Апатты аймақтарға Ассамблея еріктілері көмектесуде
Қоғам белсенділері, волонтерлер және қарапайым азаматтар зардап шеккен жандарды қауіпсіз аймаққа көшіруге, гуманитарлық көмекті жинауға және жеткізуге, тұрғындарға ақпарат таратуға қатысты бірлескен жұмыста маңызды рөл атқарып отыр. Бүгінде су тасқынына қарсы күреске барлығы 20 мыңнан астам волонтер жұмылдырылған. Оның басым көпшілігі Ақтөбе, Қостанай, Батыс Қазақстан, Абай, Ақмола және өзге де облыстардағы төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлеріне барынша жәрдемдесіп жатыр. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин өзінің Telegram желісіндегі ресми парақшасында хабарлады.
«Қазақстан халқының Ассамблеясы тарапынан да айтарлықтай көмек көрсетіліп отыр. Жалпы республика бойынша қиын-қыстау жағдайға тап болған жандарға қолдау көрсетуге және қарғын су салдарын жоюға Ассамблеяның тоғыз мыңнан астам волонтері атсалысып жүр. Барлық аймақтағы Достық үйінде еріктілер орталығы және гуманитарлық көмекті қабылдау орыны ұйымдастырылды. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері зардап шеккен адамдарды азық-түлікпен, ыстық тамақпен, киім-кешекпен, қажетті заттармен және техникамен қамтамасыз етіп отыр. Қазіргі таңда Ассамблея тарапынан берілген қайырымдылық және гуманитарлық көмектің көлемі 110 миллион теңгеден асты.
Еліміздегі волонтерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіру – маңызды міндеттің бірі. Мұны Amanat партиясының «Жастар рухы» жастар қанаты өз мойнына алды. Ауқымды филиалдар желісі және мемлекеттік органдармен жұмыс істеу тәжірибесі бар «Жастар рухы» ерікті құтқарушыларды жинау, гуманитарлық көмекті сұрыптау және жеткізу жұмысын тиімді атқарып отыр», – деп мәлімдеді Мемлекеттік кеңесші.