ӨҢІРІМІЗДІҢ ӨРКЕНДЕУ ӨЛШЕМІ – ӨРКЕНИЕТ

0
369 қаралды

dsc_5448Елімізге жаппай тың серпін берген Тәуелсіздігіміздің 25 жылының заманауи пәрмені барлық бағытта кезең-кезеңімен біліктілік және белсенділіктің күрделі де күрескерлік жолынан өтті. Бұл үдемелі үрдіс Алматы облысында айрықша байқалды. Экономикасы жедел өрледі, әлеуметтік әлеуеті шапшаң артты. Сонымен бір мезгілде өңірдің рухани өмірі өркениеттің өрісімен өрледі. Ұлттық рух, мәдениет және тұлға танымдық тұрғыдағы тәрбиенің жаңғырған дәстүрі кең етек жайды. Алматы облысының әкімі Амандық Баталов пен жазушы Несіпбек Дәутайұлының бүгінгі әңгімесі өзгелерге өнеге болар осы өмір сұранымы өзегімен өрбіді.


Амандық БаталовАмандық Баталов,
Алматы облысының әкімі

– Ұлттық тағдырымыздың та­рихи көші өзінің соңғы 25 жылында, яғни тәуелсіздігі арқылы әлем­дік үздік үрдістердің айналымына еніп, жаңғырып келе жат­қаны, біз­дің қай тұрғыдан болсын ой-санамызда, ерік-жігерімізде, мұ­рат-мақсатымызда ерекше сіл­кініс­тердің үйлесімі пайда бола бастағаны даусыз. Осылардың ай­қын бір көрінісін Амандық Ғаб­бас­ұлы мырза, ел-жұрт Сіз бас­қарып отырған Алматы облысында жүріп жатқан өзгерісі мол өмір салтынан көріп отырғаны рас.
– Жетісу жерінің кіндігі, төрт құбыласының төрі асқар Алатау, бір етегі Қытай шекарасымен барып шектесетін алып облысымызда бұған дейін де ел еңсесін көтерген ерен еңбектердің жүзеге асып келгені белгілі. Осы тұста өңірге мемлекеттің өлшеусіз қол­дауы болғанын айналып өтуге болмайды. Тәуелсіздік жылдары мемлекет қолдауының арқасында өңіріміз де, өзіміз де өзгердік.
Елбасымыз ұсынып отырған қандай да өміршең бағдарла­ма­лар­дың түп негізінде адамдардың ең басты қажеті – табиғи күнкөрі­сінің сөзсіз сұранымдарына көре­­гендік көзқарастары көрініп тұрады. Оның арман-мүддесі ха­лықтың тұрмысының жақса­рып, абыройының асқақ болғаны. Біздің де көксейтініміз сол.
Әрбір ойлы, иманды адамның да жан қалауы осы болар. Алайда, тек сонымен ғана көсеге көгере қоймайды. Әңгіме, барлық игі ой-мақсаттардың жалпы халық­тың жаппай жанкешті іс-әре­кетіне, ұлттық намысына тәуелді екенін еске салып отыру да артық болмас. Мысалы, еврейлерге бе­рілген жер өмірі қызанақ өс­пей­тін құм-тас екен. Сонда қайт­ті?  Жаппай қолдарына кетпен, күрек алды, тауларын текшелеп, тегіс­теді, соған топырақ арқалап жет­кізіп, жүзім екті. Ми даласын өң­­деді, тыңайтты. Төрт құбыласы тең көз жауын алатын төңірекке айналды. Израиль әлемнің озық мемлекеттерінің біріне айналды, осыған бар-жоғы 60 жылдан сәл ғана асатын уақыт жетіп-ар­тылды.
Біз кейде қазағымызды жал­қау­лықтың прототипіне айналдырып жіберетініміз бар. Өз басым осыған қарсымын. Қазақ жалқау болса, мына ұшы-қиыры жоқ даламызды қалайша мыңы­ра­ған мал басып жатқан. 1932-1933 жылғы ашаршылыққа дейін қазақта 44 миллион мал болған деседі. Мұнша малды өсіру, ба­ғып-қағып, аман сақтауға жұм­салатын жанкешті еңбектің өл­шемін анықтап көріңізші. Алты ай жаз аптап, алты ай ақ қар, көк мұз. Күн ұзын мал соңы. Соған тө­зетін не деген ешбір елде жоқ ерік-жігер…
– Жалқаудан гөрі жайбасарлау деген дұрыс шығар.
– Ата-бабамыздың өмір салтында  көнкөрістің ұшып-қонған, асығыс-үсігіс үрдісі болған жоқ қой. Малды қуалап жүріп бақ­пайды. Жаймен жайып, қайыра­ды. Халықтың ұлттық мінезі, ме­ніңше, осы басты кәсібінің негізінде қалыптасатын секілді. Қазақтағы сабырлылық, ұстам­ды­лық, төзімділік сол ата кәсіп­тің мектебі деп ойлаймын.
– Ал бүгін заман басқа, заң бас­қа.
– Біздің әкелеріміз социализм дәуірінде өмір сүрді. Ол фор­мацияның біраз жылын сіз бен біз де бастан кешірдік. Біздің бақытымыз – Қазақстан тәуелсіз­ді­гінің куәсі болып, соның келе­шегін айқындап жатқан күрес­кер­лік күндермен өмір мен өңірді жаңғыртып келеміз. Дүниені, қоғамды, елдікті, еңбекті жаңаша танудың өткен 25 жылы бізді мем­лекетшіл, халықшыл қайрат­керлікке тәрбиелеп отыр. Бұл бағытта Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеке үлгісі тарихымыздың таңдаулы бір парағы. Елбасы күллі әлемдегі өнегелі өмір салтына өзгелерден ерте жеткен мемлекеттердің өр­ке­ниет негіздерін қажымай-тал­май зерттеп, халқымыздың санасына сіңіріп келеді. Бұл – мем­­­ле­­кет­шіл­діктің мәңгілік пәр­менді жүйесі, экономикалық және әлеуметтік танымның замандық табиғи заңдылығы, оқу мен білімнің парасатты дағ­дысы, жан­кешті еңбектің жаппай жан қалауына айналуы… Елбасымыз­дың ел қажетіне деп әлемнен алып келіп жатқан табанақы, маңдай терінің өтеуі – біздің оның тапсырмалары мен нұс­қау­ларына азаматтығымыз бен адалдығымыз.
– Алматы облысына қызмет бабымен келгеніңізге 15 жылдай болып қалған екен.
– 2001 жылы облыс әкімінің орынбасары болып келдім. Еңбек жолымды 22 жасымда Алматы қаласында бастаған мен осы оң­түс­тік астанадан шеткері шық­қаным жоқ. Жетісудың киелі мекен екенін танып-біліп, сезініп өстім ғой. Сүйінбай, Құлманбет, Жамбыл, Үмбетәлі, қалқадай өлең­­нің өрен жүйріктері, Тұман­бай мен  Мұқағали сияқты қатар қойып қарасаң да, қарсы қойып қа­расаң да қайсысы да қасиетті қара өлең­­нің қайнаған қайнар бұ­лағы, ақындарды ары қарай жал­ғасам Ілияс Жансүгіров, Ос­пан­хан Әу­бәкіров, Еркін Ібітанов, Әнуар­­бек Дүйсенбиев, Қанипа Бұ­ғы­баева, Сәкен Иманасов, Жұ­ма­­тай Жақыпбаев, Есенқұл Жа­қып­беков, сондай-ақ, Бер­дібек Соқ­пақбаев, Сайын Мұратбеков, Бал­ғабек Қыдыр­бек­ұлы, Бек То­ғысбаев, Сейдахмет Бердіқ­ұлов, Бексұлтан Нұр­жекеев, Нұрлан Оразалин, Баққожа Мұқаи, Жұ­ма­бай Шаштайұлы, Жүсіпбек Қорғасбек сияқты қаламгерлер, композитор Мұқан Төлебаев, Еркеғали Рахмадиев, Нұрғиса Тілендиев, Балнұр Қы­дырбек, әнші Дәнеш Рақы­шев, Нұрғали Нүсіпжанов, актриса Бикен Римова… Батырлары десең Қарасай, Наурызбай, Райымбек, Қабанбай, Саурық, Сұраншы, Өтеген. Аузы дуалы асып туған Ескелді, Бал­пық билер, Қабылиса жырау.Жетісу – қазақ тарихында тұң­ғыш тәуелсіз Қазақстан мем­лекетін құрған және басқарып, осы күніне жет­кізіп отырған Тұң­ғыш Прези­дентіміз Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың кіндік қаны там­ған жер. Білгенге бұл өңірге басшылық жасау бір басқа да, адам, азамат ретінде жауап­кер­шілікті сезіну бір басқа. Қа­зақтың рухани әлеміне ұр­пақтан-ұрпақ­қа мұра болар кө­рікті ой, көркем сөздерін, әуелеген әндерін, шеш­пейтін мәселесі жоқ ше­шен­дік һәм ерліктің өлмес Рухын  қал­­дырып кеткен және көзі тірі­лері көкке қарай көтеріп отырған ұлттың ұл-қыздарының шоғыры маған тұлғатанымдық ой салып отырады. Осы бағытта облыстың бұрынғы әкімі Серік Үмбетов  үлгі болды.
– Алматыдағы естияр азаматтар бас қосқанда Сіздің Жамбылға деген ықыласыңыздың ерекше екенін әңгімелеп отырады.
– Ол рас. Жамбылдың заманында қазақтың төрт құбыласын­да төпелеп айтатын төкпе ақын­дар жетіп-артылды ғой. Бірақ та­рих­тың таңдауы Жамбылға түсті. Бекер емес, әрине. Ұлы Жаратушының алып ақынның маңдайына жазғаны. Халықтың тілеуі. Өйткені, ол халықтың сөзін сөйледі, елдікті, ерлікті, бірлікті жырлады. Ұлы Отан со­ғысы жылдарында да, қан майданда от кешкен жауынгерлерге абыздың дуалы аузынан шыққан өлең-жырлары рух беріп, намысын қайрады. «Ленинградтық өренім» өлеңі сарбаздардың жі­герін жанып, қайратын шың­да­ды. Мұндай өлеңді жазу үшін де ер мінез, қайсар рух керек.
Ойлап отырсақ, өмір дегені­міз­дің өзі мән-мағынасы өшпей­тін өнегелердің тірегі екен. Мен мұны өңірге қызметке келген алғашқы күннен тереңірек сезіне бастадым. Жасыратын несі бар, өскен ортам солтүстік жақ қой. Қазақтың жерінде, орыстың ор­та­сында өстік. Біздің класта үш-ақ қазақ болатын. Оқудың бар­лығы орысша. Оның пайдасын көргенімізді аттап өту орынсыз. «Ой, ол орыс тілді ғой» дегенді аз естіген жоқпыз. Қазақтың қамын орыс тілді қазақ көп ойлай ма, қазақша қақсап өскен қазақ көп ойлай ма?.. Гәп осында! Гәп сенің ұлтыңа, туған Отаныңа соның төл перзенті ретінде қызмет ете білгеніңде. Солай ете алатын қабілетің мен адал ние­тіңде. Қандай ортада өссең де, өз тілің жүрегіңнің төрінде тұрады. Қазір қазақ тіліндегі кітаптарды сүйіп оқимын. Санама келген ойларымды, сезім-пайымда­рымды қағаз бетіне қазақша өлең түрінде түсіретін әдетім бар.
Облыс өңірінде өзге ұлт өкіл­дері көп. Бір-бірімен тату-тәтті. Бұл енді бөлек әңгіме. Менің бөліп айтпағым, еліміздің тәуелсіздігі бізді абырой мен намысқа шақырды. Ұлттық тұрғыда ғана емес, еңбек ету, эко­но­миканы өркендету, әлеуметтік жағдайды оңалту, бәсекеге қа­бі­лет­ті болу, жан-жағымызды жаң­ғырту, шет елдермен байланыс арқылы озық технологияларды алу, инвестиция тарту – бір сөзбен айтқанда, өркениетті елу елдің қатарына ену сияқты бір-бірімен сабақтас, біріне-бірі тәуелді үдерістердің танымына, сол ар­қы­лы қазақстандық «қасқа жол­мен» қалыптасуымызға, ерте еңсе көтеретін ерік-жігерге бас­тап кетті. Яғни намыс пен абы­ройға. Соның арқасында облыста атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы жан-жақты кеңейді, жаппай алға басты, жаңғыртуға жан бітті, жаңаша жұмыс істеу жүзеге асты, сенімге селкеу түсір­мейтін серпіліс туды, ілгерілеудің ізденістері пәрмен алды.
– Амандық Ғаббасұлы, осы орайда менің бір ұсынысым бар, құп көрсеңіз.
– Айтыңыз.
– Алматы облысының соңғы 2 жылдағы өрісі кең, өрелі істері жө­нінде республикалық БАҚ құралдарында қол жеткен көрсет­кіш­тердің ірі-ірі тізбегімен өзге­лерге үлгі ретінде көптен жазылып, көрсетіліп жүр. Соның ішінде бір ғана «100 нақты қадам» ұлт жос­парының орындалуын сөз етсек, соған байланысты облыста атқарылып жатқан, аяқталған, ше­­шімін тапқан немесе тауып жат­қан іс-қимылдардың көрсет­кіштерін мына сұхбатқа сыйғызу мүмкін емес. Ауыл шаруа­шы­лы­ғында оның өнімдерінің молайып жатқаны, соның ішінде Елбасының тапсырмасымен қант қызылшасын өсіру бойынша атқарылған ауқым­ды шаралар, Ақсу қант зауытының қайта іске қосылатыны, тағы-тағыларының табысы көзі қарақты жұртқа белгілі. Біз оларды қай­талап жатпай-ақ қоялық. Бізді, яғни әдебиет пен өнер сүйер қауы­мын Сіздің басшылы­ғы­ңыз­дың ұлттық рухани әлеміне де өзгеше көзқарасыңыз қызық­тырады.
– Ұлттық рухани әлем дегені­міз менің түсінігімде, ұлттық мәртебенің бір ұшар биігі емес пе. Жақсы жұмыс, жайлы дүние әлі болып-толған шаруа емес. Мемлекеттік, қоғамдық, ұлттық қадір-қасиеттің келбетін көрсе­тетін, сол арқылы рухымызды әуелетіп әкететін алғы шарттар бар. Сіз Талдықорғандағы Ту тұғы­рын көрген шығарсыз. Биік­тігі 92 метр. Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығының қарсаңында «Жас­тар» мәдени-демалыс саябағын­да орнатылды. Көк Тудың тұғырын мұнда бекіту – Қазақ­станның ертеңгі тізгінін ұс­тай­тын, бо­лашақтың иесі – жастарға аманат деген сөз емес пе. Кешегі Керей мен Жәнібек Қазақ хан­ды­ғының дүниеге кел­генін дәлелдеп Қозы­басыға туын тікпеді ме. Туған жерге тіккен ту – ұлттық тұтас­тығы­мыздың ке­пілі. Бұл – біздің еңсеміз, ерте­ңіміз, айбынымыз. Ұлттық рухы­мыздың тұғыры – мәңгі ұшар биігі. «…Жан емес, маған керегі – көк тудың желбі­регені». Тәуел­сіз­діктің арқасында туған осы бір ән мәтіні бүгін де, ертең де әр жү­ректе тіл қатып тұратынына өз басым еш күмән­данбаймын. Туы биік елдің саяси пәрмені, эконо­ми­калық серпіні, әлеу­меттік әле­уеті, қоғамдық ойы мен әрекеті, мәдениеті мен өнері де өрлеуін тоқтата алмайды.

dsc_0739
– Сіздің бастамаңызбен Тал­ды­қор­ғанда құрылыс құны 4 миллиард теңгені құрайтын драма театр салынып жатыр. Қазіргі күллі әлемде дағдарыстың дауылы дабыл қағып тұрғанда мұндай қаржының көзін табу кім көрін­геннің қолынан келе бермес.
– Табылатын болған соң да кірісіп кеттік қой. Жаңа театр ғи­ма­раты шағын ауданда – Салтанат сарайы мен Көрме павиль­о­нының жанында, сәулеті жағы­нан осылармен үйлесім тауып салынып жатыр. Оны біз театр өнерінің өркениетті өлшемі деп санаймыз. Сіз драматургтерге сәлем айты­ңыз. Таяу уақытта Тал­­ды­қор­ған­ның заманауи жаңа театрына замандық жаңа пьесалар керек. 2018 жылы алып келе берулеріне болады.
Театр – өнегелі елдің өрке­ниеті. Өнердің өзгеше ордасы. Оның киелі сахнасында адамдарды жақсылық пен жаман­дық­тың өліспей беріспейтін күресі, қоғамдағы қарама-қай­шылық­тардың қақтығыстары, әлеумет­тік себептері көрсетіліп, жүріп жатады. Көрермен соларға қарап, ойын да, бойын да түзей алады деп ойлаймын.
– Биыл Анкарада Сүйінбай­дың  ескерткіш  бюстін орнат­ты­ңыз­дар.
– Ұлағатты сөзі ұлттың жадында жаңғырып жататын ұлы ақынның ескерткіші Қазақстан­ды атажұртымыз деп есеп­тей­тін Түркияның Анкара қала­сында ашылса, ол облысты былай қойғанда, күллі  ел-жұртымыздың абырой, мәртебесі. Сербия мем­лекетінде Жамбыл жыраудың да асқақ тұлғасы тас тұғырға ор­на­тылғанын күллі қазақ мақ­та­нышпен айтады. Біздің мұраты­мыз – тұлғатанымдыққа бет­­бұ­рыс. Қазақтың айтулы тұл­ға­ла­рының насихатына жаппай айрықша көңіл бөлу. Биылғы жыл­ы Мәскеу қаласындағы бас­па­лардың бірінен Жамбыл Жа­баевтың кітабын шығаруға қо­мақ­ты қаржы қарастырдық. Ол­жас Сүлейменовтің «Код слова», Әбіш Кекілбаевтың «Аңыз­дың ақыры», Смағұл Елубайдың «Ақ боз  үй»  кітаптарын  ағылшын тіліне аударуға қолдау көрсе­тіл­ді.
Облыс бюджетінен өңірде тұратын қаламгерлердің кітабын шығару ісі бүгінге дейін  жалғасып келеді. Жанкешті, жаңашыл ерен еңбекпен келетін экономикалық табыстың, яғни бардың арқасы.
– Ниет, пейіл де бар ғой.
– Әрине. Өз басым өңір өр­кен­­деуінің өлшемін өркениет деп білемін. Әдебиет пен мәдениет ұлттық мұраттың уысынан шы­ғып кетсе, елдің ой-сана кеңісті­гін көк тұман баспай ма? Батыс Еуропа өркениетінің делелі – операның бір қойылымының құны 3 миллион доллар. Биле­ті­нің бағасын ойша шамалай бе­ріңіз. Мейлі, оның бағасы қанша болса да, жұрт жабыла алып, кө­бісінің қолы жетпей арманда қалады екен. Адамдарды байыту, сол арқылы дәулетті мемлекетке айналу асқан мәдениетке де жеткізеді. Біз осы жолдамыз. Біз­дің нысанамыз экономикалық дамудан әлемдік  озық  өркениет­ке дейінгі аралықтағы талайлар бастан кешкен «тар жол, тайғақ кешулерден» табанымызды тайдырмай, тайсалмай, абыроймен жедел жүріп өту деп ойлаймын.
– Өткенде, баспасөз күніне байланысты арнайы салтанатты жиында қатар отырып қалған жайымыз бар. Сонда көрсетілген концертте операның 4 әншісі ән салды ғой. Жап-жас жігіттер. «Астанадан арнайы шақыртумен алдырдым» деп едіңіз.
– Рас, сөйттім. Төртеуіне де жа­ңа салынып біткен үйден бір­ден пәтер бердім. Неге опера ән­шілері Астана, Алматыдан шықпауы керек. Келсін өңірге. Жұртына өнерін көрсетсін. Сирек кездесетін табиғи зор дауыс жан тебіренісін тудырады.
– Айтпақшы, сол жолы қазақ­тың аса талантты ақыны Ерлан Жүніс пен жас жазушы Есболат Айда­босынға да пәтер кілтін бергеніңізді білдік. Естіген жан­ның разы болмағаны жоқ. Президент Грантының, сондай-ақ, көптеген әдеби бәйгелердің жеңімпазы, айрықша ақындық дарынын күллі еліміз мойындаған Ерлан қанша жылдан бері Тараз, Алматы, Астанадан пәтерге қолы жетпей жүрді. Ақын, жазушылар Талдықорғанға келгеніне жыл өтпей-ақ, баспана бақытына қолдарының жеткенін тағдыр­ла­рындағы Сіздің сыйыңыз болды деп есептейді. Мен Ерланның да, Есболаттың да пәтерлерін көрдім. Барлық тұрмыстық қажеті бар, тап-тұйнақтай таза, жып-жылы екі бөлмелі баспана. Қуаныш­та­рында шек жоқ. Бақытты бала-шаға. Маған қаламгерлер осы бір азаматтық қамқорлығыңыз үшін Сізге алғыс айтуымды өтініп еді.
– Рахмет! Біреуге шарапатың тисе, алдымен өзің қуанасың. Ал жас­тарға жасалған жақсылық өміріңді ұзартатын секіл­де­неді. Талант – ол ұлттың рухани құндылығы дегенді естіп, бі­ліп өстік. Ондай қошеметке ие адамдарды көздің қарашығындай сақтау керегі белгілі. Жалпы, жас­тарға айрықша көңіл бөліп жүретінім бар. Өйткені, бәрі соларға қалады. Ертеңіміздің иесі, ісіміздің жалғасы. Елбасы­мыз­дың үміт, сенімі де солар.Жақында Талдықорған қаласын­да Жастарға қызмет көрсету орталығын ашқанбыз. Оның құрылысына облыс бюджетінен қомақты қаржы бөлдік. Орталық жастарға бірнеше бағытта қызмет көрсетіп келеді. «Жұмыспен қам­ту жол картасы-2020», «Қол же­тімді тұрғын үй-2020», «Се­рпін-2050», «Дипломмен ауылға» бағ­­дарламалары бойынша жастар арасында түсіндіру-насихаттау жұмыстарын жүр­гізу­де. Ол жұмыстарында Елбасымыздың: «Білімді, еңбек­қор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмы­сы жақсы, абыройы асқақ болады», – деп Қазақстанның гүлденуін жас ұрпақпен тікелей байланыс­тырған сөзін басшы­лыққа алады.
– Сол қала күнінде Мұқағали Мақатаевқа «Жастар саябағында» бюст орнатқан екенсіздер.
– Мұқағалидың ақындық әлемі қазақтың рухани әлемінде ұмытылуы мүмкін емес ұлттық құндылық. Кезегімен келіп жататын ұрпақ ұлы ақынның ұлан-ғайыр мұрасын, асқақ бейнесін аялап, асқақтатып өсуге тиіс.
– Амандық Ғаббасұлы, ұлы­ларды ұлықтау ұлттық мұратымыз ғой. Олар ортақ тұлғалар. Қазақ үшін анау менікі, мынау сенікі болмауы тиіс. Абай да, Жамбыл да, Махамбет те өзіміздікі, тұтас қазақтікі. Солардың кез келгеніне рухани Ескерткіш орнату да – ортақ абырой. Мысалы, Жамбыл облысы әкімдігінің қаржылай қолдауымен Таразда 12 жылдан бері  «Жамбыл» әдеби-көпшілік, та­ным­дық журналы ұлы Баба­мызға рухани Ескерткіш ретінде жарық көріп келді ғой. Оған жазылушыларымыздың үштен екісі Алматы облысына тиесілі болып келген. 2,5 мыңнан астам таралыммен. Өкініштісі, 2016 жылы ол әлдеқайда кеміп қал­ды.
– Адамның өрелі, өркениетті болуы, меніңше, әдеби көркем басылымдарды жаппай оқумен өлшенетін болуы керек. Тіпті, осы бағытта араларында бәсе­келес­тік тудыруды ойластырған жөн шығар. Жан тебіренісін тудыратын жақсы басылымдар оқырманды саналық өмір үрді­сіне тәрбиелейтінін ескерсек, оларға жазылу – ел-жұрттың ең керегінің бірі екенін ешқашан естен шығармау қажет деп есептеймін.
– Өңірдің өркениетке өзгеше көзқарасын айқындайтын бел­гі­лерді түгел түстеп және түгелдеп айтып берген әңгімеңізге рах­мет!
– Барша оқырмандарды тәуел­сіздігіміздің 25 жылдық мерей­тойымен құттықтап, елімізге тыныштық, зор табыс тілеймін. Мәңгілік Ел болудағы мұратымыз баянды болсын!

Әңгімелескен Несіпбек Дәутайұлы,
жазушы.

Пікір қосу

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.