«ӘУЕЗОВ ТІЛІ – МЕНІҢ ТІЛІМ»
30.09.2016
1130
0

555Жанғара ДӘДЕБАЕВ,
әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті
Абай ғылыми-зерттеу 
институтының директоры

 

Мұхтар Әуезов – қазақ халқының даналық ақыл-ойының көп ғасырлық даму тарихындағы қазыналы кезеңде дүниеге келген шығармашылық тұлға. ХХ ғасыр­дағы қазақ әдебиетінде Мұхтар Әуезовтің болуы – заңды құбылыс. Мұхтар Әуезовтің алдындағы Абайды әлем әдебиетінің алып бәйтеректерінің бірімен де баламалай алмаймын, менің ұғымымда Абаймен тең түсетін шығарма­шылық тұлға дүние әдебиетінде болған емес, жоқ. Мұхтар Әуезов те сондай. Гомер – ұлы, Данте – данышпан, Лев Толстой – дана. Үшеуі де келісті суреткер. Оған таласым жоқ, таласпаймын. Мұхтар Әуезовті осы аталған алып тұлға­лармен барабар қабылдаудың да жөні болуы мүмкін.

Бірақ мен үшін Мұхтар Әуезов – дара тұлға. Мұхтар Әуезовті әлем әдебиетінің алып­­тары­ның бірімен де теңестірмеймін, дұрысында, әлем әдебиетінің алыптарының бірін де Әуе­зов­пен тең көрмеймін. Өйткені, Мұхтар Әуезов – менің Әуезовім, Мұхтар Әуе­зовтің тілі – менің тілім, Мұхтар Әуезов­тің тілімен суреттелген тарих – менің тарихым, Мұхтар Әуе­зовтің шығарма­шылығында көл-көсір болып көрініс тапқан қайғы – менің қайғым, Мұхтар Әуезовтің шығар­ма­шылығында теңіздей терең даналығы­мен дара­ланған, қиянатшыл дү­ние­ден жа­пы­рақ-жүрегі қырық жамау болған Абай – менің Абайым, Мұхтар Әуезовтің шы­ғар­ма­шы­лы­ғын­да азды-көпті қуаныш, бақыт шуағы бо­латын болса, олар да менікі. Мұхар Әуе­зов­тің әде­би мұрасына, шығар­машылық ең­бегіне осы­лай қарамасам, Мұхтар Әуезов ту­­ралы ұғы­мым осылай болмаса, сіз бен біз ұға­­­­­тын нәрсе осы болмаса, мен қайтіп мен бо­ламын…

Абайдың ілімін, Әуезовтің шығарма­шы­лы­ғын, қазақ әдебиетін білетін адамдар азай­маған да, көбеймеген де секілді. Кейде Абай­дың ілімін, Әуезовтің шығарма­шы­лы­ғын, қазақ әдебиетін білетін адамдар азайып, білмейтіндер көбейіп кететіндей болатыны бар. Көз алдымды ойда жоқта сап ете қалған осындай ойдың елесінен тазартамын. Абай­дың ілімін, Әуезовтің шығарма­шы­лы­ғын, қазақ әдебиетін білмейтіндер көбейіп, біле­тіндер бірте-бірте мүлде жоқ болып кетпесе не қылсын дегендей ойдың қылаңынан қа­ша­мын. Егер қазақ әдебиетін өсіріп-өркен­дету­шілер, қазақ әдебиетін білетіндер, білге­ні­нің игілігін өзі де көретін, өзгелерге де көр­сететін адамдар қазақ даласында мүлде қал­майтын заман болса, онда ол ақырзаман шы­ғар.

Біз білетін нәрсе мынау: қазақ әдебие­тін­де қазақ халқының ақыл-ойы, ар-ожданы, абыройы бар; қазақ халқының ақыл-ойын, ар-ожданын, абыройын сақтау мен қорғау­дың, келер ұрпаққа аман-есен жеткізудің бірден-бір жолы – қазақ тілі мен әдебиетінің дамуы, өркендеуі; қазақ әдебиетінің алып тұлғаларымен мақтанған – жақсы, қазақ әдебиетінің алып тұлғаларының шығар­ма­ла­рын білмеу – жаман; қазақ әдебиетін білмеу, қазақ баласына қазақ тілі мен әде­бие­тін қытайша немесе ағылшынша оқыту қазақ халқының ғасырлар бойы сараптан өтіп, сұрыпталған ұлттық  құндылықтарының құнсыздануына алып келеді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!