Алты елдің алқалы жиыны
Күнделікті теледидар мен радиодан, мейрамханалар мен демалыс орындарынан тыңдап жүрген әсерлі әуездеріміз үшін орындаушылар мен авторларға қаламақы төленіп тұратынын біле де бермейміз. Мән беріп қарасақ, мұның өзі де қып-қызыл ақша. Сол ақша кімге қалай төленіп жатыр, оны кім қадағалап отыр дегенге келсек, үлкен даулы мәселенің үстінен бір-ақ түсеміз. Елімізде авторлар қаламақысын жинап, таратумен айналысатын Қазақстан Авторлары Қоғамынан бөлек бірнеше ұйым жұмыс жасайды. Соңғы уақыттары осы ұйымдар арасындағы текетірестер сот залына дейін ұласып жүргені шындық. Осындай шиеленісті жағдайды бір ретке келтірудің сәті енді туған секілді. Бұл жөнінде жақында ғана Белоруссиядағы үлкен жиынға қатысып келген Қазақстан Авторлары Қоғамы Бас директорының орынбасары Серік ИСАЕВ мырзамен әңгіме барысында білдік.
– Жуырда беларусь еліне әр елдегі зияткерлік құқық мәселесімен айналысатын ұйымдар жиналған басқосуға барып келдіңіздер. Осы жиынның мәні мен маңызы жайында айтсаңыз.
– Иә, Белоруссияның Минск қаласында үлкен жиын болды. Сол жиын нәтижесінде ТМД және Еуразиялық Экономикалық Қауымдастық елдері аумағында зияткерлік меншік иелерінің мүддесін қорғайтын Құқық иеленушілер қоғамының Еуразиялық конфедерациясы құрылды (ЭАКОП). Ресейдің бастамасымен өткен бұл жиында Қазақстан, Белоруссия, Ресей, Әзірбайжан, Армения және Қырғызстаннан авторлық және сабақтас құқық бойынша жұмыс жасайтын мекемелер бас қосты. Қазақстаннан «Қазақстан Авторлары Қоғамы» ҚазАҚ пен сабақтас құқық бойынша орындаушылардың мүддесін қорғайтын мекеме КОУПИС қатысты. Басқосу барысында «Бұл конфедерация қандай құзыреттілікке ие бола алады? Оның негізгі мақсаты не? Қандай шаруалармен айналысады?» деген секілді мәселелер қарастырылды. Ақылдаса келе конфедерация құрамына енетін әр ұйым жарна төлеп отыратын болып шешілді. Енді бұл сала бойынша авторлар мен басқа құқық иеленушілердің құқығы күшейе түспек, қандай мөлшерде ақша жиналады, қалай бөлінеді және уақытылы төленеді ме, соның бәрі қатая түспек. Әр мемлекеттегі ұйым жеке-жеке емес, мүшеліктегі барлығы бір жүйемен, бір бағдарлама бойынша жұмыс жасайтын болмақ. Ұйымның штаб-пәтері Мәскеуде болатын болды. Конфедерацияға Бас директор болып Әзірбайжан Авторлық Қоғамының басшысы Исмаил Маммадкаримов, бас хатшылыққа ресейлік құқықиеленуші қоғамының (РОСВОИС) басшысы Андрей Кричевский тағайындалды. Бұл тағайындалған басшылар жыл сайын әр мемлекеттен кезекпен ауысып турады. Ал осы ұйымның президиумында әр мемлекеттен екі адамнан отыратын болды. Оған біздің елімізден беделді жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері «Қазақстан Авторлары Қоғамы» авторлық кеңесінің төрағасы Марал Ысқақбай және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Абдуллин мүше болды. Сонымен қатар, композитор, РФ халық әртісі Игорь Крутой (Ресей), композитор, ӘР халық әртісі, Әзірбайжан Ұлттық консерваториясының ректоры Сиявуш Керими (Әзірбайжан), ақын, жазушы Фахраддин Мейданлы (Әзірбайжан) және т.б. президиум мүшелігіне сайланды. Олар конфедерацияның жұмысын тексереді, түрлі түсініктемелер береді, қаулылар қабылдайды. Бұйырса, шілде айының басында ұйымның үлкен жиналысы болады деп жоспарлануда.
– Бұл конфедерацияның негізгі міндеті не болмақ?
– Конфедерацияның негізгі міндеттері – Авторлар Қоғамының ықтимал инновациялық дамуын және олардың қызметінің тиімділігін арттыру, тексеру және есептерді жариялау, стратегияларын қалыптастыру, жұмыс барысын бақылау, қызметтің ортақ стандарттар мен принциптерге сәйкестігінқадағалау және іске асыру. Және бір мақсаты – авторлардың құқығын қорғау, қаламақының дұрыс төленуін қадағалау.
– Бұған дейін ҚазАҚ СИЗАК-қа мүше болғанын білеміз. Мұндай дүниежүзілік бірлестіктерге қабылдану Қазақстан үшін қаншалықты тиімді?
– Қоғамымыз Авторлар мен Композиторлардың Конфедерациясы – СИЗАК-қа мүше болып қабылданды. Қоғам үшін СИЗАК-қа мүше болу дамыған шетелдік қоғамдармен байланыстың күрт өсуіне ықпал етті. 2006 жылы ҚазАҚ дүниежүзінің 76 елі авторларының мүдделерін қорғайтын шетелдік ұйымдармен өзара өкілеттік жасау туралы келісімге қол жеткізген болса, 2010 жылдың бірінші қаңтарында бұл көрсеткіш 90-нан асты. Қазіргі таңда ҚазАҚ әлемнің 138 еліндегі авторлар мүддесіне өкілдік етеді. Қоғам сайтының «Халықаралық байланыстар» парақшасында ол елдердің аттары мен нақты қоғамдары көрсетілген.
Ал бұл конфедерацияға мүше болудың бізге тигізетін пайдасы зор. Біздегі түрлі авторлық қоғамдарды бір жүйеге салып, авторлардың қаламақысы өзіне дұрыс тию жағын қадағалайды, яғни біздегі біраз шаруаның жөнге келуіне септігін тигізеді деп сенеміз. Осы күні Қазақстанда тоғыздан астам авторлық ұйым жұмыс жасайды. Солардың барлығын бір ізге келтіретін осы конфедерация болмақ деп есептеймін.
Жиынға қатысушылар: «Бұл конфедерация ұлттық ұйымдарға балама бола алмасы анық. Алайда, мүше мемлекеттер аумағында жалпы проблемаларды ретке келтіруде, мәдени салада тұрақты ақпарат алмасуда тұғырнама болуы тиіс. Сонымен қатар, бұл ұйым бізге өздерінің зияткерлік меншік құқықтарын басқаруды сеніп тапсырған құқықиеленушілердің мүдделерін жоғары деңгейде қорғауға көмектеседі», – деген сенімде.
Болашақта конфедерация тек ЕурАзЭҚ елдерімен ғана шектелмей, Молдова, Өзбекстан, Тәжікстан және өзге де елдердегі авторлық құқық ұйымдарымен қатарын кеңейте түседі деген үміт бар.
Әңгімелескен Айнара АШАН.