Абдулжан Азнибақиев. Абай – әлемге ортақ данышпан
29.10.2021
1984
0

Өткен жылы  қазақ халқының асыл перзенті – ақын, философ, ғұлама Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде іс-шаралар өткізілді. Хакім әлеміне бойлатар харекеттер мұнымен толастамайды, Абай мұрасы – таусылмас қазына. Сондықтан Абай шығармаларын оқу, зерттеу, насихаттау – мәңгілік борышымыз.

Жалпы, Абай – әлемге ортақ данышпан. Сол  үшін де болу керек, шетел  халықтары да Абайдың бай   шығармашылық қорына қызығады.

Осы ретте Мұхтар Әуезовтің Абай атамыздың өмір жолы мен  шығармашылығына арналған роман-эпопеясының, Абай Құнанбайұлы поэмалары мен өлеңдерінің, қарасөздерінің ұйғыр тіліне аударылуы туралы айтқым келіп тұр. Абай поэзиясынан алынған «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» тақырыбында ұйғырдың жас қаламгерлері арасында өткен шығармашылық эстафетаның маңыздылығы жайында да сөз қозғап өтсем деймін.   

«Абай жолы» романы мен Абай шығармалары ұйғыр тіліне қашан аударылған, кімдер аударған? Ақын туындылары турасындағы  аудармашылардың, ғалымдардың пікірі қандай болған? Міне, осы сұрақтарға жауап табу үшін өткен жылы біраз ізденген едім. Осы ізденістерім негізінде жазылған мақалам ұйғыр тілінде шығатын «Азия – бүгін» газетінде жарық көрді.

Бұрынырақта  Абай атамыздың шығармаларын мектепте оқулықтардан, газет-журналдардан ғана оқып, танысқан болсақ, кейін келе  Абай мирасымен толықтай танысуға болатын кітаптарды тауып алдық. Кейіннен ана тілімізде шығатын республикалық «Ұйғыр авази», «Азия – бүгін» газеттерінде кемеңгер шығармаларынан  үзінділерді жиі жарияладық.

Жазушы Мұхтар Әуезов  Абай туралы алғашында екі кітап  жазып шыққанын білеміз. «Абай жолы» романының алғашқы екі кітабын  ұйғыр тіліне 1960 жылы белгілі сатирик-жазушы Ниғмет Мансуров пен Изим Ниғметов аударған. Ол кітаптар қазір сирек кездеседі. Мысалы, мен аталған кітаптармен Қазақстанға еңбек сіңірген жазушы-драматург, «Алаш» сыйлығының иегері Ахметжан Ашири ағамыздан көріп, танысқан едім. Қазақ тілін жетік меңгерген марқұм қаламгерлердің орасан зор еңбегі ұйғыр оқырмандары үшін сарқылмас рухани  азық болды. Кітаптың шыққан жылын ескерсек, одан бері 60 жыл өтіпті.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Өмірхан Әбдиманұлы шығарманың ұйғыр тіліне аударылған нұсқасы мен қазақтың төл тіліндегі нұсқасын қатар оқып,  мынандай ой түйеді: «М.Әуезовтің шығармашылық мұрасын қазақ әдебиеті көлемінде ғана емес, әлемдік әдебиеттің дамуы арнасында сирек, дара құбылыс ретінде бағалауға болатынына  көз жеткіздік. М.Әуезов жаңашылдығы – тар ая, шектеулі шеңбердегі құбылыс емес, бергісі, шығыс халықтары әдебиеті, арғысы, әлемдік әдебиет көлеміндегі жаңашылдық. Ұлы суреткердің шығармашылық танымының мұншалық қуаттылығы оның өзіне үлгі тұтқан дәстүрінің өміршеңдік қасиетімен үндес. Өз туған халқының және Шығыс халықтарының ғасырлар бойғы көркемдік ойларын жаңа шығармашылық әдіс тұрғысынан жете саралап, әрі зерттеушілік, әрі суреткерлік зердемен игерген жазушы – заманымыздың озық білгірі. Шығыс пен Батыс, Азия мен Еуропа әдебиеттерінің классикалық дәстүрінен үйрену, оны ұлттық және жалпыадамзаттық дүниетаным негізінде ойшылдықпен еркін меңгеру нәтижесінде ғана ол «Абай жолы» секілді әлемді таңғалдырған ұлы мұра қалдыра алды». Мен осы сөзді ескере келе Абайды дүниеге танытқан Мұхтар болса, Мұхтарды дүниеге танытқан Абай деп есептеймін.

 Абайдың шығармаларын аудару ісін алғаш болып ХХ ғасырдың басында өмір сүрген ақын және драматург Исмайыл Саттаров қолға алған. Бұл туралы әдебиеттанушы ғалым Махмұт Абдурахманов өзінің «Түгүнләр» атты әдеби-публицистикалық мақалалар жинағында жазған. «Ескендір», «Масғұт» және «Әзімнің әңгімесі» атты үш поэмасы мен 110 өлеңі  ұйғыр тілінде 1987 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрді. Шығармаларды ұйғырдың белгілі ақындары – марқұм Һезим Бәхниязов, Долқун Ясенов, Махмут Абдурахманов, Савутжан Мәмәтқулов, Илахун Һошуров, Абдумежит Дөләтов және бүгін арамызда жүрген ақсақал ақын  Илахун Жәлилов аударған. Бұл кітап ауылымыздағы мектепте көп жылдар бойы қызмет еткен марқұм ұстаз Нур атамыздың үйінен табылды. Қазір ол кітапты қызы, әріптесім Гульмира Масимова апай көзінің қарашығындай сақтап келеді.

Абай атамыздың ұйғыр тіліне тәржімаланған мұрасын іздестіру барысында  ұлы данышпанның ғақлиялы қара  сөздерін де назардан  тыс қалдырмадым. Нәтижесінде ақынның қарасөздері қаламгер досым Молутжан Тохтахуновтың кітапханасынан табылды.

Абай Құнанбайұлының 45 қара сөзі ұлттық әдебиетіміздің тағы бір талантты ақыны, марқұм Абдукерим Ғәниевтің тәржімалауымен ұйғырша тіл қатқан.  Бұл еңбек 2000 жылы ұлы дала философының туғанына 150 жыл толуына орай жарық көрді.

Абайдың қарасөздері туралы Қазақстан Ғылым Академиясы, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, профессор Әлімжан Тілеуалды-Һамраев былай дейді: «Ұйғыр ақындары Хирқити мен Зәлили: «Махаббат –  Алланың адамзатқа тарту еткен теңдессіз сыйлығы» деп таныған. Даналардың ойынша, оның жеке мағынасы – «Хақ» махаббаттан туындайтын тазалық. Белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов Абай туындыларына сүйене отырып, тілге тек  болып отырған ұғымды «Толық адам» ілімі деп атаған. Абайдың қара сөздері  – «Хақты» танудағы бірден-бір айқын мысал. Бұл – шығыстық мұсылман дәстүріне тікелей барып тірелетін ерекшелік. Абайдың «Хақты» тану ілімі ислами кемелділікке жету жолымен ұштасып, бірлесіп кеткен. Абай «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде онан басқа», – деп ой түйді. Жүректі пәк, таза қалпында ұстап отыруға үндеді. Бұл сенім бойынша, адам өзінің таза жүрегіне өшпенділік ұрығын егуге мүлде болмайды. Демек, батыстықтар ойлағандай: Алла махаббат пен қарғысты қатар жаратқан жоқ. «Құран Кәрімнің» тағы бір аятындағы аманатта Алланың бұл ғаламды көркемдікпен жаратқаны айтылады. Абайдың көзқарасы бойынша, адамзат пен мына дүние махаббатпен көмкерілсе, онда адамға ғашықтық пен сүюден басқа жол жоқ, онсыз өмірде мән жоқ. Бұл – адамды хайуаннан ажыратып тұратын таза рухани сипат».

Абайдың мол мұрасы ұйғырдың жас қаламгерлерінің шығармашылығына да зор ықпал етті. Мысалы, өткен жылдар ішінде ойшыл-ақынның «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» атты поэзиясына сабақтас ұйғыр тілінде өлеңдер жазылды. Хакім жырларымен үйлесімді ойда Вильям Молотов, Дильфуза Розиева қалам тербеп, туындыларын ана тілімізде жарық көретін БАҚ  беттерінде жария етті. Бұл қатарда мен де бармын.  Демек, өлең құдіретінің тереңіне үңілген атамыздың ғұмыр жолын, поэзия мінберін  жастардың да  жақсы түсінгені байқалады. Абай хакім:

«Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,
Жоқ-барды, ертегіні термек үшін.
Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,

Көңілінің көзі ашық, сергек үшін», – деп жастарға мотивация берсе, жас ақын В.Молотов Абай атамыздың ақылынан медет алады. Сол арқылы талантын әдебиетте сынап көріп, өз халқына қызмет етуді мақсат етеді.

«Язмидим шеирни әрмәк үчүн,

Шөһрәттин йә кәйпә сүрмәк үчүн.

Язимән иҗатниң қайнимида,

Күчүмни бир синап көрмәк үчүн».

(Аудармасы:

«Жазбадым өлеңді ермек үшін,

Абыройдан ләззат  ап сүрмек үшін.

Жазамын өнердің мухитында,

Күшімді бір сынап көрмек үшін».)

***

Үшіншіден, Абайдың шығармаларын ұйғыр халқы жоғары бағалайтыны жайында өткен жылы Республикалық ұйғыр этно-мәдени орталығының ұйымдастыруымен «Қазақ және ұйғыр ғылыми және әдеби байланыстарының заманауи аспекттері» тақырыбында өткен онлайн-семинарда анық айтылды. Ұйғыр этно-мәдени орталығының төрағасы Шаһимәрдан Нурумов, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, республикалық «Ұйғыр авази» қоғамдық-саяси газетінің  бас редакторы  Ершат Әсмәтов, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының  бас ғылыми қызметкері, филология пәндерінің докторы Гүлжахан Орда, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дәулетбек Байтұрсынұлы қатысқан семинарда Абай шығармашылығының өміршеңдігі, «Толық адам» тұжырымының мәні жайында сөз қозғап, қазіргі қоғамда Абай мұрасын кеңінен насихаттау, ондағы негізгі ойларға жүгіне отырып оны тереңнен тану, басты мәселе ұрпақтың жүрегіне Абайдың өсиетін сіңірудің маңыздылығын айтып өтті.

…Абай және оның мұрасына мен бала кезімнен-ақ қызығатын едім. Ақындықтың дара жолына түскеніме, ұстаздық кәсіпті таңдағаныма Абай сияқты ұлылардың шығармашылығы өз септігін тигізген. Сондықтан болса керек, мектепті тәмамдағаннан кейін Алматыда Абай атындағы Қазақ Ұлттық Мемлекеттік университетінде білімімді шыңдап, ұстаздық қызметімді атқарып келемін.

…Солай, Абай атамыздың шығармаларының маңыздылығы зор, әрі кемеңгердің әр туындысы  – әлемге ортақ мұра!

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір