ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫ: ДӘУІРМЕН БЕТПЕ-БЕТ
09.06.2017
17748
2

«Оқыған адамды ол оқығандығы үшін ғана «зиялы» деп санауға және оны сол ұлттың өкілі болғандығы үшін ғана «ұлттық зиялы» деп атауға бола ма? Жоқ. Біз «зиялы» деп тек белгілі бір мақсатқа жұмылған оқыған адамдарды ғана атаймыз», – депті Мұстафа Шоқай. Қазақ арасынан алғаш рет «ұлттық зиялы» ұғымына анықтама берген тұлғаның бұл сөзі айтылғалы бері де ғасыр жаңарып, енді біз қазақ зиялыларының қалыптасу жолына көз жібергенімізде осы тақырыптың да ел болашағына маңызын пайымдағандай боламыз. Өйткені, солардың жүрген жолын анықтау олар арқалап өткен жүктің салмағын сездіреді. Бір ғасырдан соң өз заманында зиялы кім екені туралы мақала жазған сол Мұстафа Шоқай ұстанымы бүгін біздің санамызға сәуле түсіріп, ішкі түйсігімізде «ұлттық зиялы» оның өзі екен ғой» деген сенімнің орнығуына себепші болып отыр. Ал «олар осы жолға қалай келді? Кімдерден оқып, кімдерді үлгі санады? Біздің зиялыларымыздың қалыптасу кезеңі қандай болды? Олар ұлттық зиялы бола алды ма?» деген сауалдарға жауап алу мақсатында бірқатар мамандар пікірін сұрап көрген едік.

Әбдіуақап ҚАРА,
Тарих ғылымының докторы,
Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры

ҚАЗАҚ ЗИЯЛЫЛАРЫНЫҢ ТӨРТ КЕЗЕҢІ
ХХІ ғасырдағы, яғни бүгінгі қа­зақтың зиялылары қалыптасу ба­рысында төрт кезеңді бастан ке­шірді. 1850-1905 жылдар аралы­ғын­дағы бірінші кезең ағартушы зия­­лыларды қамтиды. ХVІІІ ға­сыр­­дың бірінші ширегінде «Ақ­та­бан шұбырындыға» тап болған қа­зақтың басынан бағы тая бастады. Тәуелсіздігін жоғалтып, Пат­ша­лық Ресейдің қоластына қара­ғаннан кейін қазақ халқы ғылым, білім жә­не саясаттан алыстап, қараңғы­лық дәуірге қарай ойысты. ХІХ ға­сырдың орта тұсынан бастап Ре­сей­дің ғылым ордаларынан, оқы­мыс­тыларынан білім алған Шоқан Уә­лиханов, Ыбырай Алтынсарин, сон­дай-ақ, шығыс пен батыстық мә­дениетті қатар меңгерген Абай Құ­нанбайұлы және Шәкәрім Құ­дай­бердіұлы сынды ұлт зиялылары халықты оқуға, білімге шақырумен болды.
Одан кейінгі 1905-1922 жылдары ортаға шыққан қазақтың екінші буын зиялылары, атап айтқанда Әли­хан Бөкейхан, Ахмет Байтұр­сын­ұлы, Міржақып Дулатов, Мағ­жан Жұмабайұлы, Мұстафа Шоқай, Сә­кен Сейфуллин және Тұрар Рыс­құлов сынды оқымыстылар ха­лық­ты оқу-білімге шақырумен қатар, саяси сауатын жетілдіруге де күш жұмсады. Бұдан кейін 1922-1991 жыл­дары Кеңестік кезеңде үшінші буын қазақ зиялылары қалыптас-ты. Мұхтар Әуезов, Ілияс Есенберлин және Ермұхан Бекмаханов сын­ды зиялылар Кеңестік идео­ло­гияның қысым-шектеулерінің арасынан жол тауып, халықтың ұлт­тық құндылықтарын сақтап қалуы жолында аз еңбек сіңірген жоқ. Енді бүгін 1991 жылдан бастап тәуелсіздік кезеңінің зиялылары жетпіс төрт жылдық Кеңестік кезеңде жойыла жаздаған ұлттық болмысты қалпына келтіруге және қазақ халқын әлемнің ал­дыңғы қатарына көтеру жо­лында жұмыс істеуде. Олардың зиялылық мін­деті өзінен бұрынғы өткен үш толқын зия­лы­лардың міндетінен ауыр болмаса жеңіл емес. Өйткені бірін­ші, екінші және үші­нші толқын зия­лылар ақыл-ойы таза, санасы тұ­нық халыққа көш­бас­шылық етсе, бү­гінгі зиялылар қазақы болмысы идеологиялық үгіт-насихаттардың салдарынан зақымдалған ха­лықты бір жағынан қалпына келтіріп, ұлттың бірегейлігін қам­тамасыз етуге, екінші жа­ғы­нан ХХІ ғасырдың жетістік­те­ріне ілесуге бағыттауға күш жұм­сауға мәжбүр болуда.
Осының ішінде ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының қалыптасу жолы екі бағытта өрбіді десек, қате болмайды. Біріншіден, олар Ре­сей­дің ғылым ордаларында жоғары бі­лім алып, орыс тіліне жетік болды. Сол арқылы олар әрі Ресейдің, әрі Еуропаның ғылыми және мә­дени жетістіктерін жақсы пайдаланып отырды. Екіншіден, сол кезде Ресей қоластындағы тағдырлары мен проблемалары ортақ түркі-мұ­сылман зиялыларымен бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бір-бірінің кемшіліктерін толтырды. 1905 жылдан Ресейде туындаған бас­пасөз және саясат туралы өл­шеулі еркіндікті тиімді пайдаланып, ынтымақтастықта жұмыс іс­тей білді. Мәселен, Алаш қайрат­кер­­лері түркі-мұсылман халық­та­ры­­ның ішінен шыққан ой­шылдар­дың пікірлерінен нәр алып отырды. Бұлардың басында Қырымда «Тәр­жіман» газетін шығарушы Ыс­майыл Ғаспыралы болғанын біле­міз. Әлихан, Міржақып, Шәкәрім сынды Алаш зиялылары оны ұстаз дәрежесінде құрметтегенін бай­қаймыз. Өкінішке орай, түркі ха­лық­тары зиялылары арасындағы осындай рухани ынтымақтастық дәстүрі Кеңестік кезеңде жойыл­ғаны анық. Бүгінгі таңда әрбір түр­кі халқы ортақ мәселелерге туыс­­қан халықтармен тізе қоса оты­рып шешім іздеудің орнына жеке-жеке ұмтылыс жасауда. Тіпті бір-біріне менсінбей қараушы­лық­тың да бар екені көзден таса емес.
Егер біз әлемдік зиялылар мен өз зиялыларымызды салыстырсақ, біздің зиялылардың жүгі еселеп ауыр тартатынын көреміз. Өйткені, біз әлемдік зиялылар деп АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Ресей, Қы­тай және Жапония сынды да­мыған елдердің зиялыларымен қа­зақ зиялыларын салыстырып отыр­мыз. Бұл елдердің азаматтары­ның бір ұлттың негізгі діңгектері екені, яғни ұлттық тарих, ана тілі, дәстүрлі діні, рухани құндылықта­рын қалпына келтіру туралы еш­қан­дай бас қатырып жатқан мә­се­лелері жоқтығы белгілі. Сондай-ақ, олардың елдерінде екінші бір елдің күнделікті ақпарат құралдарының ықпалы жоқ. Сондықтан әлемдік зия­лылар өздерінің ұлттық құн­ды­лықтарын қалай жаһандық көлемде насихаттап, өзге елдерге тарату үшін толғанып, іс-қимыл жасап жат­қанда, қазақ зиялылары жас ұрпақ­тың ұлттық болмысынан көз жа­зып қалмауларының қамында жүр. Оның үстіне сандық техноло­гияның дамуына байланысты тек қазақ жастары емес, әлем жаста­ры­ның кітап оқудан қалған бір ке­зеңін де бастан кешіріп жатырмыз. Сондықтан қазақ зиялыларының ұлтқа қызмет ету жөніндегі мін­деттері мен жауапкер­ші­лік­терінің өзге халықтарға қарағанда еселеп көп екенін айта аламыз.
«Зиялы» деген түсінікті әркім­нің әрқалай түсінуі ғажап емес. Бірақ «зиялы» деген сөз жоғары бі­лім алған, белгілі бір мамандық иесі дегенді білдірмейді. Өкінішке орай, бүгінгі таңда көпшілік осындай адамдардың барлығына бірдей «зиялы» деп қарауда. Қолына қа­ла­м алып әсерлі жазу жазған, топ ал­дында көсіліп сөйлеген әр адам зиялы болып кетпейді. Зиялы адам­ның ең басты ерекшілігі – елі­нің қамын ойлап, проблемаларына күндіз-түні бас қатырып, оларды шешудің жолдарын қарастырушы болуында. Халқының, елінің мүд­десін емес, өзінің жеке басының қа­мында жүрген адамды қандай жо­ғары білімі болса да «зиялы» деп айтуға болмайды. Зиялы адам ұлт­тық мәдени сауаты жоғары болып, айналасындағы адамдарға ұлттық мүдделер тұрғысынан тура жол сіл­теуші, тіпті қол ұшын беруші бол­са керек. Сондықтан бір ұлттың дамуы, мәңгі ел болуы зиялыларымен тығыз байланысты. Әсіресе, әлем елдері арасында қарулы шай­қастардан гөрі мәдени күрес жүріп жатқан бүгінгі жаһандану кезеңін­де оқымыстысы, атақ-дәрежесі жо­ғары дипломды азаматтар қанша көп болса да, зиялысы жеткілікті бол­маса, ол ел алысқа бармақ емес.


Егер біз әлемдік зиялылар мен өз зиялыларымызды салыстырсақ, біздің зиялылардың жүгі еселеп ауыр тартатынын көреміз. Өйткені, біз әлемдік зиялылар деп АҚШ, Германия, Ұлыбритания, Ресей, Қы­тай және Жапония сынды да­мыған елдердің зиялыларымен қа­зақ зиялыларын салыстырып отыр­мыз. Бұл елдердің азаматтары­ның бір ұлттың негізгі діңгектері екені, яғни ұлттық тарих, ана тілі, дәстүрлі діні, рухани құндылықта­рын қалпына келтіру туралы еш­қан­дай бас қатырып жатқан мә­се­лелері жоқтығы белгілі. Сондай-ақ, олардың елдерінде екінші бір елдің күнделікті ақпарат құралдарының ықпалы жоқ. Сондықтан әлемдік зия­лылар өздерінің ұлттық құн­ды­лықтарын қалай жаһандық көлемде насихаттап, өзге елдерге тарату үшін толғанып, іс-қимыл жасап жат­қанда, қазақ зиялылары жас ұрпақ­тың ұлттық болмысынан көз жа­зып қалмауларының қамында жүр.


Жанұзақ ӘКІМ,
Халықаралық Адам институтының басшысы

ӨЗ ЗАМАНЫНЫҢ АР-ҰЖДАНЫ
Зиялылардың ұлт тағдырында­ғы ролі туралы алғаш рет француз ой­шылы Сен-Симон (XVIII ғ.): «Егер бір уақытта он мың француз шаруасы мен сонша жұмысшысын жоқ қылып жіберсе француз ұлты сақ­талады. Ал егер сол уақытта елу француз ғалымы, сонша әртісі мен инженерін жойып жіберсе, онда француз ұлты жойылады», – деді. Яғни зиялы дегеніміз, ол – «өз за­манының ақыл-ойы мен ар-ұж­даны». Мысалы, 1941 жылы Мұс­тафа Шоқай немістің концлагер­лері­не өзі сұранып барып, онда жат­қан мыңдаған түркістан­дық­тарың еврей емес екенін дәлелдеп (не­містер піштірілгеннің бәрін ев­рей деп қыра берген), өлімнен құт­қарды. Оспан бастаған батырлар мен кешегі Қытай түрмесінде қы­рық бір жыл отырған Қажығұмар­лар да ұлттың нағыз зиялылары.
Кеңес Одағы кезінде қазақ зиялылары ХІХ ғасырдан бастап қа­лып­тасты деген теріс ұғым пайда бол­ды. Ал шын мәнінде, қазақ зия­лыларының тізімі Қорқыт (VIII ғ.) пен Әл-Фарабиден (Х ғ.) басталып, Қожа Ахмет Иассауи, Қа­дыр­ғали Жалайыри, Мұхаммед Хайдар Ду­лати, Асан қайғы, Қазтуған, Бұқар жырау арқылы бүгінгі күнге дейін жалғасуда. Мысалы, кезінде Мұхамедсалық Бабажанов та аш­қан ғылыми жаңалықтары үшін орыс­тың географиялық қоғамының күміс медалімен марапатталған. Ол орыс губернаторларының отар­лық саясатын әшкерелеп, Патшаға бір­неше рет хат жазып, Орынбордың екі губернаторын жұмыстан алдырады. Сол үшін оны улап өлтірді. Дәулеткерей күйші ол өлгенде «Са­лық өлді дегенше, халық өлді де­сейші» деп қайғырған. Біз ел қор­ғаған осындай батыр зиялы­­ла­­ры­мызды ұмытпауға тиіспіз.
Әрине, бүгінгі ұрпақ олардың істерінен үлгі алып, ел мен жерді қор­ғауға өздері де үлес қосулары ке­рек. Зиялылардың әр буыны ұлт­ты қалыптастыру не дамытуға өз үлестерін қосқанда ғана ұлт та дамиды.
Мәселен, кезіндегі алаштықтар интеллектуалдық тұрғыдан алған­да заманының алды болған. Сол кез­дегі большевиктер олардың қа­сын­да жартылай надандар еді. Бірақ ол кез большевиктердің дәуірі болды. Большевиктер Жымпитыда құрған Батыс Алашорда автономия­сын төрт күнде, елу екі күн тұрған Қо­қан автономиясын үш күнде тал­қан етті. Неге? Өйт­кені, 1916 жыл­дардағы Амангелді мен Бекболат батырлар сияқты халық олар­дың артынан толығымен қолдап ермеді. Алашордалықтар халықты ағартуда, саяси сауатын ашуда көп еңбек сіңіріп, білім-білігі сол кез­дегі әлемнің мықты деген кез келген интеллигенциясынан артық бол­маса кем емес еді.
Әлемдік интеллигенция әр ұлт­тың даму деңгейіне байланыс­ты қалыптасқан әр түрлі дең­гей­дегі құрылымдар. Қазіргі зиялыларымызды, әлемге бармай-ақ, осы орыстың ғалым-инженерлерімен са­лыстырғанның өзінде көп нәрсе анықталады. Кеңес Одағы 1949 жыл­дан бері қырық бір жыл бойы қа­зақ жерінде бес жүзден астам атом бомбасын жарды. 1957 жылдан бері Байқоңырдан ракеталар ұшыруда. Бірақ осы уақытқа дейін қазақтар олардың технологияларын игерген жоқ. Бүгін біз олардан алпыс-жетпіс жылға кері қалдық. Ал сол технологияларды игеруді бас­тағанның өзінде жүз жылға артта қалатын боламыз. Кванттық фи­зика мен технология, т.б. көпте­ген салаларда сонша артта қалуда­мыз. Мысалы, Еуропада имп­рес­сио­низм ХІХ ғ. жетпісінші жыл­­­дары басталса, одан кейін мо­дернизм, постмодернизм ағымдары дамыды. Ал бізде осы мектептердің бірі де жоқ. Бұл да ұлттың даму эволюциясының кезеңдерін құрай­ды. Көп нәрседен кенже қалдық. Оның ішінде адам капиталы мен инновациялық экономиканы дамыту бүгінгі Қазақстанның ең ак­туалды проблемасы. Оларды да­мытуға мемлекет болып кіріспесе ондаған жылдардан кейін толы­ғымен Қытай мен Ресейдің шикі­заттық отарына айналамыз. Ешкім біздің бос сөздерімізді күтіп отырмайды. Қазір құр босқа мақта­ну­дың емес, іс пен кәсіптің заманы.


Римма ЖАҚСЫЛЫҚБАЕВА,
филология ғылымының кандидаты
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетінің доценті

ЗИЯЛЫЛЫҚ ТЕККЕ ДЕ БАЙЛАНЫСТЫ
Еуропа жұртшылығы Мұхам­мед Хайдар Дулати шығармасымен бұдан жүз жылдан астам уақыт бұ­рын танысқан екен. Оның парсы тіліндегі «Тарих-и Рашиди» атты ең­бегін ағылшын отаршылдары Үндістаннан тауып, аударып, 1895 және 1898 жылдары Лондонда екі рет бастырған. Осы аударма Мұ­хам­мед Хайдар шығармасының әлемге таралуына кең жол ашты. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұлан 1941 жылы «Әдебиет және искусство» (қазіргі «Жұлдыз») журналында даңқты тарланбоз жайлы «Қазақтың тұңғыш тарихшысы» атты арнайы мақала жазып, халқы­мыз­дың тарихының тылсым терең­де екеніне көңіл аударған.
Ал бүгінде Шығыстың, Батыс Еу­ропа және Американың бәсекеге қа­білетті елдерінде зиялы, бетке ұстар топты өсіріп шығаруға ерекше көңіл бөлінеді екен. Мәселен, Жа­понияның Тагасакиіндегі «Коносукэ Мацусита атындағы мем­ле­кеттік басқару және өнеркәсіптік менеджмент мектебінің» құры­лы­сы­на электронды магнаттың жеті мил­лиард иені жұмсалыпты. Көп жыл­дар өткен соң Мацусита мұра­гер­леріне скипетр мен электронды державаны тапсырып, өз ғұмырын тұ­тастай тәрбие туралы ойлауға ба­ғыттады. Бүгінде зерттеуші ға­лым­­дар осы оқу орнында тәр­бие­ле­ніп жатқан ұлттың бетке ұстар тобының міндеті – ойлау, құру, бол­жау, пайдалы бағытқа адам­дардың күшін бағыттау екендігін жа­зып жүр.
Коносукэ Мацусита – осы аттас компанияның негізін қалаушы және әлемге әйгілі «Panasonic» корпорациясының негізін салушысы бизнес әлемінде бүкіл әлемге орасан зор ықпалын тигізді.
Шығыстың Оңтүстік Корея, Тай­ланд, Сингапур сияқты елде­рін­дегі тұрғындарға білім беру дең­гейінің артуы ұлттық страте­гия­ның құрамдас бөлігі ретінде қарастырылуда. Ал бетке ұстар зиялы топты қалыптастыру ісі бірін­ші кезектегі мәнге ие екен. Аме­рика ғалымдарының зерттеу­ле­рінің қорытындысы бойынша, ұлттың зиялы әлеуетінің көшбас­шысы Оңтүстік Корея мектеп оқу­шылары болып шықты. Индустриалды елдер тәжірибесі зиялы бетке ұстар топты іріктеу және даярлау­дың біздің заманымыздағы кез келген мемлекет дамуының мін­дет­ті шарты екенін білдіреді. Бір қы­зығы, Жапонияда мемлекеттік тілді меңгерген маман ғана жұ­мыс­та өсе алады екен.
Кезіне Елбасының қолдауымен жү­зеге асқан «Мәдени мұра» бағ­дар­­ламасы жаңа зиялы қауымды қа­лыптастыру бағытында жақсы жұмыстар атқарды.
Латын тілінен аударғанда «зиялы» сөзі – «түсінетін», «білетін», «ақыл­ды» деген ұғымдардың анық­та­масы. Зиялылық – білімнің емес, алдымен тәрбиенің жемісі. Зия­лының санасына жоғары құн­ды­лықтар жас басынан тек ата-ана­ның тәрбиесі арқылы беріледі. Ба­ла олар­дың айтқанын ғана емес, істегенін үнемі көріп өскенде ғана на­ғыз зиялы болып өседі. Демек, зия­­­лылық текке де байланысты. Зия­­лы­лық­тың шарттары осыдан туындайды. Тектілік – ауқымы кең, терең ұғым. Тек­тілік қанмен да­­рымайды, тәр­биемен беріледі. Де­­мек, тектіліктің тетігі – тәлім-тәр­­бие!
Біздегі бүгінгі зиялы қауым өкіл­дері билікке қоғамдық пікірді жет­кізетін, қалың бұқараның көзін ашып, ірі адамгершілік құнды­лық­тарын жасайтын және оны сақ­тау жолында күресетін адамдар болуы тиіс. Зиялы қауым дегенде ауызға бірінші ақын-жазушы, журна­листер, ғалымдар, дәрігерлер алы­нып жатады. Бір жағынан дұ­рыс та шығар. Дегенмен, әрбір жо­­ғары білімді көзі ашық, көкірегі ояу қазақ азаматы осы ұлттың зия­лы­сының қатарына кіретінін ес­керуі­міз керек. Өйткені, зиялылар қа­тарында ауылдың қарапайым ақ­са­қалынан бастап, жоғары білім­ді, иманы мен адамгершілігі бар адам­ды айтуға болады. Оқымысты, бірнеше дипломы бар адамнан кей­де зиялылықтың ешбір нышанын бай­қай алмауымыз мүмкін. Ке­зін­де академик Ә.Қайдар ағамыз: «Ауыл­ға барғанда ақсақалдардың ал­дында екі тізем дірілдеп қоя б­е­ре­ді. Мен білмейтін бір дүниелерді сұрап, ұятқа қаламын ба деген ойда оты­рамын», – деген бір естелігін оқы­ғаным бар еді. Осыдан-ақ ға­лым ағамыздың ауыл академиктерін мойындап отырғанын білуімізге бо­лады. Шын мәнінде, зиялылық де­ген – адалдық, имандылық деген атау­мен қатар айтылатын ұғым. Ке­зінде Қожа Ахмет Иассауи бабамыз: «Білімің – шырақ, халің – піл­те, жағатын май – көз жасың, яғ­ни қайрат, жігерің», – деп, ақыл­­дың жолын иманмен нұр­лан­ған білім арқылы табуға болатынын меңзейді.


Ал бетке ұстар зиялы топты қалыптастыру ісі бірін­ші кезектегі мәнге ие екен. Аме­рика ғалымдарының зерттеу­ле­рінің қорытындысы бойынша, ұлттың зиялы әлеуетінің көшбас­шысы Оңтүстік Корея мектеп оқу­шылары болып шықты.
…Жапонияда мемлекеттік тілді меңгерген маман ғана жұ­мыс­та өсе алады екен.


Рухани мәдениеті ауызекі дәс­түрге негізделген көшпелілер қо­ға­мында айтылған сөз ерекше мән­ге ие болды. Ортағасырлық Майқы және Жиренше, «Ақтабан шұбырынды» дәуіріндегі Төле, Қазыбек, Әйтеке, Бұқар сияқты би, ше­шен, жыраулардың айтқан сөздерінің қоғамдық пікір қалып­тастырудағы ролі жоғары болуы да заңды. Ой-толғаулары іс жүзінде қазақ даласына тереңдей еніп келе жатқан патшалықтың отарлау саясатына, оның қазақ қоғамы үшін тиімсіз нәтижелерге қарсы жаңа ба­ғыт берді. Осы тұста белгілі тарихшы Ханкелді Әбжанов: «Зиялы қауымның бастау бұлағы этнос тарихының қойнауында жатыр. Себебі, халыққа тән саяси, мәдени, экономикалық, әдет-ғұрыптық, та­ғы басқа толып жатқан әлеует пен қасиет алғашқыда табиғи-геог­рафиялық орта, тіршілік қи­сыны, сыртқы фактор әсерімен қа­лыптасса да, осылардың бәрін өмір­шең, бәсекеге қабілетті дәре­жеге көтеретін құдірет – этнос зия­­лысы», – деп қандай ұлт болсын, тарих сахнасына зиялыларымен шығатынын атап өтеді. Шынында да тарихи тамыры тереңге тартқан арғы қазақ зиялылары хал­қына қызмет етудің, ұлтты ұйыс­тырудың қатал сынағынан абыроймен өт­ке­нін мақтанышпен айтуға болады.
Қазақ халқын ағарту, жаңа дү­ниеге тарту мақсатында ең алғаш Шоқан, Ыбырай, Абайлар аз еңбек етпеді. Ойы зерек, данышпан Абай­дың «Сократ хакімнің сөзі» (27-сөз) деген шығармасынан Сок­рат, Платон, Аристотельдің ең­бек­терімен таныс болғандығын көре­міз.
Абайдың:
Бас-басына би болған өңкей қиқым,
Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?
Өздеріңді түзелер дей алмаймын,
Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың, –
деген сын мектебі Әл­и­хан, Ахмет, Міржақыптарға да үлгі бол­ды.
Ал ғылым мен дінді жете мең­гер­ген Шәкәрім білімін толықтыру мақсатымен өткен ғасырдың басында Мекке, Мәдина, Ыстамбұлға дейін барып қайтқан екен. Шәкәрім қажының білімділігімен қоса, киім киіну мәдениетінің де ерекше болғандығын білеміз.
Нағыз ұлт жоқшысы – зиялы. Зиялы – қай кезде де ар тазалығын жоғары ұстаған тұлға. Кез келген уақытта тек ақиқат, әділдік жолын­да жүріп, сол үшін міндетті түрде күре­се білсе, ол тіпті оқу-білімнің терең болмауы, дипломының жоқ­ты­ғына қарамастан, ұлтының зия­лы­сы деп есептелмек. Зия­лы­лық­тың жарқын үлгісін көрсеткен Алаш азаматтары кезінде қарақан басының рахаты емес, ел қамы, ел зары, ел тағдыры үшін күресті. Қан­дай да қысылтаяң заман болсын, ұлттың рухын түсірмеу үшін, қазақ жерінің тұтастығын қалай бол­са да сақтап қалу үшін жанын қию­ға дайын тұрған. Мысалы, Қы­тайға босқан қырғыздардың ауыр тұрмыс халіне көмек көрсетуге шақырған қазақ зиялыларының 1917 жылғы 11 мау­сымындағы Үндеуіне хал­қымыздың аяулы арыстары Әли­хан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мір­жақып Дулатов, Жанұзақ Жәні­беков, Ахмет Мәметов, Сейдәзім Кә­дірбаев, Имам Әлімбеков, Елдес Ғұмаров қол қойғанын байқаймыз. Бұл үндеу «Қазақ» газетінің 1917 жыл­ғы №233 санында басылған.
Ұлттық элита болмысына ой жү­гірткенде, Мұстафа Шоқайұлының бей­несі ерекше көз тартады. «Азат Түр­кістан» идеясының жаңа тарихи кезеңдегі үні бола білген Мұстафа Шо­қайұлы ұлт зиялыларының ғасыр басындағы қоғамдық-саяси қыз­метін ашық талдауға алды. Оның баға жетпес еңбегінің бірі – Кеңестік биліктің Түркістандағы отаршыл саясатын ымырасыз сынға алғандығы. Оны тура осы еңбегі үшін коммунистік идеология «Отанын сатқан опасыз» деп жариялады. Ал бүгін біз «Яш Түркістанның» кез кел­ген бетін аша отырып, М.Шо­қай­­ұлы сынының әділ екендігіне көз жеткізе аламыз. Мұстафа жазған түрлі тақырыптағы мақалалар Англия, Франция, Польша журналдарында жарияланып тұрды. Жалпы, М.Шоқай – өз заманында шетел бас­пасөзіне батыл қалам сілтеген тұң­ғыш қазақ журналисі.
Ал Тұрар Рысқұлов этнограф-фольк­лорист Әбубәкір Диваевқа берген уәдесін орындап, Орта Азияда қазіргі Ташкент университеті отау тігуіне ұйытқы болды. Бұдан өзге де білім-мәдениет ордаларының бой көтеруіне, өнеркәсіп орындарының ашылуына басшылық жасады.
Білікті дәрігер, іскер ұйымда­с­тыру­шы Бақтыгерей Бейсенов – зұл­мат жылдары қазақтарға арнап ал­ғаш емхана аштырған жан. Оны жұрт­шылық 1921-1937 жылдары ауыр тұрмыс пен ашаршылықтан азып-тозған ел ішінде бас көтерген оба індеті сынды түрлі жұқпалы ау­рулардың бетін қайтарып, елді қа­терлі дерттің құрығынан аман алып қалған бірден-бір зерделі маман, ұлтын сүйген азамат ретінде баға­лай­ды.
Ахмет Байтұрсынұлының қазақ­ша әліп­пе жасауы, араб жазуына кір­гізген реформасы, қазақ тіл білімінің негізгі терминдерін тауып, тұңғыш анық­тама беруі – болашаққа сенген арман-тілегі, үміті еді. Ахмет Байтұр­сы­нұлының ғылыми еңбек­тері туралы орыс ғалымдары профессор А.Смайлович, Е.Поливанов бағалы пікірлер айтқан болатын.
Кезінде Міржақыппен бірге Алаш партиясында болған Ғазымбек Бірімжановтың Кеңес өкіметі мен Германия арасында жастар алмасып, жаңа заманға лайық, жаңа қоғам құру ісін жүргізе алатын тың тұрпат­ты кадр даярлау келісімі бойынша Гер­манияда оқып, 1928 жылы агро­ном-ғалым атағын алып оралғанын біріміз білсек, біріміз біле бермейміз. 1921 жылы Ғазымбек Бірімжанов «Ақ жол» газетінде жарияланған «Шет­ке оқушылар жіберу, оқуға жұ­мылу керек» (10 мамыр) мақаласында: «…Жаңа заман тұсында қазақ хал­қы­ның бір орында тұралап тұра беруге хақысы жоқ. Енді қазақты та­ри­хи халық қылу керек. Қазақтың іл­гері басып келе жатқандығын жұрт­қа көрсету керек. Сондықтан шет­елдерден оқу үйрену – заман талабы. Біздің қазақтың баласы бар­са, Лондон, Париж, Берлиннің кө­шесі ойылып кетпейді. Қайта сая­сат жағынан жер жүзі жиһан­гер­лерінің алдында Кеңес үкіме­тіне зор мақтаныш, үлкен абырой болады», – деп жазады. Ғазым­бек­тің бір ғасыр бұрын айтылған арманы 1993 жылы 5 қарашада Н.Ә.Назарбаев қаулысымен «Бо­ла­шақ» дарынды жастарға жинақ­таған тәжірибелерін мемлекет игі­лігіне пайдалану үшін шетелде сапалы білім алуға көмектесу идея­сымен жүзеге асырылды.
Шынында да зиялы қауым – қоғамның қозғаушы күші. Онсыз ешқандай ұлт алға қарай да­мы­ған емес. Сонау ескі замандардан бас­тап, көшпелі кеңіс­тік­терден күні бүгінгіге дейін қоғамның алға жыл­жып, дамуына игі себеп, итер­мелеуші күші болған осы – ұлт­ тізгінін ұстаушы зиялылардың қажырлы іс-әрекеттері. Басқаны былай қойғанда, кешегі біртұтас Алаш идеясы кезеңіндегі биікке көтерілген зиялылар рухы одан кейін қаншама тезге түссе де, өзі­нің ерікті ой-қуатын әлі күнге дейін төмен түсірген емес.
Біз қазір зиялы қауымды екі топ­қа бөліп қарастырып жүрміз. Бі­ріншісі – мұғалімдер, дәрі­гер­лер, жоғары оқу орындарының қыз­меткерлері, ғалымдар. Ал екін­ші топ – саяси элита мен ше­неу­ніктер арасындағы белсенді­лер. Бүгінгі зиялыларға жазушы Қабдеш Жұмаділов былайша си­паттама береді: «Қазіргі зиялы топ билік пен бай адамдарға тәуел­­ді. Зиялылар тамағын солар­дан айырып отыр. Оларда жоғары білім туралы диплом ғана бар. Біз шенеунікті зиялы топтан ажырата алуымыз керек. Меніңше, зия­лы топ өкілдері аз, өйткені ті­реуі жоқ. Сондықтан да олар ба­тыл емес, ал олардың бірқатары ж­а­ғым­паздарға, бас пайдасын ойлау­шыларға айналды. Дегенмен де бізде болашақта лайықты зиялы топ пайда болатын күн алыс емес дегенге сенеміз». Ке­зін­­де Ф.Вольтер: «Мемлекетті ақ­­шаға деген жетіспеушілік емес, дарынды адамдарға деген жетіс­пеу­шілік әлсіз етеді», – деген екен. Демек, зиялы қауымның ат­қа мінетін, ащы ақиқатты ашық ай­татын кезі келді.

Әзірлеген Нұрлайым БАТЫР.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 20.04.2020 | 10:16

мошний

Аноним 10.09.2021 | 19:44

Спосибо

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір