Келер ғасыр үшін…
17.03.2017
1091
0

Жылдағы дәстүрінен айнымай, әде­биеттің әр жанрында жарық көрген бір жылғы кітаптарды талқыға салып, әр баяндамашы өзіне жүктелген мін­детті абыроймен алып шығуға тырысып бағатын Әдеби жыл қорытындысы өтті. Қыспаққа  толы, бірақ қамқорлығы да күшті болған өткен заманның бұн­дай жиыны рухани қуат алып қай­та­тын қастерлі мәжіліс болса керек. Үл­кені қабақ  астынан айналасындағы бар құбылысты бақылап, баяндама­шы­ның аузынан өзіне қатысты қандай ләм шығар екен деп сынай қарап отырса, кішісі өзін қанаттандыратын сөз ес­тігісі кеп елпілдей тыңдайтын әдет сол кезеңдерден мұра болып қалғанға ұқсайды. Аты мінбер жақтан мақталып жатса риза қалыпта, тоғайған көңілін жасыра алмай еріксіз жымиып, өзінің ұстамды қалпынан ажырағысы келмегендей маңғаз бас изеп отырған қа­лам­гер қасындағы серігіне қолын ұсы­нады. Кітабының әлдеқандай кем­­­­ші­лігі айтылып, шығармашылығы­на қатысты сын естіп отырғандар қы­зарақтап, ешкіммен көз түйістіргісі кел­мей баяндамашыға арбалған күйі қоз­ғалмай тыңдайды. Мұндай қатты сын­ды көбіне кітабы алғаш талқылан­ған­дар немесе аты көпке таныс бола қой­маған қаламгер естиді. Баяндамашы көз таныс, аралас-құралас қалам­дас­тарын сынағылары келгенмен, көңі­ліне қарап, бата алмай, сипай қам­шылап өтеді. Бұл да атадан қалған жал­пақшешей мінез-ау деп топшы­лай­сың. Ол кезде жаппай жариялылық бо­ла қоймағанмен, бір-бірін қатты сы­нап, сөз аңдыған ауыр жиындар болыпты.

Әдеби жыл қорытын­ды­сын­да өңсіз жұмыс, үстірт ой бол­мау­ға тиіс. Бүгінгі кітап шығару ер­кіндігі бұйырған уақытта әр жанр бойынша жарық көрген көп жинақтың бәріне жеке тоқталу да мүмкін емес. Сілтеген қаламы, сермеген талабы зая кет­пеген оқшау таланттарға мән беріп, жалпы жанр бойынша қазіргі тенденцияны өт­кен­мен сабақтастыра таразылаған­да, көркемдіктің қай межесінде тұр­мыз деген сұраққа жауап із­деуге Әдеби жыл қорытын­ды­сы мүдделі жиын. Сондықтан жанр эстетикасы мен поэти­касы­на көбірек бойлау қажет. Жаңа заман бізден соны талап етеді. Баяндамада атыңның атал­ғаны, аталмағаны маңызды бол­маса керек. Жалпы, ағымды айт­қан кезде онсыз да есімдер ата­лады. Ал ондай болмай қал­ған жағ­дайда қайғырудың керегі не?
Әдебиетіміздің бүгінгі ошарылмалы қалпы, сөз өнеріне жаңа­лық келмей жатқаны қан­ша уақыттан бері айтылып ке­леді. Тәуелсіздік алған ширек ға­сыр ішінде өнеріміздің қайсы­сында үлкен өзгеріс болды дей­сіздер. Әдебиет үшін жиырма бес жыл өте қысқа уақыт. Ақын-жазушылардың бәрі қысқа мер­зімде әлемдік ой-сананың қа­тарына еркін қосылған Әуезов та­лантына ие емес қой. Еуро­па­ның отарында болған Латын Аме­рика жазушыларына бүгінгі дә­режеге жету үшін кемі бір ға­сыр уақыт кетті. Алғаш латы­н­-
а­мерикалық романның жазылуынан есептегенде. Ал тәуел­сіз­дікке ұмтылған поэзиясын айт­са­ңыз, одан арыға кетесіз. Әлем әде­бие­тінің биігіне тез өр­леген жа­­­пондар болса, өзде­рінің түп та­мырынан айнымаған жаңа ба­ғытты дұрыс деп тапты. Олар да қай ағыммен жүреміз деп ұзақ таласқанға ұқсайды. Ақы­рын­да дәстүрден айнымаған жаңа модернизм қалып­тастыр­ды. Ал қазақ әдебиетінде «дауыл алдындағы тыныштық» деп атал­ған қазіргі кезеңнің де аяқ­талар өз уақыты бар. Адамзат ба­­ласының бұндай күй кешеті­нін ойшылдар әлдеқашан ай­тып­­ты. «XX ғасырды психолог К.Юнг – ұжымдық хаос белсен­ді­лігінің ғасыры десе, философ­тар: В.Шубарт – өліара кезең, Н.Бердяев – жаңа орта ғасыр, Борингер – жаппай абстракция­лау дәуірі, жазушы Джоис – әлім­сақтық архетиптердің қай­та оралуы, мәдениеттанушы, фи­лософ М.Элиаде – көр­кем­дік­тің тілі біржолата байланып, атымен жаңа ғаламшар қалып­тасатын дәуір деп болжамдапты. Олардың пайымдауынша, бұ­лай болатындығының басты се­бебі – қоғамның бұған дейінгі тәжірибесін үзілді-кесілді жоқ­қа шығаруы болып табылады екен. Мұндай жағдай, сонымен, бір дәуір әбден тұралап, келесі дәуір енді-енді қылаң беріп, өт­кенмен байланыс түбегейлі үзі­ліп, жаппай ойсырайтын омы­рылмалы кезеңде орнайтын кө­рінеді».
Екінші мыңжылдықтың бас­талғанына да көп уақыт өте қой­ған жоқ. Бұл кезеңнен де өте­міз. Жақсылы-жаманды өмір сүрер­міз. Бірақ ендігі ғасырда ке­летін ұрпақ үшін құнарлы әде­биет жасауға тиіспіз. Біздің за­мандастарымыз алдыңғы келер екі ұрпақ әлем әдебиетіне еркін қосыла қоймас. Бірақ үшін­ші ұрпақтың жағдайы со­ған жетер деп үміт қыламыз. Өйт­кені, жиырмасыншы ғасыр ба­сындағы алаштықтардың үзі­ліп қалған жолы енді жалғана­ды.
Сол уақытқа дейін Әдеби жыл қорытындысы да дәстүрін үз­бей, аман жетсе деп тілей­сің.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір