ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ЖОЛЫ
Білім – қоғамды әлеуметтік, мәдени-ғылыми прогреспен қамтамасыз ететін ғажайып құбылыс, адам үшін де, қоғам үшін де ең жоғары құндылық. Оның ең негізгі қызметі – адамның менталитетін, адамгершілігін, шығармашылық қабілетін қалыптастырып, дамыту. «Цифрлы Қазақстан» аталатын жаңа дәуір бізге орасан зор мүмкіндіктер сыйламақ. Әрине, ұлы өзгерістер қауіп-қатерсіз болмақ емес. Әйтсе де, ширек ғасырлық даму тарихы тұрмақ, ежелден бергі өмір сүру салтында қиындықтан қашпаған, сынақты сәтте саспаған біздің халқымыз кедергілердің өзін кемелділік көпірі етіп, жемісті жетістіктерге жетуде. Бұған тарих куә.
Болашаққа бастайтын сенімді көпір – еліміздің үшінші жаңғыруы – өмір талабына сай жаңа білімді талап етеді. Цифрлы технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустриалды өркениетті елдің өршіл рухты жастарын тәрбиелейтін маманға білім беретін жоғары оқу орындарының міндеті де күшеймек. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауында айтылғандай, еңбек өнімділігін айтарлықтай арттыру – яғни Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін жаппай енгізудің нәтижесінде автоматтандыру, роботтандыру, жасанды интеллект, «ауқымды мәліметтер алмасу» жүргізілетін болады. Бір сөзбен, жаңа технология дәстүрлі салалардағы еңбек ресурстарын ығыстырмақ. Демек, қысқартылатын жұмысшыларды қайта даярлау, өмірге және өзіне қажетті білім ресурстарымен қамтасыз етудегі негізгі жүк те ұстаздарға артылады.
Сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын қалыптастыру үшін де пәндік біліммен қатар, педагогикалық, жаңа технологиялық әдіс тәсілдерді тиімді пайдалану жолдарын студенттерге қоса меңгерткен дұрыс. Біздің бүгінгі шәкіртіміз ертеңгі күні мектепке қызметке барғанда жаттанды оқу дағдыларын емес, өмір сүруге икемді, замана талабына сай білімді игеріп барса игі. Ал ол үшін дәстүрлі оқытудың озық үлгісімен қатар инновациялық тұрғыда білім беруді терең игеру қажет. IT-білімді, қаржылық са-
уаттылықты, ұлтжандылықты алдымен өзіміз меңгерсек, тәжірибелік сынақтан өткізіп барып ұғындырсақ – шәкірттерге жеткізіп, түсіндіру әлдеқайда нанымды шыққан болар еді. Иә, өзгені тәрбиелемес бұрын өзімізге сын көзбен қарап, қай істі болмасын өзімізден бастағанымыз жөн. Білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру дегенде Елбасы осыны меңзесе керек.
Педагог қызметкерлердің біліктілігін арттырудың деңгейлі бағдарламасының негізінде әзірленген педагог кадрларды даярлайтын жоғары оқу орындарының бітіруші курс студенттеріне қосымша кәсіби білім беру бағдарламасы бойынша тренерлерді оқыту бағдарламасының өзектілігі – Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының мақсаттарымен және міндеттерімен үйлеседі. Ал мақсаты – әрбір ел үшін маңызды болып табылатын рухани, мәдени және адамгершілік құндылықтардың негізінде жастарды өз елінің мәдениетін құрметтеуге тәрбиелеу, жастарды жылдам өзгеріп жатқан әлемде өзіне сенімді және табысты болуға мүмкіндік беретін дағдылар мен түсініктерін дамытуға, өмірлік жағдайларда өз білімдерін қолдануға ықпал тигізетін сын тұрғысынан ойлауға үйретуді қамтиды. Ал бұл мақсаттардың жүзеге асуында басты рольде мұғалімдер тұрғаны баршамызға аян. Аталған бағдарламаның тақырыптық мазмұны ЮНЕСКО және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының білім алушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту жөніндегі ұсыныстарының басты қағидаттарымен сәйкеседі.
Білім беру саласында жүргізілген әлемдік зерттеулердің нәтижелеріне сүйенсек, кәсіптік қасиеттерге ие, оқыту және оқыту үдерістерінің қажетті дағдылары мен терең түсініктерін игерген ұстаздар жастардың білімін сапалық тұрғыдан өзгерте алады екен. Бағдарлама аясындағы оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдер, сын тұрғысынан ойлауға үйрету, оқу үшін бағалау және оқуды бағалау, оқыту мен оқуда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану, талантты және дарынды балаларды оқыту, оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу, оқуды басқару және көшбасшылық сынды жеті модуль бұл тұрғыда оқытушыға көмекке келері анық. Нәтижесінде, рефлекцияға қабілетті, өзін-өзі жүзеге асыруға талпынған зерттеушілік, әлеуметтік тұлғалы, коммуникативтілік, ақпараттық және тағы басқа құдіреттіліктердің жоғары деңгейімен сипатталатын рухани- адамгершілікті, жауапты, белсенді, сауатты, шығармашыл тұлға қалыптаспақ.
Қарқынды өзгеріп жатқан өмір жағдайында үздіксіз кәсіби дамуға дайын болып, әдістемелік жұмыстың тиімділігін қамтамасыз ететін білім берудегі инновациялық үрдістерге қолдау көрсету де аталған бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі. Сондай-ақ, бұл бағдарлама өз бетімен білім алып, өзін-өзі реттеу дағдыларын қалыптастыруға, түрлі адамдармен тиімді диалог жүргізе алатын, қазіргі заманда табысты өмір сүруге дайын, сандық технологияларда құзырлылық танытатын белсенді азамат, болашақ маман ретінде қалыптасуға көмектеседі. «Жастар өзінің ата-анасынан гөрі заманына көбірек ұксағысы келеді» деген И.С.Конидің сөзін ескерсек, қазіргі заманға сай жаңа технологиямен сабақ өту – студенттердің заманауи таным-талғамын қанағаттандырып, жаңа өмірге жетелейді. Егер ұстаз шәкірт бойындағы туабіткен түрлі қасиеттерді дәл байқап, оның сапалық ерекшеліктеріне баға беріп, ары қарай өз бетінше дамыта түсуіне жағдай туғызып, дамытуы қажет болатын болса, бұл тұрғыда аталған бағдарлама көмекке келері сөзсіз. Бұл үшін, әрине, ұстаздың өзі де өзгеруі, яғни дәстүрлі оқытудың таптаулы сүрлеуінен арылып, оқытудың жаңа мазмұнын жасауға бетбұрыс жасағаны жөн. Негізгі зерттеушілік идеялары сындарлы оқыту теориясына негізделгендіктен шәкірттің пәнді терең түсіну қабілетін дамыта отырып, алған білімін сыныптан тыс жерде кез келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз етеді.
Жаңаша әдіс-тәсілдер арқылы шәкірттерге білім, білік, дағды беріп қана қоймай, олардың ақыл-ойы мен қабілетінің дамуына көңіл бөліп, «оқи алуға үйрету керек» деген қағиданы есте ұстаған абзал. «Қазіргі заманда жастарға ақпараттық технологиялармен байланысты әлемдік стандартқа сай мүдделі жаңа білім беру өте қажет» деп Елбасымыз айтқандай, бұл бағдарламаның мақсаты – қалай оқу керектігін білетін, тә-
уелсіз, дербес, өзін-өзі ынталандыратын, бастамашыл, өзіне міндет ала білетін және жауапкершілікті түсініп мойындайтын, сын тұрғысынан ойлана алатын, үш тілде еркін тілдесе алатын шәкірттерді қалыптастыру. Осы курста меңгерген әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы оқытушының оқыту кезінде билік жүргізу әдісінен арылатынына, жай ғана бақылаушы және бағдарлаушы кейпіне көшетініне өз тәжірибем арқылы көз жеткіздім. Оқыту үрдісі кезінде сабақтағы басты тұлға – білім беретін мұғалім емес, осы білімді қызыға қабылдауға дайын студент болды.Жаңаша әдіс-тәсілдер шәкірттердің білімге деген ынтасын күшейтіп, дербестігі мен белсенділігін дамытуға ықпал етті. Ежелгі грек материалисі, философ Демокриттің «Еңбек үздіксіз үйренгендіктің арқасында жеңілдей түседі» деген сөзінің шынайылығын аңғару қиынға соқпады.
Кез келген педагог – шешен сөйлеуге міндетті. Ұстаздың басты қаруы – білім болса, оны шәкірттерге тиімді әдіс-тәсілдер арқылы жеткізетін фактор – көркем сөз. Ойы көркемнің – сөзі көркем. Әдебиет сабағында оқытудың ең маңызды аспектісі – шәкіртті сөйлету. Ал оған диалогтық оқыту модулімен қатар тағы басқа түрлі стратегиялар арқылы қол жеткізуге болады.Мерсердің сөзімен айтар болсақ, диалогтік оқыту – шәкірттердің қызығушылығын арттырумен қатар, олардың білім деңгейінің өсуіне үлес қоспақ. Интерактивті қарым-қатынас пен достарымен бірігіп жүргізілген жұмыс балалардың танымдық дамуына айрықша әсер етеді.Тек жұмыс жасауға тиімді әдістерді таңдай білу керек. Осы курсқа келгенге дейін де мен үшін мамандыққа сәйкес студентті сөйлету маңызды болып табылатын. Әйтсе де, осы бағдарлама кезінде алған теориялық білімімнің нәтижесінде өзіммен бірге студенттерімнің де белсенділігі артты. Сөздік қоры кемшін, сөйлеуге шорқақ студенттерім өз ойларын ашық жеткізуге, топпен бөлісуге ұмтылды. Бұл – диалогтық оқыту модулінің жетістігі. Жаңа тақырыпты өткенде диалогтік әдіс-тәсілдерді қолдану барысында оқытушының қолдауы қажет дейтін болсақ, Выготскийдің пікірінше, бұл қолдау қарым-қатынасты қамтиды және оқытудың негізгі құралы болып есептеледі. Расында, диалогтік сұхбат шәкірттерімнің өз ойларын анық білдіріп, дамытуына және кеңейтуіне мүмкіндік береді.
Шәкіртті ойлай алуға, іс-әрекетті өз санасынан өткізуге мүмкіндік бере отырып, жаңа сабақты игерту – жаңа формация мұғаліміне тән ерекшеліктің бірі. Бақылау, тәжірибе, толғану және пайымдау нәтижесінде алынған ақпаратты ұғыну, бақылау, талдау және синтездеуде қолданылатын әдіс болып табылатындықтан, әрекет жасауға негіз, түрткі бола алады. Әдебиет сабақтарында көркем шығармаларға поэтикалық талдау жасау арқылы немесе тақырыпқа қатысты деректі және көркем фильмдер көрсете отырып та осы мақсатқа жетуге болады. Сын тұрғысынан ойлау көбінесе бір нәрсені елестетуге, баламалы шешімдерді қабылдауға, ойлау және іс-әрекеттің жаңа немесе түрлендірілген тәсілдерін енгізуге дайын болуды көздейтінін ескерсек, бұл шәкірттің түрлі әрекеттерге бейілділігі мен басқаларды сын тұрғысынан ойлауға баулуын да қалыптастырады. Тек пәндік білім беріп қоймай, оқушылардың жүйелі ой, оқу мен әдеби тілде сөйлеу сауаттылығын арттырып, айтылым, тыңдалым, оқылым дағдылары мен ғылыми білігін қалыптастыруда, сонымен қатар, шығармашылыққа баулуда бағдарламада сөз болар стратегиялардың ролі басым.
Сын тұрғысынан оқыту – ол ұстаздан күнделікті ізденуді талап етеді. Сонымен бірге, қай ресурстың, қай стратегияның миға шабуыл жасауға мүмкіндігі мол екендігі туралы ойланып, педагогикалық тұрғыдан дұрыс шешім қабылдап отыру үлкен шеберлік қажет. Студенттерді өмір сүруге икемді біліммен, қажетті дағдылармен және қасиеттерімен қаруландыру – біздің негізгі міндетіміз.
Төл инвестициялық стратегиясы жасалмақ біздің еліміз халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық экономикалық мүдделерді қорғап, ілгерілететін болады. Аталған келешектің ісін жүзеге асыратын бүгінгі мектеп, жоғары оқу орындарындағы шәкірттер. Оларға білім беретін – бүгінгі студент, ертеңгі ұстаз. Межелі міндет пен мұратты мақсат жолында салмақ саналы түрде мұғалімге түсіп, жауапкершілік те еселенбек. Елбасы «білім беру жүйесінің ролі өзгеруі тиіс» деген сөзді бүгін айтып отырған жоқ. Осы мақсатқа жету үшін елімізде білім беру ұйымдарының жаңа моделдері құрылғаны баршамызға мәлім. Осы тұрғыда 80 жылдық тарихы бар оңтүстіктегі білім қарашаңырағы – Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты жаңашылдықпен, жасампаздықпен жұмыс істеп келеді. Технологиялық, педагогикалық, мазмұндық білім шеңберінде шәкірттерге соны ізденіс, жаңа серпін, тың шабыт, креативті идея сыйлауды жүзеге асырып отырған оқу ордасы келешекте де ұлтқа, елге қызмет етер жан-жақты білімді, кәсіби шебер маман дайындауды мұрат тұтпақ. Ізденістің нәтижелі табысқа қол жеткізерін қайта құрылғаннан бергі қысқа мерзімде дәлелдеген институт ұжымы жоғарыда сөз болған бағдарлама аясында болашақ ұстаздарды даярлауда жемісті еңбек етуде.
Қарлығаш Сапарбаева,
филология ғылымының кандидаты,
Оңтүстік Қазақстан
мемлекеттік педагогикалық институты Қазақ және әлем әдебиеті кафедрасының меңгерушісі.