Ұлттық тамырды іздеу
Бұрынғылар университет аудиториясын тоздырмай-ақ, ой тереңдігімен, тіл байлығымен, дүниетаным кеңдігімен ерекшеленетін. Ал бүгінгілер үздіксіз білім алып, тоқтаусыз ізденіс жасап, әлемдік ақпараттармен қарулана жүріп даралануға талпынады. Ғылым-білімге құштарлығымыз көңіл қуантарлық іс. Әйтсе де, өмірде жақсымен қоса жаманның да қатар жүретінін ескерер болсақ, бет алған бағытымыздың дұрыстығын анықтап алған жөн секілді. 1990 жылдардың басында айтыскер ақын Оразалы Досбосынов: «…Шатасып жүрген ғалымнан, шатақсыз жүрген ұл артық…», «…Қытайға тиген қызыңнан орысқа тиген күң артық…», – деп заманымызда болып жатқан жөнсіздіктерге қатты налыған еді. Содан бері ширек ғасыр өтсе де, біз әлі болашақтың даңғылына түсе алмай келе жатқан секілдіміз. Өзгенікін зор, өзіміздікін қор санап, барымызды бағалай алмайтын, тым еліктегіш мінезімізден арыла алмай келе жатқан сияқтымыз. Бабалар салған сүрлеуді негізге алып, халықтық педагогикаға жүгініп, алға қадам басуға не кедергі? Осы секілді бірқатар сұрақтарға жауап іздеп, мамандарға хабарласқан едік.
– XX ғасырдың басында хат танып, жазу жаза білген адамдар білімді саналатын. Бертін келе қолында дипломы барлар инеллектуалы жоғары адамдар қатарынан көрінді. Уақыт өте келе ғылыми дәрежеге үлкен мән беруге көштік.Ал қазір білімге деген көзқарас пен талап өзгергендіктен, «білім» туралы түсінік те мүлде басқаша. Бұл тек бізде ғана емес, әлемде болып жатқан құбылыс. Сіздіңше, нағыз білімділер кімдер? Осы заманның білімділікке деген өлшемі қалай белгіленіп жатыр?
Мұхтарбай ӨТЕЛБАЕВ,
академик:
– Білімді молынан жиғаныңмен қолданысқа енбесе, одан еш пайда жоқ. Қазір профессорлар, академиктер жетерлік. Бірақ солардың кейбірі өз саласында білімсіздік көрсетіп жатады. Мәселен, шетелдерде оқыған, жоғары білімді дегендердің де көп жерде ойының таяздығы байқалады. Бала кезімізде көп тыңдап, тәлім алып жүретін ақсақалдар кітап оқып, білім алмаса да, өмірлік мәселелерді оңынан шешіп отыратын. Меніңше, білімді, зиялы адамдар деп көркем мінезді, өмірдегі бағыты дұрыс, тиянақты адамдарды айтуға болады. Кезіндегі Мәшһүр Жүсіп, Әл-Фараби, Шәкәрім және тағы басқа дана адамдардың білімімен деңгейлес адамдар бізде көп-ақ, әйтсе де қазіргі білімділердің бағыты, мінез-құлқы өзгеше.
Тұрсын ҒАБИТОВ,
философ:
– ХХ ғасыр елімізде сауаттылық пен жоғары білімнің дипломын алуға ұмтылумен ерекшеленсе, жаңа ХХI-ші ғасырда өркениеттің ақпараттық толқынына қатысты өзінің интеллектуалды және басқа адами қасиеттерімен, атап айтқанда, креативтік, іскерлік, прагматикалықтәжiрибесімен ұшталған маман алда тұр. Жеке адамның және мемлекеттегі азаматтардың бойындағы интеллектуалды адами капиталды қоғамдық өлшеммен айтқанда ешкім ұрлап та, сатып та ала алмайды. Сондықтан адам капиталында білім мен тәрбиенің пайдасы көзге анық көрінеді. Білікті де білімді және өзіне-өзі сенетін адам көптеген жағдайда қоғамды дүниеқоңыздықтан, жемқорлықтан қорғайды. Білімді, парасатты адам бірінші кезекте өзінің бойындағы қасиетіне сенеді. Жеке басқа табынбайды. Сондықтан да халықаралық қоғамдастық білімнің адам дамуындағы лайықты ролін қамтамасыз ету жолымен осы проблемаларды шешу стратегиясын жасады. Ол – «Баршаға бірдей білім» стратегиясы. Оның негізгі қағидаттары БҰҰ 1990 жылы Джомтьенде ұйымдастырған конференцияда тұжырымдалды. Егер жекелеген өлшемдерді алатын болсақ, Қазақстан халықтың «тапқырлық» деңгейі, мектеп оқушыларының әлемдік олимпиадаларда жүлделі орындарды алуы (яғни технологиялық идеялардың дамуы), ғылыми-зерттеу базасының, дәл ғылымдағы білімнің сапасы бойынша, сондай-ақ базалық инфрақұрылымның жаман емес жағдайына қатысты айтарлықтай жоғары бағаланады. Алайда, біздің еліміз бұл артықшылықтарды нақтылы «капиталдандыру» мүмкіндігін қамтамасыз ететін факторлар бойынша төмен бағаланады.Мұнда «ақыл-ойдың сыртқа кетуінің» жоғары деңгейі де, жаңа технологиялар мен қызметтерді лицензиялаудың күрделі ресімдері де, интеллектуалдық меншік құқықтарын қорғаудың төменгі деңгейі де, білім беру мен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды инвестициялау жөніндегі аз әулет те бар. Міне, содан келеді де, мысалы, ересек халықтың сауаттылық деңгейі бойынша біз әлемдегі алғашқы 3 пайыздың қатарындамыз, ал әл-ауқат деңгейі бойынша соңғы 40 пайыз елдердің қатарындамыз. Инженерлер мен ғалымдардың саны бойынша біз тізімнің үштен бірінің алғашқысындамыз, ал жоғары технологияларға келетін экспорттың үлесі жөнінен артта қалушылар қатарындамыз. Адам ресурсының сапалық деңгейінің көтерілуі – тек ғылымға жете көңіл бөлгенде ғана пайдалы болатындығын естен шығармауымыз керек. Бүгінгі таңда дамыған елдерде ұлттық байлықтың 73 пайызын адам капиталы құрайтынын ескерсек, біздің елімізде бұл көрсеткіш екі-үш есе кем, сондықтан қолға алатын мәселелер әлі де аз еместігін байқауға болады. Адам капиталы тұрғысынан ғылымға, білімге, бір адамға жұмсалатын қаржыны есептегенде біз, әрине, әлі де болса жоғары деңгейге көтеріле алмай отырмыз. Бүгінгі таңда тек білім-ғылым, жаңа технология салаларына бөлінетін қаржы Американың ішкі жалпы өнімінің 26 пайызын құрайды екен. Ресейде бұл көрсеткіш – 8 пайыз болса, Қазақстанда, кейбір мәліметтер бойынша, 2020 жылы ғылыми зерттеулерге жұмсалатын қаржы жалпы ішкі өнімнің 2 пайызын құрастыратын болады.
Әлкей МАРҒҰЛАН, халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Академиясының «Қауіпсіздік және саясат» магистрлік дәрежесіне үміткер:
– Әр заманның өз талабы мен сыны бар. Білімнің негізгі функциясы сол талаптарға сай келе отырып, сындарға жауап беру. Уақыт шеңберінде ой тарқатар болсақ, ХХ ғасырдың өзінде білім мен ғылымға қатысты көзқарас пен ұстаным белгілі бір деңгейде эволюциялық дамуда болды. Көптеген ғылыми жаңалықтар ұзақ мерзімді уақытты талап етсе, мамандықтар көбінде өнеркәсіпке қажетті азаматтарды тәрбиелеуге мән берді. Ал ХХІ ғасырдың талабы онжылдықтармен емес, жылдармен, кей кездері айлармен өлшенетін дәрежеге жетті. Себебі, бәсекелестік өте жоғары деңгейде, білім нарығында мықты ойыншылар пайда болып жатыр. Жаңа мамандықтар пайда болды, дәстүрлі кәсіптер үлкен өзгерістерге ұшырап жатыр. Соған байланысты білім категориясына қатысты көзқарастар өзгере бастады. Бүгінгі күнгі білімді адамның кейпі дәстүрлі диплом иесі атану, бір мамандықты игеру секілді стереотиптік пікірден алшақ жатыр. Себебі, білімді адамның сипаты кешенді мазмұнға ие. Біліктілігі жағынан жоғары білімі бар, кемінде бірнеше шет тілдерінде сөйлеу, өз жұмысын орындау аздық етеді. Керісінше, сыни ойлау, экономикалық өзгерістердің нәтижесінде орын алатын жұмыс нарығындағы сұранысқа икемді болу, сонымен қатар әр уақытта өзінің білімін толықтырып, кей уақытта жаңа мамандықты игеруге лайықты азаматтардың нағыз білімді екендігіне мән беру керек. Соған байланысты мен үшін білімді адам, бірінші кезекте өз ісін аса үлкен жауапкершілікпен атқаратын және жаңа білім көздеріне өте құштар азамат.
– Біз батыстық білім стандарттарына жаппай ден қойдық. Халықтың зейінін білімге бағыттаумен қоса жақсы мен жаманның, асыл мен жасықтың парқын айыра алатын талғампаздығын арттыру үшін қандай ұстаным керек? Жалпы, даму жолында көшірме ұлтқа айналмай, ұлттық тамырымызды сақтап қалу үшін не істеген жөн?
Мұхтарбай ӨТЕЛБАЕВ:
– Құндылықтарды сақтап қалу уақыт өткен сайын қиын мәселеге айналып бара жатыр. Оның үстіне қазақ өте еліктегіш халық. Батыстықтардың деңгейіне жетеміз дегенімізбен олардың аса білімді, текті халық емес екенін байқап отырмыз. Әдетте адам баласы жақсылықтан гөрі жамандықты тез сіңіреді. Үйренген осы екен деп жапа-тармағай бас қойдық. Ал бұның соңы ұлтымызға үлкен қауіп төндіретін жағдайларға әкелуі мүмкін. Сондықтан қандай озық үлгі болса да өз табиғатымызға сай етіп қабылдауымыз қажет. Жақсы қасиеттер зиялы адамдар арқылы жетеді. Қарапайым халықтың өміріне көп әсер ететін саясаткерлер, шенеуніктер болғандықтан олардың әр шешімі маңызды. Егер бір қателік жіберсе, оны түзетем деп адасқан үстіне адаса түседі. Біздегі білім жүйесінде болып жатқан қиындықтар да осының айғағы. Асығыс жасалған заңдарды түзету оңай шаруа емес. Мәселен, ғылымдардың дәрежесі екі сатылы еді оны бір сатылық етіп қойдық. Бұл мүлде дұрыс болмай шықты. Онсыз да қазақтардың ғылымға деген ұмтылыстары мәз емес еді. Енді мүлде төмендетіп тастадық. Меніңше, өзгелерден үйрене жүріп, жиренгеніміз жөн сияқты. Біз тек өзіміздің өміртанымымызға байланысты әрекеттер жасауымыз керек. Шетелдің мәдениетіне қатты қызығамыз. Бірақ оларға таңданатындай ештеңе жоқ. Ол халықтарда ыдырау, адамдық қасиеттерден ажырау бізге қарағанда анық байқалады. Сондықтан біз ата-баба жолымен жүріп, дәстүрімізді сақтауымыз қажет. Біз өз болмысымызды сақтап қалайық, рухымызды жаңғыртайық деп ұрандатқанымызбен, жастар бұған еш қарап жатқан жоқ секілді. Керісінше, батысқа еліктеп, сол жақтарға жақындауды көздеуде. Жақсы мамандардың көбі шетелге кетуде. Ал ол біздің геніміздің нашарлауына алып келеді. Дәл осы бағытпен кете берсек, көп болса жүз жылға ғана шыдап, одан кейін халықтығымыздан ажырап қаламыз ба деп қорқам.
Тұрсын ҒАБИТОВ:
– Қазақстан Республикасының білім беру стратегиясындағы басты концепция – ұлттық білім моделін жасау. Ұлттық білім үлгісінің негізгі мақсаты – адамды ең негізгі құндылық ретінде мойындау және сол тұрғыда қалыптастыру, оның қоғамдағы орны мен роліне, әлеуметтік жағдайына, мәдени-рухани дамуына ерекше мән беріп, сол арқылы рухани жан дүниесінің жетілуіне, әлеуметтік-саяси көзқарастарының, шығармашылық еркіндігі мен белсенділігінің, әлеуметтік мәдениетінің, кәсіби іскерлігінің қалыптасуына жағдай туғызу. Яғни келешек маман білікті әрі білімді, ең алдымен рухани тұрғыда кемелденген, ұлттық ділі мықты, әлеуметтік мәдениеті қалыптасқан, халық, ұлт алдындағы жауапкершілік сезімі жоғары дара тұлға болуы тиіс. Оны ең алдымен, өз елінің азаматы, адамгершілігі мол творчестволық тұлға, елдің жанашыры, келешектің иесі, халқының тірегі ретінде тану керек, соған мүмкіндік жасалуы тиіс. Өйткені, бүгінгі білім алушыға тек маман ретінде ғана қарау жеткіліксіз.
Тағы бір мәселе кейбір техникалық және жаратылыстанушы ғалымдардың арасында гуманитарлық салаға деген теріс пікірлердің өрістеуі. Тіпті, ХІХ ғасырдың аяғындағы позитивистердің философия сынды рухани құндылықтарды зерттейтін ғылымдарды терістеуі бізде де көрініс бере бастады. Бұл жерде Батыс ғылымының сол кезде-ақ бұл мәселені шешкенін еске салған жөн. Табиғат туралы ғылымдарда дерек бірінші орында тұрса, рух туралы ғылымдарда оқиғаны зерттеу алға шығады, Оқиға өз ерекшеліктерімен фактологиядан анағұрлым күрделі. Гегельдің тілімен айтқанда, ақылдың ұйықтауы неше түрлі құбыжықтарды өмірге әкеледі.
Әлкей МАРҒҰЛАН:
– Әлемдегі мемлекеттер арасындағы шекараның ашылуы – тек мемлекеттердіңөзара байланысының артуына ғана емес, білім мен ғылымның кең интеграциясына әкеліп тіреді. Бүгінгі күнгі біздің шет тілдерде сөйлесіп, көптеген нанотехнология, биотехнология, ақпараттық технологиялар, медициналық инженерия секілді салалардағы батыстық немесе азиаттық қайнар көздерден білім алуымыз – соның анық айғағы. Яғни озық білім жүйелерінен білім алу – қалыпты жағдай. Дегенмен, оның жағымды тұсынан өзге, қауіпті жағы да бар. Ол қауіп – ұлттың тамырын жоғалтып алуымен қатар, сол өзге білім жүйелеріне белгілі бір дәрежеде бәсекелес бола алатын озық білім саласын дамыта алмау. Мысал ретінде Джо Стадвеллдің «Азиялық басқару моделі» кітабындағы Жапон елінің білім саласына қатысты стратегиялық көзқарастың 1868-1912 жылдардағы Мэйдзи реформасы тұсында ерекше қалыптасқаны туралы оқыдым. Бүгінгі күнгі инновациялық білімнің ордасы атанып отырған Жапонияның өзі ұзақ жылдар бойы білім саласын өз ұлтының негізгі даму бағыттарына компас ретінде ұстағанын осы деректен түсінуге болады. Ал соңғы тарихи дереккөздерге сүйенсек, біздің де бабаларымыз – Алаш қайраткерлері – Жапон елінен үлгі алу қажеттілігі туралы айтып кеткен. Яғни ұлттық болмысымызды ұмытпай, әлемнің озық ілімін сіңіру – табиғи процесс. Одан бөлек, ұлттық сана сезім қалыптастыру мақсатында білім мен тәрбиенің ролін күшейту бағытында да үлкен жұмыстар атқарылуы қажет. Себебі, ұлттық тамырды, яғни гендік қорды сақтап қалу тек қана білімнің еншісінде емес. Білім тек рухани-адамгершілік постулаттармен бірлікте ғана ұлттық болмысын сақтап қалады.
– Бұрынғы ойы озық азаматтар бар жиған білімін халықтың игілігіне жаратсам деп ниет қылды. Тіпті, сол жолда жанын да қиғандары аз емес. Ал бүгінгі зиялылардың ішіндегі кейбірі атақ-дәрежеге, шен-шекпенге көбірек ұмтылатын секілді. Бәлкім, жылдар бойы жоғалтқан уақыттың, төккен тердің өтемін алған да дұрыс шығар… Сіз қандай пікірдесіз?
Мұхтарбай ӨТЕЛБАЕВ:
– Ғалымдардың арасында білімімді сатып, рахатын өзім ғана көрейін дейтіндер өте сирек. Олардың көпшілігі халқыма пайдамды тигізсем дейді. Қазір шын ғалым емес, соған ұқсас «псевдоғалымдар» күннен-күнге көбейіп бара жатыр. Ал бұндайлардың кесірінен адамға ғалым дегеннің барлығы осындай ма деген ой келеді. Өздерінің ішкі таяздығына қарамастан, ғалымсымақтар мықты қызметтер мен атақ-дәрежеге қол созады.Мұндай адамдар әр жерде көрінгенімен, біртіндеп ысырылып қала береді. Өткен ғасырларда да, бергі уақыттарда да «ғалымбыз» деп жүргендердің көбісі ұмыт болып кетті. Меніңше, ғалым адамға өте көп ақшаның керегі жоқ. Тек қана дұрыс өмір сүруіне жететіндей болса болды. Қазір мемлекет ғылымға көңіл бөліп отыр. Ол бөлінген қаражат біздің деңгейіміздегі ғылымға жеткілікті. Бірақ қай жерге көбірек ақша бөлінсе, соған псевдо-ғалымдар қаптап кетеді. Кейін ақша азайған кезде олар кетіп қалады да ғалымдардың бір шоғыры ғана қалады. Білім саласында да псевдоғалымдар қаптап жүр. Коррупция дегеніңіз осы ма деп те ойлайсың кейде. Ал ғылыммен айналысатын адамдар әр жерге шапқылап бара бермейді. Оған оның уақыты жоқ. Адамның шын ниетпен жасалған қажырлы еңбегі қай уақытта болса да елеусіз қалмайды.
Әлкей МАРҒҰЛАН:
– Жеке ғалымдардың атақ-даңқына қатысты ештеңе айта алмаймын. Ол менің ойымша, әр адамның ар-ожданының сұрағы. Себебі, тарих деген ұлы сарапшы бар. Уақыт сарабынан көптеген адамдардың жоғалып, ал көптеген ғалымдар ғасырлар бойы әлемнің ортақ ұстаздарына айналғанын көруімізге болады. Екінші жағынан, біз «зиялы қауым» деп кімді қабылдаймыз деген сұраққа қоғамдық және мемлекеттік тұрғыдан жауап беруіміз керек. Халқына еңбек еткен бабаларымыздың өміріне зер салсақ, керемет бір фактіні көремін. Олар өзінің мемлекеттік миссиясынан бөлек, ағартушылық қызметті қатар ұстады. Ахмет Байтұрсынов қазақ филологиясының фундаменталды базасына өзінің үлесін қосса, Әлихан Бөкейханов география бойынша, Әлімхан Ермеков математикалық ғылымның институционалды негізін қалады. Одан бөлек, қаншама асыл азаматтарымыздың ағартушылық бағыттағы еңбектерін атап өту аздық етер. Себебі, халқы үшін, елінің қамы үшін еңбек ету – үлкен қажырлы еңбек пен ішкі рухани күшті талап етеді. Біз кеңес үкіметі тұсында осы рухани күшті әлсіретіп алдық…
– Адам ешқашан білімнің шегіне жете алмайтын сыңайлы. «Білгеніңнің жақсысын қыл, білмегенді біле бер» деп Шәкәрім айтпақшы, білімге жету де оңай емес. Кей жағдайда білімдіге қарағанда жәй ғана тәрбие көрген адамды барласақ, жүрегіміз жылып қалатыны бар. Білімнен гөрі адамның ой-өрісі мен мінезі маңыздырақ дегенге келісесіз бе?
Мұхтарбай ӨТЕЛБАЕВ:
– Жалпы, жақсылық істесе де, жамандық жасаса да білімді адам күштірек болады. Мәселен, құлтемірге (роботқа) жаман бұйрық берсең, соны бұлжытпай орындап жүре береді ғой, сол секілді, арам пиғылды адамға білімді қанша сіңірсең де, жамандыққа пайдалануы мүмкін. Ғалымдардың біразының бойында қызғаншақтық, іштарлық, көреалмаушылық секілді қасиеттер басым. Көптеген ғалымдар жаңалықты жалғыз мен ашсам екен дейді. Қазақ қазақты бәсекелес көреді. Сондықтан білімді болуды ғана емес, адамдық, кісілік қасиеттерді де үйренген жөн. Нағыз білімді адамдар білімі тереңдеген сайын, парасатты бола түсуге тиіс.
Тұрсын ҒАБИТОВ:
– Елімізде басым түрде дәстүрлі білімнің мазмұны негізінен танымдық сипатта беріліп келді. Оның дидактикалық-әдістемелік бөлігін құрайтын жаттығулар, сұрау-тапсырмалар сол танымдық материалды меңгеруге қызмет ететін мақсатта құрылатын. Ендігі жерде жаңа ХХІ ғасырдың білім философиясы мүлде өзгеше парадигманы қажет етуде. Мұнда білім беру процесінің объектісі бұрынғыдай тек білім, яғни оқу материалы ғана деп қаралмайды. Білім беру процесі, ең алдымен жеке тұлғаға бағытталып, мынадай міндеттерден түзіледі: оқушының интеллектуалдық-танымдық, психологиялық, шығармашылық іскерлік сапаларын, өз бетінше оқу әрекетшілдігін, коммуникативтілігін, әлеуметтенуге бейімділігін, эстетикалық, рухани-адамгершілік, экологиялық, дене мәдениетін, т.б. қалыптастыру. Білім мазмұнын құрайтын оқу материалдары тұлға дамытушы мүддені түзуге тікелей қызмет ететіндей етіп құрылуы керек. Күн тәртібіне қойылып отырған күрделі мәселелердің ішінде жас ұрпаққа білім беру мен тәрбиелеуді жаңа сатыға көтеріп, жан-жақты жетілген шығармашыл жеке тұлға қалыптастыру өзектілігі артуда. Жаңашылдық өзгерістер мен әлемдік білім беру тәжірибесін қазіргі ғылыми тұрғыдан талдау білім беруді дамытудың жаңа бағдары – жаңару стратегиясын таңдауға себепші болды. Алдымен білім беру мақсаттарының өзгерісіне, ізінше оның тиімділігі өлшемдері келді. Ежелден белгілі: «көп білім ақылдылыққа үйретпейді». Сондықтан оқыту жеке тұлғаны қалыптастыруға, дара мүмкіндіктерін, шығармашылығын дамытуға бағытталуы тиіс. Оқыту – міндетті түрде тәрбиелік қызметпен сабақтастықта өтуі қажет. Осы тұрғыдан білім беру мақсаттары әлеуметтік-жеке тұлғалық құндылықтарға, сонымен қатар жеке тұлғалық-даралық сипатта болу қажеттігі туындады.Мемлекеттік білім беру жүйесі негізінде әлемдік білім кеңістігіне ену – оқушының күнделікті оқу жүктемесін азайту арқылы денсаулығын сақтау, бос уақытын жеке мүмкіндіктері мен қабілеттерін жетілдіруге жұмсауға жағдай жасап қана қоймай, оқыту сатылары бойынша оқу материалын тиімді түрде игеруге, оны өмірде қолдану және болашақ мамандықтарына қажетті дағдыларды жинақтауына мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мемлекетаралық білім сайыстарына, бағдарламаларға, білім жобаларына қатысуына мүмкіндіктер туындайды, нәтижесінде отандық аттестаттардың шетелдерге танылуын қамтамасыз етеді. Ақпараттандыру, жаһандану жағдайындағы қазіргі білім беруді дамыту мен жетілдіруді түрлі инновацияларды енгізусіз, жаңаша оқытуға қатысты принципті бағыттар қатарын қайта қарамайынша елестету мүмкін емес. Солармен бірге, қазіргі білім беру үдерісінде инновациялық білім беру жүйелеріне, шығармашылық қабілетке, шығармашылық рефлексияға, шығармашылық өзін-өзі дамытуға, шығармашылық дербестікке, креативтілікке қойылып жатқан талаптарға сәйкес келуі мәселесінің қарастырылуына да үлкен мән берілуі керек.
Әлкей МАРҒҰЛАН:
– Әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген сөзі әр қазақтың ойында болуы қажет нақыл сөз. Білім деген керемет қару, бірақ ол адамгершілік, моральдық қасиеттермен безендірілмесе, тек қана өзі жетімсіреп қалады. Абай атамыздың да бес асыл қасиет: талап, еңбек, терең ой, қанағат және рақым – адам бойындағы білімге негіз болар алғышарт қасиеттерден бөлек, адамгершілік қасиеттердің де тәрбиеленуінің қажеттілігін түсіндіреді. Сол себепті, құстың қос қанаты секілді, адамның да биікте ұшуына бір қанаты – білім, екінші қанаты – оның тәрбиесі болсын дегім келеді.
Дайындаған
Гүлім НҰРЛАНҚЫЗЫ.