеңдер жинағы шықты. Алақаныңды барынша ашып барып ұстайтын қалың кітаптың ішіне кірдім де кеттім. Бас алмастан, ал кеп оқиын. Маған әсіресе қатты әсер еткені «Ақша бұлттар» деген шығармасы болды. Өлеңнің өнебойы тұнып тұрған әуен дерсің. Әнге сұранып-ақ тұр.
Көк жүзінде көлбей жүзіп,
Неге, неге кездің майдан? –
деген жолдарды домбырамен ыңылдай айтып, қайта-қайта күбірлеп жүргенімде кеудемнен шағала-саздың қалай қанат қағып көтеріле жөнелгенін қапелімде өзім де байқамай қалғандаймын. Сонымен не керек, алғашқы шумақтың соңғы екі жолы әнге айналды да, енді бастапқы екі жолды соған сай етіп кіріктіру керек еді. Алғашқы Ақша бұлттар деген тіркесті көтеріңкі дауыспен бастап барып, жаймақоңыр әуезбен жалғастырдым.


Ән әуелі ауыл сахнасында, той-томалақтарда, жастар бас қосқан кештерде кластасым Балтабек Шамғұловтың домбырамен сүйемелдеп айтуымен кең тарала бастады. Алматыда оқып жүрген кезімде «Ақша бұлтты» нотасымен «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне бердім. Бір күні таңертең университет маңындағы киоскіге газет-журнал алғалы келсем, бірге оқитын курстас ағамыз, ақын Кәрім Айнабеков тұр. Қолында – «Лениншіл жас». Мені көре салысымен «композитор екенсің ғой» деп құттықтап, құшағына қысты. Ән 9 май күнгі нөмірде (1978 жыл) 4-бетке басылыпты. Сабақ басталар алдында Кәрекең жиналған студенттерге газетті қайта-қайта көрсетіп, қуанышымды бірге бөлісті. Сабақтан соң Әбеңнің (Әбудің) үйіне тартым. Мені көре салысымен Әбең: «Таң атқалы телефонға тыным жоқ. Құттықтаудан құттықтау…», – деді. Мен ала барған газетті алып, немересі Сақыпжамалды шақырды. Ол пианинода ойнап, мен қосылып айтқан болдым. Әнді тыңдап тұрған Ләзиза апай: «Жақсы екен, айналайын. Өнерің өрге жүзсін!» деп батасын берді. Кейіннен ауылға демалысқа барғанымда, Таушық мәдениет үйінде әнші Қажыбек Бекбосыновтың концертін тамашалап отырғанбыз. Бір кезде хабарлаушы: «Келесі тыңдайтындарыңыз «Ақша бұлт» деп менің әнімді атағаны ғой. Қажыбек нәшіне келтіре орындап, онымен концерт аяқталғаннан кейін таныстық. Қажыбек Құдайбергенұлы Алматы облысы, Ақсу ауданында туыпты. Өзі менен екі жастай үлкендігі бар. Алматы эстрада-цирк өнері студиясын бітіріпті. Сол Қажыбек кейін келе Құдай берген өнерінің арқасында «Қазақстанның халық артисі» атағын алды (1998).
Әбу Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» өлеңдер жинағы ертеректе 1947 жылы кітап боп басылып шығыпты. Мен оқып танысқан 1966 жылғы «Ақша бұлттар» мен екеуінің арасында біраз өзгерістер бар. «Ақша бұлт» өлеңіне қатысты сөз зергері Ғабең (Мүсірепов): «…Әбудің соңғы жазған «Ақша бұлт» деген өлеңін алып қараңыз, бұл бір реті келіп қалған ғана нәрсе емес, ақынның ой-сезімінің өскендігін түгел көрсете алады деген ойдамыз…
…Бұл елін сүйер адамның жан сөзі. Елін, жерін сағынған ақынның әрі ойлы, әрі кестелі толғауы. Бұрынғы поэзиямызда айтылмаған сөз, берілмеген теңеулер» десе, Әбдіжәміл Нұрпейісов: «Ақша бұлт» – ақын жүрегінің тереңінен тас бұлақтай жарып шыққан сұлу сазды, сыршыл лириканың қан майданнан ұшырған ақ шағаласы…» деп баға береді.
1985 жылдың 6 қыркүйегінде облыстық газетте істейтін досым Әбілқайыр Спановтан көлдей хат алдым.
Хұрмәтлу уә ғиззатлу, Медет шайыр,
Сәлем саған жолдайды Әбілқайыр.
Фәниде бұл пәтшағар бек жүреміз,
Иншалла болғай-ақ деп арты қайыр, – деп өлеңдетіп бастаған хатты қысқа қайырсақ, әңгіменің тоқетері мынау:
«…Меке, саған бұл хатты жазуыма себеп, 15 октябрьде Әбу атаңның юбилейі еді. Соған Темірхан екеуіміз бір бет дайындап жатырымыз. Ақсақалға арнау өлеңді жазуды арқалы, арынды, қарымды (әрине, осы маңайдағы «ақынның төрелерімен» салыстырғанда ғой) деп тауып6 саған жүктегелі отырмыз. Оның үстіне ақсақалды тәуір білесің, тәуір көресің дегендей». Соны кідіртпей жібергеніңді құп көреміз… Дұғай-дұғай сәлеммен Әбілқайыр».
Осы үшбу хатты алысымен үстелге отырдым… Сол кезде «Коммунистік жол» аталатын облыстық газеттің үшінші бетінде (№198,15 октябрь, 1985.) «Сексеннің сеңгірінде Әбу ақын» деген жалпы тақырып аясында Темірхан Медетбековтің «Атырау ақиығы», «Әбілқайыр Спановтың «Ақжарма жанды ағамыз», Шора Тәжімғалиевтің «Толқында туған дауыл-жыр», менің Ә.Сәрсенбаевқа арнаған «Теңізбен тілдесу» атты өлеңім, сондай-ақ әдебиеттің көрнекті өкілдерінің Әбең творчествосы жайлы қысқаша берілген тобықтай-тобықтай түйінді пікірлері де жарияланыпты. Сондағы «Теңізбен тілдесуді» таныстыра кетейін:

Дүбірге толы теңіз бе дерсің бұл ғалам,
Керегіп тұр-ау құдіретті саған қыл қалам.
Сөзбенен шіркін тұлғаңды сенің салар ма ем,
Айвазовский бояу тілімен жырлаған.

Шамырқанғанда, теңізден соққан жел де үдеп,
Шақырмай шабыт, шыдарсың қалай сен, жүрек?!
Жойқын жасақтай жөңкіліп бара жатқанда,
Асау толқынның арыстан жалы желбіреп.

Кеудеңе қонған сәулелі шаттық, талай мұң,
Кемеңгер сынды келбетіңе үнсіз қараймын.
Маржан көбігін жұлдыз ғып шашқан аспанға,
Ақпейілің бе, ақжарма көңіл ақ айдын?
Келеді әне құшағын ашып жағалау,
Өзіңе тартып көгере қалған бақ анау.
Арғымақ аттай, арнасын кенет бұрып ап,
Өзендер біткен асығып саған ағады-ау.

Өремін өлең, жағаңа сенің жетемін,
Көремін сенен өмірдің күрес екенін.
Тынымсыз мынау ұқсайды ұлы теңізге,
Таулары – толқын, баулары – торғын мекенім.

Жылдардан сонау, болашақ жайлы ән тыңдап,
Тұрамын толқып, әкеліп жатса әр күн бақ.
Махамбет ақын семсерін еске салады,
Осқылап өткен жасынның оты жарқылдап.

Атырау дана, тербетер сырды алуан,
Алуан сырдан жақсылық бойға дарыған.
Сөйлейді сонда Құрманғазы ата күйлері,
Суылдап ұшқан дауылпаз қанаттарынан.

Табиғат-ана! Таңданбай, сірә, тұра алман,
Ғұмырымда осы шыға алмай жүрмін құмардан.
Мәңгілік мені ғашық қып қойған тереңдік –
Атырау әлем! Тамшыдан титтей құралған…

Қызыға қарап, толғана қалған шағыңа,
Толқында туған талайлы тарландарыңа.
Жанымның аппақ желкенін жайып жүземін,
Қолымды созам ақша бұлт армандарыма.

Көкірегіңді шуақты сезім кернесе,
Достарым менің, теңізге тартқын ендеше!
Ақынмын деген жандарға әсте сенбеймін,
Теңіздей шалқып, теңіздей тебіренбесе!..
Әбекеңді «Қазақ әдебиетінің Айвазовскийі» деп бекер атамаған. Прозалық шығармаларында болсын, өлеңдерінде болсын, олардың өзегінде тулаған теңіздің ақжол толқындары тін тартып жатады. Мына ғажапқа қараңыз: облысы Атырау (теңіз), ауданы – Теңіз, алғаш балықшы болып еңбек еткен жері – теңіз. Туғаннан теңізбен тағдырлас ақынның теңіз туралы толғанбауы, тебіренбеуі мүмкін емес қой. Қашанда оның көз алдында көлкіген теңіз айдыны көлбеңдеп тұрып алатын сияқты болып көрінеді маған. Теңіз жыршысының тынымсыз еңбегі тұшымды туындыға айналып, жағалауға асықан теңіз толқындарындай өзін күткен оқырмандарына жетіп жатты.
«Еділ толқыны» (1937ж), «Жүрек сыйы» (1938ж), «Ант» (1939ж), «Ақша бұлт» (1947), «Туған өлке» (1948), «Махаббат жырыП (1949), «Өлеңдер мен дастандар» (1955), «Миллиардтың ізімен» (1958), «Баспалдақтар, биіктер (1971), «Ақырғы граната» (1976), «Маржан таулар жырлайды» (1982), «Ғасырмен ғасыр беттессе» (1995) т.б.өлең жинақтары жұртшылық жүрегіне жол тартты. «Толқында туғандар», «Теңіз әуендері» романдары, «Капитан ұлы» повесі, «Батырдың ізімен», «Ұстаздар мен тұстастар» тәрізді прозалық шығармалары отансүйгіштікке баулитын, тәлім-тәрбиелік мәні зор туындылар. «Жазушы» баспасынан Әбеңнің 5 томдық шығармалар жинағының алғашқы қос томдығы әрқайсысы он бір мың дана тиражбен шығып қолымызға тиді. Соған: «Медет ұлым, келешегіңнен үміт күткендерімнің бірі едің. Үмітімді алдамас деген сеніммен өз шығармаларымның алғашқы екі томын ұсындым. Әбу Сәрсенбаев. 07.02.82» – деп жазыпты. Оның қаламынан туған публицистикалық мақалалар қаншама! Кейде мерзімдік баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларының соңына Әбу әл-Атырауи немесе Әбу-баба деп қол қоятын. 1943 жылы 3-Украина майданында шығатын «Совет жауынгері» газетінде әскери тілші бола жүріп, жан алып-жан беріскен сұрапыл шайқастарға қатысып, «ажалды өр кеудесімен қақты». 1946 жылы әскерден босап, табаны туған жер топырағына тиді.
Қазақстанның халық жазушысы, Ұлы Отан соғысы ардагерінің ел алдындағы еңбегі лайықты бағаланып Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, Парасат ордендерімен, көптеген медальмен марапатталды. Елбасының құрметті қабылдауында болып, ойға түйгендерін оқырмандарымен бөліскені есімде. Атыраудағы Алмагүл шағынауданында бұйра шашы желді күнгі жағалауға соғып жатқан теңіз толқынындай болып сомдалған Әбу ескерткіші тұр. Бұл да болса, халықтың оған деген қалтқысыз құрметінің белгісі іспетті.
Әкемдей болған Әбеңе бағышталған ыстық ілтипатымды, сарытап болған сағыныш сезіміне орана отырып, онымен өткен кейбір қайталанбас сәттерді еске алып қағазға түсірген соң, тысқа шықтым. Алдымен, көзіме түскені – көк жүзінде қалықтай жүзген ақша бұлттар. Әбеңнің «Ақша бұлты»…

Медет ДҮЙСЕНОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір