«Қобданың қоңыр желі» көптің көңілінен шықты
22.09.2023
277
0

Қыркүйектің алғашқы күндері Моңғолиядағы қазақ оқырмандары мен қаламгерлері ұмытылмас үлкен қуаныштың, есте қаларлық елеулі оқиғаның куәсі болды. Қазақ­стан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, белгілі жазушы Мереке Құлкенов, ҚЖО-ның басқарма төрағасының орынбасары, ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ғалым Қалибекұлы бастаған ақын, жазушылар Ұланбатыр және Баян-Өлгей аймағында болып, қазақ әдебиетінің жанкүйерлері мен қаламгерлерімен кез­десіп, екі елдің әдеби және мәдени қарым-қатынасын әрі қарай нығайтып, келер жылдардың жұмыстары жайлы пікірлесті.
Моңғолия қазақ қаламгерлерінің «Қобданың қоңыр желі» ат­ты поэзия және прозалық екі томдық антологиясын бізге тарту еткені Моңғолия қазақ әдебиеті тарихында бұрын-соңды болмаған оқиға болды. Қазақ­стан Жазушылар одағының бастамасымен жазушы, этнограф Зейнолла Сәнік атындағы мәдениет қорының қаржылық демеуімен ақын, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты, әдеби сыншы, аудармашы, Моңғолия мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер Сұраған Рахметұлының құрастыруымен ҚЖО-ның жанындағы «Әдебиет» баспа үйінде жарық көрген «Қобданың қоңыр желі» екі томдық антология тек қазақ оқырмандары үшін ғана емес, жалпы қазақ әдебиетінің әрі қарай өркендеуі, мәдени ара-қатынасымыздың нығая түсу үшін де ауадай қажет екені түсінікті.
Бұл антология бір жағынан Моңғолияның қазіргі қазақ әдебиеті мен ақын, жазушыларын Қазақ­стан оқырмандарына, тіпті түркі тілді басқа елдердің оқырмандарына таныстырып насихат­тауға, бүгінгі Моңғолия қазақ әдебиетінің ерекшелігі, мазмұн мен пішін бітімі, даму және шеберлік деңгейін пайымдауға ықпалын тигізетіні анық. Жалпы айт­қанда, бұл екі томдықтың танымдық маңызы аса зор. Себебі, әдебиет – өмір айнасы. Әрбір әдеби шығарманың негізі көркем тілмен баяндалған дерек екені әмбеге аян. Олай болса, екі томдық антологияға кірген 120-дай қаламгердің шығармаларынан Баян-Өлгей қазақтарының тарихын, әдет-ғұрпын, салт-санасын, тілі мен дінін, бастарынан кешкен қилы заманның ащысы мен тұщысын, ағы мен қарасын қандай бір деңгейде білуге болады. Антологияның құндылығы да, тарихи маңызы да осында.
Моңғолияның 120-дай қазақ ақын, жазушыларының шығармалары 66 баспатабақ көлемінде, сапалы да көркем деңгейде жарық көруі – Қазақ­стан Жазушылар одағының мамыр айында сайланған жаңа басқармасы алысты меңзеген соны серпінмен, жаңа көзқараспен, іскерлікпен жұмыс жасап жатқанының нақты белгісі болмақ. Бұрын-соңды Қазақ­станда жеке авторлардың бірлі-жарым кітаптары басылып, шығармалары тұрақты баспасөз, әдеби сайт­тарда жарық көргенімен, жүзден астам қаламгердің таңдамалы шығармаларын топтастырған көлемді кітап шықпаған. Мұны біз игілікті істің бастамасы, шет­те жүрген аз ғана қазақ оқырмандарына, қаламгерлеріне сыйға тартқан рухани азық, ізгі ниет, ыстық ықылас, орны толмас қамқорлық деп қабылдаймыз.
Бұл жолғы сапар – Қазақ­стан Жазушылар одағының басқарма төрағасының Баян-Өлгейге келіп, аймақ ерекшелігін, оқырмандардың әдеби ахуалын алғаш рет өз көзімен көріп, пікір-талаптарын тыңдап, ойын ортаға салуы. Бұрын ҚЖО-ның
Әнуар Әлімжанов, Жұбан Молдағалиев сынды төрағалары Моңғолияға ресми сапармен келгенімен тек Ұланбатырдан қайт­қан болатын. Сондықтан Мереке Әбдешұлының аймағымыз жайлы, Моңғолия қазақтары жайлы көңілге түйгені, алған әсері, болашақта олар үшін атқарары аз емес дегенге кәміл сенеміз.
«Қобданың қоңыр желін» оны құрастырушы ақын, тарихшы, аудармашы Сұраған Рахметұлынсыз елестету қиын. Осы бір қазағым деп еңіреп туған, қазақ әдебиетінің нағыз жанашыры, ізденісі мен еңбеккерлігімен ел алғысына бөленген қаламгер тек Моңғолияның қазақ әдебиетін ғана емес, жалпы Моңғолияның әдебиетін Қазақ­станның оқырмандарына таныстыру, насихат­тау тұрғысында да жемісті еңбек етіп келеді. Оның аудармасымен жарық көрген моңғол ақындардың өлеңдері бүгін Қазақ­стан оқырмандарына кеңінен таныс, олардың ыстық ықыласына бөленуде.
Антологияның бірінші томына Моңғолия қазақтарының жазба әдебиетінің ірге тасын қалаушылардың бірі, биыл 100 жылдық мерейтойын екі елде кеңінен атап өткен, жазушы, аудармашы, қоғам қайраткері ­Құрманхан Мұхамәдиұлынан бастап жас талант, студент Жантас Еркінұлына дейінгі 36 қаламгердің роман, хикаят, әңгіме, повесть, драма, сатираларынан ерекшеленген топтамалары кірсе, екінші томында атақты «Ағиықтың» авторы, ақиық ақынымыз Моңғолия өнеріне еңбек сіңірген қайраткер Ақтан
Бабиұлынан бастап, жас ақын ­Мырзатхан Танжираұлына дейінгі 84 ақынның өлеңдері енгізіліпті. Екі томдыққа Баян­-Өлгейде туып-өскен барлық қаламгерлерді толық сыйғызу мүмкін емес. Бәрін баспаға дайындау үшін ұзақ уақыт, қыруар еңбек, көп күнгі ізденіс, бір ғана адам емес, құрастырушылар тобы керек. Дейтұрғанмен аса қысқа мерзімде осындай құнды еңбекті оқырмандарға тарту еткен Сұраған
Рахметұлы, Қайрат Бекенұлы, қаржылық демеу көрсетіп, аз уақыт­та жарық көруіне қол ұшын берген Зейнолла Сәнік атындағы қордың құрылтайшысы, кәсіпкер Қанат Зейноллаұлына, қордың атқарушы директоры, белгілі ақын Серік Қалиевке оқырмандар мен қаламгерлер атынан мың алғыс айтамыз.
«Қобданың қоңыр желі» жазушы Мереке Құлкенов айт­қандай: «…авторлардың барлығы да қазіргі әлемдік және отандық көркем прозаның шеберлік мектебін жетік меңгерген қаламгер екені бірден көрінеді. Кейбір ішінара кез­десетін және солай болуға тиіс жергілікті (диалект) тіл қолданыстарын ескермегенде, композициялық, стильдік, көркем сурет­теу тұрғысынан қазақ­стандық танымал жазушылардың әдеби қолтаңбасынан еш айырмашылық жоқ деуге болады. Ақындардың екінші томға енген жырларын Кобда қойнауынан басталған арнаның арынды өзенімен теңестірер едік…», – деп бағалауы орынды да, қонымды. Осы арынды өзен толасыз ағып, Қазақ әдебиеті деген алып мұхитқа құя береді дегенге сенеміз.
Құрастырушы айт­қандай, уақыт тығыздығана байланысты кейбір қаламгердің шығармасы табылмай қалғаны, қайсыбірі дер кезінде шығармаларын беріп үлгермей қалғаны баршылық. Бірақ «Қобданың қоңыр желі» – игі істің бастамасы, алғашқы қарлығашы. Алдағы уақыт­та барлық авторлар толық қамтыған, тек проза, поэзия ғана емес, драма, балалар әдебиеті, сатира, әдеби сын, көркем очерк сияқты жанрлар орын алған, мұнан да толық шығармалар жинағы жарық көреді дегенге сенуге болады. Оны қазіргі талант­ты жастарымыздың бастамасы, ізденісі біледі және уақыт көрсетеді.
«Қобданың қоңыр желі» екі томдық антология авторларының қысқаша таныстырылымынан Моңғолияның қазіргі қазақ қаламгерлерінің құрамы, білім деңгейі, суреткерлік ерекшелігін де білуге болады. Олардың көбі Моңғолияның және Қазақ­станның құрмет­ті атақ, сый-сияпат, марапат­тарына ие, отандық және халықаралық мүшәйралардың иегерлері. Шығармасын екі тілде жазатындар да аз емес. Мәселен, авторлардың үшеуі Моңғолияның Халық жазушысы, сегізі Моңғолияның мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткерлер, оннан астамы ғылым докторлары мен кандидат­тары, дерлік іш-сырт­тан жоғарғы мектеп бітіріп, әр салада маман игерген зиялылар. Гендерлік тұрғыдан алып қарасақ, әйел ақын-жазушылар онша көп емес. Бірақ олардың сапалы туындылары қандай да танымал жазушылардың шығармаларынан кем түспейтін, әлдеқашан өз оқырмандарын тапқан қаламгерлер.
Қорыта айт­қанда, «Қобданың қоңыр желі» екі томдық антология Моңғолия­ның қазақ қаламгерлерінің шеберлік деңгейін әр қырынан таныта білген, екі елдің ғана емес, түркі тілді оқырмандарға да таныта алатын құнды да, сүбелі туынды болғанына шүбә келтіруге болмайды. Моңғолияның Қобда өңірінен шыққан қаламгерлердің қос томдық антологиясы оқырман қауымның көңілінен шығып, артынан ондаған құнды туындыларды жалғастыра түседі дегенге кәміл сенеміз.

Зүлкәпіл МӘУЛЕТҰЛЫ,
ақын
Моңғолия

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір