Шындықпен бетпе-бет!.. (Әңгіме)
17.12.2024
851
0

Мысықтай маужырап тәт­ті ұйқының құшағына енген Дүтбай кенет құс жастықтан қазандай басын оқыс көтерді. Сосын, есін жия алмай «өз үйі – өлең төсегіне» үрке қарады. Көңілі алай-дүлей күйі жан-жағынан әйелін іздеді.
– Әу, не болды бәйбішелеп?! Жайшылық па? Әншейінде қатын да қатын дейсің, әлде менен жасырған тоқалың бар ма еді? О несі бір! Түн болса қорылдайсың, күндіз масадай ызыңдайсың! – деді Әуреш отағасына долданып.
– Дәл қазір өңім мен түсімді ажырата алсамшы… Сіркем су көтерер емес. Оқыста жаман шалың шейіт болыпты! Тез тарайтын жамандықты естіген ел тайлы-таяғымен осында жүр екен деймін іш пен сырт­ты тіміскілеп, – деп Дүтбай көрген түсін баяндай жөнелді.
– Е, не болса да жақсылыққа жориық. Қамшыңның сабы сынбасын.Көрер жарығың, татар дәмің таусылмасын.
– Аузыңа май, астыңа тай, бәйбіше! Алайда айналамыз «екі бет­терге» толы екен. Білмей жүрсек, көбінің «сырты жылтыр, іші қотыр» екен. Оларға қарап жүрегім лоқсыды. Онсыз да тіл мен жақтан айырылып жатқанда, – деп Дүтбай қабағын түйді. – Дүкенінен сіріңке алсаң да «долг» деп жазып беретін сатушы Сәния да осы үйде жүр сыпсыңдап. «Дүтекең қу дүниеден қайыр жоғын білгендей, ештеңе жимапты. Мынау кілемге дейін шұрық тесік, киізден бетер тып-тықыр» деп бетін шымшып қояды қасындағы бір топ қатынды белінен түртіп.
– Өй, жетпегір! Пақыр! Ол қайқыбас кімге күлгендей, ә? Кімді кекетіп-мұқатқандай, ә! Жалғыз ұлы анау біреуді бопсалап сот­талып тынған. Шығатын түрі жоқ! Күйеуі болса анау, карта ойнап, қарызға белшеден батып, «кәсәккә» кірген! Өзінің басындағы от­ты көрмей, біреудің басындағы шоқты көруін, бойы быртиып! – деп Әуреш аяқ астынан будақтаған түтіндей үдеп қоя берді.
– Еһ, кемпақа, кемпақа. Кімнің кім екенін білгің келсе, мына мен құсап түсіңде өліп көр, өліп! Біз сорлы далбалақтап жұрт­тың бәрін зор, өзімізді қор санаппыз. Елдің бәрін дұшпан емес, дос-бауыр көріппіз. Түзу жолмен жүреміз деп, жақсыдан жақұт тереміз деп, ниетімізден опық жеппіз. Жаңа ғана өліп жатқанымда, осы үйге күңіреніп кіріп, күліп шыққандар қаншама! Мынау аузы қисық шкафты, аяғы сынық диванды сөз қылып, ескі-құсқы мүлкімізге шұқшиып, қаралы үйден кінәрат іздегендер қаншама! Енді олардан не үміт, не қа­йыр! – деп Дүтбай ызадан дуылдаған екі бетін алақанымен ысқылады.
– Ақырзаман деген осы де… Өңкей жәпекеш пен аферистің түсіңе енгені қандай көрім болды. Әйтпесе зәлімдерге жем болып жүре беруші едік, – деп Әуреш те тұнжырады.
– Сонымен, саған көңіл айтып, қайғыңды бөліскен әйел біткен өсекті өйдә бұрқырат­ты. Іштері жарылуға шақ қалыпты. Әлгі біздің мінезі тұйық Бұрқанның келіншегі де отқа май құюдың шебері екен. Кіріп-шыққанға қосылып шәйнектей бұрқ-сарқ қайнады.
– Ойбай, оған не жазыппын? Абысын деген атағынан садаға кетсін, садаға кеткір!
– Жиналған жұрт­тың пыш-пышынан көңілім байыз таппады. Еркегі де гу-гу… Кескен томардай болып анау бөлмеде тәнім тыныш жатса да, қара қоңыздай иықтарына қонақтап, тың тыңдадым. Танауымның тесігінен ұшып шыққан тит­тей жаным екіжүзділердің қылығына әбден күйінді. «Дүтбай да кет­ті келмеске. Амал нешік, көнбеске. Сүйегін тастай салармыз. Тау жақтан жер жетсе», – деп боздатқан жеңгелерім менен құтылғанша асықты. Жеме-жемге келгенде отбасымнан артық жаныма жақын тап­падым.
– Е, қадірімді кеш те болса білдім де! Бәсе, бәйбішелеуіңде бір гәп бар-ау, – деп Әуреш тістен жұрдай езуін керіп, шиқылдай күлді.
– Әрине. О не дегенің. Ірі қара түгіл, тауықты да соя алмайтын ағайынды суға соқ! Аман болсын да жүре берсін. «Өлдің Мамай қор болдың» деп неге айт­ты дейсің бұрынғылар. Көңіліме қат­ты батқаны – көзім жұмылған сәт­те, «бәрінің» сатқаны! Менен құтылғанша асыққаны! Бұрын деймін-ау, табыт­ты салған көлік ауладан төрт тегершігін баяу қозғап, қимастық сезіммен бейіт басына ыңыранып бара жатушы еді. Ал қазір… Ырым-тыйым, салт-дәстүр келмеске кеткендей. Анау шопыр жігіт те үйден шыға дызақтап, машинасын ытқыта жөнелді.
– Қауырсындай қалтыраған сүйегіңді шашуға асыққандай, о несі? Көтерем қойдай терің де тым жұқа еді, – деп осы арада отанасы жылап жібере жаздады.
– Соны айтам. Зәре-құтым қалмады. Анау жаназамды оқыған молданың да бет терісі қалың екен.
– Ол не істеді? Сені жұмаққа емес, тозаққа жіберем, – деді ме?
– Жоға. Мәшинада менімен ісі болмады. Маған ысқырып та, пысқырып та қарамады. Өліктен сескенбейтін тасжүрек неме табытыма оң шынтағын тіреп қойып, молаға жеткенше шаруасын шешті. Ауылдан семіз сиыр мен тұтас жылқы алатын болды. Малдың жарты аяғын мешіт­ті маңайлаған жоқ-жітікке таратып, қалғанын тәшкесімен сарайына тығатын болды.
– Астафыралла! Молдадан да мейірім кеткен екен, – деп Әуреш басын шайқады.
– Нақ өзі! Содан бес-алты еркек сүйегім жатқан тақтайды қайықтай шайқап-шайқап, қазулы көрге тастай салды. Сол мезет­те баяғыда солдат­тардың «атақты біреу­дің» денесін көк цементке дүрс еткізгені есіме түсті. Оның қасында мен кіммін дедім іштей тынып!
– Обал-ай, ә? Ол оқиғаны телевизерден төрт көзіміз түгел көріп, жаға ұстап ек. Сол тарс-тұрс дыбыс әлі құлағымда, – деп Әуреш иманын үйірді.
– Сосын, дәу күрекпен саз балшықты асығыс-үсігіс денеме жауып, бәрі тарақандай тым-тырақай қашты. Мына мен сирақтарынан тартып қалардай қат­ты қорықты. Айтпақшы, осы күні ерлер жағы сапырылып бейітке бармайтын болыпты.
– Иә, мұның рас. Олар бізбен жағаласып кафеге келеді, – деп құптады күйеуін Әуреш.
– Сонымен, оң жамбасым жерге енді тие бергенде көрден атып шығып, қалаға қарай аяңдадым. Құдай қолдап, жолым жарқырап жат­ты. Қараммен бірге үшкүндік садақамды беріп жатыр екенсің. Кісі өте көп. Шыбын жаным асхананың жылтыр шамына қонақтап, жарыссөз тыңдады. Әлгі сақалы желбіреген жас молда былпылдап піскен шеке мен жал-жаяға тойған соң аузынан ақ көбік аққанша дәріс оқыды. Оның былшылдаған уағызына ешкім құлақ түрмеді. Сары бауырсақ пен майлы қазыны, аста-төк тағамды, шөпке толы салат­тың түр-түрінен жеп, ықылық атқан қаралы қауым әдет­тегідей телефонға жармасты соңғы қызықтан құр қалғандай. Енді бірі: «Дүкең күшті еді, жақсы еді. Соңғы жылдары зәрплаты өсіп, банктегі несиесін жауып, қарызынан құтылып, таршылықты ұмытып, жоқшылықтан көзін аша бергенде… Қап, Құдай-ай, аясаң, ет­ті. Жасынан момын жігіт-ті. Бұзау құсап қағаздан басқа ештеңе жемеді. Жемқорлықты білмеді. Бір-бір үйдің есуасын «есейтем» деп жүріп жүрегіне салмақ салды. Жатқан жері жарық болсын» деп әулетіме көңіл білдірді. «Өлген сиыр сүт­ті келеді» деген рас екен. Көбі жер-көкке сыйғызбай мақтады қызыл тілден бал тамызып! Дегенмен басыңа қара бұлт үйірілсе де кейбір пасықтар сырт­тай тісін қайрайды екен. Садақада өтірік сайрайды екен. Кенет сырт жақтан суық жүрісті сотқалдай он еркек кіріп келді. Бәрі түйедей тапыраңдап төрге озды. Тірлікте біреуімен қол алысып көрмеп ем. Жақтырмай, тіксіне қарадым. «Садақаның асын бөліп іш, бермесе тартып іш» деп сабыр сақтадым. Табақ-табақ ас желініп, күрең қою шай ішіліп болған соң молдекең: «Қадірлі, жамағат! Дүкең жайлы біраз естелік айт­тық. Алла тағала қадамдарыңды сауапқа жазсын. Енді жеті күндік садақасы да осында өтеді. Солай ғой, иә, жеңеше», – деп жылай-жылай көзің кіртиіп, өңің солған саған қарады.
– Бұл кісі кім? Әйелі ме? Оңашада дұрыстап танысармыз. Ретін тауып жеңгейге кіріп шығармыз. Жалғыздық Құдайға жарасқан, – деп ірі денелі, сұрғылт мұрт­ты, бөшке қарынды біреу саған көз қырын салып үлгерді. Сол-ақ екен, кеудем намыстан өртеніп кет­ті. Жарқанат құсап биіктен төмен құлдиладым. Қанатым жайылды. Бойыма қуат дарыды. Түлкі аулаған бүркіт­тей әлгі борсықты желкесінен бүріп, жеген қуырдағын кері құстыра бергенімде: «Ойбай, мынау Дүтбай ғой, Дүтбай! Соның аруағы ғой, аруағы! Өлген адамның жаны құс пен жануардың біріне қонады деуші еді. Марқұмның рухы мына құсқа қонған-ау, шамасы», – деп қатын біткен улап-шулап бір бұрышқа тығылды.
– Содан? Содан не болды?
– Не болсын. Әйеліме жоласаң, тұмсығыңды қан қыламын! Жанарыңды ағызамын! Қырып-жоямын! «Жесірдің етегін жел көтереді» дегенге дәсерсіп?! Өлгенімді күтіп жүр ме едің, жетесіз?! – деп айқайлап жатып өз даусымнан өзім шошып ояндым.
– Ойпырмай, ә! Түсің боевик фильмге ұқсайды екен. Отау құрғанымызға қырық жылдан асса да, өміріңде бірінші рет қызғанғаның осы шығар. Махаббат­тың жолында мерт бола жаздапсың, – деп назданды Әуреш.
– Күледі ғой, о дүниеде сен үшін шайқасып, ит­тесіп жүрсем! Сонымен, түсімнің тоқетері, мына бізбен араласып-құраласып жүргеннің бәрі шет­терінен жынды білем. Бет­теріне маска киіп, шпионның рөлін ойнап жүр. Образға артистен де артық кіреді, – деді Дүтбай көп достан көңілі шайлыққанын ірке алмай.
– Біреуден ілгері, біреуден кем өмір сүрсек те, жақсы мен жаманды көрсек те, осы жұртқа не жетпейді, ә, жатқан жыланның құйрығын басып?! Қазір барып бәрінің шашын жұлайын, – деп жұлқынды Әуреш.
– Қой, жә. Кімнің аузына қақпақ боласың. Егер Тәңірден бұйрық келіп, мәңгілікке мызғып кетсем, «Бай – барын шашады. Кедей – артын ашадының» кебін киме. Жеті шелпегіңді пісіріп, дұғаңды оқып, тыныш отыр. Жаңа көрдім ғой пенде біткеннің пейілі қалай тарылғанын. Ниеті жүз пайызға бұзылғанын. Мынау бір азған қоғам! Көпке дейін жазыла қоймас, түсімде көрген «жарам!». Махамбет атам «Тірісінде сыйласпаған ағайын, өлгеннен кейін жыласаң, құм құйылсын көзіңе!» деп бекер айтпаған, – деді Дүтбай көп адамнан түңілгенін сездіріп.
– Иә, Құдайдың осы бергеніне де шүкір етейік. Бізді жаратқан да Алла, сақтайтын да Алла! «Түс – түлкінің боғы» десек те, шындықпен бетпе-бет жүздес­кен екенсің, – деп Әуреш те отағасымен қосылып ойға бат­ты…

 

 

Мира ШҮЙІНШӘЛИЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір