Ел ретінде іргесі бекіп, әлемдік мойындалудың биігіне көтерілген Қазақ Елі өз дамуының жаңа кезеңіне өткені – тарихи ақиқат.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл басындағы халыққа Жолдауында ел тарихының жаңа дәуірі басталғанын айта келіп, Қазақстанның үшінші жаңғыруын жариялаған болатын.
«Болашақ бағдар: Рухани жаңғыру» – Қазақстан жұртшылығына ұсынып отырған Қазақстан Президентінің жаңа дәуір кеңістігіндегі ел тағдырын анықтап, мемлекетіміздің дамуын тануға, бағыт-бағдарын белгілеуге жаңа кеңістік ашар үшіншіжаңғыру дәуірінің іргелі тарихи құжаты екеніне көзіміз жете түсті.
Айтулы тарихи құжат негізінен жаһандану жағдайында ұлттық мемлекет құрудың сыры мен сипатын жан-жақты талдай отырып, ХХІ ғасырдағы ұлттық сананы сақтау мен өрістетудің нақты жолдарын ұсынады.
Елбасы арғы-бергі дәуірлер тәжірибесі мен мемлекет құру үлгілерін саралай отырып, жаны, жүрегі, ойлау кеңістігі әлемдік бәсекелестік жағдайында өмір сүруге мейлінше бейім ұрпақ өсіріп, ұлт тәрбиелеу қажеттілігіне айрықша тоқталған. «Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек», – деген Елбасы ұстанымы осы айтқанымыздың айғағы.
Біздер, қаламгерлер қауымы ел ертеңін анықтайтын ұлт өмірінің басты бағдары – рухани жаңғыру деген Елбасы ұстанымын толығымен қолдаймыз! Өйткені, бүгінгі Қазақстан – оң-солын таразылай отырып, еліктеу мен солықтауға бой алдырудың қаншама қатерлі екенін толық сезінген, әрі Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзімен айтқанда, «ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманының болмысына сай келмеуінің сырын» жан-дүниесімен ұғынған жаңа тұрпатты ел. Біз – өз әлеуетіміз бен өз ақыл-ойымызға, өз қабілетімізге сенуді өмірімізге серік еткен жаңа сипатты Тәуелсіз Қазақстанды орнықтырушылармыз.
Қоғамның жаратылысы мен табиғатын «ұлттың рухани кодын» сақтай отырып дамытуға, уақыт талабына сай бағыттауға жұмылдыру – біртұтас ұлтты қалыптастырудың үлгісі екені күмәнсіз. Елбасы ұсынып отырған сан салалы, сан сипатты даму мен өрістеудің жолдары мен міндеттері осынау Ұлы Дала төсіндегі жаңа тұрпатты Қазақ Елінің бүгінгі баянын бекітіп, ертеңгі болашағын анықтауға жол ашары анық. Ұлттық сананы дамудың жаңа сатысына көтеріп, өркендеудің жаңа кеңістігіне алып шығар бәсекелік қабілет пен прагматизм ұлттық бірегейлікті сақтау мен білімнің салтанат құруын, елдің эволюциялық дамуы мен сананың ашықтығын қамтамасыз етер таяу жылдардың Ел Президенті белгілеген алты міндеті – тамырын тереңнен тартар, өз ертеңін өзі өрнектер Ұлы Дала мемлекетін Мәңгілікке бағыттары күмәнсіз.
Қазақ Елінің кешегісін – бүгінге, бүгінін – болашаққа жалғауды мұрат етер рухани жаңғыру хақындағы Елбасы ұстанымы, сөз жоқ, ұлт көсегесін көгерту мен ұрпақ санасын тәрбиелеудің өрісті, өркенді жолы.
Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының секретариаты.
Ғалым Жайлыбай,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма
Төрағасының бірінші орынбасары
Арманымды аялап, үмітімді үкілеп…
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» тұжырымдамасы ақиқатты Алаш жұртының алдына жайып салған, Абайша айтсақ: «Сыңғырлап өңкей келісімнен» тұратын жүректің көзі, тілектің сөзі. Аққудың қанатынан ән естіріп, тұлпардың тұяғынан күй тыңдаған қазақ деген қасиетті жұрттың, Қазақстан деген қастерлі елдің ханы мен қарашасының жанының нұры, көңілінің сыры бірге толқып жатса санамыздың сара даңғылға түскені. Бұл бір бүгінгі ұрпақ темірқазықтай кие тұтып, болашаққа бағдар етер тұжырым тұнған сөз.
«Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, заман сырынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», – делінген онда.
Ұлттық рухани тамыр… Бағаналы бәйтеректің бұтағын жел шайқап, дауыл тербеткен талай. Заманалар желі, ғасырлар дауылы.
Сол тамыры терең бәйтерек сонау көшпенділер өркениетінен аман жетіп, XXI ғасырдың бастауынан нәр алып, күнге қарап, жапырағын жайып тұр. Бұл кезең – жер-жаһаңда ақыл-ойдың аламанға түскен уақыты.
«Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіз құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», – делінген Елбасымыздың осы еңбегінде. Түйткілді шешер түйінді ой осы. Ұлттың болмысын, елдің тұтастығын сақтау – сізге де, бізге де сын. Шындық іздеген боп шығанға шықпай, «Жаным – арымның садағасы» дейтін қазақи қағиданың ауылынан алыс қонбасақ құдай тілеуімізді берер.
Осы ой толғаудың үшінші бөлігі «Ұлттық бірегейлікті сақтау» деп аталыпты. Онда «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс», – делінген.
Осы санаттағы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» идеясы, «Туған жер» бағдарламасы ел мен жердің ертеңін ойлаған арналы толғаныстардың жемісі. Жақсылықтар мен игіліктер жария болуға тиіс. Жақсы адамдар, жомарт жүректі жандар жанымызда жүр. Бүгінгі күннің кейіпкерлерін насихаттау, бүгінгі күннің бүтін сөзін айту міндеттің үлкені. Жақында «Қазақстан» телеарнасының «Айтуға оңай» бағдарламасына қонақ етіп шақырды. Туған жеріне көмегі тиген азаматтар жөнінде хабар екен. Солардың ішінде менің ауылдасым, сонау Жаңаарқаның «Жеңіс» ауылынан келген Қайрат Көпбаев деген іні-бауырымды көріп, қуанып қалдым. Жеке қожалық иесі, жылқышы Қайрат ауылға спорт кешенін салыпты. Оның құны 110 миллион теңге екен. Тұсаукесерін жасап, ауыл әкіміне өткізіп беріпті. «Одан саған түсер не пайда бар?», – деген жүргізуші сұрағына: «Ауылдың балаларына керек емес пе?», – деп күлім қағады Қайрат бауырым. Міне, «Туған жер» идеясының қолдаушысы, міне, бүгінгі күннің кейіпкері.
«Гүлстан» журналының редакторы, белгілі кәсіпкер Гөзел Құлжабаева қарындасымызбен көптен араласып тұрамын. Өз ауылы «Басши», «Нұрым» деген елді мекендерден бірнеше бақ орнатқан, гүлге бөлеген. Қазақстанда оның кәсібінен үлгі алып жүргендер де көп. Кездесе қалсаң арманы қазақтың жерін гүлге көмкеру, баққа орау.
Біз мейірім мен пейілден жаралған жұртпыз. Жерге бөлініп, жүзге бөлініп дай-дай болғанның жүзі күйіп, өзі жер боларын бабаларымыз ескерткен.
Кешегі Бұқар жырау бабамыз: «Бәріңіз бір енеден туғандай болыңыз: жат жанынан түңілсін, айнала алмай ат өлсін, айыра алмай жат өлсін» деп бекер өсиет айтып кетті дейсіз бе?
«Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» сара да, дара жолдың бастауында ел көшбасшысының үкілі үміті, аялы арманы.
«Кемедегінің жаны бір» дейді қазақ. Ұлттың кодын сақтау деген сөз ұлтты сақтау деген сөз. Екі дәуір мен екі ғасыр тоғысында жаңғырудың жаңа бағытын Елбасы өзі ұсынып отыр.
Менің де, сенің де Отанымыз – Қазақстан, бауырым! Одан басқа түгіміз де жоқ.
Барымыз да, бағымыз да, бақытымыз да – Қазақстан!
…Жайқалса бәйтерегің тамыры бай,
Жанарың жарық болсын, жарығым-ай.
…Сен менің жалғызымсың – Қазақстан –
Жалғанда жалғыздардың, жары құдай!
Болашақтың бағдары баршамыздың арманымызды аяласын.
Намазалы ОМАШЕВ,
Журналистика мәселелерін зерттеу
институтының директоры,
профессор
Ұлттың келешегі – бүгінгі мәселе
Біздің идеологиялық жұмысымызда экономикалық саламен салыстырғанда, біраз кемшіліктер болды. Мұны политологтар да, саясаттанушылар да, әдебиетші-тарихшылар да қозғап жүр. Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы таза идеологиялық жұмысқа, рухани жаңғыруға арналған. Сондықтан да бұрынғы кеткен «әттеген-айлардың» орнын толтырады деп ойлаймын. Аталған мақалада бүгінгі жаһанданған әлемде өмір сүру үшін бәсекеге қабілеттіліктің аса қажет екені баса айтылады. Ұлттық мәдениет қалыптаспай, рухани жаңғырудың болмасы анық. Қазіргі таңда біздің халқымызға керектігінің өзі – осы. Елбасымыз атап өткен прагматизмді қалың жұртшылық және біздер тек іс-шаралардың көрінісі деп ойлайтын едік. Мақалаға назар аударсақ, прагматизмнің «төл тарихымызға, балаларымыздың өмір салтына» қатысты екенін байқаймыз. Бұл – тарихымыз бен дәстүрімізге, ата салтымызға арқа сүйей отырып, ақыл-ойды кеңейту деген сөз. Үшінші бір белгі – ұлттық бірегейлікті сақтау. Ол – ұлттық сананың көкжиегін кеңейту деген сөз. Біз өзіміз білетін немесе бұрын қозғалып жүрген, жауыр болған жайлардың төңірегінде ғана қалып қоямыз. Мақалада салт-санамызда, дәстүрімізде бар нәрселер мен болған дүниелерді бүгінгі жетістіктермен байытып отыру керектігі де сөз болады. Негізгі тірек – ұлттық тарихымызды зерттеп, зерделей отырып барынша дамыту. Міне, Президентіміз осы тектес мәселелерге тоқталған. Оған қоса, білім саласы туралы да біраз ой айтылған. Әсіресе, ұлттық білім беру стандартын түзу жолға бағыттау мәселесі кеңінен қамтылған. Біз білім беру саласында әр түрлі эксперименттерге бару арқылы біраз кемшіліктерге ұрынып қалғандаймыз. Енді белімізге өзіміз көтере алатын шоқпарды байлағанымыз жөн сияқты. Басқаларға еліктей, жалтақтай берудің қажеті жоқ. Шыны керек, бұл мақала халыққа арналған Жолдау секілді мәнге ие болып отыр. Мұнда салмақты, салиқалы, тереңнен сыр шертер ойлар көп. Мәселен, патриотизмді неден бастау қажеттігін: «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі – орта мектепте туған жердің тарихын оқудан басталуы керек», – деп түйіндейді. Елбасының осы мақаласындағы қазақ руханиятына қатысты әр толғамды ойды терең түсініп, әрі қарай тарқата алар болсақ, қазақ халқының идеологиясы дами түспек.
Марфуға АЙТХОЖИНА,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ АДАМДАРЫН РУХТАНДЫРҒАН БАСТАМА
Ғылым мен технологияның дәуірі аталатын бұл ғасырда ұлттық ерекшелікті сақтай отырып, жаңаруға бет түзеу – өте өзекті болып отыр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын жаңа Жолдауында осы мәселеге баса көңіл бөлінгені орынды деп ойлаймын. Қанша жерден жаңа заманға икемделеміз десек те, біз ұлттық тіліміз бен ділімізге, дінімізге берік бола білуіміз керек. Өзінікін қайталап, өзгені қызықтыру мүмкін емес. Тек қанымызға сіңген құндылықтарымызды дәріптеу арқылы ғана өзімізді өзгелерге үлгі ете алатынымыз анық. Жолдаудағы «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – ұлттық кодыңды сақтай білу» деген жолдар осының айғағы іспеттес. Алдыңғы қатарлы отыз елдің көшіне ілесу жолында қазақтығымызды сақтай отырып, бәсекеге қабілеттілігімізді арттыру ең басты қағидамыз болуы тиіс. Елбасының жеке адам ретінде ғана емес, тұтас ұлт болып бәсекелік қабілетімізді арттыру мәселесін алға қойғаны да сондықтан. Мемлекет басшысы сөз еткен «Революциялық емес, эволюциялық даму, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, біртіндеп латын әліпбиіне көшу» секілді маңызды мәселелер кім-кімнің болса да көңіліне қонымды, ойына жұғымды тақырыптар. Ендігі мәселе – осы айтылған жоспарларды іске асыру жолында ұлт болып жұмылу, ел болып бірігу. «Халықтың қуаты – бірлікте» екенін түсінгенде ғана біз көп нәтижеге қол жеткізе алмақпыз. «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, оны келешекте «Туған ел» жобасына ұластыруды көздеген Елбасының көрегендігі көпшіліктің көңілін бір серпілтіп тастағаны анық. Рухани мәдениетіміздің маңызды саласы деп әдебиетке, ұлттық тілге көңіл бөлінген бұл бастама шығармашылық адамдарын бір рухтандырып тастағаны рас.
Бибігүл ИМАНҒАЗИНА,
жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының иегері
Санасызға сан айтсаң да…
Күні кеше ғана ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын оқыдық. Елбасының ең әуелі ұлттық сана туралы толғанысы ойға жетелейді. «Ұлттық сана» біздерге ауадай қажет екені рас болса да, бірінші кезекте «сана» деген ұғымға тоқталғым келеді. Қазақтың «санасызға сан айтсаң да болмайды», «болмайтынға болыспа» деген нақыл сөздері бар. Санасыз адам – ең қауіпті адам. Себебі, ол мемлекеттің мүддесі мен өзінің мүддесін ажырата алмайды. Санасыз адам өзінің елінің алдындағы міндетін қойып, тіпті отбасының алдындағы міндетін де өтей алмайды. Санасыз адамнан бар жамандықты күтуге болады. Санасыздан туған ұрпақ санасыз ұрпақ боп жалғаса береді. Аяқ-қолдары балғадай жігіттердің жұмыссыз жүруі де санасыздық. Себебі, ол – жалқау. Барлық бақытсыздығына елін, жерін кінәлайды. Көше сыпыруға да арланатын санасыз еркек бала-шағасының аш отырғанына арланбайды. Әр ана, әр әке дүниеге ұрпақ әкелместен бұрын өзінің білімін, үйін, күйін жөндеп алуы керек. Бәсекелік болмаған жерде алға басу да болмайды. Алға басып бара жатқан адамды күндемей, ол адамнан үйрене білуіміз керек. Еліміз жиырма бес жылда өзгерді. Тоқсаныншы жылдардағы қиындықтар есіме түссе, төбе құйқам шымырлайды. Еліміз тыныш, халқымыз аман, Елбасымыздың халқына салып беріп келе жатқан сара жолы баянды болсын деп тілейік, халайық! Н.Ә.Назарбаевтың 2025 жылда латын әліпбиіне біржола көшу туралы сөз қозғауы дер кезінде қабылданған оң шешім деп ойлаймын. Латын әліпбиін, ағылшын тілін меңгеру осы заманның балаларына қиындық тудырмайды. Ұлттық киім киюмен ғана шектеліп қалмай, сол киімнің ішіндегі адамның санасы мен білімін арттырайық. Сана оянбаған жерде ұлттық құндылықтың да маңызы болмай қалады. Әр адамның санасын оятпайынша, мемлекет мемлекет болмайды. Мәселен, менің балаларым ағылшынша сөйлейді. Мен оны түсінбеймін. Бұрын орысша сөйлесек, кемпірлер түсінбей отыратын еді ғой. Ал неге оған біз қарсы шығамыз? Қазіргі бес жасқа дейінгі балалар не айтсаң да қағып алады. Біз оны үйрене алмаймыз. Жетпіс беске келген мен оны үйренемін деп уәде бере алмаймын. Әйтсе де, неге біз тек өзімізді ғана ойлаймыз? Ұрпағымызды ойлауымыз керек. Кішкентай күнде балалардың қабылдау мүмкіндігі орасан болады. Үш тілді олар оңай үйренеді. Қазіргі қоғамымыздағы кемшіліктерді жою үшін де өзгерістер керек. Президент дұрыс айтып отыр. Мысалы, бізде Алан Бөрібаев деген Опералық театрдың дирижері он бір тілде таза сөйлейді. Мейлі, барлығы он бір тілде сөйлемей-ақ қойсын, ең негізгі үш тілді білсе болды. Қазіргі бес жасар бала мен біздің кезіміздегі бес жасар баланы салыстыруға болмайды. Қазіргі балалар өте тез үйренуге бейім. Мен осы жастардан көп үміт күтемін.
Несіпбек АЙТҰЛЫ,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері
Бұл – халық көкейінде жүрген Сөз
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты көлемді мақаласын оқып шықтық. Ондағы мәселелер өте дұрыс көтерілген деп ойлаймын. Әсіресе, ұлттық құндылықтарды жаңғырту, XXI ғасырдағы ұлттық сана, бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы, таяу жылдардағы міндеттер, тарих және тіл жөнінде жазғандары құнды пікірлер. Ұлт болмаса, мемлекеттік тіл болмаса, онда мемлекет те болмақ емес. Президентіміздің аталмыш мақаласы астарынан үлкен ойларды аңғардым. Біздің болашағымыз, ұлт болашағы жарқын болу үшін ұлттық құндылықтарды сақтап қалу, оларды насихаттау арқылы ата-бабаларымыздан қалған ұлы дәстүрлерді де уақыт ағымына сай дамытуымыз керек. Осы тұрғыдан алғанда, Мемлекет басшысы халық көкейінде жүрген Сөзді тап басып айтқан!..
Зарема Шаукенова,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Стратегиялық зерттеулер Институтының директоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі
Тарих берген мүмкіндік
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында 2017 жылдың 31 қаңтарындағы Қазақстанның Үшінші жаңғыруы Жолдауының өзегіне бойлап, тереңіне үңіледі.
Қазақстан дамудың негізгі жолына түсті. Еліміз қазір саяси-әлеуметтік, экономикалық тұрғыда едәуір нәтижеге жетті. Бұл саяси реформалар мен экономикалық жаңғыруды толықтыратын әлеуметтік сананың жаңғыру платформасын қабылдау қажеттігін айқындады.
Жаңғыру – нысан табиғатының мәнін өзгерту, ол жаңа элементтер мен комбинация қосып қоюмен шектелмейді. Жаңғырудың жасалып қойған дайын жолы жоқ. Жаңғыру ұғымын көбіне батыстандыру ұғымымен байланыстырады, алайда ол екеуі екі басқа дүние. Жаңғырусыз батыстандыру үлгісі дегеніне жете алмайтынын көрсетті, ал батыстандырусыз жаңғыру үлгісі ұзаққа бармайды екен. Енді бір ғана үлгі – жаңа деңгей мен адамзат күшінің жедел дамуына негізделген Ұлттық жаңғыру үлгісі қалды.
Бүгін жаңғыруды тек дамушы елдер ғана қажет етпейді, дамыған елдер де үздіксіз өзгеру үстінде, әсіресе ұлттық дамудың тиімді үлгілерін іздеу жолында жүр.
Адам табиғаты тек тиімділік пен ұтымдылықты негізге ала бермейді. Адамға ең алдымен рухани негіз керек. Біздің ұлттық болмысымыз, мәдениетіміз бен санамыз ұзақ уақыт тұмшаланған күйде болды. Өткен жылдар туралы мәліметіміздің көпшілігі қате болып шықты.
Елбасы айтып отырған әлеуметтік сананың жаңғыруы ескі сананың қалдықтарын жойып, ескіліктен арылуды меңзейді.
Бүгін тек идеологиялық бағдарлама ғана емес, қоғамдық-гуманитарлық саладағы зерттеушілер мен оқымыстылар үшін олардың тәжірибелік жобаларын іске асыратын жаңғырған платформа ауадай қажет.
Елбасының мақаласында латын қарпіне сатылап көшу, қазақ тілінде 100 жаңа оқулық шығару, «Туған жер» бағдарламасы, Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары, әлемдік кеңістіктегі қазақ мәдениеті туралы мәселелер кең қамтылған.
Елбасының бұл мақаласы үдемелі қоғамда өмір сүргісі келетін әлеуметтің сауалына берілген жауап. Тарих бізге жаңару және жаңа идеяларды жүзеге асыру арқылы өзіміз өмір сүргіміз келетін үдемелі қоғамды өзіміз құруға мүмкіндік беріп тұр.
Берік Әбдіғалиұлы,
саясаттанушы
Ұлттық діңгек
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын қазақ халқына арнаған Жолдауы ретінде қабылдаймын. Шын мәнінде, соңғы уақытта біз көбінесе экономикалық мәселелерге көп көңіл бөліп кеттік. Ең басты мәселе – экономика деген қағида кейінгі он жылдықта көптеген ұлттық мәселелерді, соның ішінде өскелең ұрпақты ұлт тағдырына немқұрайды қарауға бейімдеп бара жатқандай. Соның ықпалынан технократиялық, ұлт болашағына алаңдамайтын жастар өсіп келеді. Ұлттық құндылықтар екінші орынға ығысып, басты назарды экономикалық дамуымызға аударып алдық. Ал халықтың рухани жағдайы осылардың көлеңкесінде қалып қойғаны бәрімізді алаңдататын мәселе. Елбасымыз осы құбылысты дәл уақытында байқап, халықтың рухани хал-ахуалына көңіл бөліп, аталған мақаланы қазақ ұлтының рухани баюына һәм ұлттық тінінен ажырамауына арнап отыр. Өйткені, таза технократтық көзқараспен дами берсек, түбі ұлттық дағдарысқа әкеліп соғуы әбден мүмкін. Байқауымша, осыдан он жыл бұрын ұлттың дамуына, халықтың сол кезеңдегі ахуалына байланысты билік тарапынан да, зиялылар тарапынан да көптеген мәселелер көтерілетін. Сіздердің газеттеріңізден бастап барлық баспасөз беттерінде қазақтың болашағы һәм қазақтың ұлттық сапасы хақында мақалалар жарияланып, қоғам мүшелерінің пікірталастары үздіксіз жарияланып отыратын. Ал қазір ұлттық сана, құндылық атаулылар рухани тоқырауға ұшыраған ба деймін. Елбасының осы мақаласы біраз дүниеге қозғау салайын деп отыр. Ұлттың сапасы қандай болмақ? Неден алшақтап, неге бет бұруымыз керек? Осы сауалдар төңірегіндегі ұлттық ой-толғау, ұлттық пікір алмасу біздің рухани кемшілігімізді ұлттық жаңа сапаға жеткізе ме деген үмітіміз бар. Мақаладағы қозғалған түйткілді мәселелер соны талап етеді. Ондағы ойларды қолдаймыз, қабылдаймыз. Және ол тізім мұнымен шектелмеу керек. Басқа да осы тектес тілге, жерге, мәдениетке қатысты бағдарламалар мен жобалар ұсынылса деймін. Өйткені, ұлттың дамуы үшін бұл айтылып, қозғалып жатқан мәселелер жеткіліксіз. Елбасы тек бастап берді. Әрмен қарай өзіміз жалғастырып, өкімет болсын, зиялы қауым болсын, қоғам болсын, бәрі бірігіп, осы идеяларға үн қосып қана қоймай, іске асырып жатса, қазақ халқының ұлттық діңгегі тереңдей бермек.