Дөңгеленген дүние көз тіккен ассамблея
Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңғырудың негізі – тұрақтылық, бірлік, келісім» тақырыбында Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясы 26 сәуірде өткені белгілі.
Сессияда сөз алған Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы
Н.Назарбаев 2017 жыл тәуелсіз Қазақстан тарихында ерекше жыл болып саналатынын атап өтті: «Жүйелі жаңғыру биыл біздің бүкіл жұмысымыздың өзегіне айналды. Біріншіден, экономикалық жаңғыруды қолға алдық. Екіншіден, саяси жаңғыруды бастадық. Үшіншіден, рухани жаңғыруға кірістік. Бұған мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаламды арнағанымды білесіздер», – дей келе бағдарламалық мақаладағы негізгі міндеттерге назар аударды. «Ең алдымен болашақ қазақстандықтың болмысын айқындап, қандай болуы қажеттігін атап өттім. Біріншіден, ол – әлемдік бәсекеге қабілетті жасампаз тұлға. Екіншіден, алдына нақты мақсаттар қойып, соған ұмтылатын прагматик, әрі реалист. Үшіншіден, ұлттық бірегейлікті нығайтып, ұлтының дамуын тежейтін барлық нәрселерден бас тартатын адам. Төртіншіден, білімнің салтанат құруын ең маңызды іс санайтын, жаһандық білімнің шыңына шыққан жан. Бесіншіден, тек эволюциялық даму ғана халқының өсіп-өркендеуіне мүмкіндік беретінін жақсы түсінетін саналы азамат. Алтыншыдан, ол – түрлі тілдерді меңгерген, әлемнің үздік тәжірибелерін алуға және заман талаптарына сай өзгеруге қабілетті, сана-сезімі ашық адам», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Елбасы Қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын іске асыру жөніндегі ұлттық комиссияның роліне де ерекше тоқталып өтті. «Тұтас қоғам да, жеке азамат та бейбітшіліктің, тұрақтылық пен келісімнің өздігінен келе салмайтынын білуге тиіс. Мемлекет ұдайы этносаралық және конфессияаралық процестердің тамырын басып, жіті қадағалап отыр. Ұлттық бірлікті нығайта түсу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы мен барлық мемлекеттік органдар тұрақты, күнделікті жұмыс жасауда», – деген Президент Қазақстан халқы Ассамблеясы мен мемлекеттік органдар алдына жаңа міндеттер қойды. Елбасы елімізде бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін ерекше шешімдер қарастыруды тапсырды. Сессия барысында Мемлекет басшысы ақпараттық жұмыстарға ерекше мән беріп, 2018 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының көпфункционалды мультимедиалық порталын ашуды, сондай-ақ «Қазақстан халқы» интерактивті тарихи картасын жасауды тапсырды. «Ел иесі – қазақтың мемлекет құраушы ретіндегі айрықша ролін ескере отырып жасалуы тиіс электронды карта ежелгі қазақ жерінде сан түрлі ұлт өкілдерінің ұйысу процесін көрнекі және толық көрсетіп береді. Білім және ғылым министрлігіне ҚХА-мен бірлесіп ғылыми негізде осы интерактивті картаны жасап, келесі жылы «Алғыс айту» күніне орай тұсауын кесуді тапсырамын!», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Сөзінің соңында Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарды алдағы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен құттықтап, бейбіт өмір, игілік пен бақ-береке тіледі.
Сессияда зиялы қауым және азаматтық қоғамның өкілдері, өңірлерден келген делегаттар, ҚХА мүшелері, шетелдік қонақтар, жұмысшы мамандықтарының, жастар ұйымдарының мүшелері және басқалар сөз сөйлеп, Қазақстан дамуы мен тұрақтылық, өзара келісімге қатысты өз ой-пікірлерін білдірді.
XXV сессияның қорытындысында Ассамблея үндеу қабылдады. Онда бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау бүкіл Қа-зақстан халқына тән қасиетке айналуы тиіс делінген. Сессия соңы
Елбасы қатысқан мерекелік концертке ұласты.