Ар ілімі немесе әдебиет ғылымы туралы…
24.02.2017
6775
2

Әдебиет – ардың ісі. Әдебиет пән ретінде болсын, ғылым ретінде болсын, ЖОО пәндер тізімінен табылмауы ар ісіне сын. Біздің бұлай деуімізге себеп бар. Елбасы Жолдауын зиялы қауым өкілдерімен бірлесе талқылау мақсатында
ҚР Парламенті депутаты Бекболат Тілеухан Қазақстан Жазушылар одағына кездесуге келіп, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Н.М.Оразалин жүргізген сол кездесу барысында бірқатар маңызды жайттар талқыланып, әдебиеттану мен қазақ әдебиеті пән ретінде ЖОО тізімінен алынып тасталғанына байланысты мәселе көтерілген болатын.

Аталған жиын соңында «қа­зақ әдебиеті» мен «қазақ тілі», «фи­ло­ло­гия» пәндерінің жеке пән ретін­де тізімде өшіп қалуы қа­зақ руханияты үшін өте қауіпті еке­ні ай­тылып, талқыға қатыс­қан үш жүз­ден аса қаламгер қа­уым­ның аты­нан депутат Б.Тілеу­ханға бұл мә­селе шешімін табуы керегі жайын­­да талап-тілектер айтыл­ған еді.
Жоғары және жоғары білім­нен кейінгі білім беру мамандық­та­ры­ның жаңа Тізбесін қарап шық­қан соң, бұл тізбеде «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология», «Әде­биеттану» мамандықтары жоқ екеніне көз жеткіздік. Одан бөлек, ЖОО-ның осы мамандығы бойынша бакалавр бағдарлама­сын толық аяқтап шыққан студент «филология», не «қазақ тілі мен әдебиеті» маманы емес, «Тіл білімдері бакалавры»аталатын кө­рінеді. Аталған тізімде 6В 2460 6В022100 шифрлы «Дін және дін­тану», ал 2443 6В 022600 шифрлы «Исламтану» жеке бөлінгенін бай­қадық… Қазақстан – зайырлы мемлекет екенін ескеріп, «Исламтануды» «Дін және дін­тану» шифры аясында қарас­тыруға да болар еді ғой деп ойлай­мыз… Есесіне клас­сифи­каторлар тізіміне белгісіз себептермен пән қатарына ілінбей қалған «Әде­биет­тану», «Қазақ әде­биеті», «Фило­логия» пәндерін қосуға болар еді.
Қазақ барда қазақ тілі, әдебиеті мен мәдениеті бар. Ендеше, қазақ тілі мен әдебиетін мамандық ре­тін­де, әлеуметтік рухани өміріміздің маңызды құн­ды­лық­та­рының негізі ретінде бағала­май, оны пәндер тізімінен алып тас­тау­дың ақыры не болмақ? Қа­зақ­стан Республикасында қазақ тілі мен әдебиетін халқымыздың төл мә­де­ниеті, ұлттық және жалпы-а­дам­зат­тық құндылықтар ре­тінде оқы­туға, зерттеуге, да­мы­туға мүм­кіндік бере алмасақ, өз тілі­міз бен әдебиетіміз өз елімізде өгей­дің күнін кешпей ме?
Осы мәселе төңірегінде – мемлекеттік тіл мен әдебиетті оқытудың тәжірибесі жайында айтып беруі үшін бір­қа­тар әдебиеттанушы, тілші мамандар, шет­елдік ғалым-ұстаздарды сөзге тарт­қан едік…


Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
филология ғылымының докторы,
әдебиеттану профессоры

Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті – ұлтжандылықтың негізі

Қазақ тілі мен әдебиеті – қазақ хал­қының ұлттық мә­дени қазынасы. Қазақ халқы барда қазақ халқының мем­лекеттік тілі, әдебиеті мен мәдениеті бар. Қазақ хал­­қы­ның мемлекеттік тілі, әдебиеті мен мәдениеті жоқ жерде қа­зақ халқы болмайды. Сондықтан Қазақстанның ұлт­тық жә­не жалпыадамзаттық құндылықтарының дамуын­да, ада­ми капитал сапасын жақсартуда қазақ халқының мем­лекеттік тілінің, әдебиеті мен мәдениетінің маңызы зор екені түсінік­ті.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қа­зақстан халқына «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында (2017 жыл­ғы 31 қаңтар): «…ұлтжандылықты дамытуға баса көңіл бөлу керек», – деген қағида бар, онда терең мән бар.
Ұлтжандылықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің қай­нар көзі, негізі – қазақ тілі мен қазақ әдебиеті. Қазақ тілі мен әдебиетін мамандық ретінде, әлеуметтік өміріміздің өмірлік маңызы зор құндылықтарының негізі ретінде оқытпаған жағ­дайда, оның орнын неше түрлі залалды, зарарлы ақ­параттар ағыны баспайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Мемлекеттің, қоғамның, халықтың өмірлік мәні бар құндылықтарының негізі ретінде көп ғасырлық тарихы бар қазақ әдебиетін, қазақ тілін атына заты сай нақты мамандық ше­гінде оқу және оқыту арқылы жоғары білімді, жоғары бі­лік­ті кадрлар даярлау – қазақ халқының және оның атымен ата­ла­тын Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерінің бірі.
Қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқу, оқыту және ғылым пә­ні ретінде сақтау, дамыту – ауық-ауық көтеріліп келе жат­қан мәселе. Кейінгі жылдардың жүзінде болған жаңалық­тар­дың бірі – қазақ тілі, қазақ әдебиеті пәндерін оқытуға бөлінген сағаттардың жартысын ағылшын тілінде жүргізу болды. Даярланған маман жоқ, дайындалған оқу-әдістемелік құралдар жоқ. Оның үстіне қазақ тілін ағылшынша оқыт­қанда, білім алушы қазақ тілі пәні бойынша білім алмады, ағыл­шын тілі пәні бойынша білім алды. Білім алушыларға қа­зақ тілі мен әдебиетін бірыңғай қазақша оқытуға шек қойылуы, ағылшынша оқытуға қажетті ресурстардың болмауы білім сапасының деңгейіне өз әсерін тигізбей қой­ма­ды.
Жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру ма­мандықтарының жаңа Тізбесіне байланысты әңгіме 2016 жыл­дың күзінде басталған. Бұл салаға жауап беретін тиісті лауа­зымдағы мамандар өздерінің пікірлерін негіздеп, ұсы­ныстарын берген. Бірақ менің білуімше, сол ұсыныстар бойынша осы күнге дейін оң шешім қабылданбағанға ұқсай­ды. 2017 жылдың ақпанының басында, Мемлекет басшы­сы­ның Қазақстан халқына Жолдауын бүкіл ел болып талқылап жатқан тұста, бұл мәселе қайта көтерілді. Мәселенің жалпы сипаты мына төмендегіше.
Қ­азақстан Республикасының жоғары және жоғары білім­нен кейінгі білім беру мамандықтарының 2017 жылдың ақпа­­нында күшіне енген делінген Мемлекеттік тізбесінде (клас­сификаторында) (ГК РК 08-2009) бекітілген маман­дықтар қатарында «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Филология», «Әдебиеттану»… жоқ болып шықты. Тіл мен әдебиетке қатысты «Тілдер (Языки) бағытында тиісті деңгейлер бойынша мынадай мамандық көрсетіліпті:
6В 023200 – Әдебиет және лингвистика (Литература и лингвистика);
7М 023200 – Әдебиет және лингвистика (Литература и лингвистика);
8D 023200 – Әдебиет және лингвистика (Литература и лингвистика).
Мамандық бойынша бакалавр бағдарламасын толық орындап шыққан түлекке «Тіл білімдері бакалавры (бакалавр языкознаний)» біліктілігі (квалификациясы) берілмек.
Тізбенің бір мамандығы шеңберінде ойға қонымсыз қате­лік­тер жіберілген. Солардың басты деген бірнешеуіне тоқ­талайын.
Әуелі «Тіл білімдері» («бакалавр языкознаний») деген атау жөнсіз. Әлем халықтарының тілдері қанша көп болса да, олар туралы білім Тіл білімі (Языкознание) деп аталады.
Екіншіден, Тіл білімі, лингвистика атаулары бір ұғымды біл­діреді. Тіл білімі немесе лингвистика – гуманитарлық ғы­лым салаларының бірі, тіл заңдылықтарын қарастыра­ды.
Үшіншіден, «Тілдер (Языки)» деп ғылыми сала (бағыт) ашу, ол салаға (бағытқа) әдебиетті, онан соң лингвистиканы енгізу – ғылым салаларын классификациялаудың жүйесіне қайшы және бұл үй ішінен үй тігумен бірдей.
Төртіншіден, Әдебиет (литература) Тіл білімі ғылымының аясына кірмейді. Әдебиет – сөз өнері. Онда халықтың қадір-қасиетінің, тағдыр-талайының, ар-ожданының, ақыл-ой қазынасының, ойлау мәдениетінің көркем суретке, ұғымдар мен қағидалар жүйесіне айналған ұлттық және жалпыа­дам­зат­тық құндылықтары жинақталған. Оны зерттейтін ғылым – әдебиеттану. Әдебиеттану – гуманитарлық ғылым сала­лары­ның бірі, әдебиет заңдылықтарын қарастырады.
Бесіншіден, тіл заңдылықтарын зерттейтін гуманитарлық ғы­лым саласы мен әдебиет заңдылықтарын зерттейтін гу­ма­нитарлық ғылым саласын анықтау жұмыстары ғылыми не­гізсіз, жүйесіз, жөнсіз жүргізілген. Оның айқын бір белгісі мынада: Тізбеде бір мамандықтың (әдебиет және лингвистика/литература и лингвистика) бір сыңары әлеумет өмірінің бел­гілі бір саласының атауын көрсетсе, екінші сыңары әлеу­мет өмі­рінің белгілі бір саласын зерттейтін ғылым атауын білді­реді.
Айтылған жайлардан мынадай нақты нәтижелер белгілі болады:
– жаңа Тізбеде әдебиет Тілдер (Языки) бағытына енгізіл­ді;
– бағыт бойынша тіл білімінің бакалавры біліктілігі бе­ріл­­ген маманның әдебиетке, әдебиеттануға ешқандай қа­ты­сы жоқ болып қалды;
– әдебиет заңдылықтарын зерттейтін әдебиеттану ғылым саласы ретінде Тізімнен өшті.
Қазақ тілі мен әдебиеті – оқу пәні ретінде де, ғылым пәні ретінде де жеке дара салалар. Олар өзара сабақтас, сондықтан оқу және ғылым пәні ретінде тіл тұрған жерде міндетті түрде оқу және ғылым пәні ретінде әдебиет тұрады, тіл туралы ғы­лым саласы лингвистика (немесе языкознание) тұрған жер­де әдебиет туралы ғылым саласы әдебиеттану тұрады. Бұл жүйе іргелі елдердің білім беру жүйесінде ескі замандардан осы күнге дейін бұзылған жоқ, тіпті Ресей Федера­ция­сы­ның құрамындағы ұлттық республикалардың әрқайсы­сы­ның білім беру жүйесінің өзінде Орыс тілі мен әдебиеті, Ұлт­тық тіл мен әдебиет ешбір қысымға ұшырамай, қайта лингвистика, филология, шығыстану, славистика, тіл білімі мен әдебиеттану сияқты мамандықтармен толысып, гүл­де­ніп, өркен жаюда. Бұлардың үстіне әдебиет саласы бойынша «Драматургия», «Сөз өнері» («Искусство словесности») деген мамандықтар бар. Осы екі мамандықтың Ресей Федерациясында болғанына қығызып әрі сүйсініп қараймын.
Қазақстан Республикасының жоғары және жоғары білім­нен кейінгі білім беру мамандықтарының Тізбесіне «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын енгізбеу, қазақ деген сөзді мүлде жазбау мемлекет, халық мүддесінен туып отырмағаны түсі­нікті. Қазақ жастарының «Қазақ тілі мен әдебиеті» ма­мандығы бойынша оқып, «Қазақ тілі мен әдебиетінің мұға­лімі» біліктілігін алуына, қазақ тілі мен әдебиетін өзінің төл мәдениеті, ұлттық және мемлекеттік құндылығы ретінде да­мытуына, өзінің, елдің игілігіне пайдалануына құқығы бар еді. Халық ол құқығынан заң жүзінде айырылған жоқ. Қа­зақ тілі мен әдебиетін қазақ халқының төл мәдениеті, ұлт­тық және мемлекеттік құндылығы ретінде дамытуына, қо­ғамның, өзінің игілігіне пайдалану құқығын іске асыруға, жо­ғарыда көрсетілгендей, білім беру Тізбесіндегі маман­дықтардың ретін, атауын және берілетін біліктілікті өзгерту немесе жою кедергі келтіреді.
Жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру Тізбе­сін­де «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Әдебиеттану» деген маман­дық, оған сәйкес біліктілік жоқ. «Әдебиет және лингвистика» дегеніміз «Қазақ тілі мен әдебиеті» емес, әдебиеттану да емес. Тіл білімі (Тізбе бойынша – «тіл білімдерінің») бағыты бойын­ша бакалаврлар даярлап, оларға, Тізбеде көрсе­тіл­гендей, «тіл білімдерінің бакалавры» («бакалавр языкознаний») біліктілігін беру әдебиет маманын, қазақ тілі мен әде­бие­тінің бакалаврын дайындау емес.
Қазақстан Республикасында қазақ тілі мен әдебиетін төл мәдениеті, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтары ретінде оқытуға, зерттеуге, дамытуға және қоғамның, ха­лық­тың игілігіне пайдалануға құзіретті жоғары білімді кадрлар даярлау – Қазақстан Республикасының ұлттық мүд­делерінің өзекті арнасы. Бұл арнаға білім берудің дең­гейлері бойынша шектеу қоюдың, сөйтіп оны бос қалдырудың немесе басқа бірдеңемен толтырудың салдары Қазақстан халықтарының, Қазақстан Республикасының ұлттық мүд­делерін іске асыруға кедергі келтіруі ықтимал.
Білім беру саласында орын алған осы қателерді залалсыз әрі оңтайлы түзету және Мамандықтар тізбесінің сапасын жақ­сарту мақсатында мынадай ұсынысым бар:
1) 6В 023200 – Әдебиет және лингвистика (Литература и лингвистика), 7М 023200 – Әдебиет және лингвистика (Лите­ра­тура и лингвистика), 8D 023200 – Әдебиет және лингвистика (Литература и лингвистика) мамандықтары Тілдер (Языки) дайындау бағытынан (направление подготовки – 023) алынып тасталсын;
2) 022 Гуманитарлық ғылымдар бағытына (направление под­готовки 022) 6В 022700 – Әдебиеттану және лингвистика (Литера­туроведение и лингвистика), 7М 022700 – Әдебиеттану және лингвистика (Литературоведение и лингвистика), 8D 022700 – Әдебиеттану және лингвистика (Литературоведение и лингвистика) мамандықтары қосылып тіркелсін;
3) 011 Білім (образование) бағытында үш деңгей бойынша 7В011300, 7M011300, 7D011300 – Пәнсіз мұғалімдер даярлау (Подготовка учителей без предметной специализации) даярлау бағдарламалары Тізбеден алынып тасталсын, олар­дың орнына 7В011300 — Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау, 7M011300 — Қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін даярлау, 7D011300 – Қазақ тілі мен әдебиеті оқытушыларын даярлау бағдарламалары енгізілсін.


Айгүл Ісмақова,
филология ғылымының докторы,
профессор, сыншы

Қазақ тілі мен Қазақ әдебиеті маман­дарын дайындаудан бас тарттық па?

Қазақстан Республикасы Білім және ғы­лым министрлігінің «Государственный клас­сификатор специальностей высшего и пос­левузовского образования РК. Дата введе­ния 2017.01.02.» атты ресми құжатында 2017-2018 оқу жылынан бастап дайындайтын маман­дықтар тізімі бекітілген. Бұл – осы тізімде жоқ мамандықтар бұдан кейін жойы­лады деген ресми бұйрық.
Сол ресми құжаттан мысал келтіре отырып, пікірімізді білдірейік.
01 Образование. «Направление подготовки.
011 Образование. Бакалавр образования. 6В.2352.6В011300 «Пәнсіз мұғалімдер даярлау» («Подготовка учителей без предметной специализации») деген анықтаманың ар­тын­­да не тұрғаны күдік тудырады.
6В 2444. 6В011500 «Подготовка учителей язы­кам и литературе». Мұнда қай тіл және қай әдебиет маманы қаперге алынғаны не­лік­тен анық, ашып көрсетілмеген?
ҚР Мемлекеттік тілі – қазақ тілі. Солай бо­ла тұра, Қазақ тілі мен Қазақ әдебиеті ма­мандарын дайындаудан осы құжат негізінде бас тартқан Білім және ғылым министрлігі осы қадамымен Конституцияға қарсы шық­қан жоқ па? Қазақ тілі мен Қазақ әдебиеті ҚР БҒМ-нің білім беру жүйесінен жойылған кез­де бұл сала мамандары қайтпек? Сала ма­мандарын айтпаған күннің өзінде, осы бұй­рық орныққаннан кейін қазақ тілінде сөй­лейтін xалық өз тілін өз мемлекетінде оқи алмаса, өз жерінен көшіп кетіп, басқа ел­дерде оқи ма?
Сөзімізді ары қарай жалғайық.
«Искусство и гуманитарные науки» деп алын­ған бөлімде: «Мода, дизайн, музыка, театр, сурет» өнерлерінен кейін, 022 «Гумани­тарные науки: бакалавр, магистр, доктор гу­манитарныx наук» деген былық бас­тал­ған.
6В 2460 6В022100 «Религия и теология». Бұдан 2443 6В 022600 шифрлы «Исламоведение» бөлініп алынған. Біз зайырлы мемле­кетпіз. Солай бола тұра, ортақ теологиядан «Исламоведение» неге жеке отау құрған? Мұным­мен мұсылмандыққа қарсы шығып тұр­мағанымды, Исламтануды ортақ дінтану аясында да оқытуға болатынын айтқым ке­леді. Бұл мамандық иесін дайындайтын жал­ғыз ЖОО – тек Нұр Мұбарак универ­ситеті ғана бар. «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеттің» есесінен Мемлекеттік тілді аттап өтіп «Исла­моведениені» бөліп алғанымыз басқа дін өкіл­дерінің де «неге бұлай?» деген көңіл алаңын тудырса қайтпекпіз деген ой маза­лай­ды.
«6В2443 6В022500 Переводческое дело, синx­ронный перевод» деген мамандық ті­зімде тұр. Көзі ашық адам үшін бұл – Филология, Әдебиеттану мен Тілтану саласының бірі. Оны бөліп алу арқылы Білім және ғы­лым министрлігі тек аудармашылықты алға қойып, қазақ тіліндегі ғылымды жоюды осы­лай қолға алған екен деген пікірге келдік. Осы реттегі «Филология саласы басқа тіл­дердің аудармашыларын ғана дайындаумен шектелудің артында не тұр? Біз мемлекеттік тілді оқытпай, басқа: қытай, ағылшын, орыс тілдеріне ғана күніміз түскені ме?», – деген сауал қылаң береді.
«Направление Языки. Квалификация или степень Языкознания» деп аталатын бө­лім жоғарыдағы сауатсыздықты ор­нық­тыра түскен:
6В244 6В 023100. «Изучение языков
/родного, иностранного/».
2444. 6В 023200 «Литература и лингвис­тика».
Әлемдік ғылыми классификатордағы «Филология», «Литературоведение», «Лингвистика» деген атаулар жойылып, «Литература и лингвистика» деп пән ретінде аталға­ны­мен, берілетін ғылыми дәреже «Язы­коз­на­ние» деп шегеленген. Бұл әдебиет тасада қалды де­ген сөз. Енді, тағы бір мәселе, «Изучение род­ного языка» дегенде кімнің тілі мең­зелген? ҚР БҒМ-гі «родной» деп қай тілді мең­зеп отыр? Қазақ жерінде Мемлекеттік Қа­зақ тілінен басқа қандай «родной» тіл болуы мүмкін? Ендеше, оны «қазақ тілін оқыту» деп неліктен жазбаған деген сұрақтар да көкейде тұр.
Мемлекеттік Қазақ тілі мен оның көркем шежіресі – қазақ әде­биетін білім беру жүйе­сінен осылай ысырып алып тас­тау арқылы біз Тәуел­­сіз­дігімізге өз қо­лымызбен қауіп төндіріп отырған жоқпыз ба? ХХ ға­сыр жазба тариxы бар Ба­балар Сөзін осылай қор ете­тіндей басы­мыз­ға не күн туды? «Ұлт­ты жою үшін оның Әде­биетін жою жеткі­лік­ті» деген Әли­­xан Бөкейxан бас­­­таған Алаш ға­лым­­дары, «Ұлттың Жа­­ны – Әдебиет», – де­ген Жү­сіпбек Ай­мауы­­тұлының сө­зін біз қалайша тез ұмыта қой­дық екен? Былтыр Қа­зақ та­риxы, Қазақстан та­­риxы жойылған кез­д­е біз сат­қындық жа­сап үндемей қалған едік. Енді өз басымызға күн туғанда ғана Ұлт ғылы­мы­на төнген бұл қауіпті елге түсін­діруді азаматтық парыз санап отырмыз. Осы күндері маған түрлі оқу орын­дарының ғалымдары өз наразылығын жазба түрде беріп жатыр. Өздері ресми қыз­метте болған соң ҚР БҒМ-не ашық қарсылық біл­діре алмай отырулары да түсінікті жағ­дай.
Жақын, алыс шетелдерде Әдебиет теориясы, Қазақ әдебиеті мен Алаш ғылымы курстар бойынша дәрістерге сұраныс жетіп-ар­тылады. Советтік соцреалистік жүйеге дейін қалыптасқан қазақ прозасы мен поэзиясына деген қызығушылық та бар. Сонау Ақтам­берді, Шалкиіз, Бұқар жыраулардың тол­ғауларындағы Ұлт тариxы мен көр­кем­ділікке де қазіргі әдебиеттануда сұраныс бар. Мем­лекеттік тіл – қазақ тіліндегі 100 том Ба­балар Сөзі бар Қазақ әдебиеттану ғы­лы­мын ҚР БҒМ осылай бір бұйырығымен жойып тастай алмас.
Өз елінің Ғылым министрлігі – бас ғы­лыми ордасы қатардан сызып тастаған Мем­лекеттік қазақ тілі мен қазақ әдебиетін танытатын Әдебиеттану ғылымының күні не болмақ? Келесі ұрпаққа не деп түсіндіреміз? Құранда айтылғандай теріс нәрсені қолдамау керек, реті келсе оның себебін білдіруге ты­рыс делінген. Былтырдан бері барлық ЖОО әде­биет кафедралары тілмен біріктірілді деген сылтаумен жабылды. Сол іс басында отырғандар сол кезде үндемей енді ғана бай­балам салуда: бұр әрекет Мемлекеттік қазақ тілі мен Қазақ әдебиетінің классификатордан жойылуына әкелгеніне енді ғана көздері жетуде. Ресей мен АҚШ, не Қытай мен Еуропада мұндай қадам мемлекетке қауіп төн­діретін диверсия деп бағаланатынына сөз жоқ. Жақын жуық шетелдердегі ғалымдарға біздегі осы жайды шет жағалап айтсам, олар біздің БҒМ әрекетін тура осылай бағалап отыр. Замандастарымыз бен жастарға Отанға адал қызмет ету – абырой екенін әдебиетсіз қалай түсіндіреміз? Мемлекеттік тіл мен ұлт әдебиеті, еліміздің тариxымен бірге тәуелсіз­лігіміздің, ұлт қауіпсіздігінің негізгі тірегі емес пе? Тариxы мен тілі, әдебиеті жоқ елдер қатардан шыққан, жойылғандар мемлекеттер. Қасиетті Бабалардың қанымен келген Тәуелсіздік кезінде мұндай ессіздікке жол берсек – біздің кім болғанымыз? Шет елдерде білім алып келіп, өз тариxы мен ана тілін­дегі әдебиетке менсінбеушілікпен қарайтын биліктегі менеджерлерді бұл қасиетті ғылым салаларының киесі соғып кетпесін! Бізге айту міндет – қалай шешілетінін бір Алла Тағала мен биліктегілердің арына салайық. Осы ретте айта кету керек: фейс­букті қазақ­тың қазіргі бір дизай­нері «Абайдың Қара сөз­дерінің қолжазбасы жоқ бол­ғандықтан бұл қолдан жасал­ған мәтін-мыс» деп «сөз ме­нікі екен» деп сөйлей са­лып отыр. Мұxтар Әуе­­зовтің де кісі­лігі мен жазу­шы­лығына күмән тудыратын де­ректерді жұрт­шы­лыққа жар салып, ойына келге­­нін айтып, шу шы­­­ғарып жүрген­дер бар. Бұл – Абай мен Әуе­зов­ті жоқ­қа шы­ғарудың басы ғана сияқты. Әде­биет кафедралары жабылып жат­қан кез­де осындай «реви­зорлардың» шыға келуі де жай сәй­кестік емес екені де анық. Абай мен Әуезовті жоққа шығару тек тоталитар­лық совет кезінде іске асқан еді: Абайды қор­ғаған Алаш Арыстары атылып, олар «Қа­зақтың Бас ақыны» Абайды танытуды жап-жас Мұxтар Әуезовке аманат еткен еді. Совет кезінде қолы мен ауызы байланған Әуезов «Абай жолы» арқылы бұл аманатты абыроймен қорғап шықты. Енді Тәуелсіздік кезінде осы Аманатты мазақ етіп, қазақ тілі мен ұлт әде­биетін жоққа шығаруды қалай түсінуге болады?
Жетінші ақпанда, Жазушылар одағында мә­жіліс депутаты Бекболат Тілеуxан
Ел­ба­сының Жолдауын насиxаттау үшін елмен кездесу өткізді. Қасиетті жыраулардың тол­ғауымен елге танылып, жастайынан қазақ әдебиетінің маржандарын бойына сіңіріп өскен Бекболаттай саясаткерді, ұлт әдебиеті болмаса, қалай өсіреміз? Жоғарыда айтылған мәселелерге байланысты құжаттар депутат Бекболат Тілеуxанға тапсырылды. 100 том­дық Бабалардың қасиетті ақыл сөзі мен Аx­мет Байтұрсынұлы Ана тілі деп анықтап кет­кен Мемлекеттік тіл бүгінгі заманда бізге ама­нат. Олай болса, Аманатқа қиянат жасалмауын талап етеміз.


Жанат Дәулетбекова,
Абай атындағы ҚазҰПУ-дің қазақ тілі теориясы және әдіс­темесі кафед­расы­ның меңгерушісі, педагогика ғылымының докторы

Әр мамандықтың атауы анық тұрғаны жөн

Мамандық классификаторының 01- Бі­лім беру бағыты бойынша бакалавр дең­гейі 6В 2444 6В011500 – Тілдер мен әдебиет бойынша мұғалімдер дайындау деп көрсетілген. Біздің ойымызша, бұған дейінгі классификаторда көр­сетілгендей, әрбір тіл мен әдебиет бо­йын­ша мамандықтар дәстүрлі жүйе­дегідей классификаторда жеке тұрғаны дұрыс. Қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, шетел тілі мен әдебиеті деп айқын көрсетілуін қа­жет деп есеп­тей­міз. Оның мынадай себептері бар:
1. Әрбір мамандықтың өзінің кәсі­би-пәндік ерекшеліктері бар. Мысалы, қазақ тілі мен әдебиеті (орыс тілі мен әде­биеті) ҚР үздіксіз білім беру жүйе­сі­нің білім беру сатыларында ана тілі ре­тінде де, екінші тіл ретінде де оқы­тыла­ды. Пән атауы бір болғанымен, олар­ды оқыту мақсаты да, әдістемелік жүйесі де бір-бірінен түбегейлі бөлек. Ана тілі мен әдебиеті ретінде оқы­тыл­ғанда бұл пәндердің білім алушының қа­тысым мәдениетін жетілдірудегі қыз­меті мен ұлттық құндылықтық, тұлға қа­­лыптастырушылық маңызына,
фун­к­ционалдық сауаттылығын қалып­тас­­тыру­ға басымдылық беріледі. Ал екін­ші тіл ретінде оқытылғанда оның қа­­рым-қатынас құралы ретінде қолдану дағ­дыларын дамытып, коммуника­тив­тік қызметін меңгертуге назар аударылады. Ал шетел тілін оқытатын маман­дық­ты меңгертудің мақсат-міндеттері бө­лек.
2. Әрбір халықтың тілінің, төл әде­бие­тінің тарихы да, құрылымдық жүйе­сі де, дүниетанымдық өрісі де бір-біріне ұқсамайтын, даралық сипатқа ие. Сол себепті, бұл мамандықтарды дайындау үдерісіндегі пәндерді оқыту жүйесінде де осы ерекшеліктер сақталуы шарт. Бұл бағытта қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, шетел тілі мен әде­биеті мамандықтарының өзіндік оқу жүйесі іштей саралануы міндетті деп санаймыз.
3. Әрбір мамандыққа негіз етіп алы­нып отырған тілдердің мемлекет ау­ма­ғындағы мәртебесі де әр түрлі. Мысалы, қазақ тілі – мемлекеттік тіл, ұлттық тіл бол­са, орыс тілі – ресми тіл, ал шетел тіл­дері – халықаралық қатынас тілі болып саналады. Бұл да мамандық­тар­дың ерекшеліктерін ескеруде, отандық кәсіби мамандарды даярлау үдерісінде, мем­лекеттік білім стратегияларын жү­зеге асыру­да маңызды бір ұстаным ре­тін­де сақталуы керек. Сондықтан аталып отыр­ған мамандықтар жеке аталуы қажет.
4. Талданып отырған классификаторда «Гуманитарлық пәндер бойынша мұ­ғалімдер дайындау» деген жеке мамандық көрсетілген. Ал тіл де, әде­биет те гуманитарлық пәндер қатарына жа­тады. Олай болса, бұлай бөлу де ма­мандықтардың ішкі шегін белгілеуде түсінбеушілікке әкелетіні сөзсіз. Сон­дықтан әр мамандықтың атауы мем­ле­кеттік классификаторда ара жігі ашы­лып, айқын тұрғаны тиімді.


Сәуле ЕРЖАНОВА,
филология ғылымының докторы, профессор

Қай тілдің маманы?
Жаңа классификатормен танысып, төбемізге жай түскендей болды. Қа­зір­гі үштілділік деңгейінде білім беріп жат­қан уақытта, қазақ әдебиетін әлемге таныту мақсатында ағылшын тілінде еркін жаза, оқи, іздене алатын әдебиетші мамандарды даярлауды жүзеге асырып жатқан жоспа­ры­мызға тосқауыл қойылды деп ойлаймыз. Өйт­кені, талапкер шығармашылықпен айналысатын, ағылшын тілінде поэзия, проза жазатын мамандар қалыптасып келе жатқан кезде бұл жаңа бастама ұлттық руханияттан айыру болып есептелінеді. Жалпы, қазақ хал­қын әлемге танытып отырған ұлттың ру­ханияты. Оның дәлелелі – ЮНЕСКО кө­лемінде Абай, Мұхтар мұралары әспеттеліп, қазақ қаламгерлері шығармаларының үлкен сұранысқа ие болуы дер едік. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі халықаралық мәртебелі жиындарда сөйлеген сөзінде Абайға жүгінеді. Тіпті, Қазақстанда жер-су, елдімекен атау­ла­рының көпшілігі әдебиетші, қаламгер, сурет­керлердің атымен аталуы да ұлттық әде­б­иетіміздің деңгейінің жоғарылығын танытады. Осы тұрғыдан келгенде жаңа клас­сификатордың тек филология ғана емес, таза қазақ тілі мен әдебиетін оқытатын бі­лік­тілікті жоғалтып, оның орнына тек бір ға­на «тілдер» атауымен бітіріп шығатын ма­мандарды даярлау – санаға сыйымсыз. Түсіне­мін, білім берудің бұл жаңа бағыты бойынша ЖОО бітірген маман болашақта тіл мен әде­биеттің оқытушысы бола алады. Бірақ ол ма­манның қай тілдің маманы екені нақ­ты­лан­баған.
Бұл әдебиеттанушы ғалымдарымыздың із­денісіне балта шабу болып табылады деп ой­лаймын.


Раушангүл ЗАҚАНҚЫЗЫ,
Сегед университеті Алтаистика кафедрасының
қазақ тілі мен әдебиетінің оқытушысы
(Мажарстан)

Мажарлар үлгісі

Мажар деген халық жер бетінде тұрғанда мажар тілі мен әдебиеті мамандығы бұл ел­дің жоғарғы оқу орындарында оқытылады. Қа­зақ тілі мен әдебиеті жеке мамандық ре­тінде Қазақстанның ЖОО-ларында оқы­тыл­мауы – ең алдымен қазақ еліне төнген қауіп.
Сегед университетінде Мажар филология институты бар. Сол институтқа қарайтын Мажар Тіл білімі кафедрасы, мажар әдебиеті ка­федрасы жеке мамандар даярлайды. Мажар тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша ба­калавриат, магистратура және докто­рантура бар. Ал Будапештегі Лоранд Еөтвөш уни­верситетінде Мажар тіл білімі бөлек инс­титут, Мажар әдебиеттануы бөлек институт. Әрқайсысында бөлек бірнеше кафедрадан жұмыс істейді. Мәселен, мажар Тіл білімі инс­титутында мажар диалектологиясы кафедрасы, мажар қолданбалы тіл білімі, мажар тілін шетелдіктерге оқыту кафедрасы және тағы басқа мамандықтар бар. Оған қоса, Мажарстанда шет елдерде мажар тілін оқытатын мұғалімдердің бөлек институты жұмыс істеп тұр. Мажар тілі Еуропа, Азия, Американың бірқатар елдерінде оқытылады.


Өмер Күчүкмехметоглу,
Candidath PhD, Стамбул университетінің
түрік тілі мұғалімі

Түркия тәжірибесі

Түркия университеттерінде түрік тілі және әдебиеті, Қазіргі түркі тілдері және әдебиеттері, түрікше үйрету факультеттері бар. Бұл факультеттерді тәмамдаған студенттер лицейлерде, мектептерде мұғалім бола алады. Магистр және PhD дәрежелерін алу үшін осы мамандықтар бойынша оқуын тереңдетеді. Студент әуелі Әлеуметтік Білімдер институтына құжат тапсырады және ол жерден мамандығына қарай түрік тілі, лингвистика, әдебиет, фольклор, тарих, жалпы тарих, дүние тарихы, түрік тарихы, түрік дүниесі әдебиеті, түрік әдебиеті және баска салалардың бірінде магистрлік, докторлық жұмысын жазады. Таңдаған мамандығы бойынша бір жыл сабақ оқиды да, сосын ғылыми жұмысын жазуға кіріседі. Негізінде бұл салалардың бәрі Әлеуметтік Білімдер институтына қарайды. Студент диплом алғанда әуелі университеттің аты, сосын, Әлеуметтік Білімдер институты және алған білім саласы жазылады.
Түркітану үшін араб, парсы, осман тілдері, түркі дүниесі әдебиет, шағатай тілі окытылса, түрік ауыз әдебиеті, жаңа түрік әдебиеті пәндері жеке жүреді.

Әзірлеген Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІРЛЕР2
Əлия 01.03.2017 | 23:29

Білімнің қай саласы болсын үлкен өзгерістерге ұшырауда. Бірақ нағыз қазақтығымызды білдіретін, жастарды патриоттыққа тәрбиелейтін қазақ тілі мен қазақ әдебиетін жою ақылға сыйымсыз. Онда Қазақстан тарихы да құрдымға кетеді дегені емес пе? Ақын-жыраулар, жыр-дастандары мызды оқытпасақ болашақ ұрпақтан не күтуге болады?

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір