АҚЫН ЕДІ АЛДЫҢДЫ АҚБӨКЕНДЕЙ КЕСІП ӨТКЕН
Қайран Бекең! Аузын ашса, жүрегі көрінетін ақадал, періштедей азамат еді. Өмірден ертерек озып кетті. Жамбыл облысының Жуалы ауданында өмірге келген ақын Бектұрсын Тұрлыбековтің қазақ поэзиясында сөзсіз орны бар еді. Ойсырап қалды.
№1 Бауыржанның (Баукеңнің) ауылында туған Бектұрсын бүкіл қазақтың ту ғып ұстайтын Момышұлының да алдын көріп, батасын алған екен.
Бекеңмен оның жырлары арқылы, шағын кітабы дәнекер болып танысқан едім. 80-ші жылдары «Жалын» баспасынан «Бастау» деген атпен Қонысбай Әбілев, Нұртас Исабаев, Есенғали Раушанов, Әбубәкір Қайранов, Ордаш Кендірбаев, Рахат Наурызбаева, Қасымхан Бегманов, Шәмшия Жұбатова, Алпысбай Боранбаев, Әділғазы Қайырбеков, Бектұрсын Тұрлыбеков барлығы 11 ақынның жеке-жеке кітаптары шықты. Қалтаға салып жүруге ыңғайлы. Редакторы – қазақтың талантты ақыны Өтежан Нұрғалиев. Сол кезде кітап шығаруға деген талап қандай қатал еді. Алдымен жабық рецензия жазылады. Сол жабық рецензияны қазір бүкіл қазақ мойындаған, қайтыс болғаннан кейін Мемлекеттік сыйлық берілген, Қазақ елі гимнінің авторы Жұмекен Нәжімеденов жазыпты. Жұмекен аға әр авторға жеке-жеке тоқтала келіп, Бектұрсын Тұрлыбековтің өлеңдеріне оң баға беріпті. Онда былай депті: «Өзіндік үні, қолтаңбасы бар ақын. Тұрмыстағы кіп-кішкентай құбылыстарға жіті қарау арқылы өзінше пікір, ой тудыруға бейім. Бұл – шын суреткерлерде ғана болатын қасиет». Қазір оқысақ, Жұмекен Нәжімеденовтің осы бір ауыз сөзінің өзі – алтынмен пара пар. Әттең, Жұмекен ағаның сол пікірін Бектұрсын марқұм білмей-ақ өмірден өтті-ау. Өйткені, жабық рецензия баспа қоржынында сақталады. Авторлар оны көрмейді. Бұл пікірді мен 2012 жылы жарық көрген Ж.Нәжімеденовтің толық шығармалары жинағының 7 томынан алып отырмын. (33 бет).
Белінен бір буылған «Бастаудың» 11 кітабын Абай мен Фурмановтың қиылысындағы кітап дүкенінен қуана-қуана сатып алып, қайта-қайыра оқып шықтық. Бұлар поэзиядағы біздің алдымыздағы толқын. Біз деп отырғаным – Нұрлан Мәукенұлы, Бауыржан Үсенов, Қайрат Әлімбек, Есжан Айнабеков, Бейбіт Құсанбеков, Светқали Нұржанов, Мұратбек Оспанов, Баян Бекетова, Гүлнәр Салықбаева, Жәния Ералиева, Қазыбек Иса, Нұрлан Әбдібеков, Кәдірбек Құныпияұлы, тағы басқалар.
Мұратбек досым (қазір «Абай» журналының Бас редакторы) екеуміз кітап дүкеніне барып сатып алдық. 1-ші Алматыда тұратын Кенжегүл деген апайымыз бар еді. Сол үйге 7 троллейбусқа отырып бара жатып, «Бастау» деген атпен шыққан кітаптарды алақанымызға салып, ең бір қадірлімізді, қастерлімізді қолға түсіргендей қуанып, аялап оқып келеміз. Есенғалидың үзілдіріп үзбелеп, тізілдіріп тізбелеген жырларына, Әбіштің рухты шумақтарына, Шәмшияның нәзік лирикасына, Қасымханның табиғи талантына, Әділғазының әдемі өлеңдеріне тамсанамыз. Соның ішінде Бектұрсынның өзгеше жолы, өзіндік қолтаңбасын сол кезде ұнатып қалғанмын.
Кейін КазГУ-де оқытушы болып жүргенімде Бектұрсын немере ағасы Рахым Сатаевты іздеп келгенінде, өзімен жүзбе-жүз таныстым. Түрі сол «Бастаудың» тысындағы суретінен аумайтын, бұйра шашы иірім-иірім болып келіп шошая қалатын, өзі бір түрлі үркек, үргедектеу ақбөкен сияқты жігіт екен. Қол алысып, танысып, «Бастаудағы» өлеңдерін білетіндігімді айтқанда, күлімсірей түсіп, қуанған нышан танытты. Содан бастап Қазақ телевизиясының әлеуметтік зерттеулер орталығында редактор болып жұмыс істейтін онымен қарым-қатынасымыз басталып кетті. Бірде КазГУ-де, бірде радио-телевизия үйінде, бірде Жазушылар одағында кездесіп еменжарқын сәлемдесіп, қауқылдасып қалатынбыз.
Бекеңмен жақын араласуым – көрші тұрған кезіміз. Ғаділбек Шалахметов деген азамат көптің алғысына бөленіп, үйсіз-күйсіз жүрген радио-телевидениеде істейтін қазақтарға «Экран» атты шағын жанұялық жатақхана салғызып берді. Сонда 3 подъезде, 5 қабатта Бектұрсынмен құдайы көрші болдық. Сол бірге тұрған күндерде ағалы-інілі адамдардай болып кеттік. Кейде ол біздің үйге келеді, кейде мен оның үйіне барамын. Жаңа жазған өлеңдерін оқиды. Мен де жаңа кітаптарымды сыйлаймын. Тіпті дәм-тұзымыз да араласып, ерекше сыйластық. Сонда байқағаным – Бекең бір періштедей пәк, аңқау, аңғал, дүниенің бетіне қарамайтын жомарт, бала сияқты жан болып шықты.
Сол бір бірге жүрген күндерде Бектұрсынға арналған өлеңімді өз қағаздарымның ішінен осы сөздерді жазған күні тауып алдым. Онда былай жазылған:
Сырлары бар ішкі алуан,
Білегіне күш толған.
Менің досым өзіңсің
Балконына құс қонған.
Адал әрі ақкөңіл,
Бірге өткіздім шақ небір.
Өзім үшін әйтеуір,
Өзіңменен тәтті өмір.
Бірге өткізсем күнімді,
Қабылдаймын сыныңды.
Әспеттейсің сөзбенен
Әсемқоңыр жырымды.
Орындығың тақтайын,
Жанар жүрек оттайын.
Мақтайсың кеп әлемде
Менен «ұлы» жоқтайын.
Сенсіз маған өмір бос,
Бар кезіңде көңіл қос.
Жатармыз жер астында,
Болып бізге кебін дос.
Сақта, құдай, бәледен,
Досым сенсің көреген.
Құрсағынан анамның
Туған мөлдір өлең ем.
От сезімді, ойлы едің,
Қайрап мені сөйледің.
Сындырмашы өтінем
Жүрегіңнің әйнегін!
Өлеңді оқып берген соң дос ағам көңілі аспандап, бір марқайып қалған. Риясыз ниеттен туған, бір сәттік көңіл-күйдің, сырлас Бекеңді соншалық қадірлейтінімнің белгісі еді бұл.
Жуырда туған інісі, танымал сатирик-жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Доқтырхан Тұрлыбекпен жолығып қалғанда: «Бекеңнің кітабын шығарғалы жүрмін. Алғысөзін өзің жаз!» – деген еді. Доқтырханмен Серік Байхонов таныстырған. Кейіннен Бекеңнің інісі екенін білдім. Екеуміз кезіксек, Бекеңді қайта көргендей болып, Бекеңнің ғажайып қасиеттерін, мінезін еске алып ылғи да жасап қаламыз. Сол қолжазбасы қолыма тиді. «Зулаған күнмен жарысып» деп атаған бұл кітапқа Бектұрсын Тұрлыбековтің өлеңдері мен балладалары енгізіліпті. Бірақ толық емес сияқты. Бекең анадан ерте айырылған көрінеді. Қатты қиналып, қайғырғанда, оған ақындық қонған екен.
Тентегіңе тіріңде ақыл ектің,
Жақсылыққа әрқашан жақын еттің.
Өлімің соққы болып қайғырғанда,
Толғандырып сен мені ақын еттің, –
деген шумақ соның айғағы…
Ол өзінің 50-ден аса бере ерте кететін ақындық тағдырын да болжағандай. Сондықтан ба Алла Тағала оның көмейіне:
Бүгін жоқ бұрынғыдай хал баяғы,
Бағынбай тұсауланып қалды аяғы.
Бір мезгіл бүр жарғанмен жапырақтар,
Бірі кеш, бірі ерте сарғаяды, –
деген өлең салды.
Бұл өмір не деген бір бұлдыр еді,
Бір сәтте құрап келіп, бүлдіреді.
Күліп тұрған кезіңде жылатады,
Жылап тұрған кезіңде күлдіреді, –
деген терең философиялық жолдарды туғызған жанды ақын демей көріңіз. «Қуанышбек туралы баллада» деген шығармасында ауылдың қарапайым адамының бейнесін сәтті сомдаған. Ол өлеңнің түйініне ерекше мән берген.
…Біреу ұтып, біреулер ұтылады,
Қалай адам тағдырдан құтылады.
Ол жатқан төбешікке шыққан «шашты»,
Шаштараз – күз жылда бір сыпырады, –
деген түйіндеуіндегі көркем теңеу көз тойдырады.
Биікте көп тұрамысың, жапырақ,
Сен де жердің құрамысың, жапырақ.
Ұмыт енді ойын бағын, жапырақ,
Өмір заңын мойындаған, жапырақ.
Ұшарыңда жыладың ба, жапырақ,
Сәттік өмір сұрадың ба, жапырақ.
Келесі жыл табылмайсың, жапырақ,
Жердің түсін қабылдайсың, жапырақ.
Жасай түсіп күн көріп қал, жапырақ,
Қош айтысып үлгеріп қал, жапырақ.
Неге сонша қамығасың, жапырақ,
Аппақ қарды жамыласың, жапырақ, –
деген өлеңінде Бектұрсын ақын өзінің ғана емес, өзгенің де, тіпті бүкіл адам баласының жапырақ-тағдырын жазып отырғандай көрінеді маған. Ішкі ұйқасқа құрылған, оқыған сайын өмір тылсымның жаңа бір, жарқын бір парағын аударғандай әсер алатын мұндай мағыналы өлеңдер Бектұрсын кітабының көп тұсынан Ақбөкендей алдыңды кесіп өтеді.
Жалпы, ақын – табиғатында ерекше жаратылыс. Ол не жазса да өзінің өткен, көрген, тіпті өтпеген, көрмеген тағдыр жолын жазып кетеді. Бұл табиғи таланттарға ғана тән.
Түндерім көп ой іздеп жата алмаған,
Жыр жазуға Абайдан бата алмағам.
Ақындар көп кезінде мың аталып,
Өлгеннен соң есімі аталмаған.
Соны ойласам, зіл салмақ батар маған,
Жыр жазуға Қасымнан бата алмағам.
Ақындар аз өлген соң даңқы шығып,
Тірісінде көбірек аталмаған.
Жанымды менің жырға бөлегендер,
Бөлек еңдер әлі де керек еңдер.
Мәңгі қалар өлгенде Мұқағали,
Өлмеңдерші тым ерте Төлегендер, –
деп ақындар тағдыры туралы терең толғанған Бектұрсын ақын көзі тірісінде өз бағасын ала алмай кеткендердің бірі. Оның бірінен-бірі асатын әсем өрілген жырларын оқып отырып, оның өзімен қайта қауышқандай әсерде болдым. Өлеңнің құдіреті де осы болса керек.
Бауыржан ЖАҚЫП,
ақын, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының,
М.Мақатаев атындағы сыйлықтың лауреаты.