ӨТКЕННІҢ БӘРІ – ТАРИХ
20.12.2021
1228
0

Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары бір ерекше күйді бастан өткерген едік. Жоғары оқу орнын бітірген жылы отбасылық жағдаймен Алматыдан Талдықорғанға көшіп келдік. Бұл Талдықорған облысы елдегі экономикалық ахуалға байланысты Алматы облысының құрамына қосылып, қала бұрынғы облыс орталығы мәртебесінен айырылған кезі еді. Сол шақта Талдықорған ғана емес, біраз облыстар бір-біріне қосылып, оңтайландыру жүріп жатқан.

Студент кезімде Ақсу мен Алматының арасында Өскеменге қатынайтын ұзын-ұзын автобустармен арлы-берлі жол жүргенде Талдықорғанды басып өтуші едік. Сонда жарығы өшкен, қараусыз қалған үйлердің есік-терезесі үңірейген, көшеде көлік те, адам да көп кездесе бермейтін, тіршілігі жоқ, өлі қала секілді елестейтін. Бірер жылдан соң сол өлкеге түпкілікті орныққанда қаланың кейпіне жүрегім ауырып-ақ қалған.

2001 жылдың сәуір айы әлі есімде. «Талдықорған Алматы облысының  орталығы болады», – деген қуанышты хабар Жетісу өңірінде желдей есті. Талдықорған аймағының тұрғындары, ағайын-туыс, дос-жаран бір-бірімізден сүйінші сұрасып, арқа-жарқа болдық. Облыс орталығы қалаға көшіп келмей жатып, үлкен-үлкен жоспарлар құра бастадық. Қалаға келген бетте түрлі хабарландырулармен жұмыс іздеп, біраз жердің есігін қағып, тауым шағылып қайтқан менің «облыс орталығы келсе, ойымдағыдай жазу-сызуға қатысы бар бір жұмыс табылып қалар» деген үмітім оянды.

Талдықорғанға орталық ретінде Алматыдан керуен көшіп келген күні алаңға барып көшті қарсы алу рәсімін көрудің реті болмаған. Бірақ сол кездегі адамдардың бал-бұл жанған жүздері, қолдарына ұстап алған транспарант, лозунгілеріндегі жазулар, абыр-сабыр қуаныштары суреттен-ақ көңіл күйлерін айқындап тұр еді. Сөйтіп, көптен күткен арманымыз еліміз аяққа тұрып, еңсесін көтерген 2001 жылы осылайша орындалды.

Ақыры қалалық газетте табандап тұрып алты ай тегін істеп барып жұмысқа кірдім. Қалада күндіз-түні құрылыс жұмыстары үздіксіз жүріп жатты. Журналистер қауымы, біз де қаумалап сол құрылыс алаңдарының маңынан табыламыз. «Жол төселіп жатыр», «Тұрғын үйлер салынып жатыр», «Жаңа мектеп тұрғызылуда», «Жиында жұмысқа сын айтылды», – деп жанталасып газетке жазып үлгермей, қарбалас қарқыннан бәсеңдей алмай жатамыз. Қазір соның бәрі тарих болып, елдің, облыстың, қаланың шежіресіне жазылып қалды.

Талдықорған – мен үшін ерекше ыстық. Биыл облыс орталығы мәртебесін қайтарып алғанына 20 жыл толған шаһар адам танымастай өзгерген. Оның қалай бірте-бірте қалпына келгенін, қалай ілгері басқанын қалалықтар жақсы біледі. Бүгін оған қай тарабынан кірсең де еңселі қақпасы, ерке өзендері, жайдары халқы құшақ жайып қарсы алады.

Сағыныш НАМАЗШАМОВА, ақын

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір