ҚАЛАМГЕР ҚАДІРІ МЕН ӘДЕБИЕТТІҢ ӨРІСІ
30.09.2016
5146
0
  1. Қаламгердің қадірі мен әдебиеттің әлеуеті туралы айтылса, Кеңес дәуіріндегі әдебиеттің оқылымдылығы мен жазушы беделі сөз бола кетеді. Ол заманда коммунистік идеологияны жүзеге асырушы орган ретінде әр шығарманың қандай тезден өткенін көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Тезінен өткізіп алған шығарманы таратуға билік те мүдделі еді. Ал қазір шығармашылық адамдарының туындылары ондай тезден өтпейді. Тиісінше таралымы да бұрынғымен салыстырғанда, мардымсыз. Мұндайда қаламгерлердің қадірі туралы сөз қозғау қиын, сіздіңше мәселенің мәні неде?
  1. Қатаң цензураның үдесінен шыға жүріп, сол кезеңдегі қазақ қаламгерлері қазақтықтан алыстамаған, рухы биік ұрпақ өсіріп шықты. Олардың шығармалары тәуелсіздікті алу жолындағы рухани күштің эпицентрі болды десек, артық айтқандық болмас. Оның дәлелін кешегі Желтоқсан оқиғасына қатысқан өршіл буынның бойынан байқау қиын емес. Жалпы, әдебиеттің белгілі бір дәрежеде мемлекеттік идеологияға қызмет етуіне деген көзқарасыңыз қандай? Оның мемлекеттік сананың қалыптасуы мен нығаюына  әсері бар ма? 

kazhygaliҚажығали МҰХАМБЕТҚАЛИҰЛЫ,
жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері

ЖАЗУШЫ – ЕҢ АЛДЫМЕН ГУМАНИСТ

  1. Бұл сауалға байланысты ойымды өткен пленумда да айтқан едім. Қазіргі заманда жазушының қадірі де, беделі де, жәй жағдайы да өте төмен екенін ашық айтуға тиіспіз. Біріншіден, жазушылардың еңбегіне қаламақы төленбейді. Жазушы бірнеше жыл уақытын сарп етіп кітап жазады, ол он жыл, яки он бес жыл болуы мүмкін.Сонша жылын сарп еткен еңбегіне ең болмаса 5000 доллар гонорар алмайды. Қаламгер осы аралықта аш отырмасы белгілі, бес жыл бойы қолынан қаламы түспесе де, бес мың теңге таппаған жазушының қатын, бала-шағаның алдында қадірі жоқ. Ал қатын, бала-шағаның алдында қадірі болмаған жазушының халық алдында қадірі қайдан болсын? Қоғамға қандай қадірі болады? Қаламгер беделінің төмендеуіне бір себеп осы. Қыл аяғы көше сыпырушылар мен күтушілер де өздеріне тиесілі ақысын алады. Ал бәленбай жыл шығарма жазған жазушы өз еңбегі үшін неге қаламақы алмауға тиіс?..

Екінші жағынан қоғамның жазушыларға көңіл бөлетін жағдайы болмай қалды. Жеке жазушыны былай қойғанда, бір кезде күндей күркіреп тұрған Жазушылар одағының өзі қоғамдық ұйым ретінде қалып қойды. Ал Конституция бойынша, қоғамдық бірлестіктер мен одақтарды бюджет қаржыландырмайды. Ата заңымызда осылай жазылған. Қоғам тарапынан материалдық я болмаса моральдық қолдау байқалмайды. Сондықтан жазушылардың жазуға ынтасы жоқ, жағдайы құлдырап тұр. Кеңес үкіметі жазушылардың жағдайын жасады, қаламақыларын төледі, баспанамен қамтамасыз етті, керек болса пәтердің 20 шаршы метрін жұмыс бөлмесі ретінде заңдастырды. Ондай жағдай қазір жоқ. Идеологиялық жұмыстың орны бос кеңістік (вакуум) боп қалды. Идеология жоқ жерде қоғамның кері кететінін қоғам мүшелері енді ғана сезіне бастады. Оның үстіне, алдымен экономика одан кейін саясат деген сөз айтылды. Қазір идеология­лық саясатты қолға алу керектігі анық, өйткені, өзінің моралдық пішімдерін қалыптастырмай қоғам қоғам бола алмайды. Оны қалыптастыратын – әдебиет пен өнер. Қоғам әлі де болса руханият пен әдебиетке бет бұрар деп ойлаймыз. Үміт етеміз, үміттенгенімізге 20-25 жыл болды. Сонда да аяқсыз келе жатыр. Сондық­тан бұл мәселені түпкілікті шешкен абзал. Сонда жазушылардың қоғамдағы орны нақтыла­нады. Біз, жазушылар – осы күнге дейін көк тиын төлемесе де жұмыс істеп келе жатқан адамдармыз. Шын жазушылар әлі де жазып жатыр. Әдебиеттен гөрі күнкөріс керек екенін түсінген кейбір жазушылар бизнеске кетті. Бірқатары жеке кәсібімен айналысып жүр. Сөйтіп, жазуды доғарды. Өздеріңізге белгілі, бір газет пен бір журналдың өзінде жаңа шығармалар сиреді. Өйткені, жаңа шығармалар жоқ. Қазір әдебиеттің өзі көмекке зәру, қалай құтқарамыз деген сұрақ туады. Жанкештілік­пен, қолынан қаламын тастамай жазып жүрген жазушылар бар, бірақ аз. Олар қашанғы жазады, олар да мүжіледі, қажиды, сарқылады.

  1. Әдебиет таза идеологияның құралы болуға тиіс емес. Оның міндеті бөлек. Әдебиеттің міндеті – адамды тәрбиелеу, адам баласының басындағы қайғы-мұңды айту, біреудің мұңын, біреудің қуанышын мыңдарға жеткізу. Сол арқылы адамдарды мейірімге үндеу, жақсылыққа тәрбиелеу. Әдебиет әдебиет болғалы оның миссиясы осы. Жазушының тікелей мемлекетке қызмет етуі шарт емес. Жазушы – ең алдымен гуманист. Сондықтан ол адамзаттың ішкі жан-дүниесін ізгілендіру үшін жұмыс істейді. Адам жанының ізгіленуі мемле­кеттік саясатқа да жат емес, адамзаттық проблемаға да жақын, өйткені кез келген мемлекет, мен адам тәрбие­леп отырған жоқпын, оны жақсылыққа жетелеп отырған жоқпын деп айтпайды. Керісінше, мен халықтың жағдайын жасап отырмын, халықтың әлеу­меттік жағдайын көтеруге табан ақы, маңдай терімді жұмсап келемін дейді. Ал жазушының адамгершілікті жазғаны мемлекетке емес, адамзатқа қызмет еткені. Сол арқылы өзі өмір сүретін мемлекеттің руханиятына үлес қосады. Әдебиет тікелей мемлекеттік идеологияға қызмет етуге тиіс емес.

 

mejirhan-akdauletМейірхан АҚДӘУЛЕТҰЛЫ,
ақын

ҰЛТТЫ ҚАЙТАДАН СОМДАУ КЕРЕК

  1. Әдебиет пен өнер­­дің халықтың, қо­ғам­ның, ұлттың санасы мен болмысын сом­дайтын, философиясы мен мінез-құлқын, тәртіптік стереотипін кез келген бағытқа бұрып, қалыптастыра алатын күш екенін мемлекеттер баяғы замандардан білген. Себебі, қоғам, оның болмысы, ұлт пен оның кескін-келбетін қалыптастыру, «ұлттың құрылысы» (нэшл билдинг), қоғамның қалай «бұрылмағы» сияқты нәрселер – мемлекеттің бірінші кезектегі шаруасы. Мәселен, коммунистер алып империядағы 250 миллион, әртекті халықты өз идеалдарына әдебиет, өнер салалары арқылы сендіре білді. Халық аса илана қоймайтын ұраншылдықпен ғана емес, адамның (ұлттың) жан жүрегін жылытатын, гуманистік құндылықтарға толы нағыз шығар­ма­лар арқылы қалың елді әлдилеп келді. Қазақ әде­бие­тінің ең озық дүниелері сол тұста дүниеге кел­гендігі содан – нағыз суреткерлер сол мүмкіндікті «шеңберден шығып кетпей-ақ» толық пайдаланды. Жазушылар мен ақындардың (мемлекет маңдайынан сипағандардың – «шеңберден шықпағандардың») кітаптары 5 мыңнан 100 мыңға дейінгі таралыммен тарады және өзін толық ақтап тұрды. Ең бастысы, ха­лық кітап оқитын жағдайдың бәрі шебер ұйым­дас­ты­рылды – кітап арзан еді де, бірі қалмай тұрақты ең­бек ететін халық кітапханаларға да баратын. Қыс­қасы, жазушылар халыққа жұмыс істеді, олардың бар­лық жағдайларын мемлекет үздіксіз ескеріп отыр­ды.

Қазір… ғұламалар өлшемімен алсақ, «көпшілік кө­те­рілісі» («Восстание масс») жүріп жатыр – капита­лизм және еркіндік. «Үкімет өлтірмейді» деп келген халық, әсіресе қазақ, өмірі көрмегенін көріп, же­ме­генін жей бастаған соң, өз білгенін істеп жатыр. Негізгі процесс – «кедей байға, бай құдайға жетпек» болып ты­раштану. Бұл, әрине, жақсы. Бірақ қазіргі «байы­ған элита» «озық елдердегіні» жасауға тырысып ойсыз отыр, ал әдебиет пен өнердің оларға мүлде қажеті жоқ. «Озық елдерде» элита «ақшасы көптігімен» емес, ақыл-ойы, мәдени-интеллектуалдық деңгейі арқылы ғана элита екенімен біздің миллиардердің шаруасы жоқ – «ден сау болса болғаны-ай!» деп, өзін бірер сәт­ке ағылшын, француз, неміс… немесе қытай сезін­ге­ніне мәз.

Осындай жағдайда, осындай қоғамдық ахуалда қалған жазушының көпшілігі, әдебиет, шығар­ма­шы­лық түгілі, күнделікті нан табуға зар болып қалды. Жә­не бұлар жағдай талғамай, ашқұрсақ болып жүріп әдебиетте атын шығарып, кітабын көптеп сататын дең­гейге жете алатын батыстың жанкешті жазарманы емес қой! Кеңес үкіметі асырап келген жұрт қой. Сөй­тіп, кіріптарлыққа ұрынды. Үкімет шығаратын кітап­тар, біріншіден, шамалы ғана беделі, т.б. жеткен адам­дарға бұйырады. Оның өзі екі мың дана боп шы­ғып, жартысынан көбі кітапханаларға түседі. Бұ­ған бүгінгі оқырманнның «ерекшелігін» қо­сыңыз…

Осыдан соң әдебиет пен әдебиетшінің беделі ба­зар­да ет сатып тұрған бәйбішенікінен төмен болма­ған­да қайтеді?

  1. Әрине, кеңес дәуіріндегі әдебиет, «ноқталы-ші­дер­лі» әдебиет – дарынды әдебиет! – халықтың рухын, ділін, болмысын сақтап қалды! Қазіргі әдебиет­тің негізгі ұстыны әлі де солар – мына Маралтайларға дейін сол «шарбақтан» шыққан төлдер. Осыны ескеру керек. әйтпесе, «әркім білгенін айтар, тасбақа бұ­тын тарбитар» дегеннің кебімен келе жатқан бергі әде­биет пен өнер келе-келе барлық биіктіктерін жо­ғал­тып, ұсақтайды, «жүн жеп, жабағы тышып» кете­ді.

Біз енді ғана ерік өзіне тиген, көп нәрседен кенже­леп қалған ұлтпыз. Ұлтты әлі де шынықтыру, қай­та­дан сомдау керек. Мұны саяси тұрғыдағы жеңілтек «флеш-моб насихат» атқара алмайды, тек қана ұлт­тық, шынайы әдебиет пен өнер атқарады мұны. Сол себепті, қазақ әдебиетін, қазақ мәдениетін шынайы қам­қорлыққа алмайынша, мемлекеттік идеология да, ұлт «бесігі» де түзелмейді, басында айттым ғой – мем­лекетке, ұлтқа әдебиет пен өнер, әрине, өте керек. Мұны үкімет ойлансын.

 

madina-omarova-suret-2Мадина ОМАРОВА,
жазушы

ӨТКЕНДІ КӨКСЕУДЕН ГӨРІ…

  1. Қазіргі заман мен кеңестік дәуірді салыстырып қараған қаншалықты қисынды? Екеуі екі түрлі жүйе, ұстанымы мен құрылымы бөлек. Кеңес Одағы 70 жыл билік құрды, оның идеологиясы, мәдениеті мен әдебиеті жоқтан құралды десе де болады. Ұлттық республикалардың кеңес өкіметіне дейінгі барлық рухани мұрасы көпе-көрнеу жойылды, қалғаны ескінің сарқыншағы деген жағымсыз сипатпен жиіркене итерілді. Содан кейін бәрі қайтадан басталды. Жаңаны құруға деген желік, екпін болды. Соның буымен өнердің барлық саласына үлкен қолдау жасалды, насихатталды. Білімді болу, әдебиеттің, музыканың, театрдың жаңалықтарынан хабардар болып отыру – сәнді еді. Интеллигент деген тап пайда болды: оның үйінде бай кітапхана болуы шарт, адамдар бір-біріне кітап сыйлады, бір-бірінен кітап ұрлады. Кітаптар алапат зор тиражбен шығарылып, шалғай елді-мекендерге дейін жеткізілді. Бұл кез, әрине, біз секілді ақын-жазушылар үшін жұмақ. Енді қайтып оралмайтын (мойындайық) арман кез. Жазғыштар да көп болды. Қазір де көп, бірақ ол кезде әр жазғыш одақ көлемінде, қала берді республика деңгейінде танымал болатын. Олар арнайы жобалармен Мәскеу барып, білімдерін жетілдіретін. Сосын оралған соң жазуын қайта жалғастыратын. Себебі, жазуға жақсы ақша төленді. Олар ерке әрі дәулетті, сыйлы еді. Сондай бір кез болды. Ал қазіргі жағдайды өзіңіз білесіз. Қазір әркім өзі үшін жауап береді. Өзің жазушы, өзің менеджер болуың керек. Менеджерліктің өзі – заманауи мағынадағы іскерлік емес, қазақша менеджерлік. Оған екінің бірінің қабілет-қарымы жете бермейді.
  2. Бірақ әдебиет өлмек емес. Бір-екі мәрте бұғып қалса да, күндердің күні серпе көтерілері хақ. Сіз айтып отырған жастардың рухын көтеретін шығармалар да туып жатыр. Бұрын, бәлкім, ұлттық идеяны, рухани жаңашылдықты оқырман идеология қоқысы арасынан бүтін дән тергендей еңбектеніп тауып, соны қорек еткен шығар, содан кейін де ол бойға бойлай сіңіп, жемісін берген шығар. Қазір ондай қысым жоқ болса да, оқитын, ізденетін адам үшін бәрі бар. Жақсы жазушылар да, керемет ақындар да. Мен проблема ретінде оқырман талғамын, оқырман сапасын айтар едім.

Адам деген – негізі қызық тіршілік иесі ғой. Оның материалдық құрылымы алдыңғы планда. Ішіп-жеу, лайықты өмір сүру деген сияқты. Бірақ оның арғы жағындағы рух  та нәпақа талап етеді. Талап еткені былай тұрсын, адамның жан алқымынан алады. Оны қалай қанағаттандырудамыз? Қандай өніммен? Мәселе осында. Бұрын кеңес кезінде ауылда әйелдер өлең айтатын. Көзімізбен көріп өстік. Шешеміздің екі-үш құрбысы шай ішуге үйге келеді, сосын аздан кейін «Ауыл кеші көңілді» сияқты ән жинақ кітапшалары қолға алынып, концерт басталады. Ел жаппай ән салатын. Сосын газет-журналдар, кешке сағат төрт-бестерде пошташының әр үйдің шарбағына бір бума газет-журнал қыстырып кету рәсімі. Кітапхана, кітап дүкендеріндегі сатылым. Бұның бәрі адамдардың рухани  тілеуін, жандарының аштығын басуға деген талпыныстары еді. Қазір де ол көне қажеттілік ешқайда жоғалған жоқ. Сериалдар, планшет, интернет, неше түрлі діни ағымдар… Кітап оқып ми ашытып, ән айтып жақ талдырып қажеті қанша?

Бұны өмір заңы деп бағалаймыз. Оған қарсы күресу – мағынасыз. Бәлкім, әдебиет те, өнер де бірте-бірте заңды өзгеріске ұшырап, виртуалды формасын табар. Бәлкім, жиырма бірінші ғасырда кітап оқыту, кітап арқылы идеология тарату, ұрпақ тәрбиелеу сияқты талап-мақсат үрдістен шығар. Бәлкім, бәрімізге заманмен қарыштап, жаңа технологиялық мүмкіндіктер іздеу керек болар?

Мен жазушыларға телехикаялар жазу машығын игеруді ұсынар едім. Бұл сала әлі игерілмеген. Осылайша біз қазақтардың, қазақ жазушыларының бойындағы (елестетсем жылағым келеді) талантпен әлемді бағындырар едік. Өкінішке қарай, бұл салада қазір жүрген адамдар – әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын, қазақ дегеннің кім екенінен бейхабар, шала сауатты жандар. Сапалы киносценарийлер жазу керек. Балаларыңыздың, немерелеріңіздің сіздің көзіңізді ала бере неге құмартып, неге алабұртып тұратынын тауып, соны игеру керек. Сосын құлағын бұрап отырып, ұлттық менталитетімізге салып, өңін өзгертіп ұсыну керек.  Өзгерістен қашып, қаншама бас тартқанмен, дүние бір орында тұрмайды. Сондықтан өткенді көксемей, заманға сай өнім беру керек. Әзір бұған мол мүмкіндік бар…

 

gazizaҒазиза ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Алматы қаласы  ОКЖ  Жамбыл атындағы
жасөспірімдер  кітапханасының бөлім меңгерушісі

НАСИХАТ ФОРМАСЫ ӨЗГЕРСЕ…

  1. Біздің әдебиетіміз ғана емес, тарихымыз да талай тезден өтті. Небір дауылды, боранды күндерді басынан өткеріп, уақыт желі жиі шайқалтқанмен діңіміз босаңсымады. Оған халықтың рухани әлеуетінің күштілігі әсер еткені даусыз. Дейтұрғанмен, бүгінгі уақыттың желі сол замандағыдан күшті емес. Сол себепті де сіз қойған сұрақтарға салыс­тырмалы түрде жауап береміз.

Кеңес кезінде кітаптың шығарылымы да, таралымы да, қаламгерге қамқорлық та жүйелі жүргізілетін. Ол кезде де адамдар кітап оқитындар мен оқымайтындар деп бөлінетін.

Қазір тезден өтпесе де таралымы неге аз дегенге біржақты пікір айтуға болмайды. Оның себебі өте тереңде жатыр, сіз бен біз ғана емес, мемлекет деңгейінде ойланатын үлкен әлеуметтік мәселе. Қазіргі заманның жазушыға, яки баспаларға қояр талабы бөлек. Кітапты шығарып қана қоймай, тарату керек. Шығарма – жазушы өндірген өнім, сіз ол өнімді кітап арқылы сатасыз. Кітабыңызды қаншалықты тарата аласыз, соншалықты өніміңізді де өтімді етесіз.

Жақында «Әдебиеттен бизнес жасауға бола ма?» деген тақырып тағы қозғалды. Әдебиеттен бизнес жасалуы үшін ең алдымен сауатты маркетинг жасайтын кәсіби менеджер керек. «Тауық сойса да қасапшы сойсын» деген қазақтың сөзі бүгінгі әдебиет маркетингіне айтылатын сөз. Бірақ бүгінгі менеджерлерге сеңі бұзылмаған әдебиетпен жұмыс істегеннен гөрі тұрмысқа қажетті өзге тауарларды сатып пайда таба беру жеңілірек. Сондықтан жазушылар қауымы менеджерлікті меңгеруге тиіс.

  1. Кітапханада жұмыс істейтін болғандықтан оқырман қалыптастыру, кітапты насихаттау тікелей міндетім. Бұл міндеттің аясында ең алдымен Қазақстанда жарық көрген кітаптарды таныстырамыз. Екінші жоба бойынша «Атырау – Алтай арасы» атты Алматы мен Астана қалаларынан шалғайда жатқан қаламгерлердің кешін өткіземіз. Жақында «Алматы – оқырман қала» акция­сының аясында метро, аэропорт, қоғамдық көлік, қоғамдық орындарда кітап көрмелерін өткізе бастадық. Бұл шаралардан аңғарғанымыз, әдеби кітапқа қызығатын оқырман жоқ емес, бар. Талғам да тым төмен емес. Тек көркем әдебиетті жеткізу мен ұсынудың заманға сай тетігі табылмай тұр.

Алда жаңа шыққан кітаптарға қысқаша бейнебаян түсіруді жоспарлап отырмыз.

Шетел қаламгерлерінің шығармалары әлем аралап кетеді. Олар әлемге танытатын қалам­герлеріне мемлекеттік деңгейде жағдай жасайды екен-мыс. Кітабының аударылуын, таралуын, сатылымын бәрін ұйымдастырады. Шетелде сондай екен деп қарап отыруға тағы болмайды. Бір қарекет керек-ақ! Мем­ле­кеттік тапсырыспен шыққан кітаптарда «Әдебиеттің әлеу­меттік маңызы бар түр­лерін басып шығару» бағдар­ламасы бойынша деген сөз жазылып тұрады. Осы бағдарламаны іске асыратын тиісті орындар әуелі әлеуметтің сұранысын зерттесе. Әр өңірде сауалнама жүргізіп, талабына сай жазу­шыларға тапсырыс берсе, таралым 2 мыңмен шектелмес еді. Өз кезегінде баспа да авторларға қаламақы бере алатын еді…

Қазіргі оқырман халықтың басынан кешкен зобалаң жылдар туралы немесе тәуелсіздікті мақтан тұтатын масаттанған шығармаларды оқуға ниетті емес. Қазіргі заманның оқырманы ұлттық құндылықты білдіртпей дәріптейтін, мақсатқа жетелей отырып қазақы тәрбиені бойға сіңіретін жарқын (позитив) шығармалар оқығысы келеді.

Әдебиеттің мемлекеттік идеологияға қызмет етуі? Әдебиеттің әсері мол. Қазақ сөзге тоқтаған, сөзбен рухтанған халық. Сөз – қару! Сөз – күш!

Ар ісін мемлекеттен бөлек алып қарауға болмайды.

Мемлекет те өз деңгейінде осы әдебиеттің бар жауһарын насихаттаудың, қолдау көрсетудің жауыр болған түрлерін емес, жаһандану дәуіріне сай жаңа формаларын ойластырып, насихаттап, қадағалап отырғаны абзал. Және ол науқандық болмай, жүйелі түрде іске асса… Әдебиетті қолдау қаламгерлердің кітабын шығарып, мерейтойын өткізумен шектелмеу керек.

Дайындаған Назым ДҮТБАЕВА.

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір