Әуезов үш күн аялдаған үй
29.04.2022
1079
0

Аягөз қаласында танымал журналист-жазушы Ғабит Зұлхаров ақсақал тұратынынан былайғы жұрттың көбі бейхабар. Бүгінде жасы 83-ке келген шежірешінің өзі де «Мен Аягөздің қаншама тарихын қаттаған адаммын!» деп бәлсінген емес. Қала орталығындағы көп қабатты үйлердің бірінде елеусіз ғана тұрып жатыр. Аягөзге Мұхтар Әуезовтің келгені жайлы Ғабит қарт ілгеріде газетке жазған. Әрине, Аягөзге Мұхаңның келуі біз үшін таңсық емес. Туған жері – Абай ауданына барар жол осы Аягөз арқылы өтеді. Алматыдан пойызбен келіп, ары қарай көлік ауыстырары анық. Алайда үш күн не үшін аялдады екен деп, Ғабит ақсақалдан осының мән-жайын сұрадық:

– Сол тұста Әуезов Аягөзге екі рет келіп, екеуінде де бірнеше күн қона жатып кеткен, – дейді қарт жазушы-журналист. – 1940 жылы Қазақстан үкіметі «Шығыс жолын салу туралы» Қаулы шығарады. Ол Жаңғызтөбе стансасынан басталып, Зайсан арқылы Өскеменге баратын жол болатын. Мұны «Шығыс сақинасы» деп, 800 шақырымды екі жылға жоспарлайды. Жыл сайын 400 шақырымнан құм, тас төсеп, екі жылда бітіруі керек. Тек колхозшылардың күшімен жүргізілетін бұл жоба тым ауқымды еді. Мәселен, тұқым себу аяқталған соң үш-төрт ай егін шыққанша үзіліс бар ғой. Міне, үкімет сол уақытты пайдаланды. Үлкен шараға колхоз, совхоз жұмысшы шаруаларын жұмылдыру үшін мемлекет үгіт-насихат жұмысына Алматыдағы жазушыларды араластырды. Мұхтар Омарханұлы да мамыр айында Аягөзге Жазушылар одағы жанынан құрылған бригаданы бастап келді. Құрамында Ғабиден Мұстафин, өскемендік қаламгер Павел Кузнецов та бар. Мұхаң осы жерде бірнеше очеркін жазған. Мемлекет Шығыс Қазақстан мен Семей облыстарының әр ауданына жолды үш-бес шақырымдап бөліп береді. Сол тұста М.Әуезов «Оның аты екінші» деген 36 беттік үлкен очеркін жазды. Очеркте Аягөз ауданының 28 колхозшысы туралы баяндалады. Мен 50 жылдан кейін соның көзі тірі сегізін тапқан адаммын. Бұл – өз заманындағы еңселі ғимарат. Елуінші жылдардың соңына дейін қонақ үй болыпты. Мұны маған сол тұста ауданда мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің жауапты өкілі болған марқұм Қабдолла Митанов ақсақал айтып беріп еді. Ал Мұхтар Омарханұлының 1943 жылғы Абай ауданына сапарының негізгі мақсаты – ақынның 100 жылдық мерейтойына дайындық мәселесі болған екен. Бұл туралы сол жылы күзде, дәлірек айтсам, «Социалистік Қазақстан» газетінің 1943 жылдың 17 қазан күнгі нөмірінде Мұхаңның «Ақын елінде» атты жолсапар очеркінде кеңірек жазылған.
…Мұхаң аялдаған үй қазір бұрынғысынан өзгерген. Алайда негізгі сұлбасы сақталыпты. Бұл үй қала ортасындағы Сабыржан Ғаббасов атындағы көшеде орналасқан. Қазір үйдің қабырғасына осынау тарихи күнді айшықтайтын арнайы белгі орнатылған.
Берікхан Тайжігіт

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір