«Отырардың» аты әлемге қайта танылатын күн алыс емес
14.04.2017
2326
0

Күлия Айдарбекова,
Оңтүстік Қазақстан облыстық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры


– Күлия Смайылханқызы, Шым­кент­тегі жаңа әкімшілік-іскерлік орталықта, көздің жауын алатындай әсем, үлкен ғимаратта орналасқан кітап­хананың ел игілігіне берілгеніне үш жылдай уақыт болды. Осы уақыт ішінде кітапхана жұмысы реттеліп, бір жүйеге келген шығар. Кітап қоры да ұлғайған болар?
– Әлемге әйгілі болған  атақты «Отырар» деп аталатын  кітапхана­ның ашылуы облыс тұрғындары үшін керемет жаңалық болғаны рас. Үш жылдың ішінде кітапхананың жұмысы жандана түскенін байқауға болады. Ең бастысы, түгендеу жұ­мыс­тарын аяқтадық. Биылға дейін кітапхана қоры 31 мың деп айтылып жүрген еді. Қайта түгендеу жұмыс­та­рының арқасында кітап санының одан он есе көп екенін анықтадық. Қазіргі таңда «Отырарда» 374 мың 600 дана кітап бар. Оның 3360-ы сирек кездесетін кітаптар болған­дық­тан «Сирек кездесетін кітаптар қорын» аштық. Кітапханаға жылына бюджеттен кітап сатып алуға
5 миллион теңге қаражат бөлінеді. Ол ақшаға қанша кітап сатып алуға болады? Өздеріңіз білесіздер, қазір кітап қымбат. Біреуінің өзі кем дегенде үш мың теңге тұрады. Әрине, біз олай кітап қорын толықтыра алмаймыз. Сол себепті қорды арттыру мақсатында көптеген іс-шараларды ұйымдастырып жатырмыз. Мәселен, «Кітапханаға кітап сыйла»  акциясы әлі де жүріп жатыр. Өңірдегі зиялы қауым өкілдері, ақсақалдар, жеке азаматтар бізге өз кітаптарын сыйлап жатқан жағдайы бар. Былтыр Тәуелсіздіктің 25 жыл­ды­ғы мерекесіне орай әр аудан «Оты­рардың» қорын кітаппен  толық­тырған болатын. Биыл да бұл үрдісті жалғастыру мақсатында «Кітаптар керуені» шарасын өткізу­деміз. Бүгінге дейін Арыс, Кентау қалалары және Бәйдібек, Қазығұрт аудандары акцияға қатысты. Яғни әр ауданның, қаланың  кітапхана­шы­лары, зиялы қауым өкілдері кітап­ханаға  жиналып өз өлкелері­нің тарихын, өнерін, мәдениетін  дәріп­тей­тін кітап сыйлап кетіп жатыр. Атал­ған тың жобалардың қай-қайсы­сы болмасын  облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қолдауы­мен жүзеге асып отыр. Осы секілді жаңашыл жобаларымыз көп.
– Ғаламтор, электронды кітаптар дамыған қазіргі заманда кітапханаға бас сұғатын жастар да сирей түскен­дей. Жалпы, «Отырардың» оқырман­да­ры кімдер?
– Ақпараттық ғасырдың кітап­ха­на ісіне әсер еткенін рас. Алайда, бұл жастардың кітап оқуға қызығу­шы­лығы мүлдем төмендеп кетті деген сөз емес. Өткен жылдарға қара­ғанда оқырмандарымыздың са­ны артып келеді. «Отырар» кітап­ханасы ұжымының басты мақсаты – келушілерге жақсы жағдай жасау, сұраныстарын қанағаттандыру. Оқырмандарға оңай болу үшін әр тақырыпқа байланысты кітаптарды топтастырып қойдық. Мәселен, ЭКСПО-ға, облыстың 85 жылды­ғы­на, рәміздерге  байланысты кі­тап, материалдарды фойеге қойдық. Ел­басына арналған залда 600-ге жуық кітаптар жинақталған. Сон­дай-ақ, облыстан шыққан танымал тұлғаларға арналған бұрыштар жа­садық. Онда тұлғалардың еңбектері, қолжазба, қолданған заттары, ол туралы естеліктер қойылған. Және де белгілі жазушы Еркінбек Тұры­совтың музей кабинеті бар. Жазу­шы­ның кітаптары қойылған кабинетте Еркінбек ағаның өзі де келіп жұмыс істейді. Жастардың кез келген уақытта онымен жүздесіп, сырласуға мүмкіндіктері бар. Жет­кіншектерді кітап оқуға баулу үшін «Сүйікті кітаппен селфи» байқауын өткіздік. Әркім өзінің Фейсбуктағы  парақшасына «мынау менің сүйікті кітабым», «бұл отбасымызбен  бері­ліп оқитын кітап» деген жазумен сурет­терін жариялап жатты. Наурыз айында тағы бір оқырма­ны­мыз­ды марапаттадық. Ол бір жылда 120 кітап оқыпты. Мамандарымыз оның әр оқыған кітап­та­рынан сұ­рақ­тар қойып, шығарманы қан­ша­лықты түсініп оқығандығын тек­сер­ді. Міне, осы секілді «кітапқұмар» жастар өңірімізде жеткілікті. Қызмет­керлеріміз де қарап жатқан жоқ. «Мега Шымкент», «Шымкент плаза» секілді жастар көп жүретін сауда орталықтарына барып кітап көрмесін өткізіп тұрамыз. Кітап­ха­наға оқырмандарды, әсіресе, жас­тарды тартуда аянып қалып жатқан жоқпыз. Биыл 11 сынып оқушы­лары  арасында эссе жазу байқауы өтпек. Кітапхана ұжымы «оқу­шы­лар­ға нендей көмек бере аламыз?» деген мәселені ойлана келе, қалалық білім бөліміне мынадай ұсыныс жасадық. Эссеге 100  тақырып беріл­ген. Сол жүз тақырыпқа біздер қажет­ті деген материалдарды жи­нақ­тап,  электронды нұсқаларын да жасатып қойдық. Тіпті, эссенің жазу үлгісін де қостық. Байқауға қатысушы жастар әр тақырыпты әр кітапханадан іздеп әуре болмайды, әрі іздеп уақыт жоғалтпайды. Бірден  осында келіп қажетті материалдарды игілігіне қолдана алады.
– Әдетте кітапхана әлемінде  балаларға  көп көңіл бөліне бермейді. Білуімше, мұнда балаларға арналған «Ақерке» оқу орталығы бар. Орта­лық­тың жұмысы туралы баяндай кетсеңіз?
– Дәл солай. Әдетте кітапханаға жоғары сыныптың оқушылары, студенттер көп келеді. Ал балалар тыс қалып жатады. Кітапқұмар­лыққа жастарды бала күнінен үйрету керек емес пе? Неге біздің кішкентай бүлдіршіндер кітапхана оқырмандары атанбасқа? Осы сұрақтар мазалаған соң «Ақерке» оқу орталығын аштық. Қазір үш-төрт жастағы оқырмандарымыз  бар. Жасыратыны жоқ, ата-аналар­дың көбісі жұмысбасты. Және де ата-әжесінің қолында тәрбиеленіп жатқан балалар сирек. Ал мұнда ата-аналар балаларын уайымсыз тастап кетулеріне болады. Кішкен­тай оқырмандарға мұнда кітапхана­шылар ертегі оқып береді. Балалар­дың сурет салып, аз уақыт ком­­пью­терде ойын ойнауға жағдай жасалған. Шаршаса демалып алатын орын да қарастырдық. Ара-тұра шағын кинозалымызда «Қазақ­­-
фи­льмнің», «Оңтүстікфильмнің» мульт­фильмдерін тамашалатамыз. Алдағы уақытта зейнетке шыққан мұғалім, журналистермен кездесу ұйымдастыруды жоспарлап жүрміз. Көргені көп қариялар балалармен жүздесіп, оларға ертегі айтып, ақыл-кеңестерін берсе қандай ға­жап! Тәрбиенің нағыз қайнар көзі сол қариялармыз емес пе?!
– Кезінде кітапханашылар  абыройы бар, сұранысы жоғары мамандар еді. Бүгінде кітапханашы маман­дығы ешкімді қызықтырмайтын секілді? Неліктен?
– Рас айтасыз. Кезінде кітапхана ісі мамандығын бітірген түлектер үлкен сұраныста болды. Тәжірибелі, білімді кітапханашылар өте жоғары бағаланатын. Ал бүгінде бұл маман­дыққа дәрігердің, не экономистің оқуына түсе алмай қалған талапкерлер ғана амалдың жоқтығынан түсіп жатады. Осыдан келіп деңгейі төмен мамандар пайда болады. Бүгінде кітапхана ісі саласында кәсіби кітапханашылар  жетіспейді. Бұл республика көлеміндегі проб­лема. Көбінесе кітапханаға тарихшылар,  филологтар, не бастауыш сыныптың мұғалімдері жұмысқа орналасып жатады. Бүгінде кітап­ханашылардың біліктілігін арттыруды қолға алдық. Алматыдағы Ұлттық кітапханамен өзара келісім-шартқа тұрғанбыз. Біздің мамандар сонда барып 10 күн білімін жетілді­ріп келе алады. Одан бөлек, өзімізде ай сайын кітапхашылар арасында кәсіби сабақтар өткіземіз. Қызмет­кер­леріме әрдайым ізденіс үстінде жүру керектігін үнемі айтып отырамын. Негізінде  кітапханада тек  кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек. Бұл саланың да өз қиындығы жетерлік. Кітап көтеру, қағаздардың шаңын жұту оңай емес. Алайда кітапхананы, кітапты сүйетін адам­ға бұл қиындық болмаса керек. Біз­де кітапхана тек әйелдердің жұ­мысы деген көзқарас қалыптасып қалған. Ал сіздер Түркия, Ресейдің кітапханаларында жігіттердің де жұмыс істейтінін білесіздер ме? Сондықтан құрметті ер-азаматтар  кітапханаға жұмыс істеуге қысыл­май келулеріңізге болады.
– Атақты Александрия кітап­ха­насынан кейінгі әлемге әйгілі, ежелгі  «Отырардың» бүкіл түркі әлемінде теңдесі жоқ кітапхана болғаны тарихтан белгілі. Жаңа ғасырда қайта жаңғырған бүгінгі «Отырардың» Ор­та Азия, тіпті, әлемге танылуға мүм­кіндігі бар ма?
– Әлемдік деңгейге шығуға біз­дің мүмкіндігіміз  бар. Шетелдік әріп­тестермен байланыс орнату мақсатында Түркиядағы «Сулеймания», атақты «Александрия» кітап­ханаларына хат жолдаған болатынбыз. Біраз кедергілердің шығып тұрғаны да рас. Бірінші кезекте біз материалдық-техникалық базамызды жаңартып, жаңа бағдарла­малар­мен жұмыс істеуіміз керек. Цифрлық кітаптарды ұлғайту шарт. Сондай-ақ, жеке баспаханамыз болса нұр үстіне нұр болар еді. Атал­ған жобаларға жеткілікті қар­жы бөлінсе «Отырардың» аты әлемге танылар еді. «Жыламаған балаға емшек жоқ» демей ме? Келер жылы баспахана ашуға бюджеттен қаржы сұрап  қолқалап отырмыз. Жақында ғана Астана қаласынан іссапардан оралдым. Елордада үлкен кітап көрмесі өткен болатын. Іссапар барысында Алматы, сондай-ақ,  өзге де қалалардың кітапхана­лары қалай жұмыс істеп жатыр, жалпы кітапхана ісінде нендей жаңашы­л­дықтар болып жатыр деген сұ­рақ­тарға жауап іздеп келдім. Бір байқағаным, біз жас болсақ та неше жылдық тарихы бар Ұлттық кітап­хана секілді ірі мекемелермен қатар дамып келе жатырмыз. Кейбір мә­селе жағынан озып та тұрған жа­йымыз бар. Жалпы, облыстағы бірегей ғылыми кітапхананың бо­ла­шағы зор деп білемін.

Әңгімелескен
Айнұр Оңғарбай.  

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір