Театр: бар мен жоқ
Кейінгі уақытта театр сыны жоқ деген пікірлер жиі айтылады. Онымен келісетіндер де, келіспейтіндер де, тіпті оның бар-жоғына мән бермейтіндер де бар. Театр сыны жоқ дейтін тарап сахнаға шыққан жұмыстың жілік-жілігін шағып талдап-таразылаған, тақырыпқа жанашырлықпен қарап олқы тұсын толтыруды меңзеген, драматург пен режиссер айтпақ болған ойға одан ары терең үңілген сараптамалық мақала кезіктіре алмаған болар. Ал сыншылар тарапы кез келген дүниеге байыпты пікір айтуды жөн санап, ойларын жұптап, жинақтап жазғанымен оны ден қойып оқитын оқырман таба алмаған шығар… Толассыз сарқырап ағып жатқан сахна өнерінде белең алған әр түрлі тенденцияларға үңіліп, шікәмшіл әрі нәзік өнердің жалпыға ықпалын зерттеп жүрген театр сыны осы саланың бір тармағы екені рас. Бастауы ортақ екі өнердің мақсаты – бірін-бірі толықтырып, бірін-бірі қамшылай жүріп өнерге қызмет ету. Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясындағы «Ғылым апталығы» аясында «Қазақстандағы заманауи театр үдерісі және театр сыны мәселелері» атты жуырда өткен «Дөңгелек үстелде» театр сыны мен қазақ сахнасындағы қордаланған мәселелер егжей-тегжейлі сөз болды. «Oner.kz» порталы және Өнертану факультетіне қарасты Театр өнерінің тарихы мен теориясы кафедрасы ұйымдастырған жиын бастамасы құптарлық. Оған Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының Ғылыми істер жөніндегі проректоры Қ.Халықов, М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, мәдениеттанушы Әлия Бөпежанова, Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театрының өкілі Гүлназ Теменова, Мемлекеттік қуыршақ театрының қызметкері Жазира Ахметова, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Театр және кино бөлімінің ғылыми қызметкерлері, өнертану кандидаты, доцент Амангелді Мұқан, өнертану кандидаты, доцент Анар Еркебай, өнертану магистрі, жас драматург Айдана Аламан, Актерлік шеберлік және режиссура кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Оразәлі Ақжарқын-Сәрсенбек, «Өнер.kz» порталын жүргізуші, жас драматург Әннас Бағдат және осы факультет ұстаздары мен студенттер қатысты.

Бақыт Нұрпейіс,
Өнертану факультетінің деканы, өнертану докторы, профессор:
– Қазақ театр сынын көтеру үшін ең әуелі өз топырағымызда мамандар даярлау қажеттігін Б.Құндақбайұлы мен Ә.Сығай талмай айтып, 1990 жылы Т.Жүргенов атындағы Театр және көркемсурет институтына алғашқы театртанушылар тобы қабылданған. Осы топтан түлеп ұшқан қыз-жігіттердің бірқатары ғылыми диссертацияларын сәтті қорғап, театртану саласының дамуына үлес қосып жүр. Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде театртанушылардың ғылыми зерттеу еңбектері жинақталған жиырмадан астам кітап жарық көріпті.
Кеңестік кезеңде ұлттық театр өнерінің дәл осылай зерттелмегенін ескерсек, бұны тәуелсіздіктің жемісі деп бағалауға еш кедергі жоқ. Осындай жетістіктермен бірге олқы түсіп тұрған тұстарымыз да бар. Ең бастысы, дәл қазіргі спектакльдер туралы сыни мақалалар жазылмай жатыр. Мұның себебін іздеген кезде театртанушылар мен театрлардың арасындағы байланыстың жоқтығы алдымыздан шығады. Облыстағы театрлардың бірен-сараны болмаса (атап айтқанда, Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ музыкалық драма театры, Қарағанды облыстық
С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры, Н.Жантөрин атындағы облыстық музыкалық драма театры, Шығыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры (Өскемен), Шығыс Қазақстан облыстық Семейдің «Дариға-ай» жастар театры) басқалары театртанушылармен қарым-қатынас жасауға құлықсыз. Спектакльдің қабылдауына театр сыншыларын шақырмайды, премьерадан соң сын айтыла қалса, онымен санасып жатқан ешкім жоқ. Режиссерден бастап, рөлдерде ойнаған актерлердің көпшілігі мақтағанды қалайды. Биылғы маусымда Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық Балалар мен жасөспірімдер театры екі премьера қарсаңында театр сыншыларын шақырды. Алуан пікір айтылды, осы бастаманы басқа театр басшылары қолға алса, сапалы спектакльдердің қатары көбейе түсер еді. Келесі бір мәселе – Халықаралық, республикалық, аймақтық театр фестивальдерінің қазылар алқасы құрамына театртанушылар тартылмайды. Кілең басқа мамандық иелерінен құралған әділ қазылар мүшелерінің «Мен мына спектакльді онша ұқпадым. Былай, жаман емес»,– деп басталатын сөздерін естігенде күрсінесің. Бұл да театр сынын дамытуға үлкен кедергі. Театр сыншысы спектакль көрмесе, нені жазады?
Айлығы шайлығына жетпейтін театр сыншыларына қаламақы төлеу ешжерде белгіленбеген. Келешекте жастар бұл мамандыққа мүлде келмей қалуы мүмкін деген қауіп те жоқ емес. Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан театр сыншыларын жұмысқа орналастыру тетігі қарастырылса абзал болар еді. Жасыратыны жоқ, облыстық театрлардағы әдебиет бөлімі меңгерушілерінің басым бөлігі театртанушылар емес.
Бүгінгі таңда әлемдік театр өнерінде театр сыншылары театрдың тарихын жазатын шежіреші-ғалым ғана емес, театрдың жұмысын насихаттайтын жарнамашы міндетін атқарады. Олар ең үздік спектакльдерді басқа мемлекеттерге көрсетуге белсене араласады. Еліміздегі театр сыншыларының білімі олардан кем емес. Сондықтан да қазақстандық театрлар театр сыншыларымен қарым-қатынасты нығайтса әр істің нәтижелі болатынына сеніміміз мол.
Сәния Қабдиева,
Театр өнерінің тарихы мен теориясы кафедрасының меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, өнертану кандидаты, профессор:
– Қазіргі қазақ театры өнерінде буын алмасу мәселесі аса маңызды болып тұр. Бұл драматургияға, режиссураға және актерлік өнерге қатысты ортақ түйткілге айналды.
Театр қашан да өз кезеңінің асқақ рухын көрсетуі тиіс. Ал сахнадан өзекті тақырыптарды арқау еткен елеулі дүние қою үшін заманауи драматургиялық материал қажет. Бірақ жас режиссерлер пьеса жазып жүрген авторлар арасынан өздерімен мүдделес, әрі кәсіби деңгейде жұмыс істейтін драматургтерді таппайды.
Бүгінде пьеса жазумен шұғылданып жүргендерді драматург деп айтуға да келмейді, себебі олардың жазғандары кәсіби өлшемдерге сай емес. Авторлар көрерменді толғандыратын күрделі мәселелерді айтып, өздерінің шығармашылық келбетін табудың орнына жағымды және жағымсыз болып бөлінген, бір бояумен әрленген кейіпкерлері бар, қарабайыр ашық тартысқа құрылған шындыққа жанаспайтын оқиғаларды ойдан шығарып жүр. Олар өздері бейнелеген кейіпкерлерінің тағдырына, мінез ерекшелігіне, тіпті көңіл бөлмейді. Соның салдарынан үзік-үзік көріністерді бейберекет біріктіре салған сапасыз драматургиялық шығармалар көбейіп кетті. Ондай қойылымдарда өнер көрсеткен актерлер өз қаһармандарының ішкі тебіреністері мен толғаныстарын ашып көрсете алмайды. Бұл күнде спектакльдерде астарлы мағына, екінші план деген ұғымдар мүлде көрінбейді.
«Жақсы» деп баға беруге татымайтын қойылымдардың көбеюі актерлік және режиссерлік кәсібиліктің ғана емес, жалпы сахналық мәдениеттің деңгейін төмендетті. Режиссерлер жаңа жазылған сапалы пьеса таппағандықтан прозалық шығармаларды сахнаға лайықтап немесе классикалық дүниелерді интерпретациялаумен шектеледі.
Қазақстандағы театр өнерін дамытуда маңызды фактордың бірі – шеттен шақырылған режиссерлермен жұмыс істеу. Бұл біріншіден, кәсіби тәжірибе алмасу болса, екіншіден, театрлық мәдениеттер байланысын нығайтуға ықпал етеді. Осындай шығармашылық бірлестіктен күтпеген режиссерлік шешім, жарқын актерлік жұмыс, жаңа форма (пішін) туындайды. Й.Вайткус (Литва), Б.Абдуразаков (Тәжікстан), С.Потапов (Ресей), Н.Асанбеков (Қырғызстан) спектакльдері өткен маусымның үздік қойылымдары қатарында тұр. Олар Халықаралық театр фестивальдерінде көзге түсті. Ал актерлер үшін мұндай жоғары білікті режиссерлермен жұмыс істеу шеберлік шыңдайтын мектеп іспетті.
Қазіргі қазақ режиссурасының жас буын өкілдерінен Дина Құнанбай мен Болат Абдрахмановты бөле-жара атауға болады. Байыпты, әрі білімге құмар бұл режиссерлер, ең алдымен, өздерінің көркем ойын, кәсібилігін танытты.
Д.Құнанбай алғашқы қойылымдарынан-ақ өзінің шығармашылық батылдығын байқатып, ұлттық және әлемдік классиканы сахналауда әдеттен тыс режиссерлік шешімдерімен назарға ілінді. Ол Қазақстанның түкпір-түкпірінде спектакльдер қойып жүр. Үнемі ізденіс үстінде жүретін Д.Құнанбайдың шеберлік деңгейі жылдан-жылға артып келе жатқанын атап өтуіміз керек.
Қазақстанның әр облыстағы театрларын аралау барысында актерлік қабілеті мол және жаңа спектакльдерді қоюға мүмкіндігі жететін режиссерлердің барын анықтадық.
Заманауи театр эстетикасына сай жұмыс істейтін жаңа буын сахнагерлер өздерінің көзқарасын сахна арқылы жеткізуге тырысып жүр. Қазақтың жас режиссерлері театр сахнасында ұлттық бірегейлікті тануға талпынып, мәдени мұра дәстүрлерін әлемдік театрдағы өзекті идеялар мен формалармен үндестірудің жолын іздеу үстінде. Сахналық дәстүрлер мен инновацияның осылайша бітеқайнасуы қазіргі таңда аса тиімді деп ойлаймыз.
Аманкелді Мұқан,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты, доцент:
– Театр өнері пайда болып, драматургтың жазбасы сахнаға жол тартқанына сан жылдар өтсе де, театр мен драматург арасындағы байланыстың шәйдай ашық болған кезі сирек. Бұл қарым-қатынаста екі жақтың да айтар уәжі, өзара қояр шектері мен шарттары бар. Ал енді жазылған, бірақ қойылмаған пьесалар жайында ойланатын жай көп. Жүлде алған талай пьеса сахнаға шықпай, шаң басып жатыр. Министрлікте жүлде алған шығарманы қоюды міндеттейтін тетік болмаған соң әр театр өз білгенін, қалағанын қоюда. Драматургиялық бәйгелерден жүлде алған пьесалар көп, алайда, театрларымыз бен режиссерлер қауымы «пьеса жоқ» деуден танбай келеді. Бүгінгі таңда еліміздің театрларын біріктіріп, айқын мақсатта жүйелі жұмыс істеу кемдік етіп тұр. Республиканың 60-қа жуық театры әр түрлі мекемелерге бағынып, әр түрлі жерден қаржыланатын болған соң репертуар таңдауда мәселе өте көп. Республика кеңістігіндегі театрларда бір ізді саясат ұстану кемшін. Театрлардың ресми мәртебесі – мемлекеттік қазыналық кәсіпорын, ал жұмыс істеу тәсілі – жекеменшік серіктестік сияқты еркіндікте. Театрлар пьесаны өздері жазып, өздері қабылдап, өздері сахналап, қаламақысын да өздері қояды. Сыншы ретінде өздері баға береді. Осының салдарынан театрдың деңгейі төмендеп, аяғы таптаурындыққа ұрындырды.
Драматург пьеса жазады, режиссер пьесаны қояды, актер орындайды, сыншы бағалайды. Әркім өзі маманданған кәсіби ісімен айналысады. Басты баға беруші қалың көрермен десек те, театр сыншысының кәсіби талдауынсыз спектакльдің көркемдік сапасын ажырату, тұшымды баға беру қиын. Кәсіби сахна өнерінің төрт тағанының бірі болуы тиіс театр сынының бүгінгі театр процесінен шеттетілуі оның дамуына кедергі келтіреді. Өркениетті елдерде әрбір жаңа қойылымның көркемдік сапасын ең алдымен театр сыншылары анықтап, нақты бағасын береді. Ал қазір біздің театрлар сыншыларды мүлдем керек етпеуге айналды, тіпті, соңғы уақытта театр фестивальдеріне театр сыншылары сирек шақырылады. Сол себепті де, театр
көркемөнерпаздық деңгейіне түсіп, оның жұмысы мен шығармашылық қарымын талдау экраннан жұлдыз таңдайтын ток-шоуға айналды.
Осы орайда театр өнерін ілгерлету жолында мынадай ұсыныстар айтпақпын:
* Қазақ драматургиясының өрісі кеңейіп, сұранысқа ие болуы үшін ауқымды, бүге-шігесіне дейін бекіген жоспар қажет. Театрдың дамуына, сапалы репертуар жасақтауына, заманауи кейіп қалыптастыруына жазушы-драматургтер, театр ұжымы, сыншылар қауымы тікелей жауапты.
* Бүгінгі заманға сай жаңа форматтағы драматургтер қалыптастыру үшін сыншы, драматург, режиссерлердің қатысуымен семинарлар, шеберлік сыныптары, жаздық лагерьлер ұйымдастыруды қолға алу керек;
* Театрдың мемлекеттік саясатты жүргізудегі маңызы қоғамдағы өзге саладан бір мысқал да кем емес. Сондықтан да драмалық шығармаларға мемлекеттік сатып алу жөнінде арнайы конкурс өткізіліп, грант беріліп тұрғаны жөн. Жыл сайын үш-төрт пьесаға бәйге берумен шектелу еліміздегі алпысқа жуық театр үшін азық бола алмасы анық.
* Қазір әр театр жаңа пьесаны өздері қабылдайды. Бұл – театр өнерін де, драматургияны да алға бастырмайды. Бұлай жалғаса берсе театрдың әдебиет бөліміне сапасыз шығармалардың қаптап келуі тоқтамайды және сыбайлас жемқорлыққа жол ашыла береді. Сондықтан да кез келген жаңа пьеса ең алдымен бейтарап сыншылардың талдап-талқылауынан өтіп, кемшін тұстары жөнделіп сосын театрға жолдануы тиіс. Осыған орай, театрларды пьесамен қамтамасыз етуде Министрліктің Репертуарлық саясат жөніндегі басқармасы театрлардың еркін шығармашылық жұмыс жасауына кедергі келтірмейтіндей жүйе енгізсе;
* Театрлардың шығармашылық беталысын, жетістік-кемшілігін дер кезінде анықтап, сараптама жасауды жүйелі түрде қолға алу қажет. Театрлар қандай қойылымдар қойып жүр, олардың сапасы қай дәрежеде, көрермендердің ынта-ықыласы қандай, оған жұмсалған шығын қаншалықты ақталды деген сияқты зерттеулер жасалып, мониторинг жүргізудің де ереже-шарттары жасалынса дейміз. Бұған бірінші кезекте М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты мен Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының, Астанадағы Өнер университетінің театр мамандары белсенді тартылуы керек.
Әлия Бөпежанова,
М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты:
– Спектакльдің өмірге келуі күрделі процесс екенін жақсы білесіздер. Театр сыншысы пікір айтқанда осы ұжымның еңбегін ескеруі керек. Театр сыншысы спектакльге пікір айтқан соң, режиссердің оны өзгертіп қоюы міндетті емес. Әрі, неге өзгертіп қоймадыңыз деуге сыншының да хақы жоқ. Өйткені, бұл режиссердің ішкі суреткерлік құқығына қол сұғу деп білемін. Театртанушы режиссермен, актермен жалпы театрмен тығыз байланыста болғаны жөн деп білемін. Ал фестивальдердегі қазылар алқасының мүшелерін тек театр сыншыларынан жасақтауға қарсымын. Қазылар алқасының құрамында режиссер де, драматург те, актер де болғаны жөн, сонда ғана әр түрлі ой қалыптасып, тың көзқарастар пайда болады.
Анар Еркебай,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері, өнертану кандидаты, доцент:
– Бүгінгі таңда отандық өнер саласы заманауи арт-нарық қалыптастыру үдерісін басынан өткізуде. Бірақ қазақ театрының әлемдік мәдени кеңістікте бәсекеге лайық деңгейге жету үшін әлі талай жұмыс істеу керектігін елімізде өтіп жатқан театр фестивальдері дәлелдеп отыр. Ұлттық театрларымызда өз өнімін шетелге ұсыну механизмдері жоқ. 25 жыл ішінде елімізде 20-ға жуық республикалық, халықаралық театр фестивалі өтіпті, алайда оларды ұйымдастыру ісі кәсіби деңгейге жетпей жатыр. Мәселен, бүгінгі таңда Ресейдің өзінде 250-ге жуық театр фестивалі жұмыс істейді. Бірақ солардың ішіндегі кәсібилігімен ерекшеленіп, негізгі ұстанған бағыт-бағдары айқын, заманмен үндесетін сергек көзқарастағы, бүгінгі театр үдерісін жіті қадағалап жаңашыл үздік спектакльдерді көрсететін үшеуі оқшау тұр. Олар: бүкілресейлік фестиваль-премия «Золотая маска», халықаралық Чехов фестивалі мен орыстілді театрлардың «Балтийский дом». Соңғысы әлемдегі орыс тілді театр әлемін қолдауға бағытталған. Мұндай үлкен фестивальдердің жарнамасынан қазақ театрының спектаклін көру әзірге арман. Жинақы, жұп-жұмыр фестивальді ұйымдастыру мен көркемдік сапасын төмендетпеудің сыры кәсібилік пен жүйелі таңдауда жатқандығы айтпаса да түсінікті. Дүниежүзіне танымал театр фестивальдеріне қатысатын спектакльдерді міндетті түрде театртанушылар мен театр сыншыларынан тұратын эксперттік құрам анықтайды. Онсыз жоғары сапалы фестиваль өткізем деу бос әурешілік. Соңғы үш жылда ҚР Мәдениет және спорт министрлігіқолға алған республикалық театр фестивалі
театртанушылардан құралған эксперттік кеңес көмегіне бет бұрып, қойылымдарды фестивальге қатыстырмас бұрын кәсіби іріктеуден өткізуді бастады. Осы фестивальдердегі қойылымдардың драматургиясы мен режиссурасы, актерлік өнері мен сценографиясында жылт еткен жаңалық көрдік. Бұл тәжірибені қалған фестивальдер де қолға алса деген ниеттеміз.
Меруерт Жақсылықова,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының доценті, өнертану кандидаты:
– ХХІ ғасырда өмір сүріп жатсақ та «Актер – театрдың діңгегі» деген сөз өз мәнін жоймағаны рас. Әлемдік театр постмодернистік бағытқа ойысып, сахналық-бейнелік тіл инновациялық технологиялардың арқасында жаңа сапалық деңгейге ауысуда.
Дәл осындай өзгерістер қарсаңында қазақ актерлік өнерінің ең басты көңіл аударатынмәселесі – сахнагерлердің интеллектуалдық (пайым-парасаттық, білімділік) өресінің төмендігі деуге болады. Қазіргі таңда сахнадан екінші план, астарлы сөз, сөз әрекетін көру қиындап кетті. Себебі, өнерпаздардың көпшілігі өз бетінше ізденбейді. Екіншіден, актерлер шетелдік мамандармен өткізілетін шеберлік сыныптарына қатыспайды, өздерінің кәсіби біліктіліктерін көтеруге құлықсыз. Осының салдарынан көрермен сахнадан бос эмоция, пафоспен сөйлеу сияқты ойын мәнерін көруге мәжбүр. Заман өзгерді, жаңа формадағы спектакльдер қойылып жатыр. Бірақ жасанды ойын, жаттанды сөзден (иллюстративті ойнау мәнерінен) қазақ актерлері арыла қоймады. Абсурдтық шығарманың өзін психологиялық театрдың бейнелеу құралдарымен ойнап жүргендер де жоқ емес. Бір сөзбен айтқанда, интеллектуалдық-сараптамалық ойын деңгейін көре алмай жүрміз, актерлер арасында өз рөлінің авторы деңгейіне көтерілгендер қарасы аз.
Тағы бір үлкен мәселе – қазақ сахнасынан арулар бейнесін жасайтын актрисалардың азайып кеткендігі дер едік. Соның ішінде, Офелия, Гертруда, Джульетта, Мирандолина, Медея, Кармэн, Томирис, Қарагөз, Ұлпан, Баян сынды күрделі тұлғаларды, интеллектуалдық даярлықты, фактураны талап ететін ірі рөлдерді орындайтын актрисалар саусақпен санарлық.
Үшінші мәселе – облыстық театрлардағы жергілікті колледждерде білім алған актерлердің кәсіби біліктілігі жеткілікті деңгейде емес. Облыстық өнер ұжымдарының басшылығы өз сахнагерлерінің біліктілігін арттыруға арнайы мамандарды шақыртып немесе Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы сынды оқу орындарынан білім жетілдіру курстарынан өтуді ойластырғандары дұрыс болар еді.
Жазира Ахметова,
Мемлекеттік қуыршақ театрының қызметкері:
– Дәл осы уақытта қуыршақ театрының репертуарында 26 спектакль бар. Бірақ жаңа спектакль қоюда мәселе көп, себебі қуыршақ театрына арналған драматургиялық шығармалар жоқтың қасы. Тағы бір өзекті мәселе – қуыршақ тілін білетін режиссер маман тым аз.
Осы күнге дейін өнер ұжымының тарихы туралы кітап жазылмапты. Жақында өнертану кандидаты, театр зерттеушісі Еркін Жуасбектің қолжазбасы қолымызға түсті, онда театр тарихы 2000 жылдарға дейін ғана қамтылған екен. Менің білуімше, «Театр өнерінің тарихы мен теориясы» кафедрасының магистранттары мен студенттері зерттеу жұмыстарын осы қуыршақ театрының тарихын зерделеуге арнаған еді. Сіздерден сол жазбаларды жариялауға рұқсат сұрамақшымыз.
Айдана Ахмет,
Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының аға оқытушысы, театр сыншысы, өнертану магистрі:
– Кейінгі уақытта «театр сыншылары жоқ, олар жұмыс істемейді» деген жансақ пікірлер айтылып жүр. Театр ұжымдары театр сыншысының кәсіби талдауынан бұрын қойылымдар жөнінде жазылған журналистің мақаласын оқуға бейім. Редакциялар тарапынан театр сыншыларына тапсырыс жоқ. Себебі, кәсіби театр сыншысы бүгін көрген спектакльге ертең пікір жазып бере алмайды. Театртанушы спектакльге талдау жасап, ой түюі үшін спектакльді бірнеше рет көріп, екінші, үшінші құрамның жұмысын салыстыруы қажет. Ал мұндай талдау мақаланы көп жағдайда мерзімді басылымдар уақыты өтіп кетті деп қабылдамайды. Міне, дәл осы тұста еліміздегі сахна өнеріне арналған салалық басылымның тапшылығы алдан шығады. Бұл ойланатын жайт. Егер осындай басылым болса, еліміздегі 58 театр ұжымы сыншылардың еңбегімен танысып, сахнаға шыққан туындыларды саралап отыруға мүмкіндік алар еді.
Басқосуда сөз болған мәселелер өнердің айналасында жүрген кез келген маманға қатысты. Нарық заманы келгенде күнделікті өмірде тұтынатын затты ғана тауар деп қабылдаған біз үшін, өнерді тауарға айналдыру машығы енді-енді сіңіп келеді. Мұндайда театр сыншылары қойылымдарға сын жазып қана қоймай, театр ісін ұйымдастыру шараларына білек сыбанып кірісуге мүдделі. Алайда, оның жүйесі мен тетігі біздің елде әлі де жасалмай тұр…
Дайындаған Н.САЙМАСАЙҚЫЗЫ.