ҚАЛАДА ӨМІР СҮРЕМІЗ, БІРАҚ ҚАЛАЛЫҚ ЕМЕСПІЗ…
Адам баласы махаббат пен ғадауатты, достық пен қастықты, мейірімділік пен жауыздықты, сатқындық пен адалдықты қалада да, далада да, тіпті соғыста да бастан кешіре береді. Жағдай, мекен, күй талғауды білмейтін адам бойындағы осы бір сезімдерді бәрінен бұрын ақын-жазушылар тереңірек түсінулері керек еді ғой. Түсінетін де шығар. Бірақ қазақ әдебиетіндегі қала прозасы, поэзиясы енді қалыптасар деп жаңа буынның аяқ алысына үңілген сайын ауыл, дала тақырыбы одан әрі қаузалып, жазылып келеді. Осының себебін тауып айту – қиын. Қайда болса да қаламгерді алаңдататын сауал – адам тағдыры болғандықтан, неге қала өмірін жазбайсыңдар деп те кінә арта алмайсың. Бірақ қазақ қалаға тұрақтағалы қанша уақыт өтті?! Біздің түсінігіміздегі, қабылдауымыздағы қала образы, бәлкім, басқаша қалыптасқан шығар. Танылатын, өмір сүретін мекен болғанымен, көңіліміз салқын тартып тұратын, жанымыз бөлек, біріге алмаған бөлек әлем болуы да мүмкін. Біздің көбімізді құшағына алған алып мегаполис өзі туралы ойлауға кедергі сияқты. Неге талантты деп мойындалған жас ақын-жазушылар (отыздан асқандары да бар) жаза алмай қалады? Осы сұрақты қаламгерлерге жолдасақ та тамырын басып айта алмайды.
Ондағы экономикалық, әлеуметтік, психологиялық қысымдардың бәрі жиналып келіп шығармашылыққа әсер етті. Әдеби ортадағы таланттардың жарысы кілт тоқтағандай. Бұл кезеңдік құбылыс болып есептелгенімен, әдебиетіміздегі үлкен мәселе. Жазушылардың ойлау жүйесі әлі өзгермегендігі. Сол өзгермегендіктен ары қарай дами алмай тұр. Рас, бірді-екілі шағын романдар, әңгімелер жарық көрді. Бірақ олар қала адамының жан дүниесін, қала тіршілігінің мехнатын, ондағы психологияны, құндылықтарды мынау-мынау деп аршып көрсете алған жоқ. Үстірт, маңдайға ұрғандай тура (лобовой) жазылған шығармаларды журналистер де жазады. Ондайда бұндай нәрсе жоқ деп айта алмайсың. Бірақ әдебиеттің мәні ол емес қой. Бүкіл қалтарыстарына үңіліп, адам тағдырын, жанын алдыңа бөлшектеп, ет бұзғандай жайып салған кезде ғана санаңа әсер етеді. Олай қопара жазудың қиындығы, әрине, өз алдына. Әлем жазушыларының ұстазына айналған Достоев-скийдің кейіпкерлері қалада өмір сүрді. Ал оның көтерген мәселесі адамзат ойына ықпал етті. Психологтар да, философтар да (әдебиеттанушылар мен сыншыларды айтпағанда) бұл жазушының шығармашылығы туралы қаншама еңбек жазды. Қалада да тағдыр бар ғой. Бұл айтқанымыз жаңалық та емес. Бірақ неге қалаға кеп жаза алмай жатырмыз деген сауал – мәселе.
***
Адам баласы үшін мына дүние – бірде тар, бірде кең. Көңілі тоқ, жаны тыныш, жайдары уақытта мына ғазиз ғаламның кеңдігін түсінгендей болып, «адамзаттың бәріне бауырым» деп қарай бастағанымызда, өмірдің бір сәт қиындығы алдымыздан шықса, бір пенденің қылған қысастығы, жамандығы басымызға түссе жаңағы кең дүниеміз бірден тарылып шыға келеді. Сірә, бұл о бастан, жаратылғаннан ешқандай мағынасын жоғалтпаған, мақсатынан айнымаған фәни-жалғанның кеңдігі мен тарлығынан емес, көңіліміз бен пейіліміздің бұзылғанынан көрініс тауып жататын құбылыс болса керек.
Дүниенің кеңіп, тарылатын аралығында жазушылық көңіл мен ақындық пейіл өз табиғатынан жаңылмаса екен деп тілейсің.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ.
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ,
ақын
БІЗДЕ «БОС УАҚЫТ» ЖОҚ, БІРАҚ БОСҚА КЕТКЕН УАҚЫТ КӨП…
Бұл сұрақтың жеке тұлғаның ізденісі мен өмір сүру дағдысына байланысты әлденеше қыры бар екені даусыз. Ал жалпылама айтар болсақ, бірнеше себебін бажайлауға болатындай.
Әуелгі бір себебі, қалалық өмірдің бізге бөтен өзіндік қағидаларында жатса керек. Біз қалада өмір сүреміз, бірақ қалалық емеспіз… Біздің әдебиет – ностальгиялық әдебиет. Өткенді сағыну – ауылға ынтызарлық. Қазақ ақындары мен жазушыларының көбінің шығармашылығы ауыл тіршілігі, ауыл өмірі, ауылдық менталитет туралы. Тіпті, қала, оның болмысы, адам өміріне әсері жайында, қалалық өмірдің өзіндік ерекшеліктері жөнінде жазылған шығармалар, қалалық проза, яки поэзия некен-саяқ. Болған күннің өзінде ауылдың исі аңқып тұрады. Бұл шығармашылық адамын дағдарысқа ұшыратпай тұрмайды. Өмір сүрген ортаң бөлек, шығармашылығың одан бөлек – екіұдай көңіл күй. Үнемі бір тақырыпты, бір ойды, бірқалыпты өмір ағысын жырлау (сол жайлы жазу) қашанда қиын әрі қызықсыз секілді… Сонда да қаламын суытпай, бір тақырыпты әр түрлі ұйқастар мен формалар арқылы үздіксіз жырлайтындарға құрметпен қарауға да болады.
Екінші бір себебі, қалада өмір сүргендіктен, оның қызылды-жасылды таусылмайтын «думаны», мағынасыздау болса да әдеби орта, тасқыны жедел уақыт ағысы, бірінен кейін екіншісі кесекөлденеңдейтін әлеуметтік тығырық – бәрі-бәрі шығармашыл адамға бөгесін. Себебі, шығармашылық көптің емес, жекенің жемісі. Оған даңғазалықтан гөрі сабырлылық, топпен жүргеннен гөрі оңашалық аса қажет. Бізде «бос уақыт» жоқ, бірақ босқа кеткен уақыт көп… Жуырда Талдықорғанға барғанда белгілі ақын Жүкел Хамай ағамыз: «Шығармашылықпен айналысу үшін Талдықорған секілді жинақы қала керек. Тіпті, мегаполистен алысырақ моноқала болса… Алматы – уақыт ұрлауға ғана шебер қала» деген ой айтты. Жаны бар сөз.
Үшінші себеп, жастық шақтағы желөкпелік. Оның буы басылғанда, кешегі жазғаныңның көбі сылдыр сөз бен тапқырлық екенін байқайсың. Желпілдеп жүріп, бірің ақын, бірің жазушы деген атты қалай иемденгеніңді де білмей қалғаныңа таңырқайсың. Өмір өтіп барады. Енді шыт жаңа дүние бастау керек!.. Ал оған… Көргенің – мүшәйралар аламанындағы түгемес «жарыс», сезгенің – ағалар тәрбиесімен бойыңызға жұққан атақ пен даңқ туралы бітпес «арман», оқығаның – Кеңестік кезеңдегі әдеби томдықтар (Тәуелсіздік тұсында кітаптардың авторы мен дизаины өзгергені болмаса, мазмұндық тұрғыдан дерліктей жаңарған жоқ), тоқығаның – ескі, тым ескі әдеби рецензиялар… Енді не жазасың, қалай жазасың, қайтіп жазасың?.. Бұл сұрақ ойлы дүние тудырғысы келгендерді мазаламай тұрмайды. Бұл тығырықтан шығар жол – өз ішіңе өзің кіру. Не жарып шығасың, не ішкі айғайыңа тұншығып, себептер мен салдарларды сылтау етіп өмір өткізесің…
Ербол АЛШЫНБАЙ,
ақын
ТҮЛЕУ АЛДЫНДАҒЫ УАҚЫТША ҚҰБЫЛЫС
Қазақ ақыны үшін үлкен қалаға келгенде басынан кешпей өтпейтін бір тоқырау болады. Мұның себебі, біріншіден, дала мен таудың кең құшағында өскен дала баласының ритмі көз ілестірмейтін қала өміріне үйлесе алмауы тұрғысынан қарауға да болады.
Ал екінші себебі, бұл менің жеке пікірім, біздің баршамыздың түпсанамызда ата-бабамыздың жүріп өткен тарихы қатталып жатыр. Ол әсіресе, қиялы бай, әсерленгіш назым сөз иелерінің түпсанасында ерекше сәулелі. Және олар терең қиялға батқанда сол ақпараттар белсендірек қозғалады. Осының салдары, яғни ақынның санасындағы, ішкі әлеміндегі өркениеттер қақтығысы ақынды қаламын ұзақ қаңтаруға мәжбүрлеуі мүмкін.
Үшіншіден, ақынның тоқырауы үлкен бетбұрыстың, поэтикалық түлеудің алдындағы өзіне көңілі толмаушылықтан. Егер тоқырауға ұшыраған ақын өз ішінде осындай арпалыспен жүрсе, жоғарыда санамалаған үш себеп те ақынның үлкен түлеуіне себеп болатын – уақытша құбылыс. Және бұл уақытша құбылыс болса ғана жақсы.
Батырхан СӘРСЕНХАН,
ақын
УАҚЫТТЫҢ ДА ШЕГІ БАР
Алғашында атүсті көрінген әлеуметтік желілер тізбегі бүгінде үлкен сұранысқа ие.Әркім ішкі танымымен бөлісуге, ақпаратты жылдам жария етуге жол ашылды. Өзіне тәуелді қылатын күшке ие құралдар легі бүгінде миллиондаған қазаққа сіңісті болған. Біз білетін Тәуелділіктің үш түрі бар: қара күшке тәуелділік, бюрократияға тәуелділік, рухани тәуелділік. Әмсе бұл рухани тәуелділік болса жарар еді.
Әлбетте, әлеуметтік желілердің толымды тұстары жоқ десек қателесер едік. Мәселен, «Фейзбук» желісі арқылы «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алып», көркем әдеби үлгілер мен ой қорытар өрнектерді дер шағында оқудың, жеке тұлғамен хат арқылы сырласудың сәті түсті. Ой еркіндігіне құлаш ұрып, ашық пікірлеріміз бен жаңа туындыларды желіге жариялау арқылы азды-көпті мұраттас ағайынмен қауыштық, жаманды-жақсылы пікірлер естідік. «Әркімді заман сүйремек» деген тәмсілді ойға алсақ, заман көшіне ілесу, оң-солды бағамдап жақсыны қабылдап, жаманын шетке ысыру – саналының ісі болмаққа керек. Алайда, бүгінгі әдебиет төңірегіндегі жастардың дені «ізденістің ләззатын» осы бір күлгін экраннан тауып жүргендей көрінеді кейде. Он ойланып,тоғыз толғанып, дәуір жасы құйылған сарғыш беттерге колхоздың жұмысындай тиіп-қашып қоятын салғырт сана пайда болғандай. Бос өсекке, алып-қашпа әңгімеге тоналған уақыттан көзін алып, «не істеу керек?» деген сұрақты көлденең тартқан көз тамырын байқағанда, Салтыков-Щедриннің: «Не істеу керек – атаңның басын істейсің!» дейтін тұщы кекесіні ойға оралады.
Жалпы, әлеуметтік желілерді тұтынушыларды екіге бөліп қарастыруға болады: бірі – уақыт бөлушілер, бірі – уақыт жоғалтушылар. Өкінішке орай, бұл күндері соңғы нұсқадағы өкілдер шаш-етектен. Түздегінің түрліше еркі болғанмен, мәселенің айыр ұшы уақытқа тіреледі. Бұл тұрғыдан алғанда бірер минут қана кешігіп оятқан күзетшісіне сөгіс айтқан Эйнштейн болмысы, қай уақытта көз ілсе де таңғы бесте оянған Нелсон Мандела ғибраты, Мағауиннің сағат тілімен арпалысы тағылым алуға тұрарлық.
Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді ғасырлар, замандар да.
Менің жаным ашиды, мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға.
Мұқағали ақынның осы шумағы бүгін мен ертең кеңістігін қаншалықты алыс әрі жақындығынан хабар берсе керек. Қорыта айтқанда, «кез келген нәрсе шегінен асса боғы шығады» депті дана Абай.Рас-ау.
Арғы ойдың түйткілін өзіңіз бағамдай жатарсыз…
ПІКІРЛЕР1