Сырлы, сұлу жырлар
Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасында Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын-драматург Нұрлан Оразалиннің он томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.
Терең мазмұнымен ерекшеленетін жырлар топтасқан жинақтың тұсаукесерін ақын, «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Жайлыбай мен ақын, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Жанарбек Әшімжан жүргізді. Ғалым Жайлыбай «Соғыстан кейін туғандар» деген атпен танылған буынның қазақ поэзиясына қосқан үлесі мен қазақ өлеңіне енгізген жаңа сипаты туралы кеңінен толғана келе, сол буынның белді өкілі Нұрлан Мырқасымұлының шоқтығы биік – «Қарақазан ғасыр» поэмасына тоқталып өтті. Нұрлан Оразалиннің «Құралайдың салқыны» атты кітабына алғысөз жазған заңғар жазушы Шыңғыс Айтматов ақынның жырларына «Ғарыш мінезді жырлар» деп баға берген екен. Кеш те осы атаумен өтті. Н.Оразалиннің өлеңдері бұған дейін де бірнеше тілге аударылған еді. Бұл жолы он томдық жинақпен қатар, Мәскеу қаласындағы «МИК» баспасы шығарған «Избранное» кітабының да тұсауы кесілді.Кешке ҚР халық әртісі Сәбит Оразбаев, қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов, қоғам және мемлекет қайраткері Кеңес Аухадиев, белгілі жазушы, киносценарист Смағұл Елубаев, Марал Ысқақбай, Қуанышбай Құрманғалиев, Кәдірбек Сегізбаев, Бексұлтан Нұржекеұлы, Сәбит Досанов, Ұлықбек Есдәулетов, Шөмішбай Сариев сынды қабырғалы қаламгерлер мен аудармашы Любовь Шашкова, тележурналист Нұртілеу Иманғалиұлы қатысып сөз сөйледі. Шығармашылық жолын «Қазақстан пионері» газетінен бастаған ақынның сезімтал әрі әсершіл, ұлт пен ұлысты байланыстыратын өлеңдеріне тоқталған қаламгерлер оның азаматтық қасиеттерін де ерекше атап өтті. Кеш аясында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Дариға Тұранқұлованың шәкірттері, Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының студенттері ақын өлеңдерінен оқыса, Абай атындағы қазақ педагогикалық университетінің студенттері Шерәлі Шапағат пен Әділет Ықылас ақынға арнаған өлең жолдарын оқыды. Тұсаукесер жиынды Ұлттық Ғылым академиясының академигі Мәкен Тойшыбек түйіндеді. Қазақ әдебиетіне сүбелі үлес қосқан қарымды қаламгерлер, олардың соңын ала ілесіп келе жатқан орта буын ақын-жазушылар, әдебиеттің табалдырығын енді ғана аттаған жас буын өкілдері мен әдебиет сүйер қауым қатысқан әдеби кеш соңында Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қоғам қайраткері, ақын, драматург Нұрлан Оразалин өлеңін оқып, жиналған қауымға алғыс айтты.
Нұрсәуле МЕЙРАМБАЙ.