Соғыстың соңғы сарбазы
Мұзафар Әлімбаевқа
Мұз-аға деген – ыстық ат,
Музаның шоғы қоздаған.
Жырында жатқан күш-қуат,
Жүректің қылын қозғаған.
Мұзда да жылу боларын
Жан сырын оқып, сезді адам.
Мақалы бар ма жазбаған,
Мәтелі бар ма қазбаған?
Бүгінге бүтін жеткізген
Бабадан қалған сөзді аман.
Баланың тілі – балдырған,
Бала боп кете жаздаған.
Жаңылтпашы мен жұмбағын,
Жаңыла жаттап мәз балам.
Маралды деген маздақ ән,
Махаббат мұңы маздаған.
Ертісте өткен Естайдай
Есесі кеткен аз ба адам?
Соғыстың соңғы сарбазы,
Әкемді көрген көз – маған…
Тектілер тіккен қамқа тон,
Тоқсан жыл кисе тозбаған.
Жамбылмен жарыс, Мұз-аға,
Арғысын мен де қозғаман!
Ұлықбек Есдәулет.