Мәскеуде жарық көрді
Алматыдағы Ұлттық кітапханада көрнекті жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтің Ресейдің «Художественная литература» баспасынан шыққан 4 томдық таңдамалы шығармалар жинағының тұсаукесер рәсімі өтті.
Тұсаукесер рәсімінде алғашқы сөзді Қазақстанның Халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ә.Нұрпейісов алып, Д.Исабековтің шығармашығының ерекшелігі жайында сөз қозғап: «Әуелі жазушының «Сүйекші» деген шығармасын оқыдым. Өзіме жаңа ұғым аштым. Сондықтан осы шығарманы шын жүрегіммен қабылдадым. «Дерменесі» қатты ұнады. «Қарғын» романы – жастанып жатып оқитын кітабына айналды », – деп жаңа томдықтың лентасын қиды. Көрнекті ақын-жазушылар Смағұл Елубай жүргізген отырысқа академик, ҚР ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов, көрнекті жазушы қаламгерлер Бексұлтан Нұржеке-ұлы, Темірхан Медетбек, Әлібек Асқар, мәдениеттанушы-ғалым Мұрат Әуезов, сыншы, филология ғылымының докторы Дандай Ысқақұлы, ақын Қазыбек Иса, мәдениеттанушы Әлия Бөпежанова, ақын,Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төр-
ағасының орынбасары Маралтай Райымбекұлы, т.б. көптеген зиялы қауым өкілдері қатысты. Шара барысында жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Бексұлтан Нұржеке-ұлы: «Кеңес заманында қазақ драматургтарының шығармаларының өзге театрларда сахналануы сирек құбылыс болатын. Соңғы уақыттарда Дулаттың пьесасын Лермонтов театрынан көрдім. Қойылымды жұртшылық үлкен қошеметпен қабылдады. Бұл – тәуелсіздіктің бір жылуы болса, екіншіден – таланттың көзге көрінуі, оны басқалардың қабылдауы. Шын талантқа ешкім тосқауыл бола алмайтынын ол дәлелдеді. Мәскеуге барып, спектакль қою мүмкін емес еді. Мәскеу Дулатты сахналады. Ешкімнің арнайы тапсырма беруімен, нұсқауымен жасалынып жатқан жұмыс емес, Мәскеу өзі мойындап, өзі ұсыныс жасады. Ол аздай, Лондонда, Кореяда шығармалары қойылды», – деді.
Кітаптың 2 томына – прозалық, 2 томына – драматургиялық шығармалар енген. Жазушының жинақтағы «Гауһар тас», «Үндемес», «Біз соғысты көрген жоқпыз» және «Қабылан» атты шығармалары кейінгі жылдары ағылшын тіліне аударылып, кітап болып Лондонда жарық көргені белгілі. Торт томдықтағы бірқатар пьесалары Ресей, Болгария, Түркия, Англия, Башқұртстан сияқты алыс-жақын шетел сахналарында қойылып келеді.
Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.