АҚИҚАТЫН АЙТҚАН ТАРИХ – ШЫН ТАРИХ
05.08.2016
4836
2

АйБексұлтан НҰРЖЕКЕЕВ.
«Әй, дүние-ай!». Роман.
«Жалын» баспасы, 2015 жыл

 

Қарымды қаламгер Бексұлтан НҰРЖЕКЕЕВ өз оқырмандарын молынан жинап алған жазушы. Оқырманы көп қаламгер – «мойындалған жазушы» демеген күннің өзінде не жазуды, қалай жазуды білетін кісі. Бәлкім, «дарынды» деген өлшемнің басты шартының өзі осы критерийден басталатын болар. Бексұлтан замандасымыздың да жазушы ретіндегі басты ерекшелігі де осы нені жазса да қалай жазуды, қалың оқырман қауымының көңілінен қалай шығуды білетіндігі. Көптеген әңгіме, повестері бар, бірнеше романдары бар, біраз кітаптарын жұртына ұсынды. Мәселе кітаптар мен шығармалардың санында емес, әр туындының мәнінде, жұрт көңілінен шыға білуінде болса керек.

 

Бекеңді жұрт «махаббат мү­сін­шісі» деп, қазақтың Мопасаны деп, «ма­хаббат жыршысы» деп жүреді. Содан да болар, оның жаңа кітабы жарыққа шығысымен ең алдымен қыз-келіншектер оқуға жаппай кі­рісер еді. Өзі де осыған дейінгі бір өмі­рінде қыз-ғұмыр кешкендей әйел жанының нәзік қылын дөп басып шертетін әңгіме-повесть, романдарын туындатып жатты. Рас, ол ер мен әйел арасындағы махаббат атты кие­лі қарым-қатынас мәселесіне кө­бірек қалам тербегендіктен оны тек қана махаббат, іңкәрлік мәселесіне ғана шығармашылығын біржола ба­ғыттаған жазушы деуге болмас. Бе­кеңнің қай шығармасы болсын махаббат линиялары арқылы адамдар тағдырын, қоғамның сол кезеңдегі әлеуметтік жай-күйін көрсете­тін­дігімен ерекшеленеді. Оның әр жыл­дары жарық көрген «Күй тол­ғақ», «Күтумен өткен ғұмыр», «Бір ғана махаббат», т.б. әңгіме-повестер жи­нақтары, «Ерлі-зайыптылар», «Жау жағадан алғанда» сынды романдары негізгі алтын арқау ғып сүйіс­пеншілік, кісілікті адал сезім мә­селесін ұстанғанмен, негізгі мақ­сат – өткен өмір шындығын дәл көр­сетуді басты назарда ұстайды. Менің түсінігімде «социалистік реализм», «ка­питалистік реализм» деген өл­шем жоқ, нағыз реализм бар. Ол – өмір шындығы. Б.Нұржекеевтің «Өзен­дер өрнектеген өлке» атты та­рихи-танымдық зерттеу эссесі де шы­рылдаған шындықты айтқаны үшін кеңестік саясатқа ұнамай қал­ғаны да рас. Ол ғана емес, қазақ бұл­бұлы атанған Күләш пен атақты актер Қанабек туралы жазған деректі хикаясы да уақыт шындығын хал­қы­на жеткізуді мақсат еткен дү­ниелер болатын.

Б.Нұржекеевті тек қана «махаббат жыршысы» деп бөгенайлап қо­ю­ы­мыз әділдік болмас еді. Жазушы ең алдымен тірліктің кез келген түйт­кілдеріне өзінің азаматтық үнін шы­ғарып отыратын қалтарыс-бұл­тарыссыз күрескер, шындықтың жоқ­шысы болуға тиісті. Бексұл­тан­ның ұлтының рухани игіліктерінің ұрпақ­қа саф алтындай күйінде сақ­та­лып жетуі жолында аянып қалған ке­зі жоқ. Әрбір ұлттың ұлттық ерек­шелігі түрінде де емес, тілінде. Ға­сырлар бойы көл-дариядай мо­лық­тырып, толықтырып бізге жеткен тіліміздің бұл күнде еренсіздігіміздің кесірінен «отырмыз, жатырмыз» деудің орнына «отырық-жатырық» болып, «сиыр, бие, саулық» деудің ор­нына «аналық» болып, «бара ма, ке­ле ме» деудің орнына «барады ма, ке­леді ме», т.б. айтылып, жазылып жү­руі тілімізді қорлаумен бірдей. Осы­нау жайларды Бекең өмір бойы жа­зумен, айтумен келеді. Бірақ қазір үш-төрт тілді еркін меңгерген шенеуніктеріміз қазақша жазғанды қойып, сөйлегенде қойыртпақ жа­сай­­тын болды.

Ол сондай-ақ, тарихта болған тұл­ғалар туралы, айтулы оқиғалар ту­ра­лы өз зерттеулерін жалғастырып ай­тудан, жазудан жалыққан емес.

Шындық демекші, өткен жылы жа­рық көрген соңғы романы «Әй, дү­ние-ай!» автордың заманауи ақи­қатты айқара ашып, ұзын тарихтың бір үзігі – 1916 жылдан басталған хал­қымыздың бір бөлшегі албан жұр­тының басынан өткен дүрбе­лең­ді қасіретті оқиғаны басты кейіп­керлер Тазабек пен Шәйінің тайғақ ке­шулі өмір соқпақтары арқылы жайып салады. Шәйі жалған сая­сат­тың соңғы құрбаны, сүйікті шөбересі Кәусеннің 1986 жылғы Желтоқсан оқи­ғасындағы қазасын да көріп, қа­нағаты аз, қасіреті көп ұзақ ғұ­мы­рында елінің ешкімге жаутаңдамай алғаш рет бостан болғанын естіп барып өмір жолын тұйықтайды. Бұл оның бабалары армандап жете ал­маған, бұл оның аға-бауырлары Жә­меңке, Ұзақ, Ағынтайлардың көре ал­маған, елім-жұртым деумен жүріп, жа­нын аямай өткен жан жары Таза­бектің сондай заман болады-ау деп ойлай да алмаған қиялдағы ғана дү­ние болатын. Ол ғана емес, көп қа­зақтың қиялындағы ғана тәуелсіздік атты орындаларына көз жетпеген ұлы бақыт еді. Шәйі ол күнге жетіп көз жұмды, арманына жеткен мың­дар­дың бірі ғана.

Роман оқиғасы қазақтың ғасыр­лар бойғы өмір салтын күйттеген жайма-шуақ тіршіліктен басталады. Ер­жеткен бозбала, бойжеткен бал­ғын қыз. Көз салу, сөз салу… Бірақ осы ­мамыражай өмірді ақ патшаның 19 бен 43-тің арасындағы жергілікті ұлт өкілдерін майдандағы қара жұ­мысқа алу жөніндегі жарлығы ел ара­сының ашық аспан астында най­зағай ойнағандай астаң-кестеңін шығарды. Қазақ даласының қай түк­­пірі болса да – анау Торғай даласы мен Ақмолада, Батыс пен Оң­түстік өңір­лерде, Жетісу мен Алтай-Тар­бағатайда, тіпті барлық жерде ұлы дүр­белең, қайталанбас қасірет бас­тал­ды. Амангелді Иманов пен Әб­ді­ғаппар Жанбосынұлы, Бекболат Әшекеев пен Нұқа Сатыбеков, Жә­меңке мен Ұзақ батырлар осынау азат­тық көтеріліске шығып, «еркек тоқ­ты құрбандық» болғандар. «Берсек бала өледі, бермесек шал өледі. Бала өлгенше шал өлсін» деп, басында мұздай қаруланған жазалаушы әс­керге шоқпар, сойылмен қарсы шық­қан қазақты оңай жасқай қой­майтынын білген билік тек қана Же­тісу көтерілісін басу үшін 7 ат­қыш­тар ротасын, 5 казак-орыс жүз­дігін, 3 ерікті жүздікті және 17 зең­бірек­ті жұмсапты.

Б.Нұржекеев мұндай статис­ти­ка­лық есеп-қисапты келтірмейді. Ондай есеп-қисап көркем шығарманың шырайын шығармасы белгілі. Біз ро­манды оқу үстінде жай дүрбелең емес, бейбіт халықтың қан кешуін, қайталанбас қасіретіне куә бола отырып, адамдар тағдырының ұшан-теңіз галереясына куә боламыз. Ағыл­шын, испан отарлау­шы­ла­ры­ның Америка құрлығындағы жер­гі­лік­ті үндістерді аң атқандай қуалап жү­ріп, қырғандары туралы вестерн-фильмдердегі адамгершіліктен жұр­дай астамшылықты көргенде бойды ыза кернейтін. Чингайчук сияқты қайтуды білмейтін қаһармандардың кек алу жолындағы ерліктерін көр­генде жан-тәнімізбен тілектес болар едік. Бекеңнің романын оқыған соң біздің де тағдырымыздың дәл сол үндістерден айырма­шылы­ғы­мыз­дың болмағанына көзіміз жете тү­седі. «Алла сақтайды» деп тым бей­қам, тым қаперсіз жүретін жұр­­­тымыздың тұяқ серпер кезде ғана шоқпар-сойы­­лына қол созатынына көз же­те­ді. Албан жұртының қарсылық кө­­­­те­рілісі барлық қазақ жеріндегі сияқ­ты стихиялы түрде біразы қы­рылған соң ғана басталады. Бұл шы­ғар­мада да жұртымыздың тым аң­ғал­­дығы, тым аңқаулығы, қа­пер­сіздігі айқын көрінеді. Сай-салада мылтық гүрсілдеп, бүтін ауыл адамдарын қырғынға ұшыратып жатқан кезде де қарсыласып, жастығын ала жату емес, көбі ала баған асып, басының амандығын күйттеуге даяр. Ешкімге біл­дірмесе де зайыбына зорлық, ағайынына қорлық көрсеткен жер­гілікті «ұлы жұрттың» өкілі Сер­гейчуктің екі інісінен кек ала біл­ген бас кейіпкер Тазабектің ерлі­гіне риза боласың. Меніңше, автор осынау еңбегі арқылы момын жұ­рт­тың ерлігі емес, тым бейғам­дығынан сақтандыру. Ата-бабамыз осынша кең жерге ие болғанда оған ешкім де құдайы үшін деп емес, олар ақ най­заның ұшымен, ақ білектің күшімен ал­ған болатын. Бүгінгі күндері біз үш ғасырға жуық уақыт бойы отаршы жұрттың езгісінен езіліп қалдық, бол­маса кешегі ерлік дәстүрдің жұр­на­ғын жоғалттық. «Патриоттық» де­ге­німіздің өзі өліп кетсең де өзіңді өзің қорғай білу ғой.

Тарихшы И.А.Чекалинскийдің «Вос­тание киргиз-казахов и кара-кир­гизов в Джетисуской крае в ию­ле-сентябре 1916 г.» атты зерттеу ең­бегінде Қожбамбет болысында 1371 түтін, 8255 кісі болғанын, оның 4200-і Қытайға көшіп кеткенін, 2600-і өлгенін жазады. Ал құдайы көр­шіміз қырғыздар қырылып жүр­се де Ыстықкөл маңында жазалаушы отрядтың жергілікті ерікті жа­сақ­тар үшін қару-жарақ әкеле жат­қан керуеніне шабуыл жасап, сол қару-жарақпен мыңдаған астамшыл жұрттың өкілін қырып салады. Сөйтіп, түпкілікті жеңіске жете ал­ма­са да ұлттық рухтың үлгісін көр­сетеді. Тарихшы Мұхаметжан Ты­ныш­байұлы 1917 жылы «Қазақ» га­зетіне Қарқара көтерілісінде албан руының 70 мыңға жуық адамы­ның жартысы (35.100) қаза тапқанын, ал Жаркент уезіндегі отбасы саны 17 мың 712 болса, көтерілістен кейін оның 5094-і ғана қалғанын жазады. Ол аз болғандай онсыз да қорлықты да, зорлықты да көріп, қырылғаннан қалған олардың 67 кісісін қылмыскер деп жариялайды.

«Көп қорқытады, терең батырады» дейтін бабадан қалған жақсы сөз бар. Отаршыл жұрттың «ағы» бол­сын, «қызылы», «сарысы» болсын, боданын қамырша илеу, оларды кісі құрлы көрмеу бұл империялық жа­зылмайтын дерт. Торғайдағы кө­терілістің қас батыры, 1923 жылы қы­зылдардың қолымен жазаланып, Санкт-Петербор мұражайында экспонат ретінде сақталып, әлі күнге дейін қырық сылтаумен қайтармай отыр­ған бас сүйектің иесі Кейкі ба­тыр Көкембайұлы: «Ақ орысың не, қы­зыл орысың не, сары орыстың бә­рі орыс» деген екен. Сол сөздің ақи­қатын тарихтың қырық қатпарлы бет­тері дәлелдеп берді.

Роман үш бөлімнен тұрады: «Дейін» – ақ патшаның заманы, Қа­зан төңкерісіне дейінгі кезеңді қам­тыса, екінші бөлімі – «Кейін» – қызылдар кезеңі, төңкерістен кейін­гі жылдар. «Дейіндегі» оқиға – 1916 жылдың қырғыны. Мұздай қа­ру­ланған жасақ қара жұмысқа адам бермейміз дегені үшін еңбек­те­­ген бала, еңкейген қарт демей оқ­қа байлап, отқа өртеді. Жетісу об­лы­сының әскери губернаторы Фольбаум 1914 жылы мұсылмандарға қар­сы әлдеқандай жағдай болса орыс шаруаларынан қарулы отрядтар құру жөнінде құпия міндет жүк­тейді. Ал 1916 жылы қазақтардың қар­сылығы байқала бастасымен «айт­қаным келді» дегендей Жетісу же­ріне көшіп келген келімсек орыс­тардың 210 селосын қаруландыруға тап­сырма береді. Қару асынып, қы­зы­нып алған олар «біз бейбіт кетіп ба­ра жатқан кісілерміз» дегенді біл­діру мақсатында қолдарына ақ ту ұс­тап бара жатқан көштің кәрі-жа­сын қырып салады. Олар үшін еркек кіндік пен кәрі-жастың бәрі жау, қыз-келіншек арсыз нәпсіні тояттандыратын тегін мүмкіндік. Ар-на­мыс дейтін кісілік қасиетті ұмытқан жан­дар. «Кейінде» – үркіншілікпен қы­тай шегарасынан асып кеткен ал­бандардың сарқыншағын туған жер­леріне қайта көшіріп әкеліп, «Біз бұрын­ғы орыс емеспіз, кедей-кеп­шік­ке қорғанбыз» деген іс-әре­кеттерімен үрейлі жұртты үміт­тендіре келді. Алайда, «Сен бай екен­сің!» деп тәркілеу, итжеккенге бай­лап-матап айдау, колхоздастыру, ашаршылық нәубеті, тағы да ала баған асқан үркіншілік. «Кейіннің» де «Дейіннен» айырмашылығы болмай шықты. Бас кейіпкер Тазабек «Ұзында өштігі, қысқада кектігі бар» Сергейчуктің інісінің баласын «Дейін» бөлімінде өзі өлімнен құт­қарған еді, «Кейін» бөлімінде сол қан­ды қол қарақшы өзін өлімнен құт­қарған Тазабекті іздеп келіп, оқ­қа байлайды. Заман өзгерді, дегенмен одан адам өзгермепті». Сол бая­ғы кіріптарға әлімжеттік көрсете беру­дің көрінісі ғана бұл. Үшінші бөлім «Түйінге» соңынан тоқталып түйіндейік.

Жуырда ғана жетпіс пен сексен­нің тең ортасына есен-сау жеткенін той­лаған Бекең, шамасы «Осы мен қа­рия­лықтың ауылына ат шалдыр­ған­ға дейін не бітіріп, не қойдым» деп өзіне-өзі сауал қойып, жүріп өт­кен жолына мойын бұрып қараса ке­рек. «Сенің еңбегіңнің жемісі біз бо­ламыз» деп кітап сөресінде 13 том­дық шығармалар жинағы сап түзеп тұр. Бұл аз ба, көп пе, оған қазылық айтпайық. Мәселе санда емес, сапада. Жуырда Қазақстан Жазушылар одағы қазіргі жер басып жүрген жазу­шылардан ең көп оқылатыны кім дейтін сауалды интернет арқылы салып, зерттеу жүргізген екен. Бе­кең оза шауыпты. Көпшіліктің ойынан шыға алмаған жазушының кі­тап­тары оқырман жинай алмайды. Оқырманы көп жазушыны нашар немесе ортаңқол қаламгер деп ешкім де айта алмас.

«Әй, дүние-ай!» жазушы шебер­лігі әб­д­ен толысқан кезде індете зерт­те­ліп, зерделеніп жазылған дүние. Шы­­­­ғарманың құрылымы, оқиғалар желісінің оқушысын бей-жай қал­дыр­май жетелеп отыратын басты қа­сиеті бар. Композиция, сюжет, қай­шылық, оқиғалар қоюлығы, тіл кес­тесі, т.б. – ғылыми терминдер­дің бәрі­нің ортақ мақсаты жақсы дүние жазу үшін қажетті шарттар. Бұл мә­се­лелерде автор барынша ыжда­ғат­ты. Белгілі бір оқиға бастал­ған соң оның аяқталуы қажет. Романда шашау шығып, ұмыт қалған оқиға, іс-әре­кеттер жоқ. Бұл да жазушы қабі­ле­тінің, ыждағатты­лығының бір кө­рінісі.

Роман жазушы қиялының туындысы емес, өмірде болған адамдар­дың басынан өткен оқиғалар тарихы. Тарих дегеніміз кешегі күнді шып-шырғасын шығармай ақи­қат­пен баяндау десек, Қарқара кө­те­рі­лі­сінің шындығына жете түсу жо­лын­дағы тәуекел. Бұл оқиға ұлы жазу­шымыз М.Әуезовтен бастап, та­лай ақын-жазушының қалам тербеген тақырыбы. Алайда, заман олар­ға ақиқатты айтқызбады. «Әй, дү­ние-айда!» кейіпкерлердің ата-тектері, бір-бірімен қалай туы­са­тын­дығына дейін, жер-су аттары, олар бір-бірімен қалай тоғысып, қа­лай қиылысатынына дейін тәптіш­те­леді. Автордың осынау тақырыпты қаузамас бұрын әбден зерттеп-зер­де­леген деуіміз сондықтан.

Келімсек қара шекпендердің бә­рі, әскер жасақтары түгелдей қан­құй­лы деген пікір, әрине, солақай пайым болар еді. Қазақтың дәстүрлі ән­дерін тамылжыта айтатын, соңы­нан қазақ жігітке тұрмысқа шығатын Сопыйа мінезі қандай кесек. «Қаным орыс болғанмен, жаным қазақ болып кеткен» дейтін ол жеме-жемге кел­генде қазақтармен бірге әділетсіз қан­дастарына қарсы майдан ашады. Қазағуар, тек Тазабекпен ғана тамыр емес, барша қазақтармен тонның ішкі бауындай дос-жар болып кеткен Кобзев мінезінен мін таппайсың. Іскер, ақылгөй, жанашыр, қамқоршы. Бәкен сияқты опасыз, сатқын, тек қара басының қа­мын ғана ойлайтын қазақтар Кобзев сын­дылардың қара тырнағына та­тыр­ ма?! Демек, қаламгер әр кейіпке­рі­не принципті түрде әділ баға бе­ре­ді.

Бексұлтан әнші емес, алайда, дәс­түрлі әндердің ішіне кіріп, әр иірім­де­рін жанымен түсініп, ыңылдай­тыны бар. Ыңылдап жүріп, өзі өлеңі мен әуенін жазған «Баркөрнеу» сынды бір-екі әні де бар. Біз оны сазгер не­месе ақын болып кетті деуден ау­лақпыз. Әр жазушының жаны ақын болып жырлап тұрмаса ол сыршыл жазушы бола алмайды. Біздің айт­пағымыз, Бекеңнің романында ха­лық әуендері мен дәстүрлі әндер ту­ралы автордың көзқарасы қатар өрі­ліп отырады. Байдың, болыстың ба­ласы, өзі де болыс болғаны үшін туа­да өнер қонған ақын, сазгер Пә­шінді үкіметтің тек болыс болғаны үшін деп атып тастағаны, атақты Кө­дек ақынның қуғын-сүргінге ұшы­рауы, «Халқым деген Қапезді, Жау деп ұстап бердің бе?» дейтін Рамазан Стамғазиев орындап жүрген әннің авторы Қапездің аянышты тағдыры, басқа да сол өлкедегі өнер иелерінің туын­дылары кітаптың өн бойында қа­тар өрбіп отырады.

Бексұлтанның мамандығы – тіл-әде­биет мұғалімі. Өмір бойы тіл­ таза­лы­ғы, әсіресе, үндестік заңын сақ­тап, айтып-жазу мәселелеріне он­даған мақала жазды. Сондықтан да оның кітабында стильдік қателер кездеспейді. Сөйлемдерді ұғынықты, ой­ды дәл жеткізуге күш салады.

Орбұлақ шайқасының өткен же­рін дәл тауып, оны тарихи дәйектер­мен дәлелдеуден басталған тарихи ең­бектері бір төбе. «Әй, дүние-ай!» бір ғасыр бұрынғы ғана оқиғаны әңгі­мелегенмен, бұл да тарих. Бәлкім, «жаңа тарих» шығар. Жаңа дегенмен де оның көпшілікке жетпеген ақиқаты жетерлік. Автор: «Өткен өмір қайта жазуға болатын кітап емес. Өтті, кетті, сонымен бітті» дейді. Алайда, өткен өмірдің ақиқаты – нағыз тарих…

«Әй, дүние-айдың!» үшінші бө­лі­мін «Түйін» депті. «Түйінде» «Дейін» де, «Кейін» де бар жазығы кең да­ласының асты да, үсті де байлыққа то­ла болғандықтан, қазаққа жаны аши­тын алыс-жақын көрші жоқ, бар ын­талары аз жұртты әр түрлі тәсіл­мен көзін жойып, мынау байтақ да­лаға иелік ету.

Біздің де осынау кітапты оқып шық­қан соң айтар түйініміз:  тәуелсіз ел болғаннан кейін де сырттан келер қауіп-қатер сейілді ме? Бір шетіңнен аю­дың ырылы, бір жағыңнан аж­даһаңның қырылы, жеріңе мысық­табандап енуі, ол аз болса мұхиттың арғы жағынан да «арманшылдардың» көбеюі – бәрі-бәрі де ойландырар түйт­кілдер.

Өткен өмірдің бір бөлшегінің ақи­қатын айтуға барын салған Бек­сұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай!» романының Мемлекеттік сый­лыққа лайық деп танылуына ті­лек­тестігімді білдіруші мен –

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

ПІКІРЛЕР2
Әмина 03.12.2017 | 22:52

Керемет жазылған кітап👍

Аноним 16.09.2019 | 16:03

Б. Нұржекеевтің Ерлі-зайыптылар кітабын кайдан алсам болады, таба алмай жүрмін көп жылдан бері. Өтініш тауып беріңізші.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір