Ең бірінші ұстаз – ата-ана
07.04.2017
3278
0

Бұрынғы дала баласымен қазіргі қала баласының арасындағы айырмашылық Жер мен Көктей десе де болады. Алдыңғы аға буын өкілдері ата-ананың, қала берді ауыл адамдарының пікірімен санасып өмір сүрсе, қазіргінің баласы ешкімнің де ақылына мұқтаж емес. Олардың ойлауы да, сезінуі де тіпті өмірге деген көзқарасы да өзгеше. Өз пікірі, өз қалауы бар. Әрине, өсіріп отырған ұрпағыңыздың дәл сіз қалағандай адам болуы немесе өзіңіз армандаған мамандық иесі болуы шарт емес. Тек білімді, адамгершілігі мен ақыл-парасаты келіскен саналы азамат болып өссе деген тілек қана. «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» дегенді айтқанда, ұлы ғұлама Әл-Фараби де осыны меңзесе керек. Ата-бабамыз ұрпақ саулығын, ұлт тазалығын тектіліктен іздесе, бүгінгі ата-ана барлық игілікті білімнен іздейтіндей. Әуезовше айтқанда «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін білім». Бұл – заман талабы. Дей тұрсақ та, жаңашыл ұрпақ тәрбиелейміз деп жанталасып жүргенде өзіміздегі барды жоғалтып аламыз ба деген күдіктің ара-тұра көңіл түкпірінен қылаң беретіні де жасырын емес. Қай істің болса да екі жағы бар, пайдасы һәм зияны. Кейде ұл-қызымыздың мінез-құлқынан, болмыс-бітімінен ұлтымызға жат қылықтарды байқағанда іштей оның қайдан келгенін, кімнен жұққанын ойлап бас қатырамыз. Оның үстіне еліміздегі білім жүйесі де тұрақсыздыққа ұшырап, ата-ананың күдігіне күдік қосқан сыңайлы. Балабақша мен мектептердегі білім сапасы да көңіл көншітерліктей деп айтуға келе қоймайтын секілді. Себебі, кімді көрсең, мамандардың ақылы көмегіне жүгініп, мектептен тыс білім беруге талпынады. Қазіргі кездегі балаларды біліміне қарай іріктеу үрдісі де олардың психологиясына кері әсер етуде. Әр ата-ана өз баласын жоғары дейгейден көргісі келеді. Сол себепті де үздік деңгейлі сыныптарға отырғызудың амалдарын жасайды. Осыдан барып балалар арасында теңсіздік орын алады. Енді ғана өмірге қадам басқан ақ пен қараны айырып үлгермеген баланың жан дүниесіне көлеңке түседі. Бұрындары ұрпағының болашағына ата-анадан кейін ұстаз алаңдаған болса, қазір мұғалімдер олардың мектеп бітіріп кетуіне асығатын болған. Осалдарынан шама келсе ептеп құтылудың қамын жасап бағады. Түлектердің арғы тағдыры ешкімді толғантып та жатпайтын секілді. Айта берсек, бала тәрбиесіне қатысты түйіні шешілмеген мәселелер баршылық. Бір кездегі әженің ертегісін, ананың әлдиін, ата мен әкенің ұлағатты істерін көріп, дала сырын ұғып өскен ұрпақтан тараған қазіргі жастарды бүгін кім тәрбиелеп жатыр дейсіз ғой, оны бәріміздің ішіміз сезетін сияқты…
Осы орайда қазіргі бала тәрбиесіндегі ұлттық тәрбиенің ролі қандай? Ұлттық құндылықтар мен адамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды азамат тәрбиелеу үшін не істемек керек? Қоғам мен адам, адам мен табиғат қатынасының өркениеттілік сана-сезімін ұлттық рухта қалай дамытуға болады? Білім жүйесіндегі өзгерістер балалардың психологиясына қалай әсер етуі мүмкін? Ұлттық тәрбиеден ажыраудың түбі қайда апарады деген сауалдарға жауап іздеп көрген едік.


Сараш Сахиқызы,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымының кандидаты

Білім беру саласы ғана емес, қоғам да жауапты

Жаһандану біздің қалауы­мыз­ды күтіп тұрған жоқ. Біз жаһандану кө­шіне ілесе аламыз ба деген қауіп­пен жанталасып кеттік.
Бір кездері ғалымдар арасында «Бі­лімді бала – тәрбиелі, тәрбиеге жі­берген уақытты білімге арнаған абзал» деген тұжырым болатын. Қа­зір тәрбиеге деген пікір өз­гер­генімен, оның барлық тетіктері іс­ке қосылып кетті деуге болмайды. Білім мен тәрбиеге ұлттық маз­мұн беру дегенді көп айтамыз. Бі­рақ сапасы әлемдік стандартпен өлшенеді ғой.
Қазір білім беру жүйесінде әр­бір бала – болашақ тұлға, тұлғаға бағ­дарланған білім мен тәрбие беру деген мәселеге басымдылық береді. Қазіргі келіп жатқан түрлі реформалар мен заманауи педа­гогикалық технологиялардың, бі­лім берудің түрлі шетелдік әдіс-тәсілдерінің негізінде білім алушы баланы тұлға етіп қалып­тас­тыру жатыр. Бұл, әрине, жақсы! Тұл­ғаның өз ой-пікірі мен ұста­ны­мы болады, өз құқығын дұрыс пай­далана біледі. Дамудың алдың­ғы қатарында болған мемлекеттің әр­бір мүшесі тұлға деңгейінде бол­са, жаман ба?! Сонымен қатар, біз­дің еліміздің білім беру жүйе­сінің бір ерекшелігі – «Өзін-өзі тану» пәні аясында білім алып, тәр­биеленуі. Бұнда әр оқушының тұл­ғалық қалыптасуында ішкі «ме­нін» тәрбиелеу бар. Бұл пәнді оқы­туға да мамандар даярланып жат­қанына көп болған жоқ. Мектептерде сағат жетпегендер бере бе­реді. Осыған орай іштей қор­қы­ны­шым да жоқ емес. Себебі, бала­ның ішкі «мені» дұрыс бағыттал­ма­са, менмендікке (эгоизмге) ауы­сып кетуі әбден мүмкін.
Мектепте тәрбие жұмысымен сы­нып жетекшілері айналысатынын  бәріміз білеміз ғой. Мектеп­тегі бір әріптесімнен «Бала тәрбие­сімен айналысу қалай?» деп сұ­ра­сам, «қа­ғаз жүзінде өте жо­ға­ры» әзіл-шы­ны аралас жауап беріп еді. Иә, мұ­ның шындығы басым болуы мүмк­ін. Президент айтса да, министр айтса да мұғалімдерді қа­ғаз­бастылықтан құтқаруға әлі еш­кім кіріскен жоқ. Жақында ға­на қаланың да, ауылдың да мек­теп­терінде болдым, мұғалімдердің көбі менің дәрісімді қағазын тол­ты­рып отырып тыңдады.
Сондықтан да тәрбие нәти­же­сін мектептен көрейік деп мойын созудан да қалатын шығармыз.
Құндылықтар өзі де жал­пы­а­дам­заттық құндылықтардан бас­тау алады ғой. Ата-анадан бала­ның бөлініп шыққаны сияқты дү­ние. Жалпыадамзаттық құнды­лық­тар: адам, өмір, жер, су, ауа, ден­саулық, білім, әділет, бостан­дық, т.б. ұғымдарды қамти отырып, осының аясында ұлттық си­патқа негіз болатын ұғымдармен то­лықтырылады. Ұлттық құн­ды­лықтар: тіл, діл, дін, тарих, құқық, өнер, т.б. аясында.
Жалпы, тәрбие деген нақты ғы­лым болмағандықтан, бірден нә­тиже бермейді. Адам тәрбие­леу­дің формуласы жоқ. Ұлтжанды тұл­ға тәрбиелеуге де қатысты тұ­жырым осы.
Тәрбиемен айналысатын от­ба­сындағы ата-ана, білім беру жүйе­сіндегі әрбір педагог Пай­ғам­бар­лар­дың дінге қызмет етуі сияқты та­қуалықпен кіріскенде ғана оң нә­тиже көре аламыз. Және тәр­бие­нің нәтижесін білім беру сала­сы­нан ғана емес, қоғамнан көруі­міз керек. Қоғамның әрбір мүшесі өзінің отбасындағы жауапкер­ші­лі­гін сезінгендей, кәсіби қыз­ме­тін­де, қоғам алдында, ұлт алдында, болашақ ұрпақ алдында ұял­майтындай өнегелі ісімен үлгі көр­сетуі тиіс. Әйтпесе, тәрбие ту­р­алы он рет тұжырымдама жасалып, жиырма рет бағдарламасын ұсынсаңыз да бәрі бекер.
Біз, ауызша бәріміз – патриотпыз, ұлтжандымыз. Алайда, қазақ тілінің мәселесі шаш-етектен. Ұлт­тық өнеріміз де заманауи даң­ғазаның тасасында қалып қойды. Дінімізге де көзқарас түрлі-түрлі болып барады. Дінге үрке қарай­тын­дар көбейгені сонша, өз қан­дастарымыз атеистік бағытты қол­дап кете ме деп ойлаймын. Бұл тәрбиеге негіз болар біздің ұлттық құндылықтарымыздың бүгінгі жай-күйі.
Мемлекет тарапында Елбасы­ның жыл сайынғы Жолдауларында да ұлт проблемасы көтерілмей қал­майды. «Мәңгілік Ел» идеясы уни­тарлы мемлекеттің ұлттық идео­логиясына негіз болуға жа­рай­ды. Шындығында, қазір адам тәр­биесімен айналысатын педа­гог-ғалымдар ізденіс үстінде. Алайда, бұл аздық етеді. Әр маман өз кәсібінде ұлтқа қызмет етудің үлгі­сін көрсетсе, ұлттық рухтың биіктеуіне көрсеткіш болар еді.
Ұлттық тәрбиеден ажыраудың кө­рінісін біз кеңестік кезеңде бас­тан кештік, зардаптарын әлі тар­тып келеміз. Енді қалпына кел­тіру­дің өзіне ұзақ уақыт кетіріп оты­р­мыз.


Ермек Нұрымов,
психолог

Балаларды рухани мәңгүрттікке ұрындырмақ

Жаһандану заманында әлем мен бірге ғылым да қарыштап өсу­де. Бұл– заман талабы. Білім-ғы­лым дамыған сайын адам өмір сүруі­не көптеген жеңілдіктер әкелу­­де. Ыбырай Алтынсарин­нің:
«Өнер-білім бар жұрттар
Тастан сарай салғызды;
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша
Жылдам хабар алғызды..,» –
деген өлең шумақтары ғылымсыз адам өмірінің қараң екенін аңғар­та­ды.
ХХІ ғасырда зияткер балалар тәр­биеленуде. Бізге керегі де осы. Себебі, әлемге зер салып қарасақ, Батыс мемлекеттері әлдеқайда ал­дыға шығып «Марс» ғаламша­рын зерттеуге кірісіп кетті. Бұл не­ні білдіреді? Бұл ғылым мен бі­лім­нің жетістігін, адамның интел­лек­туалды дамығанын көрсетеді. Сондай білімі мен білігі келіскен бәсекеге қабілетті азаматтарды біз­дің елде неге тәрбиелемеске?!
Баланың ең бірінші ұстазы
ол – «Ата-Ана». Яғни ана құрса­ғынан мек­теп қабырғасына дейін қалай тәр­биелесең және қай тілде сөй­ле­сең бала сол тәрбиені, сол тілді ары қарай дамытады. Шынын айт­қанда, қазіргі кезде мектеп қа­бырғасындағы жағдай көңіл көн­шітпейді. Ғалымдардың шырыл­да­ған үніне құлақ аспай, баланың жас ерекшелігін ескермей психо­ло­гиялық қабылдауына мән бермей бірінші сыныптан бастап «үш тілді» оқыту жүйе­сін енгізіп жі­бер­ді. Мысалы: да­мыған мемлекеттер арасында көш бастап тұрған Жа­понияның өзі 11 жасқа дейін баланы тек жапон тілінде оқытып, 12 жастан ғана ағылшын тілін үй­рете бастайды екен.
Әуелі мемлекетімізде ұлттық идео­логия жұмысы қарқынды жү­зеге асуы тиіс. Мәселен, кезіндегі кеңес үкіметінің ұлттық идеологиясы қандай болды? Ұлттық тәр­биені ең алдымен отбасында беру керек. Ол үшін ата-ананың өзі ұлттық құндылық пен адам­заттық құндылықтармен сусын­да­ған, білім көкжиегі кең болуы тиіс.
Ата-бабаларымыз бесік жырымен әлдилеп, батырлар жырымен рухтандырып өсірген бала өз елін шын сүйетін азамат болатынын біл­ген. Біз де қазір осы жолды ұста­нып, зияткер дарынды бала­ларға бірінші кезекте ұлттық тә­лім-тәрбие беріп, одан кейін ба­рып батыстың білімінен сусындатуды қолға алып отырмыз.
«Тәрбие, тәрбие» деп көп айта бер­генімізбен, бұл мәселенің түп­кі негізіне үңіліп қарамасақ,құр сөз­бен қалауымыздағыдай ұрпақ тәр­биелеп шыға алмасымыз анық. Бо­лашақ ата-ана өз өмірлеріне жүйе­лі түрде мән беріп, келер ұр­пақтың дені сау, дарынды, білімді, қайырымды болуын мақсат тұтуы тиіс. Алайда, кейбір отбасыларда бұл нәрсеге немқұрайды қарайды. Кейін, «баламның бұндай болып шығуына сіздер кінәлісіздер» деп ұстаздардың алқымынан алып, реніштерін білдіреді. Бұл ата-ана­ның өз міндеті мен ұстаз міндетін ажырата алмай, адасуымен барабар.
Ертеректе ғалымдар XXI ғасыр – бала психологиясының ғасыры бо­лады деп тұжырым жасаған бо­ла­тын. Сол сөз бүгін шындыққа ай­налған.
Бала тәрбиесіндегі маңызды мә­селелердің бірі – балаға рухани тәр­бие беру. Техниканың үздіксіз дамуы, балаларды рухани мәңгүрт әлемге түсірді. Таңдаған әуені, айт­қан сөзі, бәрі де рухани тоқы­раудың белгісі.Рухани тоқырау бел­гісі баланың ойлау жүйесін, айналаға деген көзқарасын өзгерте бас­тайды.
Бүгінде көп ата-ана интернет жә­не өзге де техникаларды бала­ла­­рының дұрыс қолдануын талап ете алмай, әлеуметтік желіге құ­ны­ғып кетті деп реніштерін біл­діріп жатады. Негізінде әр нәр­се­нің өз орны мен тәртібі бар. Соның бірі әр жанұяда өзіндік тәртіп болу керек. Ата-ананың балаларын өзгелерден қалмасын деп жа­сап жатқан жағдайлары, кейде тым артып кеткендіктен, өздеріне таяқ болып тиіп жатады. Күні бойы әлеуметтік желіде отырған ба­ла айналасындағылардан оқ­шау­ланып өседі. Қоғам және таби­ғатпен байланысы үзіледі. Осының сал­дарынан бала емін-еркін қа­рым-қатынасқа түсуі бәсеңдеп, өмір­ден өз орнын табуы қиындай­ды. Яғни рухани азғындыққа ұшы­рап, өмірдің мәнін жоғалтып ала­ды.

Дайындаған
Гүлім СЫДЫҚОВА.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір