АНА СӨЗІ ЖАДЫМДА
Сырттай қарағанда қатал көрінетін, ал жан сарайына үңілсең мүлде қарапайым адамдар тілдесе келе рухы күшті, қазыналы жан екендігін аңғаратын кездер болады. «Дос-Мұқасан» ансамблінің алғашқы жетекшісі, композитор Досым Қасымұлы Сүлеев бір көргенде маған осындай әсер қалдырды. Бүгінде халық арасында «қазақ эстрадасының аңызы» аталып кеткен ансамбльдің негізін қалаушы, академик, сазгер Досым Сүлеев мерейлі жетпіс жасқа толып отыр. Музыкадан бөлек ғылымды өміріне серік етіп, бір-біріне мүлде ұқсамайтын екі салада да биік белестерді бағындырған тұлғадан осылардың сырын тарқатуын сұраған едік.
– «Дос-Мұқасан» ансамблінің атын Венгриядан келген студенттердің жетекшісі Янош Карпоти есімді азамат ұсынған екен. Осы жайлы ашып айтсаңыз. «Дос-Мұқасан» ансамблін құруға не түрткі болды?
– Мені әке-шешем Кентау қаласындағы музыкалық мектепке берген еді. Музыкамен қатар жалпы мектепті бітіргенмін. Музыка мектебінде баян класында оқыдым. Оқып жүргенімде жігіттермен бірге оркестрге барып жүріп, кларнет үйреніп алдым. Кларнет пен саксафон екеуінің клавиатурасы бірдей. Сондықтан кларнеттен саксафонға көшу өте оңай болды. Кентау қаласы үлкен қала емес. Дегенмен, онда мықты саксафонист гректер, музыканттар болатын. Ол жерде бір ғана билейтін алаң болды. Ең күшті музыканттар жазда сол жерде ойнайтын. Екі-үш жылдың ішінде сонда саксафонда ойнайтын болып шықтым. Сөйтіп, Алматыға институтқа түскеннен кейін, келе салып институттың үлкен оркестрінде саксафонда ойнадым. Ал өзіміздің факультетімізде комсомол жетекшісі Қамит Санбаев деген жігіт маған «Дос, өзіміз ансамбль ұйымдастырмаймыз ба?» деп айтты. Бірінші осы жайт түрткі болды. Оның үстіне менің музыкалық білімім бар. Осының бәрі қосылып ансамбль құрдық. Ал атауына келетін болсақ, бір жылдай ВИА (Вокалдық инструменталдық ансамбль) болып жүрдік.Бізді жұрт автоматика факультетінің ВИА-сы атап жүрген. Сол кездері әр жылы жазда студенттерді құрылыс отрядына жіберетін. Бізді де өзіміздің факультетімізден сонда жіберді. Біз барған құрылыс отрядында венгрлер (мадиярлар) істеді. Олар Гумбольд атындағы экономика институтының бесінші курс студенттері еді. Солармен бірге істеп жүргенде Баянауыл совхозындағы мәдениет сарайын өзіміз жөндеп, концерт құрдық. Концерт өте тамаша өтті. Бәріміз бірге кірпішін құйып, дос болып кеткен едік. Өз араңдағы достарың сахнаға шығып, тамаша өнер көрсетсе, әрине, көңіл басқа болады. Сол жақсы көңілмен мадиярлардың басшысы, бесінші курстың студенті Янош Карпоти деген жігіт шығып: «Жігіттер, мыналарың тамаша. Сендердің болашақтарың зор болады. Мен сендерге ат та тауып қойдым» деп айтты. Біз одан «Қалай?» деп сұрасақ, ол «Дос-Мұқасан» дейді. Байқап қарасақ, «Дос-Мұқасан» дегеннің не қазақша, не орысша мағынасы жоқ. Біз одан «мүмкін мадиярша бір мағынасы бар шығар?» десек, ол «жоқ, мен сендердің аттарыңның бірінші буынынан алдым. Дос – Досым, Мұ – Мұрат, Қа – Қамит Санбаев, Сан – Саня» деп айтты. Бізбен бірге Александр Литвинов деген орыс жігіті болатын. Ол барабанда ойнайтын еді. Оны біз жас болғаннан кейін Александр демей, Саня дейтінбіз. Олар аты Саня екен деп «Дос-Мұқасан» деп қойған. Ол кезде дүниежүзіне белгілі «Лос-Парагвайос», «Лос-Анджелес» деген ансамбльдер болатын. Мадиярлардың жетекшісі «солардың жолын берсін, атын да соларға ұйқас қойып жатырмыз. Жазылғанда да сендер «Дос-Мұқасан» деп тере арқылы жазылыңдар» деді. Алматыға келе сала «Дос-Мұқасан» деген атпен таралып кеттік. Ол кезде мен ансамбльдің жетекшісі едім. Бірде ректор маған: «сені горком партияға шақырып жатыр» деп айтты. Сол кезде Петр Иванович Ерпилов деген горкомның бірінші хатшысы болатын. Сол кісі маған: «Дос, қандай тамаша ансамбль?! Жастар бәрі сендерді іздеп, жақсы көріп жатыр. Бізге де жақсы болды. Алматыдан шығып жатырсыңдар. Бірақ аттарың «Дос-Мұқасан» деген не? Орысша «Юность», қазақша қоямын десеңдер «Жастар», «Тұлпар» қылып қояйық деп айтты. Бізге «Дос-Мұқасан» өте қатты ұнаған еді. Мен оның сөзін тыңдап отырдым да: «жоқ, біздің атымыз осылай таралып кетті. Өзгертпеймін. Бізге осы ұнайды» дедім. Ол маған «жарайды» деп жіберді. Бірақ артынша ректорға телефон соғыпты. Ректор мені шақырып алып: «Дос, мұның қалай? Саған үлкендер кеңесін беріп жатыр. Тыңдамайсың ба?» деді. Ол кездегі ректорымыз Әшім Құрамбайұлы Омаров деген кісі болатын. Мен оған: «Әшеке, студенттер бәрі үйреніп қалды. Өзіңіз білесіз, «Дос-Мұқасан» десе институтымызды әрқайсысы біледі» дедім. Ол «жарайды, бір сөгіс берсе берер. Осылай қала беріңдер» деді. Осылайша тарихта «Дос-Мұқасан» болып қалдық.
– «Басқалар сезіне алуы үшін олардан күштірек сезіне білу керек», – деген екен италиялық ұлы композитор Никколо Паганини. Композитор дегенді қалай түсіндірген болар едіңіз? Кез келген адам композитор бола алады ма?
– Композитор басқаларға қарағанда жүз есе артық сезінуі керек. Әр адам композитор бола алады. Ол үшін білім қажет. Композиция, гармония деген не? Қалай симфония жазу керек? Қалай әндер жазу керек? Осы сынды сауалдардың жауабын білім алу арқылы таба алады. Дегенмен оның жүрегі сайрамаса, ішінде еш нәрсе болмаса, көп музыка тыңдамаса, ұмтылыс болмаса, технология арқасында жазып, шығармалар шығаруы мүмкін, бірақ оның әнін ешкім сүйіп тыңдамайды. Сондықтан оны композитор деп атауға да болмайды. Ең бірінші ұмтылыс керек. Музыканы сүю, сүйгеннен бұрын білу қажет. Қазір бізде жақсы әндер шығып жатыр, бірақ ән жазған авторлардың кейбіреуінің музыкалық білімі жоқ. Олар да алысқа бармайды. Сондықтан бәрібір білім алу керек. Композитор болу үшін жүрегінде, көңілінде музыка, ұмтылыс, сосын білім болуы керек. Солар сәйкес келіп, өзінің де таланты қосылса, әрине, жақсы композитор болып шығады.
– Ата-анаңыздың ұйғарымымен қосымша жалпы білім беретін музыка мектебінде баян класы бойынша дәріс алған екенсіз. Баланың бойында өнерге деген құштарлығын арттыруға ата-анасының да ықпалы күшті болатын сияқты. Осы жайлы да айтсаңыз.
– Мен қазір қалай музыкаға бардым екен деп жиі ойлаймын. Осы үшін ең әуелі әке-шешеме үлкен алғысымды айтамын. Қазір соны терең түсініп отырмын. Ата-анам қандай дұрыс жасаған?! Біз отбасында алты адам болдық. Ең үлкені мен, менен кейін қарындасым, басқалары ол кезде кішкентай болатын. Кентау қаласы шағын қала болғанымен, сол кездегі елімізде енді жаңғырып шығып жатқан қалалардың бірі еді. Қалада музыкалық мектеп ашыла салып әке-шешем қарындасым Күләш екеумізді сол мектепке берді. Сонда сайыстан өтіп, осы мектепке түстік. Ата-анам екеуі де ән салып, мандолинада ойнайтын. Дауыстары да жақсы еді. Сол кезде қазақ отбасылары туған күн, тағы да басқа себептермен бір-бірінің үйіне қонаққа барып, жиналып ән салатын. Біздің үйімізде де ән бітпейтін. Сондықтан шығар, бұл кісілер өздері музыканы сүйгеннен кейін бізді музыкалық мектепке берді.
– «Алматы түні», «Той жыры», «Жан досым» әндеріңізден бастап, барлық туындыларыңыздан ұлттық бояу көрініп тұрады. Ұлтқа деген махаббатты қалай түсіндірген болар едіңіз?
– Ұлтқа деген махаббат ең кішкентай күніңнен басталады. Туған жерің, ауылың басқалардан кішкентай, нашар болса да оны жақсы көресің. Біз бәріміз сондай болып өстік. Алматыға түскеннен кейін Алматыдан керемет қала жоқ деп ойладық. Мәскеуге аспирантураға барғаннан соң «Алматымыз кішкентай-ақ екен ғой» деген кездер де болды. Дегенмен, бәрібір Алматыға ұмтылып тұрдық. Мәскеуде кандидаттық диссертациямды қорғағаннан кейін ғылыми жетекшілерім «Дос, кандидаттық жұмысың өте тамаша. Егер сен қалсаң үш-төрт жылда докторлықты бітіресің» деді. Ол кезде менің үйленген кезім. Дегенмен, бәріміз Алматыға қайтып келдік. Мұндай сезім, әсіресе қазақта қатты байқалады. Мәселен, дағдарыс кезінде орыс, басқа да ұлттардан жақсы ғалымдар, мамандар жол тауып, шетелдегі үздік жерлерге кетіп қалды. Ал қазақтарды санасақ бір-екеу ғана болмаса, үдере көшкен ешкім жоқ. Мен де соның біреуі болдым. «Дос-Мұқасан» құрамының бәрі де сондай болды. Біз қай жерде жүрсек те елімізді сағынып, өзіміздің тесік жолымызды жақсы көріп тұрдық. Махаббат деген, міне, осы. Ал «Дос-Мұқасан» болғаннан кейін, атымыз шығып, басқа елдерде концерт бергенде бәрі қай жақтан десе, біз «Қазақстан!» деп көкірегімізді ұратынбыз. Тіпті, «КСРО» демейміз, «Қазақстан!» деп көкірегімізді ұрамыз. Әсіресе, біздің жастар «Дос-Мұқасан» десе көкірегін соғып, кәдімгідей басын көтеріп қалатынын біз түсіндік. Мен қазір қарап отырсам, кезінде «Дос-Мұқасан» өз өнерімен жастардың ұлттық рухын көтеруде үлкен роль атқарған екен. Желтоқсан көтерілісіне де жас жігіттер мен қыздар тура осындай патриоттық сезіммен егемендікті аңсап шықты деп ойлаймын. Олардың тәуелсіздікке ұмтылуына «Дос-Мұқасан» әндерінің де бір ықпалы болды ғой деген ойдамын. Одақ бізді тұншықтырып тұрған кездің өзінде ансамбль қазақтың халық әндерін айтып, жастардың рухын көтерді.
– Сізді қарапайым халық «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін салушысы ретінде таниды. Әйтсе де, ғылыми бағытта атқарған ісіңіз бір төбе. Ғылымға қалай келдіңіз?
– Ең басында музыкалық мектепке берерде анам: «балам, музыкаға сені кәсіби музыкант болсын деп беріп жатқан жоқпыз. Сені сегіз қырлы, бір сырлы адам болсын деген үмітпен беріп жатырмыз» деп айтқан. Сол сөзі менің есімде. Кейін қалада, Кентауда саксафонда ойнап, әрі қарай белгілі музыкант болып «Дос-Мұқасан» шыққаннан кейін, ол халықтың сүйікті ансамблі болғанның өзінде менің ойымда анамның осы сөзі тұрды. Анам «өзің таңдаған мамандық иесі болып, сол мамандығыңа істесең дұрыс болады балам» деп айтқан еді. Сол айтқансөздері әрқашан жадымда болды. Сондықтан университетті бітіре салып ректорға: «мені аспирантураға жіберіңіз. Мәскеуге, не Ленинградқа барып түскім келеді» деп айттым. Ол кезде «Дос-Мұқасан» дүрілдеп тұрған кездер. Ректор маған: «сендер политехтың атын шығарып жүрсіңдер. Тағы бір жыл бола тұр», – деді. Бір жыл болдық. Одан кейін тағы бола тұр деді. Онда да қалуға тура келді. 70 жылы Минскіде сайысқа қатысып, кәсіпқой ансамбльдердің арасында лауреат болдық. Одан соң Берлинге жіберді. Ол жерде де лауреат атандық. Осыдан кейін «Мен неге өз мамандығымды қайтадан жалғастыра бермеймін» деп қатты ойландым. Анамның айтқан сөзі бар. Ректорға тағы кіріп: «Әшеке, ұят болды. Мені үш жыл ұстап тұрсыз. Енді жіберіңіз», – дедім. Ол да ойланған болуы керек: «әй, жарайды» деді де, өзі телефон шалып, ол кезде Ресей аспирантурасының квотасы бөлінетін, соған арнайы орын бергізді. Міне, солай Мәскеуге барып, аспирантураға түсіп кеттім. Ал негізгі жолым қайсысы екенін қазірге дейін түсінбеймін. Мәселен, «Дос-Мұқасанға» «еліміздегі эстраданың аңызы» деген ат беріп жатыр. Жай ат болса мейлі ғой, халықтың арасында сондай пікір бар. Кейін ғылым жолына барып, онда да биіктерге көтерілдім. Кандидат, доктор, профессор, академик, еліміздегі ең беделді техникалық университетте ректор болдым. Үкіметте, елшілікте істедім. Онда да үлкен жетістіктер болды. Бірақ қайсы жолым негізгі екенін қазірге дейін түсінбеймін. «Дос-Мұқасанды» да қимаймын. Қанша әндерім шықты. Әлі де айтылып жатыр. Ғылымды да қимаймын. Үлкен ізденістер әлі алда.
– Ғылым мен өнерде болашақта тағы қандай жоспарларыңыз бар?
– Қазір мен үлкен бір ғылыми орталықты басқарып отырмын. Жас ғалымдарды шақырып, жұмыс беремін. Біздің ғылыми бағытымыз – өндірістік шумен күресу. Бүгінге дейін бір топ кандидат, докторларды даярладым. Солармен бірге жұмыс істеп келеміз. Қазақстанда осы бағытта ғылыми мектеп қалыптасты деп толық айтуға болады. Ғалымдар өмірінің соңына дейін жұмыс істей береді дейді ғой. Сондықтан осы жұмысты аяғына дейін жеткізем деп ойлаймын. Музыка жағын да ұмытпаймын. Бірақ екеуін бірдей алып жүру өте қиын екен. Кезінде министрлікте істедім, ректор болдым. Сонда уақыт тіпті болмайтын. Соңғы жылдары уақыт тауып төрт сериялық киноға музыка жаздым. Бес-алты ән шығардым. Тағы да басқа ойлар бар.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Нұрлайым Батыр.