Алтын желі тартылған күн
05.05.2017
1708
0

(Облыс әкімі Н.А.Ноғаевтың Атырау қаламгерлерімен кездесуінен соң туған бір үзік ой)

Жұпар аңқыған жусанынан қалтақ басын күн қаққан қурайына дейін желмен қосыла жырлап тұрғандай әсер ететін біздің ел азалдан ақынкөкірек қой, шіркін… Шаттық қысса да, шері ұлғайса да шанағы мен қаламына сүйенген сүлейлердің арғысы Асан бабадан берісі Табылдыға дейін ақиқатты айтпағаны бар ма?! Қара басының қайғысын адыра қылып, қара халықтың қамына күйзелмегені бар ма?! Домбыра мен найзаны қатар өңгерген қайран ерлердің доң Доспамбет пен қарға бойлы Қазтуғаннан марғасқа Махамбетке дейін дүниенің ләззатына бөленгені бар ма екен?.. Ай, жоқ шығар… Себебі, ақын дегеніңіздің өзі азаптан ғажап тудырушылар ғой.

Аққан сумен, ескен желмен өз­герген дүние шіркін бұл қа­зақ­қа бірде бетін берді, бірде теріс қа­рады… Еуразия құрлығын емін-еркін жайлап, айдарынан жел ескен тәңірі текті түркі ба­ба­ла­рымыздың азаттықсүйгіш ру­хы мен антқа берік адалдығы түй­сігіміздің терең түкпірінде сақ­талып қалды. Ұлттық код де­ге­німіз – сол! Сол еркіндік пен ер­лікті, атакүлдікке деген алапат са­ғынышты, түп-тамырыңа деген құрмет пен тереңдікті тол­ғаған әдеби-мәдени мұра, тіл мен діл, дін…
«Өткен ХХ ғасыр халқымыз үшін қасіретке толы, зобалаң да зұл­мат ғасыр болды.
Біріншіден, ұлттық дамудың ықылым заманнан жалғасып ке­ле жатқан өзімізге ғана тән жолы бір­жола күйретіліп, қоғамдық құ­рылымның бізге жат үлгісі ерік­сіз таңылды.
Екіншіден, ұлтымызға адам айт­қысыз демографиялық соқ­қы жа­салды. Оның жарасы бір ға­сыр­­дан бері әлі жазылмай келеді.
Үшіншіден, қазақтың тілі мен мәдениеті құрдымға кете жаз­­дады.
Төртіншіден, еліміздің көп­те­ген өңірлері экологиялық апат аймақтарына айналды», – дейді Елбасы әйгілі «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты ма­қа­ласында. Сөз бар ма?! Бұл жол­дар­дың астарында төбе құйқаңды ша­мырлатар қаншама қасіретті ақи­қат жатыр. Тұтас ұлттың рухын өлтіруге бағытталған алып ме­ханизм жетпіс жылдан астам ғұмыр сүрді. Сол алмағайып кү­н­дердің өзінде қазақ қаламгерлері әдебиеттің «алтын ғасырын» жа­са­ды. Өткен ғасырдың 60-70 жыл­дары сөз майданына ға­жайып толқын келді. Тұтас бір­не­ше буынды іңкәрлік пен ізгі­лік­ке тәрбиелеген де солар. «Ай­тарын ашып айтқан абайламай, Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай» деп жырлағандар. Жырлай жүріп, ана тіліміздің мәйе­гін сақтап қалғандар. Олар­дың арасында Жұмекен, Мең­де­кеш, Фариза есімдері ашық күнгі найзағайдай құбылыс болды.
Тәубеміз бен тобамызды қоса ай­та жүріп қасиетті Тәуел­сіз­ді­гі­міз­ге қол жеткізгені­міз­ге де ширек ғасыр болды. Аз да емес, көп те емес. Әлденеше саяси-эко­но­ми­калық сатыны бағындырған жыл­дар қазақ руханияты үшін не берді? Жалпы, өңір қаламгерлерін не толғандырады? Айдынды Аты­раудың ақын-жазушысы немен тыныстап жүр?
Міне, осындай салмақты сұ­рақ­тардың төңірегінде облыс әкі­мі Н.А.Ноғаев жергілікті қа­лам­герлердің жасы мен жаса­мы­сының басын қосты. Қабырғалы жиын жасады. Бұл басқосудың мақсаты да, форматы да өлкенің қа­лам ұстағандары үшін тың да таң­сық болды. Өйткені, алды сек­сенге тақап, соңы жиырмаға жаңа іліккен отызға тарта қалам­гер­дің дүниені тануы мен түйсінуі әр басқа. Қабілет-қарымы сан алуан. Арасында отыз-қырық кі­таптың авторлары да бар, жау­қазын жырлары баспа бетін енді қы­зықтап жатқандары да бар. Ға­лым мен жазушысы, ақыны мен өлкетанушысы аралас зиялы қауым өкілдері өңір басшысы ал­дында ұлы Абайдың «Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйсінуге жа­рар ол» деген қағидасымен ер­кін отырып, емен-жарқын сұхбат құрды.
«Өңірдің шығармашылық адам­дарымен жүздесу – үлкен мәр­тебе» деп сөз бастаған Нұрлан Асқарұлы әрбір айтылған пікір мен сұраққа мұқият жауап беріп отыр­ды. Елбасының руханият туралы мақаласының ақын-жазу­шыны ғана емес, бар қазақты арқаландыратын фактор екен­дігін атап көрсеткен облыс әкімі­нің тәрбие туралы айтқан тәмсілі де тыңдарманның жүрегіне жол тауып жатты. Академик Қ.Ө.Жү­сіп, облысқа белгілі қаламгерлер Ө.Қажымғалиев, Ж.Ароновтар әңгіме ауанын аталмыш мақалаға бұрып, руханиятқа деген қамқор­лыққа қуаныштарын білдірді. Әсіресе, «Туған жер» бағдар­ла­ма­сы облыс ақсақалдарының көңі­лінен шыққандығын жасырмады. «Ақын мен жазушының өмір­лік миссиясы туған жердің қа­сиетін, қастерлісін жырлау, ма­дақтау болу керек» деген ойлар айтылып жатты. Белгілі жазушы-дра­ма­тург, Ш.Айтматов атындағы Ха­лық­аралық сыйлықтың лауреаты Р.Отарбаев «Қазақ әдебиетін әлем тануы, мойындауы үшін не іс­теу керек?» деген салмақты сұ­рақ тастады. Кеңестік кезеңнен бе­рі қаламгер қауымның жанын же­гідей жеген сұрақ бұл. Шы­нын­да,потенциялы аса мықты ұлттық әдебиеттің үлкен аренаға шығуына не кедергі болып жүр өзі?.. Мемлекеттің қамқорлы­ғы­нан өзге дарын иесінің еңбек­қор­лығы мен іскерлігі де қазіргі күн­нің талабы болса керек.
Кездесу барысында Атырау перзенттері академик-жазушы З.Қабдоловтың, әйгілі сыншы З.Се­рікқалиевтың, көрнекті ақын­дар М.Сатыбалдиевтың пен М.Отаралиевтың мерейжастарына байланысты ұсыныстар айтыл­ды. Облыс әкімі аталған ша­­­­ралардың ескерусіз қал­май­ты­нына сендірді. Поэзия падишасы Ф.Оңғарсынованың туған топырағы, қазақтың төрт бірдей министрі шыққан Манаш елді мекенінің орнына ескерткіш-тақта орнату туралы ұсыныс та об­лыс әкімінің қолдауына ие бол­ды. Жалпы, аталған іс-шара­лар Қазақстан Жазушылар одағы Атырау филиалының жоспарына енгізіліп қойғанын филиал директоры Қ.Жылқышиев мәлім­де­ді.
Ақындар Б.Бабаш, С.Шатенова, Г.Ниетқалиева, А.Яхудалар жыр оқыған жүздесу шын мәнін­де­гі рухани күн болды. Қалам­гер­лердің дені облыс әкіміне өз кі­таптарын қолтаңбасымен сый­ға тартты. Өз кезегінде Нұрлан Асқарұлы «Бүгін менің кітапха­нам баийтын күн болды» деп әзіл­деп, жұртты ду күлдірді.
Қазақ «Құдайсыз қурай да сын­байды» дейді. Өңір қалам­гер­ле­рінің көптен күткен бұл бас­қо­суы жыл құсындай жақсы леп әкелді. Күллі қазақтың жүрегіне жол тапқан руханияттың жаңа­лы­ғына іле-шала өткен бұл кез­десуді тарихи сәйкестік десек, ар­тық айтпаспыз. Хаттамасыз, шаб­лонсыз шырайлы жүздесу әкім мен ақындар арасындағы ал­тын желі іспетті болды. Ақсақ Те­мір мен Хафиз туралы аңыз­дағы жауыр болған қанатты сөзді қайталамай-ақ қояйық. Сәуірдің соңғы самалына ілесе өткен ізет­ті жиын уақыттың үні мен за­ман­ның талабынан туған заңды бас­т­ама болса игі. Қарты шүкір­лік айтып, жасы қанаттанып тара­ған кездесуден соң біз соған сендік.

P.S.: Атырау өңірі соңғы жылдары сырт келбетімен ғана емес, мәдени өміріндегі өзгеше өзгерістерімен де көңіл қуантты. Республика аясында теңдесі жоқ жобаларды қолға алып, руханияттың алтын бесігіне айналды. Оған дәлелді алыстан іздеудің қажеті жоқ, көзіқарақты оқырман! Облыстың маңдайына біткен майталман Махамбет театрында ай аралатып өтетін фестивальдар мен премьераларға ағылып жататын көпшілік бізде көп нәрсе өзгергенін көрсетеді. «Қыз Жібек» фильмінің 45 жылдығына арналған ғажайып шара бұрын-соңды болмаған ауқым-айшығымен есте қалды.Республикалық айтыстар мен шығармашылық кештердің көрігін қыздырды. Қазақтың маңдайына біткен өнер майталмандарының жатырқамай ашатын есігі, жатсынбай басатын киелі топырағы да осы Атырау өңірі болды. Рухани жаңғырудың соны соқпақ емес, сара даңғыл екендігін дәлелдеп қана қоймай, жүзеге асуына ықпал етіп отырған облыс басшылығының әдебиет пен мәдениетке жасап отырған қамқорлығы болса керек. Әлқисса , әңгімемізді Алаштың арыстаны Әлихан Бөкейхановтың сөзімен аяқтауды жөн көрдік: Жүйрік қыран күшін қиянға салса, жұрт мақсатын орнына апарса, мұнан артық не бақыт бар, бауырлар!

Әлия ДӘУЛЕТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір