ҰЛТ РУХЫНЫҢ АРҚАУЫ
Нұрлан ОРАЗАЛИН,
Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы
Ел талқысына түсіп, жалпыхалықтық қолдауға ие болып отырған тарихи құжаттың аты – «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру».
Авторы – Нұрсұлтан Назарбаев.
Бір айдан асып жығылар мерзім ішінде жалпақ жаһан Еуропа мен Азия дейтін қос құрлыққа тағдыр-талайын тең байлаған, көгінде тәуелсіздік туы желбірегеніне ширек ғасыр болған жаңа, жас мемлекет басшысы алмағайып мінезді, алуан түрлі қитұрқы әрекетке бейім тұрар дәуірге қаймықпай тура қарап, алты құрлық алдында өз сөзін айтты.
Сонымен…
Ұлы Даланы жайлаған елдің ертеңі мен ұлттың болашағы туралы бағыты мен бағдары өзгеше, өрісі кең, тынысы ашық, ұстанымы берік, ұстыны бөлек, күре-
тамыр-бағдарлама – ұлттық мемлекетіміз-дің дамуына, еліміздің уақыт, замана талаптарына сай өркендеуіне ықпал етер іргелі жаңа құжат өмірге келді.
Құжатта жаңа дәуір сұранысы мен талаптарына сай өмір сүрудің, болмысы мен бітімін сақтаудың, сондай-ақ осы кезеңде алдан шығар күрделі рухани қиындықтар мен іргелі саяси, экономикалық проблемаларды шешудің жолдары сараланып, нақтыланған. Қазақстандық жаңғырудың үшінші кезеңінің алтын арқауы – рухани жаңғыру деген қоғам дамуының жаңа тұрпатты тұжырымдамасы өмірге келген.
Айтулы тұжырымдама нақты өмір, қоғам, заман ұсынар «тар жол, тайғақ кешулерден» өту мен жаһандану кезеңіндегі ақыл мен ойға, айла мен әдіске құрық салдыра бермес әлемдік аласапыран дүмпулерді ырықтаудың, алдын алудың, ұлт ретінде жойылып кетпеудің қамын қарастыруға, жаңа ғасыр аламанының алдынан көрінер ойлы, парасатты күрескер ұрпақ тәрбиелеуге бағыт сілтейді.
Сайып келгенде, бұл – бір күннің, бір айдың, бір жылдың жемісі емес, тәуелсіздік дәуірі тарих аренасына шыққалы ұлт пен ұрпақ санасына тыным бермей келе жатқан жаһандану жағдайындағы «қорғану» мен «сақтанудың» жолын іздеудің жарқын нышаны. Бұл – Қазақстан секілді екі құрлықты тең жайлап, екі түрлі мәдениет пен екі талайлы тағдырлар тайталасын басынан көп өткерген, өркениеттер додасына да аз ілікпеген көп ұлтты, көп конфессиялы көне жұрттың тізгінін ұстаған басшының «сегіз өлшеп, бір кесудің» нәтижесінде жеткен тарихи тоқтамы. Ұлт тағдырын толғап барып, батыс пен шығыстан, солтүстік пен түстіктен көз қадаған алпауыт мүдделерге байсалды, байыпты жауап беруге негізделген тамырында «ұлттық рух» пен «рухани жаңғыру» атты қос ұғымның ыстығы атқақтап жатқан осынау бір деммен оқылатын, оқылып қана қоймай, ойлы оқырманның сана-көзін желпіп, күдік пен күмәннің соқпақ-сүрлеуін тазалап өтер аталмыш мақаланың, дәлірек айтқанда, ұлт дамуына бағыт сілтер бағдаршам құжаттың халықтың көңілінен шығып, ойы мен санасын дөп ба-
суы, қоғам тамырының соғысын дәл ұстап, миллион санды алып аудиторияның жүрегіне жол табуы соның белгісі.
Адамзат дамуының қазіргідей аса күрделі кезеңінде уақыт кесе көлденең тартып отырған «күрмеуі қиын күрделі» мәселелерді әрі тез, әрі оң шешу қажет екені айтпай белгілі. «Рухани жаңғыру» міндетін атқару – ұрпаққа сын. Бұл міндетті ұлт боп ұйысып, жұрт боп жұмылудың арқасында ғана жүзеге асыруға болады. «Береке түбі – бірлік» деген халықпыз. Әлемдік дамудың жаңа сипатты өзгерістері мен жойқын дүмпулерін бастан өткеріп отырған қазіргідей қатерлі де қауіпті кезеңде Елбасы ұлттық мүдделерді қызғыштай қоруға ашық шақырып отыр.
Экономикасы қираған, идеологиясы күйреген, уақыт дейтін қатал, қатыгез сыншы жүрек пен жанды аяусыз түйреген тоқсаныншы жылдары Назарбаев «Без правых и левых» деген ұранды ту етіп көтеріп, өз елінде өзі қазақ атануға кіріптар күйге түскен елдің еңсесін тіктеп, негізгі ұлттың саны қырық пайыздан аспайтын кеңістікте ұлттық мемлекет дейтін басты ұғымды конституциялық жолмен бекітуге орасан күш салған табанды басшының: «Әуелі елдің қарнын тойдыру қажет; шекарамызды шегендеп, елдік тұтастығымызды әлем мойындауы керек!» дегені ел есінде, тақуа тарихтың жадында.
Енді, міне…
Шегарасы шегенделіп, төрткүл дүние тегіс мойындаған Қазақстан жаңа дәуір кеңістігіне аттап отырған тұста Елбасы Қазақстан жаңғыруының үшінші кезеңіне өткенін жалпақ жаһанға жария етті.
Рухани жаңғыру – сол үшінші кезеңнің ең басты құжаты! Бейнелі тілмен айтар болсақ, Ұлттың паспорты екеніне ұлт көшбасшысы назарын баса аударды.
Құжат жаһандану жағдайында ұлттық сананы сақтау мен өрістетудің нақты жолдарын ұсынады. Елбасы Қазақстанның мемлекет ретінде басып өткен жолын жан-жақты електен өткізе отырып, әлемнің арғы-бергі дәуірлерінде өмір сүрген үлкенді-кішілі елдердің тағдырларын ой талқысына салады. Қалыптасып отырған әлемдік бәсекелестік кезеңінде ұлт мәңгілігін қамтамасыз етер, өмір сүруге барынша бейім ұрпақ өсіріп, күрескер ұлт тәрбиелеудің қажеттілігіне айрықша тоқталады.
Елбасы айтқан ұрпақ пен ұлт дейтін проблема төркінінде сананы уақыт талабына сай бейімдеу, сондай-ақ уақытты өз кезегінде рухани жаңғырудың сүзгісінен өткен ұрпақ пен ұлт ыңғайына бағындыру дейтін аса маңызды ұлт үшін қажет мемлекеттік мәселенің жатқаны анық. Бұл, сайып келгенде, ел ертеңі мен мәңгілігін қамтамасыз етер тарихи қажеттілік. «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүние-танымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемдеу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек» деген Қазақ Президентінің ұстанымы осы айтқанымыздың айғағы.
Сіз бен Біз осы күндерде әр сөйлемі мен әр бабына айрықша тоқтап, жаратылысы мен табиғатына тереңдеуге ұмтылып отырған тарихи құжат – уақыттың сыны мен сорабынан өткен, өзінің демократиялық-құқықтық қоғам орнату принципіне адалдығын әлем алдында дәлелдеген тәуелсіз елдің еңсесін тіктеген үстіне тіктей түсуіне негіз болар халық күткен құжат!
Иә…
Қазақтың елі де, жері де тарихтың тағдырлы кезеңдерін басынан аз өткерген жоқ.
Қазақ деген халықтың ұлы тарихына қиялмен сапар шексек, басынан алмағайып оқиғалар мен тарихи кезеңдер көп өткендігін көреміз. Басымыз біріккен кезде төрткүл дүниені түгел өзімізге қаратпасақ та, көршілеріміз бізбен мемлекет ретінде санасатындай жағдайға көтерілгендігіміз тарихтан белгілі. Кешегі көктүріктер заманында да, одан кейінгі мұсылмандық дәуіріндегі ұлы тарихымызда да елеулі-елеулі кезеңдер болған. 550 жылдық ұлы тойын атап өткен Қазақ хандығының кезінде де, сол батыртекті, данышпан бабаларымыздың ынтымағының арқасында, береке бастауы – татулық, жеңіс қайнары – бірлік екендігін білгендігінің нәтижесінде, «қазақ» дейтін есім тарихта қайта тіріліп қайыра оралып, көшпелі өркениеттің өрісін кеңейткен, аумағы Алтай мен Атыраудың арасындағы жерді түгел алып жататын Қасымхан кезіндегі қуатты мемлекеттің биігіне дейін көтерілген.Кейінгі замандардағы ата-бабаларымыз да ат үстінде жүріп, осынау ұлы байтақты береке мен бірліктің, ынтымақ пен татулықтың өзгелерге өнеге болар озық үлгілерін көрсете жүріп, қорғап қалды. Басымыз біріккен кезде «Әй, жарадың!» деген сөз айтылған…«алты бақан, ала ауыз» болып, берекеміз кетіп, іргеміз сөгілген кезде, «Әй, әттең!, «Ай, қап!» деген сөздер кеудемізден жалын атқан. ХХ ғасырдың басында «Айқап» журналы жарық көре бастаған кезде, Алаштың арыстары ұлттың басын біріктіру мақсатында әрекет ете жүріп: «Ай, қап!» деп бармақ тістегенін қалай ұмытамыз!
Ой жүгірте қарасаң, қазақ елінің өткен тарихында, «бәрекелді», «ә, жасадың!» дегеннен гөрі, «әй, қап, ай!» деген сансоқты кезеңдер көп болыпты.
Екі ғасыр тоғысы қара орман қазақ жұртын тағы да сондай бір жауапты сынға салып отыр. Құдіреті күшті Ұлы Жаратушы Қазаққа енді сол «Ай, қапты!» айтқыза көрмесін деп тілейік. Тілеу аз, сол үшін күресу қажет! Елдік тұтастық пен ұлттық тұтастық үшін тұрысар кезең келді. Аталмыш құжат бізді сондай ойға жетелейді. Қазақ Президентінің он жеті миллиондық алып аудиторияға қаратып айтылған ел болашағын бағдарлауға, ұлт болып ұйыса отырып, өз тағдырымызды, өзіміз анықтауға бастайтын батыл сөзі мен батыр толғамын зейін қойып оқыған әрбір көзі ашық, көкірегі ояу қазақстандықтың ел тағдыры мен ел ертеңі туралы ойланбауы, толғанбауы мүмкін емес.
Иә…
Өз өткенін таразылай білер бүгінгі тәлімді ұрпақ осынау тағдыршешті кезеңде өмірге келген тағдыршешті құжатты бар болмысымен, жан дүниесімен қабылдап, қолдау көрсетуде. Жер-жерде, ауыл-ауылда, оқу орындары мен мекемелерде, бір сөзбен айтқанда, Ұлы Дала дейтін алып кеңістікте жүрек қалауымен өтіп жатқан талқылаулар халықтың көтеріңкі көңіл ауанын, қанатты көзқарасын анық танытуда. Рухты ояту мен сілку жиындары Елбасы айтып отырған «өзгеруге», «ұлт болып жаңғыруға» апарары шүбәсіз…
Өйткені…
Бүгінгі Қазақстан – соңғы ширек ғасыр бойына сол тарихи сілкініске түбегейлі дайындық жасаған, әлемнің түкпір-түкпірімен еркін интеграциялық байланысқа шығу арқылы өзін бірегей ұлт болуға әзірлеген ел. Біз – тіл, діл, дін, ел, жер секілді киелі де қасиетті ұғымдарды, анық танып, әділ бағалау жолын таңдаған елміз.
Бүгінгі Қазақстан кім көрінгеннің жетегіне көзсіз еріп жүре беретін «боркемік», «босбелбеу» кеңістік емес.
Біз – Қазақстан тағдырын өз тағдыры деп ұғар, оңы-солын толық таразылаған ұрпақпыз.
Біз – еліктеу мен солықтаудың қаншама қатерлі екенін жан-жүрегімен сезінген, Қазақстан Президентінің сөзімен айтқанда,
«ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сырын» жан-дүниесімен ұғынған ұрпақпыз.
Жасыратыны жоқ, тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде дамудың жаңа жолына түскен жас мемлекет ретінде алыс-жақынмен тығыз қарым-қатынас орнату мақсатында есік-тереземіз ашық болды. Жаһанданудың жойқын көші керектіні де, керексізді де алып келді. Сан алуан ағыстар мен сан қилы қағыстарға төтеп беру қиынға түсті. Ұлттық жадымыз бен жан дүниемізге қайшы келетін келеңсіздіктер өрімізге де, төрімізге де еркін еніп кетті…
Біздің халықта «ауруды жасырсаң, өлім әшкере» деген көнеден қалған тәлімді сөз бар. Тәуелсіздік дәуірінің елең-алаң кезеңіндегі «жылтырағанның бәрін алтынға жорыған» тұсымыздың болғаны өтірік пе?! Жиырмасыншы ғасырдың «алтыбақан алауыз көкпарынан» өз елінде өзі жетімнің күйін кешіп жүріп, сүлдесін сүйретіп, азаттықтың ақ жал сәйгүлігіне қолы әзер іліккен, «жаһандануда шекара жоқ» деген сылтаумен киіз туырлықты қазақтың мың жылдықтар қалыптастырған болмыс-бітімі қайыра қайшыға түсе бастағанын бүгін сезбесек, ертең кеш болары анық еді… Әр алуан жиындар мен кішігірім басқосуларда зиялы қауымның кейде кіжініп, кейде күрсініп айтуынан аспай келе жатқан осы бір ұлт руханиятының тағдыры туралы көкейкесті әңгіменің Ел Президентінің аузымен ашық, анық-қанық айтылып, ойға қонатындай, санаға жететіндей, жүректерді тербететіндей қарапайым халықтық тілмен жүйелі түрде өрнектеліп өрілуі бізді, әсіресе қаламгерлер қауымын қуантқаны шын.
Ұлтты сақтау – елдігімізді сақтау екен!
Ұлт үшін ереңсіздік пен бойкүйездіктен асқан қатер жоқ. Еренсіздік түптің-түбі ұлтты келеңсіздіктің тұтқыны етері ақиқат… Біз ұлт ретінде сондай бір қатерлі сызыққа келе жаттық… Қатерден құтылудың жолын іздеген елге айтулы құжат сол жолды анықтап айтты.
Айтқызған – жаңа ғасыр ақиқаты мен алаш жұртының Мәңгілік Ел болу жолындағы аруақты өткені мен ардақты бүгіні!
Айтқан – Нұрсұлтан Назарбаев!
Тарихи келеңсіздіктерге табандап қарсы тұратын бірден-бір қуатты күш – Назарбаев айтқан «Ұлттың рухани коды» екеніне көзіміз жете түсті.
«Ұлттың рухани коды» дегеніміз не?
Ол – сан ғасырлық тарихи тамырларымыз, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып келе жатқан атамұра өнеріміз, өзге елден ерекшелеп тұратын дәстүр-салтымыз, әдет-ғұрпымыз, тілдік ерекшелігіміз, діни ұстанымымыз, білім-ғылымымыз, қоршаған ортамыз, қыл аяғы ошағымыз, отымыздың басы!..
Біз ұлт кодын сақтаудың, қоғамды дамытудың, оны уақыт талабына сай бағыттаудың, жұмылдырудың, қайталап айтамыз, бірегей ұлтты қалыптастырудың үлгісі деп ұғуымыз керек. Елбасы ұсынып отырған сан салалы, сан сипатты даму мен өрістеудің жолдары мен міндеттері осынау Ұлы Дала төсіндегі жаңа тұрпатты Қазақ Елінің бүгінгі баянын бекітіп, ертеңгі болашағын анықтауға жол ашары анық. Ұлттық сананы дамудың жаңа сатысына көтеріп, өркендеудің жаңа кеңістігіне алып шығар бәсекелік қабілет пен прагматизмді, ұлттық бірегейлікті сақтау мен білімнің салтанат құруын, елдің эволюциялық дамуы мен сананың ашықтығын қамтамасыз етер Ел Президенті белгілеген таяу жылдардың алты міндеті мен өмір сүру қабілетімізді шыңдар құжаттағы алты жоба – тамырын тереңнен тартар, өз ертеңін өзі өрнектер, өз тағдырын өзі қашап, өз бейнесін өзі сомдай білер Ұлы Дала мемлекетін Мәңгілікке бағыттар сара жол екені шүбәсіз!
Республика Жазушылар одағының бұл бағытта атқарар ісі де, тиісті билік орындары алдына қояр талап-тілектері жоқ емес. Ол туралы жиын барысындағы жарыссөздер де айтылары күмәнсіз.
Ұсыныс, тілектерді тізбелеп жатпай бүгінгі жиынға қатысушы барша әріптестерімді, сондай-ақ ел-елдегі қалың қоралы қаламдастарымды ерекше қуанышпен құттықтағым келеді! Қаламгер қауымы көптен күткен қаламақы туралы тарихи құжатқа (Қос палатаның сүзгі-талқысынан өткен) – «Мәдениет туралы Заңға өзгеріс, түзетулер енгізу туралы Заңға» Елбасы қол қойды! Бұл шешім мен бүгінгі жиынымызға арқау болып отырған «Рухани жаңғыру» арасында көзге көріне бермес жібек жіптей тартылған әділетті байланыстың бары күмәнсіз. Елбасына алғыс айтуға рұқсат етіңіздер!
Жол ашылды. Жазушы еңбегінің өтеуі қаламға да, ғаламға да қуат берері даусыз. Ендігі міндет – жалғыз ұлт рухы мен ұлт болмысын көркем – өру! Шығарма жазу! Іске сәт!
Сонымен…
Президент сөзімен айтқанда: «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана.
…Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын: Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды; екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек!».
Елбасы шегелеп айтты! Керең естіп, соқыр көретіндей етіп айтты!
Үкіметке, тиісті құзырлы мекемелерге, қоғамдық ұйымдарға нақты тапсырмалар берілді. Енді арқаны кеңге салуға уақыт тар.
Қайталап айтамыз, қара орман жұрттың, қалың зиялы қауымның күткен әңгімесі айтылды. Елбасы аузымен ел жүрегіне қонақтардай тұмарлы дәуірдің тұғырлы сөзі айтылды. Тағылымы бөлек, табиғаты таза елдіктің ерен сөзі айтылды.
Ендігі міндет – соны орындау. Уақыт ұсынар ауыр жүкті жұмыла көтеріп, жүзеге асыру.
Алаш қозғалысының жүзжылдығы тұсында Алаш елінің көсегесін көгертуді, Қазақстан есімді ұлы жұртымызды уақыттың алмағайып мінезді аласапыранынан алып өтуді мұрат еткен ұлттық тұтастыққа бастар рухани жаңғырудың ұлы көшіне табыс тілеу – бәрімізге парыз. Аламанның алдынан көрініп, көш салмағын иыққа артып, жүрекпен көтеру, санамен қозғау – бұл да бәріміздің ортақ міндетіміз…
Ұлт зиялылары мен сергек ойлы жаңа, жас ұрпақ өкілдерінің сөзі де, ойы да бір арнадан табысуда!
Халық талқысына түсіп отырған айтулы құжаттың ел тағдырына жауап берер бірінші тұлғаның аузымен айтылып, Елбасы ойының миллион санды алып аудиторияның ойымен тамырласа қабысуы, бір арнадан табысуы – ұлттың игілігі!
Бұл, сөз жоқ, ең әуелі, ұлттың жеңісі!
Халық қанаттанса, құдіретті күшке айналары хақ.
17.05.2017 жыл.