Өлінің қамын тірі ойлар
Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының Ғұламалар кеңесі баспаға ұсынған «Жаназа және жерлеу рәсімдері» атты кітаптың тұсаукесері ҚР Ұлттық кітапханасында өтті. Зиялы қауым өкілдері, дін ғұламалары, көпшілік оқырман жиналған рәсімде кітаптың тұсауын Бас Мүфти Ержан қажы Малғажыұлы, сондай-ақ Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов және көрнекті жазушы Смағұл Елубай кесті.
Шара барысында ҚМДБ төрағасы, Бас Мүфти Ержан қажы кітаптың шығу тарихы, жалпы, марқұмды соңғы сапарға аттандыру мәселесінің кітап болып тасқа басылуы жайында былай деді: «Марқұмды ақтық сапарға шығарып салу исі мұсылман баласы үшін маңызды қадам. Кітап екі жыл бойы толықтырылды, барынша жинақтала келе жазылды. Оның қолжазба нұсқасы бірнеше рет талқыланып, қайта қараудан өтті. Міне, бүгін оқырманға жол тартты. Кітапты жазу барысында діннен де, шариғатқа қайшы келмейтін дәстүрімізден де алшақтамадық».
Бұдан кейін сөз алған Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов: «Қазақстанда он бір мың екі жүз елу үш кітапхана бар. Соның ішінде 4079 кітапхана – көпшілік, яғни аудандық, қалалық, облыстық кітапханаға жатады. Қолдарыңыздағы кітап 11 мың дана болып жарық көрген екен. Бұл кітаптың әрбір данасы әр кітапханадан табылса, дұрыс болар еді. Себебі, бұл кітапты осында келген жастар оқыр еді. Қазір біздің оқырмандарымыздың жетпіс пайызы – жастар. Бұл кітап, әсіресе жастарымызға үлкен ой салар еді. Біздің Ұлттық кітапханада сирек қорымызда араб тілінде 1079 кітап, үш қолжазба сақтаулы. Сирек қордағы діни мазмұндағы кітаптарды зерттейміз, насихаттаймыз десеңіздер, біздің есігіміз әрдайым ашық», – дей келе, діни ағарту сипатындағы кітаптардың көптеп шығуы қазақ руханияты үшін үлкен жаңалық екенін айтып өтті.
Жазушы Смағұл Елубай: «Кітап қолымызға тиген сәтте оқып, біткенше орнымыздан тұрмадық. Кітап оқырманға түсінікті тілде жазылған. Бұл, шынында да қазақ қауымында көптен айтылып жүрген мәселе болатын. Адам өміріндегі осы маңызды сәт неге бір ізге түспеген? Неге жерлеу дәстүрі әр ауылда әр түрлі? Адам өмірінің жауапты кезінде бірлік болмағанда, ұлттық бірлік туралы айту қиын емес пе? Осындай сұрақтар бізді көп мазалауы тиіс еді. Кітапта жазылғанның бәрі көңілге қонады. Біріншіден, иманшарттары сақталған, екіншіден, дәстүрімізге сіңіп кеткен әдеттеріміз бар, оларға да дұрыс баға берілген. Ақтық сапарға аттану – адамның Алла Тағаланың алдына алғашқы қадам басуы ғой. Баршамыз, түптің түбінде Алланың алдына барамыз. Ендеше, бұл жауапты қадамды Жаратушымыз бекерден бекер бір тәртіпке бағындырмаған ғой. Әрбір адамның өлімі – имани өнеге сияқты. Бүкіл қауымға, жақын жуықтарына Алланың ескертуі. Біз өлімді осылай қабылдаймыз. Жаназаның, әсіресе кеңестік, атеистік жүйеден сенделіп шыққан қазақ сияқты халық үшін маңызы зор. Сондықтан бұл кітап имани тұрғыдан жаңғыруға қадам деп есептеймін.
Кітаптың тағы бір ұнаған тұсы – зираттың басына кесене, құлпытастар қою туралы тәртіп. Бұл бізді толғандыратын жай. Кешегі атеистік қоғам бізді Алладан ажыратты да, қазіргі Алматының мұсылман зиратына барсаңыз, бәрінің басында қымбат ескерткіштер пайда болғанын байқайсыз. Бұның түкке де қажеті жоқ екенін қатты айтатын кез келді деп ойлаймын», – дей келе, кітапты шығарған дін ғұламаларына зиялы қауым, жазушылар атынан алғысын білдірді.
Шара барысында елімізге белгілі ақын-жазушылар мен дін саласы мамандары кітап туралы пікір-пайымын білдірді. Мәселен, ақын-жазушылар, ғалымдар: Сәрсенбі Дәуітов, Бауыржан Жақып және дінтанушы Ислам Жеменей кітаптың маңызына айрықша тоқталып өтті.
Кітапта хал үстінде жатқан жанның ахуалы, жан тәсілім еткеннен кейінгі шаралар, мәйітті жуындыру мен кебіндеу, жаназаға қатысты үкімдер, жерлеу рәсімдері, марқұмның басына белгі қою, қабір басына бару мәселелері туралы егжей-тегжейлі жазылған. Он бір мың таралыммен жарық көрген кітапты Е.А.Оңғаров және С.З.Ибадуллаев баспаға дайындаған.
Қ.Серікқызы.