ЖЕТУ МЕН КЕТУ
02.04.2023
2704
0

Оң жағым – биік шың, сол жағым – терең құз, шыңырау. Екеуіне ортақ, бірақ екеуін бөліп тұрған ирелеңдеген жалғыз аяқ сүрлеу. Сол сүрлеумен жүріп келеді екенмін. Тауда тәкаппарлық, құзда қорқыныш жоқ. Тар соқпақта көлденең түсіп жатқан аң патшасы – арыстан үкілі құйрығын бұтына қысып, үнсіз жатыр. Марғау. Қорқыныш шақырмайды. Сұсты көзінде: «жол ұзақ, діт­теген жеріңе жетіп ал, менен үрікпе» дегендей мейірім шуағы бар. Мен де іштей бір қолдауды сезінгендей, асқақ басып жүріп келем. Қан базардың қақ ортасына кіріп, судай сіңіп, тастай батып кеткен сияқтымын… Бұл – түсім еді.
«Биік мансап биік жартас, қалықтай ұшып қыран да жетеді, жорғалай жүріп жылан да жетеді» деген екен Мұхтар ағамыз. «Мансапқа жету оңай, кету қиын, тауға шығу оңай, түсу қиын» деп еді-ау, Қасым ағам да маған жалғыз көзін қадап тұрып. Соны ойласам мен де мансапқа емес, мақсатқа оңай болмаса да лайықты жеткен екем.
Жылан сияқты бауырымды жыртып, қыран сияқты еркін қалықтамасам да, кәдімгі адамдарға тән екі аяғым – қос сүйенішім мен таянышымның арқасында, тік бағыт­та жүріп келемін. Бір қарасам, сол сүрлеумен қан базардан қайтып келемін-ау, деймін. Бұл да баяғы түсімнің жалғасы. Бұл жолы жалғыз емеспін, маңымда құлындай құлдырап, шапқылаған төрт-бес уақ балалар жүр. Балаларым ба, немерелерім бе, айыра алмадым, түсім ғой. Әйтеуір, маған жақын, қаны менікі сияқты. Балапандарын ерткен қоңыр қаздай қаздиып жол бастап келем. Сол жартас, сол шыңырау. Селт етпейді. Табанымның асты – тайғақ. Тайғақ та болса – айқын. Мамырлап жүріп келем. Алдымнан баяғы арыстанның сұлбасы сонадайдан көзге шалынды. Аяңдай басып өте бер, кете бер, жете бер дегендей, үнсіз сұлық. Шымқай сары түсі алтындай жалтылдап көзге ұрады. Ол да басын марғау көтеріп, мен жаққа қарап қойды. Жанарында жыртқышқа тән – ашу, ыза, сұстылықтың табы байқалмайды.
Солай бол тұра… Кілт тоқтадым. Бойымды ток жүріп өткендей, беймәлім бір үрей биледі. Ой-сананы сапырған: ұлылықтан – қараулық, әлсізден – мықтылық көрген, ызың-қызың, ырду-дырдудан – тыныштық іздеген, шиебөрідей жол торыған қарама-қайшылықтардан өз ойыма өзім сүрінген күндер көз алдымнан өт­ті. Мұндай абыройсыз мінез қайдан, қашан қонып жүр. Арыстан жүрек әлсіз соғады. Үмітсіз соғады.
Айбат шегіп, алқынып тұрған арыстан жоқ. Үркек жүрек әлденеден тауаны қайтқандай дірілдейді, тітіркенеді. Сенімсіздік пен қорқынышқа бой алдырған қиялым мені кері қайтарды. Кері қайт­тым. Құйтақандай балаларымның ойында түк жоқ. Қайда бағыт­тасам солай қарай тай-құлындай шабысып ала жөнеледі. Соңында мен келемін ілбіп. Денем дел-сал болғанымен, ойым тұнық. Тұнық ойым жүйрік. «Қартайған түйе ботасына ереді» дейді. «Болбыраған бөріні бұзау жалар» дейді. «Көш кері кетсе, ақсақ түйе жол бастайды» дейді.
Мейлі не десе, ол десін, қайтқаным рас қой. Өзіме-өзім сенімсіздік танытқаным рас қой….
Амалсыз ойпаңға түстім. Тау етегін жайлаған баяғы ел. Ойсыз, қамсыз. Дамып өсіп кетіпті. Саз балшықтан далитып-далитып үйлер салып тастапты. «Өлсем көрім кең болсын» деген қазақы пиғылдан айнымапты. Сапасын қайдам, саны өсіпті. Құрт­тай құжынап жүр. Бір данышпан айтқан екен «сапа саннан шығады» деп. Іләйім айтқаны келсін!
Шеткі үйдің есігін қағуға оқтала бергенде арғы жақтан ер адам мен әйелдің сұлбасы көрінді. Орта жастан асқан салқын бейнелі ер адамның үстінде шыт­тай жаңа костюм-шалбар. Бейне бірінші майдағы парадқа бара жатқан сияқты. Әйелінің кескіні де ерекше. Тұлғасы шойыннан құйғандай берік, бұлшық ет­тері бұрғышы жігіт­терді елестетеді, аяқ-қолы балғадай. Аялы көздерін кеңірек ашып, таңдана қарап тұрды. Онысына мән бермей, ер адамнан сұрауды жөн көрдім.
– Ағатай, менің жолым мына шыңдардың үстінде еді. Қай уақыт екені есімде жоқ, сол жолмен жерге түскен едім. Қайтайын десем жол үстінде арыстан жатыр. Одан қорыққанымнан кері қайт­тым. Енді баяғы бастау жолмен қалай қайтарымды білмей қалдым. Ақыл қосып, жол сілтей алмайсыз ба?
Бәрін біліп, сезіп тұрғандай мен келген аспантауға аспандай бір қарап алды да:
– Қарағым, біліп тұрмын. Келген жолың жол-ақ еді. Әлі де сол. Бірақ сен бері өткеніңде жас едің, өзің де сенімді едің. Үрей мен қорқыныш саған жат болатын. Енді, міне, өзің өткен жолмен кері қайтуға жүрексініп тұрсың. Өйткені өзің өмір сүрген жарты ғасырдан асқан уақыт­та заман да, қоғам да, адам да өзгерді. Ол өзгерістер сені де айналып өтпеген. Қиянат­ты да, әділетсіздікті де, аяусыздықты да көп көріпсің. Оның әсері түкті жүрегіңнің қылын қисайтқан сияқты. Үрей билеген жанның жанын сенімсіздік билейді. Сенім болмаған жерде күздің қалтырауық жапырақтарындай «әне үзілем, міне түсем» деп уақыт өткізесің. Әйтпесе, сол көлденең жатқан арыстан өз киең еді ғой. Бауырындағы алаңдары сенің мына кішкентай ұрпақтарыңның киесі болатын. Әт­тең, әт­тең! Бекер қайт­қансың жолыңнан.
Енді алғашқы бастау жолыңа сол шыңның табанымен бөктерлей жүріп жетерсің. Бұл жол қиындау. Балшығы мен шалшығы көп, базары мен мазары да жеткілікті, жол бойы азған-тозған адамдармен де сабақтас, тағдырлас боларсың. Жол-жөнекей көп кездесер қиямет-қайымнан аман өтсең ғана баяғы бастау жолыңның топырағын басарсың. Кеудеңде әуел баста Алла берген жалынның қоламтасы қалса, қайта тұтатарсың, кесек-кесек алтыныңның сынығы қалса алтын жіп етіп қайта жалғарсың, Құдай көпсінбеген, ырыс-несібеңнің малтасын таңдайыңа талғажу етіп ілгері жүре бер. Мақсатың – өзің ұзап кеткен мөлдір бастауға жету болса жүре бер, жүре бер. Жетерсің, жетпесең, қапталыңдағы көп базар мен мазардың бірінде қаларсың деді де әлгі адам уақ дөңгелекшелер мен үшбұрыш, төртбұрыштарға айналып, ауаға сіңіп кет­ті.
Әт­теген-ай, енді есіме түсті, бұл баяғы мен аспан әлемін аралағанда мені шақыртқан, маған аспан әлемінде қалуыма өтініш жасаған қара киімді, қара шляпалы, мені өз аппартаментінде қабылдаған қара кісі ғой. Оның тілегін қабыл алмағанымда қайтадан жерге оралуыма мүмкіндік жасап, өз кереуетіме сылқ еткізіп лақтыра салған да осы кісі еді ғой. Арада ширек ғасыр өткенде тағы да жолымнан кезікті. Бұл жолы ол жалғыз емес екен. Бәсе, артқы жағында тұрған әйелде жергіліктілік жоқ, бұлшық ет­терінен керемет күш иесі екендігі байқалып қалып еді. Тапқан екен ғой, серігін!
Сол кезде осы қара киімді, қара адаммен кезіккеннен кейін «Әйел жаны» деген фантастикалық әңгіме жазып ем. Енді, міне, тағы қаламға иек артып отырмын. Бұл мына бейдауа өмірдегі бейопа тұрмыстың есте қаларлық бір көрінісі болар.

«СӨЗЖҰМБАҚ»

Мен бұрын әлдекімдерді сыртынан ұнатпай, көңілім толмай ортайып жүретінмін. Дәл қазір өзімнен жеккөретін ешкім жоқ. Нағыз кержалқаумын. Қарын тоқ, киімнің неше атасы шифьонерде аузы мұрнынан шығады. Кітапханамда иінтіресіп, сыңсып тұрған кітаптардың бәрін оқып бітіргендей біріне қол созбаймын. Қалам-қағазға, бірдеңе түртуге, құдай сақтасын құлқым жоқ. Бір кездері біреулер мені «ақын» дейтін сияқты еді, дәл қазір оның маған тіпті де қатысы жоқ, әңірейген біреу сияқтымын. Ермегім – будкадан сатып алған орыстың «сөзжұмбағын» шешу.
Сөзжұмбақты шеше-шеше жалық­тым. Орысшасын шешетінім – қазақшасында ойланатын, ойландыратын дым жоқ. Базарда отыратындардың пәленбай жыл мектепте оқығандығы зая кетпесін, әріптердің сұлбасын ұмытып қалмасын деп әлдебіреудің құрастырғаны болар. Ал мен әжептеуір ойланып шешетін сөзжұмбақ қыздарыма пісте шаққандай. Соған қарап, әркім интеллектуалдығына орай таңдау жасайтын шығар деген байлам жасап қойдым.
– Мама, уақыт­ты босқа шығындамай пайдалы нәрсемен айналыспайсың ба? – дейді қызым, менің босқа бас қатырып отырғаныма қарап. Мен емес, ол маған ақыл айтады. Демек, уақыт­тың озғаны, менің тозғаным. «Қартайған түйе ботасына ереді» осыдан шықса керек.
– Өзің не оқып отырсың?
– Мария Донцованы.
– Ол кім? Классик пе?
– Жоқ, детектив жанрдағы жазушы. Оқиғасы да, тілі де қарабайыр. Бірақ оқырманын баурап алады. Асүйде айтылатын әңгіме сияқты адамды шаршатпайды. Уақыт өлтіруге жақсы.
– Онда оның несін оқисың? Одан да классиктерді оқымайсың ба?
– Классиктерің уақытша «отпускіге» кеткен.
– Қалай?
– Қазіргі қоғам зиялылықты қажет етпейді. Абай атамыз айтқан ақыл, ой, терең білім, әсіресе қанағатың мен рахымың нарыққа қызмет ете алмайды.
– Сонда қоғам кімге қызмет етеді?
– Қалталыларға.
– Қалталыларды зиялы емес деп ойлайсың ба?
– Бүгінгі қалталыларды солай… Сіздер өмір сүрген кезең – Кеңес Одағы – барлық азамат­тарды тең құқылы, тең дәулет­ті, бірдей ойлайтын, бірдей тамақ ішетін етіп тәрбиелемеді ме? Ендеше, сол «бірдейлердің аз уақыт ішінде бірі бай, бірі кедей топқа бөлініп, аражігі ашылуына не себеп деп ойлайсыз? Демек бірі «жекешелену науқанында» молынан қарпып қалды де, екінші жағы биліктегілердің өз пайдасына шешілетін етіп жасалған заң-жобаларына ілесе алмай тұлдырсыз қалды. Қарапайым халық түсінген, ілескен күйде де оларға түк тимесі белгілі еді.
Себебі қара халық нарықтық экономиканың қарапайым әліппесін білмейтін. Оларға насихат жүргізіп, түсіндіру – билікте отырғандарға қажет болмады. Түсіндірген жағдайға өздеріне бәсекелес, бөліске салатын ортақ ауыз тууы мүмкін екендігін, түсініп қолға ілінетіннің бәрін өз меншіктеріне заңдастырып алды. Бұл кезең – Сыбайлас жемқорлықтың өмірге іңгәлап келген күні болды. Қазір сол «сыбайластарыңыз» гүлденіп, жемісін молынан бере бастады.
– Сонымен?
– Сонымен, сіз айтқан зиялылық – қалталыларда қайдан болсын? Өзгенің үлесінің нәтижесінде байыған, жарлының лашығын ысырып тастап, орнына храмдар салып, зауыт-фабриктерді түйені түгімен жұтқандай, қылғытып жіберіп, пайда үстіне пайда тапса, ақша – ақша туса дегеннен басқаны ойламайтын, кедейлердің көз жасына кепкен балықтай қарайтын қалталыларда – рақым, қанағат бар деп ойлайсың ба? Ондайларды зиялылар қатарынан қалай көрмексіз?
– Дұрыс екен балам. Классик жазушы­ларды оқитын адам селдірепті. «Кедей – байға жетсем, бай құдайға жетсем» дейтін ақша үшін күрес қоғамында сенің жазған-сызғаның кімге керек? Не үшін қалам-қағазға жоламай кеткендігім – ішкі үніме құлақ асқандығым екенін енді түсіндім. Бәсе деймін-ау, кім үшін, не үшін жазамын? Оқырманы жоқ меңіреу қоғам үшін бе? Қане, қайда «сөзжұмбақтың» жаңа саны? Шешіп тастайын!

Ханбибі ЕСЕНҚАРАҚЫЗЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір