Марапаттың шарапаты қандай?
14.04.2017
1375
0

Әдеби әлемнің өткеніне көз жүгіртсек, халыққа аты белгілі қазақ жазушыларының көпшілігі Алматыдан алыстағы ауылдарда жүріп  «Жұлдыз», «Жалын» секілді журналдар ұйымдастырған әдеби бәйгелерге шығармаларын жолдаған. Олардың үлкен қалаға батыл қадам басып, әдеби ортаның табалдырығын аттауға осы бәйгелерден оза шауып шыққаны себепкер десек, қателеспейтін болармыз. Шалғай ауылда жүріп бәйге алып, сол бәйгенің екпінімен Алматыға келген қаламгерлердің алдыңғы толқыны одан кейін де көптеген бәйгеден оза шауып, еткен еңбек пен төккен терге қарай көптеген медальдар мен сыйлықтарға ие болғаны белгілі.  Бәлкім, олар үшін жазушылық жолдағы барлық сыйлықтан үлкен қалаға келуіне себеп болған ең алғашқы марапат бағалы болар…
Тек қалам ұстаған қауым  ғана емес, кейінгі  жылдары қоғамның өзге саласындағы мамандар арасында да түрлі марапаттар мен сыйлықтарға, медальдар мен атаққа ұмтылу белең алып кетті.
Мұндай марапаттарды тек мемлекеттік органдар ғана емес, түрлі бейресми ұйымдар да тағайындайтын үрдіс пайда болды. Бұл үрдіс адамдардың марапатқа ие болуға деген ұмтылысын арттырды ма, әлде өз еңбегінің еленгенін көргісі келгені марапаттардың алуан түрінің пайда болуына әсер етті ме, бұл жағы әзірге бізге беймәлім. Бір анығы – адамдар  түрлі медальдар мен мақтау қағаздарына, сыйлықтар мен атаулы номинацияларға ие болуға қатты ұмтыла бастады. Біз қоғамда мұндай құбылыстың белең алуына не себеп болғанын және оның адамдарға берер пайдасы мен зиянын әлеуметтанушы, психолог мамандардан сұрап көрдік.


1. Адамдардың мемлекет тарапынан берілетін түрлі медальдар мен наградаларға, сыйлықтарға ие болуға деген ұмтылысын әлеуметтік, психологиялық тұрғыдан қалай талдауға болады?

2. Адамдар сол арқылы өзінің қоғамға ықпалын арттырғысы келе  ме, әлде сыйлық әр саладағы маманның өз ісінде үздік болуына мотивация бола ма?

3. Сыйлыққа ие болу арқылы өзіне деген сенімді күшейту мүмкін бе?


Әйгерім ЖАҚЫПБЕК,
Қазақ мемлекеттік қыздар
педагогикалық университетінің қызметкері,  әлеуметтанушы:

– Қазіргі кезде Қазақстанда қағазбастылық өршіп тұрғандықтан адамдар арасында  мақтау, марапаттау  қағаздарына, түрлі сертификаттарға ұмтылыс  айқын байқалады. Өйткені, жұмысқа тұру барысында яки қызметтік сатыда өрлеу барысында тиісті орындар адамның шынайы қарым-қабілетінен бұрын осындай қағаздарға, сертификат, медальдарға иек артады. Бұның пайдасы мен зияны қатар жүреді. Адамға мотивация болатын, яғни алға жетелейтін алғашқы нәрсе ақша десек,  кез келген адам жолақысы көп  жұмысқа тұрғысы келеді. Сол сияқты, өз жұмысының баға­лан­ғанын білу үшін адам сондай медальдарға, сыйлық, марапаттарға ұмтылады. Алайда, оның кері ықпалы бар, мәселен қазір адамдардың ұмтылысына қарай мұндай марапаттарды берудің саны артып тұр, ал сан артқан жерде сапа бола бермейді. Негізінде, кез келген марапат пен сыйлық, медаль, атақ-даңқ ең алдымен жұмыс сапасы­ның артуына қызмет етуі тиіс.


Индира ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы, Алматы облысы бойынша педагогтардың біліктілігін арттыру институтының оқытушысы, психолог:

1. Әрбір адам – жеке тұлға. Жеке тұлғаның өз уәжі, жеке пси­хо­-
ло­гиялық қасиеттері, яғни зейіні, қабылдауы, темпераменті әр түрлі деңгейде қалыптасады. Адам тұлғасы қоғам беретін мүм­кіндіктерге сәйкес дамиды,  қоғамға бейімделуі ішкі қажеттіліктер мен сыртқы талаптардан тұрады. Адамдардың өзіне деген сенімі артып, ішкі талабы жоғарылайды, түрлі жағдайлардың әсер етуіне қарай адам психологиясы әр түрлі өзгеріске түседі. Адам осыған жету  үшін қолдан келгеннің бәрін пайдаланады. Дүниетаным мен сенім айқын, сөз бен істің байланысы бар жер­де ғана мұрат бар. Осыған байланысты мақсатқа жету жолындағы түрткілер де өзгеріп отырады. Жеке адамды әрбір әрекетке итермелейтін негізгі қозғаушы күш – қажеттілік.  Демек, адамдардың бұл ұмтылысын қазіргі қоғамның қажеттілігі деп нақты айта аламыз.
2. Адамдардың түсінігі, мінезі, қабілеті әр түрлі болғандықтан бұл сұраққа біржақ­ты жауап беру мүмкін емес. Әрине, мемлекет тарапынан берілетін түрлі мара­паттауды қоғамға ықпал жасау үшін пайдаланғысы келетіндер жоқ емес. Адам өзі өмір сүріп отырған ортаның жемісі, сондықтан кез келген құбылыс оның  жан дүниесінде  із қалдырып,  белгілі бір  деңгейде әсер етеді.  Іскер маман ретінде алға жетелеуі, сенімділігін арттыруы әбден мүмкін.
3. Әрине, мүмкін. Жеке тұлға өмір сүріп отырған ортаның жемісі, сондықтан сый­лыққа ие болу оның  жан дүниесіне де игі әсер етеді. Адамда қызығушылық пай­да болады. Сенім мен дүниетаным қатарласып жүрсе ғана адам санасы нұрлана тү­седі. Психологиялық тұрғыдан бұл қасиеттер жеке тұлғаның құндылықтарының бірі деп ойлаймын.


Күлмаш ЕЛШІБАЕВА,
PhD докторы, профессор, психолог-кинезиолог:

– Жалпы, адамдардың  мемлекет тарапынан, я болмаса жұмыс беруші мен түрлі ұйымдар атынан берілетін түрлі медальдар мен наградаларға, сыйлықтарға ие болуға деген ұмтылысын психологиялық тұрғыда әр түрлі  қарастыруға болады. Алдымен еткен еңбегінің еленіп, қоғамның алдында өзін мойындатуға талпыныс деп қарастырсақ, келесіде сол марапаттар арқылы өз мәртебесінің жоғарылағанын сезінгісі келді деп те айтуға болады.
Марапатқа ие болу, жоғарғы жақтан бағалы сыйлықтар алу адамға   дем беріп, оның әрі қарай тұлғалық дамуына септігін тигізеді.


Айнұр АЛДАШЕВА,
Ланкастер Университетінің магистранты
(Ұлыбритания):

– Белгілі психолог Абрахам Маслоудың «Әрбірімізге айналамыздағы адамдардың құрметі де, өз-өзімізді сыйлау мүмкіндігі де қажет» деген. Егер сол Маслоудың қажеттілік пирамидасын қарасақ, адам өзін өзгелерге мойындатуы, құрметке ұмтылуы, айналасындағылардан қолдау іздеуі қалыпты дүние ретінде қарастырылады. Мұнда тұлғалардың екі типін бөліп көрсету керек: бірінші тип – адам өзін-өзі іштей сыйлау үшін, құрметтеу үшін жетістіктерге ұмтылады. Бұл жетістіктер өзін дамыту үшін үлкен мотивация. Мұндай өз-өзіне сенімді адамдар басқа кісілердің оларды мойындауына, беретін бағасына тәуелді емес. Екінші типтегі адамдар – өзгелердің бағасына, сынына тәуелді, сол үшін  олар сол марапаттарға лайық болмаса да, оған түрлі жолмен қол жеткізуге ұмтылады. Егер олар осы мойындату қажеттілігін қанағаттандыра алмаса, ол өзін төмен бағалауға, депрессияға әкелуі мүмкін. Бұл эмоциялық жетілмеу мен  кемелі толыспағандықтың белгісі.
Бізде медальдарға ұмтылу кеңес кезеңінен қалған дәстүр десек, артық болмас. Себебі, бұл үрдіс кеудесі орденге толы ардагерлерге немесе Социалистік Еңбек Ерлеріне көрсетілетін құрметпен бейсаналы түрде байланыстырылады. Алайда, соңғы кезде түрлі мерейтойға, тарихи оқиғаға байланысты таратылатын сансыз медальдар жоғарыда аталған құрметтің «құнсыздана» бастауына әкелгендей. Оған қоса, лайық адамдарды марапаттау да өзекті мәселе болып тұр.

Дайындаған Назым ДҮТБАЕВА.

ПІКІР ҚОСУ