Наурыз тойы тойланды
Қазақтың Жамбыл атындағы мемлекеттік филармониясы Ұлыстың ұлы күнін атап өтті. Филармония директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы «Армысың, әз Наурыз!» шарасына келген барлық өнер ұжымдары мен қоғам және мәдениет қайраткерлерін Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, филармонияның биылғы тың жоспарларымен бөлісіп, шараға арнайы шақырылған қонақтарды көпшілікке таныстырды.
Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрғали Нүсіпжанов, қоғам қайраткері, Республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшанов, ҰҚК генералы, спортшы-рекордшы И.И.Иванов, филармонияның бұрынғы директоры Мәулен Дәуітбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Дариға Тілендікеліні секілді құрметті қонақтар сөз алып, бір ай бойы тойланатын Наурыз мерекесінің қазақ дүниетанымындағы орны мен маңызына ерекше тоқталып, еліміз үшін биылғы жылдың бақ пен берекеге толы болуына, өнер және мәдениет қайраткерлерінің шығармашылық әлеуетінің арта беруіне тілектестіктерін білдірді.
Филармонияның концерттік шарасында Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі домбырашылары, Мақпал Тоқтағанова, Біржан Бәзілжанов сынды әншілер, Б.Байқадамов атындағы Мемлекеттік хор капелласы жеке орындаушыларының орындауында концерттік бағдарлама көрсетілді.
Шара соңында шығармашылық ұжым мүшелері кір тасын көтеріп, арқан тартыс жарыстарына қатысты, филармонияда бірге қызмет етіп жатқан өнер ұжымдары дастарқан мәзірінен жарысқа түсті. Нәтижесінде, Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі – І орын, Мемлекеттік симфониялық оркестр – ІІ орын, Бақытжан Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласы – ІІІ орын иеленді. Жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталып, БАҚ өкілдеріне де құрмет көрсетілді.