Ойды өшпестей, өмірді өтпестей көрмейік
Адамзаттың санасын бүгін интернет жаулаған заман. Ойшылдықпен барлап, мәніне бойлаған уақыттарда халыққа ұшқыр ой, кең пайым, терең түсінік серік болып еді. Ал біздер өз санамызға жан-жақты қорек жинаудың орнына ойды өшпестей, өмірді өтпестей көреміз. «Ой да көп, уайым да көп – ойлай берсең, ой да жоқ, уайым да жоқ – ойнай берсеңді» айтқан қазақ қазіргі халімізді дөп басып тұрғандай көрінеді. Қолын тетікке тигізсе, керегі алдынан шыға келетін, жадысы жаттанды ұрпақтың ертеңін ойласақ, амалсыздан алдыңғы буын өкілдерінің көркем шығармаларды қолдан-қолға өткізе оқығаны, газет-журналдардың келесі санын асыға күтетіні еске түседі. Бүгінгілердің көкейінде бір әннің ызыңы жүрмесе, түбегейлі ой да жоқ. Сол «ызыңды» іздеп, филология ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің профессоры Кәкен Қамзин мырзаға хабарласқан едік.
Кәкен Қамзин,
филология ғылымының докторы
– Бұрын әлеуметтік мәселелерді шешуде халықтың арасынан шыққан терең ойлы шешендер мен қара қылды қақ жарған билердің орны ерекше болатын. Кез келген істе ел-жұрт сол кісілердің көмегіне жүгінетін. Алғаш кітап, газет шыға бастағанда халық арасындағы көзіқарақты азаматтар баспасөз беттеріне өз ойларын білдіріп, халыққа үн қосуға тырысты. Ал Кеңес Одағы тұсында газет, кітап халықтың рухани сеніміне айналып үлгергені есімізде. Бүгінгі компьютер, интернет арқылы жарияланып жатқан материалдар бүкіл халықтың мінез-құлқын, ниет-пиғылын білдіре алмайды. Халықтың рухани дамуына да әсері онша байқалмайды. Тек белгілі бір орта ғана болмаса, қазіргі газет-журналдардың оқырмандары да сиреп кетті. Осы мәселелер ұлттық ойшылдығымызды, ұлттық ойға бейімділігімізді әлсіретіп жатқан жоқ па? Жалпы, шығармашылық зерде қайда жатыр? Оны біз қалай табамыз?
– Арғы тегі поляк, орыс прозасының ірі өкілі, ғажап стилист Константин Паустовскийдің: «Раньше трава была зеленее и небо голубее. Почему все так изменилось и обесцветилось» дейтін бір сөзі есіме түсіп отыр. Сонан кейін жадымдағы «Мәскеу жазы» әңгімесінен бір мысал: «Снега распространяли чистый, острый запах. Так пахнет ветер, так пахнет лед, тающий во рту, так пахнет юность». Расында да солай, біздің жастық шағымызда, әкелеріміздің бозбала дәуренінде, аталарымыздың ат жалын тартып мінген кезінде бәрі керім, бәрі әдемірек сияқты еді. Айналамызға қараймыз да налимыз, торығамыз, ғалам неге бозамық тартқан, табиғаттың ежелгі ажары мен көркі қайда? Әлде жасы ұлғайған жан дүние қызығына әбден тойып, оны тап бала кезіндегідей қабылдай алмай ма, әлде әлеуметтік құбылыстарды тап бұрынғыдай тани алмай, адаса ма? Мына пәни жалғанның талай ащысы мен тұщысын татқан адам талғамнан да, сезімнен де айырыла ма? Әлде оның өзгеше сыры бар ма?
Бәрін айт та бірін айт дегендей, жаратылыс пен әлеуметтік құбылыс – біртұтас әлем. Өркениет прогресі де кейде адамды мезі қылады, шаршатады. Бізде жаратылыс болмысын зерттеумен шұғылданып жүрген мекемелердің саны жетерлік, ал әлеуметтік үдерістерге көңіл бөлер ғылыми-зерттеу орындарын емге таба алмайсыз. Мен Американың қоғамдық пікірді таразылайтын Гэллап институты сияқты халықаралық қауымдастық мойындайтын мекемені айтып отырмын. Тегі, қоғам қадамын, билік әрекетін, әлеумет жай-күйін сөз еткенде, әрқайсымыз осындай институттардың расшыл мәліметтеріне жүгінгеніміз жөн. Ал біз қазір сөз сөйлесек, тек эмпирикалық амалдарға ғана арқа сүйейміз.
Әрине, әр дәуірдің өзіне лайық қайраткерлерінің, сөз ұстар ағаларының орны бір бөлек. Өткен-кеткенімізді, арғы-бергімізді еске түсіре кетсек, заманына сәйкес естір құлақ та, түйсік те бар еді. Ұлттық тәлім-тәрбие, эстетикалық талғам мектебі, сана дәстүрі де болған. Бұл райлы да шырайлы санаттардың тамырына Ресей отаршылдығы да, кеңес тоталитаризмі де балта шаба алмаған. Қанымыз бен жанымызда сақталған бұндай хақ құпиясын ашуға олардың интеллектуалдық дәрмені, технологиялық күш-қуаты жетпеді.
Енді жайлап байқасам, осы алынбас қамалдың іргетасын ғаламдастыру машинасы, желілік қоғам жүйесі, өзіміздің жалаң еліктеушілігіміз үңги қазып жатқандай көрінеді маған. Бүгіндері қазақ жұртының тізгін қағушылары ақпараттандыру мен білімдарландыру ұғымдарын шатастырып алған сыңайлы. Соның салдарынан тарихи өзектілік бәсеңдеді, зиялы орта мен халық арасындағы арлы-берлі байланыс арнасы тарылды, пассионарлық рухтың оты сөнуге жақын. Бұның зардабын бүгін болмаса да күні ертең тартарымыз анық. Ұлттық санамен, көркемдік талғаммен, ассосиативті контентпен табыспаған бөгде ұрпақ өсіп келеді. Ұлы Абайдың: «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман, Шошимын кейінгі жас балалардан» дегені қазіргі кезеңнің шындығына дөп келеді-ау деп ойлаймын.
– Қазақ ойшылдығы дегенді қалай түсінуге болады? Оның өлшемі қандай?
– Ойшылды, кемеңгерді заманы, ортасы, алағай-бұлағай ситуация баптайды. Осыған орай данышпан әл-Фараби бабамыз қайырымды қаланы (мемлекетті) билеуге қол созған жанға қажетті туабітер он екі табиғи қасиетті атап көрсетеді. Бұл ереже философқа да, саяси қайраткерге де ортақ деп білемін:
«1. Өзіне тиісті іс-әрекеттерді лайықты атқару үшін адамның он екі мүшесінде еш мін болмау керек. 2.Айтушының нені меңзеп отырғанын ой елегінен өткізе отырып, айтылған сөздің түгелін жаратылысынан өте жақсы сіңіре де ұға алуы керек. 3. Зерделі де болжампаз ақыл иесі болуы керек, белгілі бір заттың болар-болмас қасиетін аңғара салысымен, сол қасиеттің нені білдіретінін лезде тап баса білуі қажет. 4. Сөзінің ажарлы болғаны абзал және ойындағысын толықтай айқын жеткізе алғаны жөн. 5. Оқу мен танымды қош көруі керек. 6. Асқа сұғанақтық танытпауы керек. 7. Шындық пен оны демеушілерді басына көтеруі, жалғандық пен оны әспеттеушілерден жиренуі керек. 8. Рухын асқақтатқаны, абыройды пір тұтқаны абзал: оның жаны жаратылысынан кез келген лас нәрседен биік тұрғаны және жаратылысынан өршіл істерге ұмтылғаны жөн. 9. Дирхем, динар және дүниеауи тіршіліктің басқа да жұрнақтарынан аулақ болу керек. 10. Жаратылысынан әділдікті және оны қолдаушыларды пір тұтуы керек, әділетсіздікті, қатыгез билікті және оған дем берушілерді жек көруі керек. 11. Өз жұртына да, өзгеге де әділ болу керек. Әділ болу керек, бірақ қиқар болмау керек, қыңырлық танытпау керек, әділдік алдына қасарыспау керек, бірақ кез келген әділетсіздік пен абыройсыздыққа қасқая қарсы тұру керек. 12. Қажетті деп есептеген нәрсені жүзеге асырарда табандылық танытқаны абзал және осы ретте жүректілік, қайраттылық көрсеткені, үрей мен жігерсіздікке жол бермегені жөн.
Бұның бәрін бір адамның басынан табу қиын, сондықтан жаратылыстың осындай сыйына ие болған жан сирек ұшырасады, халықтың аз-маз бөлігі ғана».
– Кезінде зиялылардың сөзі халыққа қалай әсер етіп еді? Ұлт белсенділерінің сөздері бүгінде ықылассыз тыңдалып, селқостықпен оқылады. Бұның себебі неде?
– Осыдан 25-26 жыл бұрын, мемлекеттігімізді, тәуелсіздігімізді қалпына келтірген заматта талай шешенді, талай көсемді тыңдадық, көрдік. Ел ағалары ұлттың сөзін сөйледі, мұңын мұңдады, жоғын жоқтады. Жұрт олардың сөзіне, пиғылына ұйыды. Сөйтіп, халық пен көшбасшылар арасында эмоционалды сипаттағы қайтарымды байланыс орнады. Түсіністік ауаны орнықты. Расында, әлеуметті ұзақ-сонар езбе монолог жалықтырады, демократияшыл қоғам әлпетіне диалог, ашық реңдегі әңгіме-дүкен жарасады.
– Бір кездері қазақ жазушылары өз шығармалары арқылы ұлтты тәрбиелеген болса, қазір біз ойшыл жазу дәстүрінен алыстап, тек баяндаумен шектеліп жүргендей көрінеміз. Жалпы баспасөз, телевизия, ғылым нәрді қайдан алып жатыр деп ойлайсыз?
– Біз тіршілік нәрін, рухани қуатты елден, жерден аламыз. Бәлкім, планетарлық қарым-қатынастың, космостың пәрменді лебі сана мен сезімге ықпал ететін шығар. Қазіргі дүниенің тегершігі не десекте толассыз зырылдап тұр. Осы ұшқыр айналыс ғылымға да, білімге де, әдебиетке де, сахна өнеріне де өз дегенін істетуге барын салуда.
Менің замандастарым, бізден бұрынғы ұрпақ ұлттық бұлақтан сусындап жетілді. М.Әуезовті,
С.Мұқановты, Ғ.Мүсіреповті,
І.Есенберлинді жастанып жатып оқыды. «Жұлдыз», «Мәдениет және тұрмыс», «Білім және еңбек» журналдары, «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газеттері қазақтың көштен қалып бара жатқан ойын оятты. Бұлар болмаса кешегі Желтоқсан көтерілісі бұрқ ете түсер ме еді, мемлекеттік егемендігіміз қалпына келер ме еді?
Қазіргі ақпарат құралдарының басы-қасында жүргендердің көпшілігі өз шәкіртім. Кейде сөйлеу, факті мен оқиғаны байыптау мәнеріне қарап, апыр-ау, осыларға өзім сабақ бердім бе, бұл данагөйлерге мен дәріс оқыдым ба деп айран-асыр қалатыным бар. «Әр сабақтан кейін: «Азатсыңдар!» деуші едім, соны ұмытқандары ма?» деп те қоям іштей. Бірақ ешқайсысын жалғандыққа, жамандыққа қимаймын. Бәрін тіршілік бұралаңына балаймын. Бар ойлайтыным – олардың ертеңгі күнмен, келер шақпен қалай қауышар, қалай табысары. Жүздері жарық болсын деймін де.
– Жастарды шығармашыл ойлауға, сыни пікірге тәрбиелеудің жолы қандай?
– Өзім журналист, әдебиетші бола тұра, техника саласының «Сопротивление материалов» пәнінің принциптерін ұнатамын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Гүлім СЫДЫҚОВА.