АБАЙҒА АБАЙ БОЛАЙЫҚШЫ, АҒАЙЫН…
12.08.2016
2643
0

АбайӘмина ҚҰРМАНҒАЛИҚЫЗЫ,
сыншы

 

Келесі:

– Алла – мінсіз, әуелден

Пай­ғам­бар – хақ.

Мү’мин болсаң,

үйреніп сен де ұхсап бақ, –

дегенді:

Мүмкін болса,

үйреніп сенде ұхсап бақ, – деп өзгертіледі. Абай сонда «Алла мен Пайғамбарға мүмкін болса ғана ұхса, мүмкін болмаса ұхсама» дей ме. Мү’мин – араб тілінде мұ­сыл­ман деген сөз. Яғни мұсылман бол­саң, ұхса дейді. Сонан соң «мүм­кін болса» тіркесі ХІХ ғ. стилі емес.

– Төбетке өлекшіннің бәрі бір бәс. Осындағы бәс – бас бо­лып өзгертіледі. Негізі бәс дұ­рыс. Бәсі – құны, бағасы деген сөз. Бәс – сөзі Абайдың басқа өлеңін­де де, қара сөздерінде де жиі кез­де­седі. Бұл жерде ер адамдарға көр­сеқызар, опасыз болсаң, кө­рінгенге көз сала берсең, өлек­шін­нің бәрін бірдей көретін тө­бет­пен тең боласың дейді.

– Кісіні бұлбұл қағып жүргіз­ген­дей-ді

– Кісіні бол-бол қағып жүргізгендей, –

деп түзейді. Бұлбұл қағу – жайнап, құл­пырып, лекітіп жүру. Бұл Әуе­зовте бар. Ал бол-бол қағу деген ат­тың жүрісін қазақтан естімедік, тап­падық.

– Кемшілігі әр жерде-ақ

көрнеу тұр-ау-ды

– Кемшілігі әр жерде-ақ

көрініп тұр-ау, – деп түзетеді. Тағы – қате. Себебі: кө­рі­ніп тұр деп интонациялық ек­пінді тұйықтап, үндестікті бұзып тұр. Екіншіден, 13 буынға шығып ке­тіп, өлең техникасын бұзып тұр. Абайда буын санын кеміту не асып кету деген сияқты ақсақ-тоқсақ өлең жоқ. Қарайық:

– Кем-ші-лі-гі әр-жер-де-ақ-көр-неу тұр-ау – 12.

– Кем-ші-лі-гі-әр-жер-де-ақ-кө-рі-ніп-тұр-ау – 13.

11-12 буын болса да, 12-13 буын өлең жоқ, болса, олақтық де­ген сөз.

Бұлар бұрынғы, осыдан 30-40 жыл бұрынғы түзетулер. Ал дәл осы өзіміз өмір сүріп жатқан екі мыңыншы жылдарға келейік. Тіпті егемендік алып, тілімізді та­зартып, құрметтеп жатқан соңғы 10-15 жылға келейік. Бірнеше жыл­дар бойы Қазақ радиосының «Шалқар» арнасы:

Үш-ақ нәрсе – адамның қа­­­сиеті – дегенді «ақ» шылауын алып тастап, «Үш нәрсе адамның қа­сиеті» деп, 10 буын жасап, «ақ­сақ өлең» жасап келді. Сол се­кілді, тура қазіргі бір теле-ха­барда «Еңбек қылсаң ерінбей, тоя­ды қарның тіленбей» деген Абай сөзін халық мақалы деп тұр. Бе­ті бүлк етсеші. «Түйені жел тер­бесе, ешкіні көктен ізде» де­ген­дей, мәңгүрттерге не жорық? Бүкіл қазаққа танымал, ғасырлық ғұмыр кешіп отырған беделді баспасөздің жас қызметкері, талай қаламгерлерді сынап, оқырманға жөн айтып отырған әдебиет ма­ма­ны бүй дейді:

– Әлгі бір сөз бар еді ғой, «са­ған біреуді жамандаған адам сені де біреуге жамандайды деген» дей­ді. «Әлгі бір сөздің» «Кісінің бір ғайыбын маған айтып келген адам менің де мың ғайыбымды оған айтып барар-ау» деген Абай сөзі екенін білмейді. Тағы сол бас­пасөздің бір жас қызметкері:

Дененің барша қуаты

Өнерге салар бар күшін, – деген жолды келтіріп, «Мұнда­ғы қуат, дене дегендер матема­ти­­­калық (физикалық десеші тым­­ғұрыса) терминдер ғой. Тегі, біз әлі Абайды түгел зерттеп бол­­маған сияқтымыз» дейді. Абай­да тән, жан, дене, қуат сөзі көп қолданылады. Алайда, де­не­сі – физикалық дене емес, адам. Қуат – кернеу, вольт емес, де­не­де­­гі күш, қайрат, шыдам, төзім. Мы­салы:

– Жалыны қайтар дененің

Үнемі тұрмас осы шақ.

 

– Азайып қуатым

Денем  жүр көрмеге.

Шәкәрімді химик дегеніміз се­кілді, Абайды физик деп жаңалық ашпай-ақ қой, айналайын! Бәрі зерт­теліп, сол ғана қалып жатса, кө­рерсің.

«Хауа-Ананың қыздары» (Қаз. әд.) мақаласында автор: «Мұ­хам­мед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қы­зы Фатима қандай еді? – де­ген сұраққа ақын Есенғали Рау­шан былай жауап береді» деп, Есен­ғалидың 2 шумақ өлеңін келтіреді. Мен тіпті осы өлең Есенғалидікі дегенге сенгім келмеді.

Мен соның екі жолын ғана кел­тірейін:

– Білектей арқасында өрген бұрым.

Осы жол Есенғалидікі ме, әл­де Абайдікі ме? Төрелігін айтыңыз­дар.

– Бұралған жіңішке бел нәзік қан­дай.

Құртқа емес, Ақжүніс емес, Жібек пен Баян да емес, Пай­ғам­бардың қызы Хазіреті Фатиманың белін, денесін суреттеу не деген ұят! Дінге де, иманға да жат. Тіпті, арабтың кез келген қызының бе­лін суреттеу мүмкін емес. Олар сол белді көрмесін деп қыз­да­рын қаптай қара желеңге орап тастамай ма? «Мың бір түндегі» кә­низактар болмаса. Бұл – бұл ма?

2015 ж. №7 «Қазақ әде­бие­тін­де» Күнімжан Әбдіхалықтың (әл­дебір оқу орнының доценті) «Абай өлеңінің бірінші нұсқасы жай­лы» деген зерттеу мақаласы шық­ты. Қуанарлығы – ізденісі. Кө­не газетті тауып, салыстырып, та­за нұсқаны табуға ұмтылуы. Мы­наны ескерген жөн:

Абай 40 жасына дейін өз ақын­дығына ден қойып, шындап кі­­ріспеген. Ырғызбай секілді шын­жыр балақ, шұбар төс аталы ру түгілі, исі қазақ ақындықты ет пен терінің арасындағы желік, ақын деген хан-төрелердің, би-сұлтандардың қасына еріп жүріп, көңілін көтеріп, соның сөзін сөйлеп, сойылын соғып, сол жаманда дегенді жамандап, мақ­та дегенді мақтап жүретін жан­дайшабы деп есептеген. Әрі сонымен күнін көреді деп есептеген. Әсіресе, айтыс ақын­дарын солай есептейтін. Аталы рулар өздерінен ақын шыққанды намыс көрген.

Абай ақындығына да басында туыс­тары үрке қарады. Бірақ Абай ақындығы мүлде басқа си­пат­та болды. Олардың сөзінен қор­қып емес, бірақ 40 жасқа дейін Абай төселіп жазбай, анда-санда шабыт келген кезде жазып-жазып, не домбырамен айтып-ай­тып тастайтын. Өлеңдерін ке­рек қып жимаған. Тек шәкірт іні­лері, Әйгерім, Кішкене молда жиып жүрген. Сонда да түгелін емес. Абайдың айналасындағы ақын­дардың бірі Көкбай:

– Абай аға, жаңа заман келді. Жаңа газет ашылып, пәлен бо­л­ыс­тан пәлен дегендердің өлеңі шыққан екен. Сіздің де өлең­де­ріңізді берсек қайтеді? – дегенде, Абай күліп: «Жарайды, берсең бер, тек өз атыңнан бер», – дейді. Сөй­тіп, көпке дейін Абай өлеңін Көкбай өз атынан береді. Жүре келе Абай ақындыққа шындап ден қойып, елге таныла бастағанда, Көкбай: «Абай аға, енді ұят болар, өлеңді өзіңізге қайтарайын», – дейді. Сонда Абай:

– Ай, Көкбай, мен беріп едім, сен алып едің. Өлең сенікі еді. Енді мен сенен сатып алайын, – деп, Көкбайға ат мінгізіп, соғым ай­датып қайтарған екен. Содан бас­тап өлеңдерін өз атымен береді. Ал Күнімжан сөз етіп отырған өлеңді баспаға Абай өзі апарып бер­меген. Өзі берсе «Ибраһим Құнанбайұлының ауылының» демес еді. Демек, Көкбай берген. Өзі ақын Көкбай қолжазба өлеңге кейбір жолдарды қосып жіберуі әбден мүмкін. «Әттең, дүние-ай, сөз таныр кісі болса» деп ақын өзі айтқандай, ар жағында сәулесі бар адам Абай стилін жазбай таниды. Қырық жаңа туған нәрестенің ішіне жас ананы кіргізіп жіберсең, өз сәбиін ішкі түйсікпен жазбай таниды. Абай өлеңін де саналы оқырман солай таниды. Мысалы, мына шумақтағы асты сызылған жолдар Абайдікі емес.

– Сүйегі жасық, ақылы аз.

Болыстықтың жолы тар.

Қолдан келмес жұмысқа

Мұнша болдың несін іңкәр.

Келесі сайлау болғанда,

Түсе ме деп тағы шар.

Бұл күніңе бір күні

Боласың ғой деймін зар.

Күнімжанның қателігі: «Түйе­де қом, атта – май» тұрақты тірке­сін­дегі жал, май – екеуі де аттың се­міздігін білдіретін сөздер деуі.

«Түйеде – қом, атта – майды» Ілияс Жансүгіровтің «атта – жал» деп түзеткені рас және өте дұрыс. Артынан тағы біреу (кім екенін ұмыт­тым) «атанда – қом, атта – жал» деп түзетеді. Күнімжан «май» сөзінің мағынасын білмегенмен, Абай білмеуі мүмкін емес. Ол ешуа­қытта «атта – май» деп жаз­байды. Ол кездегі аттың майы де­ген сөз аттың семіздігі деген сөз емес. Біреуден-біреу уақытша қа­лап-сұрап, қолқалап уақытша мі­нуге ат сұрайды. Біреудің атын біреу уақытша міне тұруды «ат­тың майын міну» дейді. Халық өлеңінде:

– Жан – Құдайдың құр аты  майын мінген, – демей ме.

Күнімжанның келесі қателігі: «Атшабар неге үй деп дікілдейді, ат деп дікілдеуі орынды» дейді. Және «өзі болыс болса, атшабардан неге қорқады» дейді.

Біріншіден, Атшабар болысқа бұй­рық әкеліп тұрған ояздың ат­шабары. Ел басқару ісінен ха­ба­ры жоқ және ішіп-жеп қойған ар­ты қуыс болысқа Ояздың өзі тү­­гіл, атшабарының өзі қалай әкі­рең­дейтінін білгің келсе, «Абай жолын» тағы бір оқып шық, қара­ғым.

Екіншіден, әрине, «үй» деп ді­кілдейді. Себебі, Ояз сияз құрам деп болысқа хабар жібереді. Сияз дегенің қазақ үшін «жау ша­бады» дегенмен бірдей хабар еді. Өйт­кені, сиязға жиналған мың қаралы адамның ішіп-жемін, сойыс малын, жатар үйін түгелдей болыс көтеру керек. Болыс өзі кө­тере ме? Ол халықты қысады. Сияз – болыстың өштескен ауы­лынан өш алу құралы. Өзі қай ру­ды, қай ауылды ұнатпай жүрсе, сиязды сол ауылға апарып құрған. Әрине, үй дейді. Қаладан келетін орыс ұлықтарға және болыс-билерге арнап ақ үйлер тігілсе, жай атқамінерлер, қара халық үшін қоңыр үйлер тігілген. Тіпті, орыс­тар үшін әжетхана ретінде (олар ашық далаға отырмайды) кедейлердің үйін зарлатып тартып әкеліп тігетін болған. Жүз қаралы үйді табу да оңай емес. Сол үшін ат­шабарлар «үй» деп дікілдейді.

Күнімжанның дұрыстығы. Кеңес кезінде би-болыс бол­са болды – міндетті түрде жағым­сыз болуы керек болды да, бұл өлең­дегі би де жағымсыз етіп өзгертілген. Күнімжан бұл жерде би жағымды деп көрсетеді. Дұрыс. Себебі, сол кезде сиязда бо­лыстардың үстінен билік ететін «Төбе би» болады да, ол елге қа­дірі, беделі бар адам болуы керек. Бір сиязда Төбе би Абай болады. Абай сонда қанша дауға әділ билік айтып, жеңұшынан жалғасқан па­рақорлыққа тыйым салады. Бұл жердегі «қайрауы жеткен қатты би» Абайдың өзі.

Келесі дұрыстығы. «Абай жал­пы болыстықты сынап отырған жоқ, жеке болысты сынап отыр» деді. Дұрыс айтасың. Ел бас­шы­сыз болмайды. Ол кезде бо­лыс болса, қазір әкім дейміз. Абай ел басқарған адамның бә­рін сы­намайды. Елді болыс бас­қаруы­на қарсы емес. Соның ішінде қорқақ, надан, жағымпаз, парақор болыстарды сынаған. Мысалы, мына өлеңі Дүтбай деген болысқа арналған. Тіпті, өз ағасы Тәкежан мен інісі Оспанның да аз уақыт болыс болғандағы оспадарлығын сынаған. Өзінің баласы Мағауияның би болған тұсында біреуден Көкбурыл деген жүйрік атты қызығып параға ал­ғанын сынайды. Керек десеңіз, өзін де сынайды:

– Өзім де басқа шауып, төске өрледім,

Қазақта қара сөзге дес бермедім, –

демей ме.

– Жасымда албырт өстім ойдан жырақ

Айлаға, ашуға да жақтым шырақ, – деген Абай емес пе ол.

Күнімжанның қетелігі:

– Күштілерге ұшырамауға

Қайраты жоқ болған соң,

Бата алмайды шыбындап, –

дегенде асты сызылған жолдың масқара олақтығы мен шолақтығы Абайдікі деуге ұят емес пе.

– Таңертеңнен шабады

Әрлі-берлі далпылдап.

Болған соң ашылып омырау күн ыстық

Қайын кетті алқылдап, – дегенді Абай нұсқасы деп көр­се­тіп, «Егер сөз мәнді болса, өлең­нің буын саны артылғаны кем­шілік емес» деп «жөн» айтады. Мән­ді сөзің анау ма? Кемшілік бол­ғанда қандай! Өлеңдегі ең үл­кен кемшілік осы. Егер өлең бел­гілі бір формаға келтіріліп әдейі солай жазылса – жарайды. Онда түсінікті. Ал ылғи 7-8 буынмен жа­зып отырады екен де, жалғыз ға­на жолды шұбатып 12 буын жасап жі­береді екен. Абайды сонша кім деп едің, жаным-ау?

Өзіне дейінгі өлеңдердегі осы­н­дай олақтықтар үшін «бі­рі – жамау, бірі – құрау» деп сынаған Абай емес пе ол. Бұл жерде «болған соң» сө­зі артық, артынан кіріп кеткен. Бұл не баспаның, не берушінің қатесі. ХХІ ғасырдағы баспалардың өзі қанша қате жіберіп жатқанда, қазақта алғаш ашылып жатқан газет қаншалықты сауатты дейсің. Күнімжанға ренжитінім – «мен-мұн­далап» тұрған артық сөзді көр­сеткеннің орнына осы дұрыс дегені. Күнімжаннан сабақ алып отырған қанша шәкірт те осы дұ­рыс деп ойлайды-ау.

ІІ. Жалған жалалар. Бірінші, «Қойды құртаң бүлдіреді» деген­дей, не шықса шала ғалымнан шы­ғады. Күнімжан доцент екен. Енді кандидат, профессор, док­тор, академик – сыншыларды қа­райық. Олар Абайды қалай «қыр­­нап-жонып» жатыр екен. Есту­леріңіз бар шығар, «Білімін же­тілдіру институты» деген бар. Мұғалімдерді осы жерге 5 жыл­да бір курсқа жібереді. Біл­­мегенін білсін, білгенін же­тілдірсін деп жібереді. Бұлар­ға дәріс оқуға жоғары оқу орын­да­рынан мүйізі қарағайдай док­тор, профессор, кем дегенде кан­дидаттар шақырылатын. Бір жолы «Абайтанудан» білдей док­тор келді. Доктор әр төбенің ба­сын бір шалып тұрып, бір кез­де Абайдың әйелдеріне кетті. Абай­дың махаббат жырлары, Абайдың махаббатқа көзқарасы, тіпті Абай әйелдері бейнесін жасаудағы Мұхаң шеберлігінен сөз қозғаса, кәнеки? Жоқ, ол есіп тұрып «Әй­герім керемет жүргіш болған ғой» демесі бар ма. Қамшымен қақ ба­сымызға тартып жіберсе, мұндай есеңгіремеспіз. Көкірегімізде ая­лап келген сұлу әлемімізді әл­де­кім аяусыз таптағандай, бы­тырлатып жұлғандай күй кеш­тік. Мұғалімдерді «шок» қыл­ғанына мәз болған доктор тіпті айғұлақтанып кетті:

– Ойбай-ау, жүрмеген адамы қал­­маған ғой оның, – деді та­науы делдиіп. Жан дүнием құла­зып, жүрегім солқ етіп төмен тарт­қандай бір күйге түстім. «Ке­­шіре гөр, арысым, – дедім кү­­бір­леп, жанарыммен жер шұ­қып, – сен ішпеген у әлі бар екен. «Екі күйдіретін, тыныш ұйық­татпайтын» сорлы ұрпақ та әлі бар екен». Атып тұрып, ай­ғай са­ла алмадым. Сол баяғы «күш­тілерім сөз айтса, бас изеймін шы­­бындап», «ақсақал айтты, бай айт­­тымен» өскен сорлы ұрпақтың өкі­­лімін ғой. Бар қиратқаным – дәлеліңіз бар ма? – дедім өлеу­сіреген үнмен.

– Ойбай-ау, Абайдың өзі жаз­ған өлеңі бар емес пе! – деп, тө­мен­дегі бір шумақты мысалға кел­тірді.

– Қатыныңның ойнасын

Көрсең, білсең қоймасын.

Не ойлар ең өз басың?

Сонымен тең біз де енді, – деген шумақ.

Доктор айтып тұрған соң, мұ­­ғалім пақырда таңдау бар ма. «Ой­нас» деген сөзді естулері жетіп тұр­ды. «Жаңалықты, Абай туралы үл­кен ілімді» дәптерлеріне асығыс жа­­зып жатты. Оқушыларына жет­­­кізбек. Ей, надандық-ай! Ке­зін­де Абайдың алысып жеңе ал­мағаны да осы надандық еді ғой. Өлеңді бас­тан-аяқ оқысаңыз, мүл­де қа­тын туралы жазылмаған. Сол кез­дегі ортасы, халқы, ел бас­қару­­шылар туралы жазылған. Солардың надандығы, топастығы, арызқой – пәлеқорлығы, «өзі ермей, ерік бермеген» әумесерлігі, «мұң­ды, жылмаң пішінін кезек ки­ген» екіжүзділігі, ел үміт кү­тер басшының «керім, кербез, ой­насшылдығы» қажытқан Абай өз күйін әйелі опасыз еркек қан­дай – мен де сондай күйдемін дей­ді. Сонымен тең болдым деп ашық айтып тұр ғой. Ары қарай оқы­сақ:

– Адам деген атым бар.

Адам қылмас халқым бар.

 

Өтірік пен өсекке

Бәйге атындай аңқылдар.

 

– Халқым надан болған соң,

Қайда барып оңайын, – дейді.

Егер қатыны жүргіш екенін жазғысы келсе, халықты жазып не­сі бар?

– Қатыным ойнасшы болған соң,

Қайда барып оңайын, – демей ме.

Заманында әйел теңдігін, әйел хұқын жариялап, талай әйел­ге бас бостандық алып бер­ген Абай, талай телі мен тен­­­текке билік айт­қан Абай өз қатынына күйі келмей, «Қатыным ойнасшы, енді қайтем» деп, бүкіл елге жария ғып жылайды екен ғой, тегі… Доктор ха­ным, сізге шындық керек болса, мен айтайын. Базаралы мен Нұрғаным жақындығы – шын. Ыр­ғызбай мен Жігітектердің ара­сы бітіспес өштікке айналып, Ба­заралы бастатқан Жігітектің та­лай адамын Құнанбай балалары Итжеккенге айдатқаны шын. Базаралыны екінші рет айдатпақ болғанда Абай туыстарына: «Ба­заралыны айдатарсың. Таразының екінші басында әкеңнің намысы жат­қан жоқ па. Өлерінің шағында тағы да елге жария етіп, көрге то­нап кіргізбекпісің» деп тоқтау са­лады. Құнанбай намысы үшін Нұрғанымды жария етпеген. Сөйт­­кен Абай өз намысын ой­ла­май ма? Тіпті, Әйгерім жүргіш де­ген­нің өзін­­де Абай соны өз ау­зымен өлең­­деткені қай қисынға сия­ды?

Сонан соң Әйгерімге де дәлел-сіз күйе жақтыңыз. Әйгерімнің бір ұрпағы осыны естіп сізді заңға беруге хақысы бар. Сонан соң Әуе­зовтің де соншалықты сұлу, өнерлі, Абайдай ел данасын ғашық еткен әйел бейнесін жасаған ең­­бе­гін жоққа шығардыңыз. Оқыр­­манның авторға және кейіп­керге деген сүйіспеншілігін тәрк еттіңіз. Оқырманға қымбаты, жақыны өмірдегі емес, көркем шығармадағы Әйгерім. Сізден дәріс алар шәкірттерді аяймын. Екін­ші, Сұраған Рахметұлы Ұлық­бек туралы мақаласында (Ахил­лестің өкшесі) «Абай жаңал­ық­қа төрт аяқтап емес, сегіз аяқтап ұм­тылды, біздің жаңалық деп жүргеніміз ескі болмасын» деп, Абай жаңалығына шүбә келтіреді. Сонда Ұлықбекті мақтау үшін міндетті түрде Абайды мансұқтау керек пе? Әлде Абай Ұлықбекпен бәсекеге түсіп, атақ-марапатқа таласып тұр ма? «Төрт аяқтап емес, сегіз аяқтап» деп, тарбақтап, шат­қаяқтап бара жатқан әлдебір сүй­кімсіздерге теңеу­ді Абайға айтқаны қай асқаны?

Үшіншіден, «Абай осы заманда өмір сүрсе мынандай болар еді, Мағ­жан мынандай болар еді. Ға­бит жазушы емес» деген сөздер де орынсыз. Осыны айтқан Бельгер мырза әуелі сол заманда өмір сү­ріп көрсін. «Әйел және қоғам» ха­барынан бір қазақ әйелі сөйлеп тұр. «Бельгерді мен Білгірім дей­мін. Мұқағалиға қарсы сөйлеген сен мәләдес екенсің деп арқамнан қағып еді» дейді. Ал керек болса… «Мәз болады болысың, арқаға орыс қаққанға» деген осы екен ғой.

Төртінші, «Өзіне дейінгілер Еділ­ді келіп алғаны – етекке қолды сал­ғаны» деп жатқанда, Абай да­налық айтып отырып, неге орыс отаршыларына қарсы бір ауыз сөз айтпады?» – деген үлкен бір өкпе барын естіп жүрмін. Бұған да бір­неше дәлелді жауап айтамын.

Біріншіден, Абайға дейінгі жыр­шы-жыраулардың көбі, мы­салы, Асанқайғы, Сыпыра жырау, Кетбұға, Жиренше шешен, Бұхар, Қазтуған, Махамбет, Дос­памбеттер – хан сарайында уәзір, кеңесші, қолбасы болған адамдар. Ол кезде Еуропадағы корольдіктер секілді қазақта да ұсақ хандықтар бола беретін. Ал әр хан өз жерін әс­­­кермен, қарумен, қажет болса, со­­­ғы­сып қорғауы заңды еді. Кеңес­­­ші – уәзір болған соң, Бұ­қар­­дың:

– Орыспенен соғысып,

Жұртыңа жаулық сағынба.

 

– Қара қытай қаптаса,

Сары орыс көзіңе

Әкеңдей боп көрінер.

 

– Қатының болсын қалмақтан, – деп, Доспамбеттің:

– Ай, хан, мен айтпасам, білмейсің

Қоныс тап та ел көшір, – деген.

Махамбеттің:

– Ереуіл атқа ер салмай,

Ерлердің ісі бітпейді, – деген замандарында Абай әлі дү­ние­ге де келмеген. Ал Абай­дың ес бі­ліп, ел жайын аңдар шағына дөп келген заман «егеулі найзаның» заманы емес еді. 1868 жылғы «Пат­ша реформасына» қарсы шығып, то­бықтыны бастап, тау-тасқа ты­ғы­лып, оншақты орысты атып өл­­­тіргенімен, отарлау болмай қа­­лар ма еді? Солай еткен Албан кө­терілісі, Жетісу көтерілісі, Се­мей өңіріндегі Қожагелді батыр бас­­таған көтерілістердің бәрі қырғынға ұшыраумен аяқталды. Оның үстіне, Абай батыр да, уә­зір де, қолбасы да емес. Ол – ақын. Ақын халық шерін жыр еткенімен, қашан қол бастап еді? Мысалы, 1986 жылы Желтоқсанға өлең жаз­ған ақын көп, бірақ қай­сысы алаң­ға шығып, топ бастап еді?

Екіншіден, Абайдың адамды сүюі ұлтпен, ұлыспен шектелмейді. Абайдың адамдарға деген ма­хаб­баты хақтың сәулесіндей күл­лі адамзатқа бағышталған. Ол осы­нау жұмыр жердің үстіндегі күл­лі адам баласына тілеуқор да­на. «Адамзаттың бәрін сүй, ба­уы­рым деп» отырған дана, ой­шыл, кемеңгер ақын атқа мініп, най­за ұстап: «Қазақ қана аман бол­сын, орысты қырыңдар» деп шап­қылап жүрсе, Абай болар ма еді? Осы орайда шоң Шыңғыс Айт­матовтың «Нағыз қаламгер ұлт пен ұлыстан жоғары тұрады» дегені ойға оралады.

Үшіншіден, Абайдың сүйген орысы кім еді? Ол – Пушкин, Лер­монтов, Некрасов, Толстойлар еді. Абай өзінің әділетті жақтаған, гуманизмді сүйген жүрегімен, орыс халқын, орыстың данала­рын, демократ ақындарын сүйді. Қазақ халқына соларды сүй, со­лардан үлгі ал деді. Орыс патша­сын, генерал-губернаторды, жан­дарал-оязды сүй деген жоқ. Басында жас кезінде Абай орыстың отарлау деген сая­сатын, оның зымияндықпен жүзеге асып жатқанын аңдамаған секілді. Керісінше, өнер – білім, мәдениет, кәсіп, егіншілік, бақша, үй секілділерді үйренеді халқым деп қуанған. Кейіннен түсінген кез­де жасы да келіп, балаларының қа­засы да қабаттасып кеткен се­кіл­ді. Абай отарлауға қарсы бір ауыз сөз айтпаса. Мынау не?

– Ойында жоқ бірінің

Салтыков пен Толстой.

Я тілмаш, я адвокат,

Болсам деген бәрінде ой.

 

– Қызмет қылма оязға

Жанбай жатып сөнуге.

– Орыс сияз қылдырса,

Болыс елін қармайды.

 

– Елде – сияз.

– Ойда – ояз

Оңбай-ақ тұр әр түрі.

Кетті бірлік

Сөнді ерлік

Енді кімге беттемек.

 

– Бейілі шикі

Ақылы күйкі.

Осы жұрт па тапқаным?

Көрдіңіз бе, орысқа сенген­ді­гім осы ма – деп өкініп тұрған жоқ па.

 

– Айтты – көндім.

Алды – бердім.

Енді өкіндім, өзіме аз.

 

– Қайратым мәлім

Келмейді әлім

Мақсат – алыс, өмір – шақ, – деп, өзін-өзі кінәлап, қатты өкі­не­ді. Бірақ дәл сол кезде ашық қар­­сылыққа шығып кете алар ма еді?

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір