«ЖАНЫ АҚЫН» БОШАЙ
05.08.2016
1933
0

БошайӨткен ХХ ғасырдың елуінші жылдары Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы» газетінде істеп жүргенімде редакция тапсырмасы бойынша Катонқарағай ауданында болып, қайтар жолда Үлкен Нарын ауданының Ленин колхозына соғып, Бошекеңмен жүздестім.

Түскі ас кезі. Ағамыз үйіне шай-пай ішу­ге шақырды. Қазақ атаулы ол уақытта жа­таған дөңгелек үстелде тамақ­та­на­тын­быз. Ал мына кісінің үйінде рес­торан­да­ғы­дай орындыққа отырып тамақ іштік. Нағима жеңешеміз алдымен борщ, сонсоң котлет, компотпен тамақтандырды. Бол­са да жүз грамы және бар. Сұрастыра кел­генде бұл жаңалықтың да сырының шет жағасы ашылды. Нәкеңнің өскен отба­сы орыстармен аралас-құралас болған. Жеңе­шеміз – орыс тілі мен әдебиетінен са­бақ беретін орта мектеп мұғалімі екен…

Әттең, дүние деп күрсінбесіңе амал жоқ, ағамыз тоқсанның үшеу-төртеуінде, ар­тынша жеңешеміз дүние салды… Үсті­міздегі жылғы тамыздың бас шенінде соң­ғы жылдары зейнетке шыққан соң Өске­мен қаласында тұрған мекен жайларында Бошай аға мен Нағима жеңешеміздің жылдық асы берілмек.

Бұл өмірден біреу дүрілдеп өтеді, біреу діріл­деп өтеді демекші, Бошекеңдер зама­нында әрдайым алдыңғы лектен көрінетін: «Әй­гілі Кітапбаев Бошай» есімін қазақта біл­мейтіндер кемде-кем. Ол жайлы очерк, ма­қала, корреспондециялар әлсін-әлі «С.Қ.»-дан, облыстық «Дидар» газет­терінде, бас­қа да республика баспасөзінің бет­терінде жиі жарияланып тұратын. Ең ке­ре­меті, Бошай Кітапбаев кейіпкер ретінде – қазақтың ұлы сөз зергері Ғабит Мүсіре­пов­тің «Бошайдың үш қарасы» атты көр­кем эссесінің және арынды ақын Ғафу Қайыр­бековтың «Алтай азаматы» дастаны­ның геройы болды…

Ғабең не жазса да, материалын терең зерт­теп жазатынын білеміз. Мына эссесі де геройын әр қырынан сыпаттайды. Әуелі Бошай Кітапбаевтың басшы ретінде іс­теген істері баяндалады. Ол он жеті жылдан бері Шығыс Қазақстан облысындағы Үлкен Нарын ауданындағы Ленин кол­хо­зының бастығы.  Ленин колхозы, – делін­ген эсседе, – егісті колхоз. Жыл сайын гектарынан 25 центнерден астық алып отырады. Оның үстіне бұл ауылшаруа­шы­лық артелі – малды артель: 25 мың қойы, 7 мың қара ма­лы, 1800 жылқысы бар шаруашылық ешқашан жұтқа ұрынған емес, әрдайым өсу жолында. Және озық мәдениетті колхоз. Кітапханалары, орта дәрежелі үш мек­­тебі бар. Мұғалімдерін, агроном, зоо­те­хниктерін, адам және мал дәрі­гер­ле­рін қосқанда үлкен бір қауым интеллигенция.

Бошай Кітапбаев – әрі ғалым, ғылым кан­дидаты, заманымыздың озық аза­мат­тарының бірі дей келе, «Ол бір жаны ақын адам» екендігін Ғабең айырықша атап көр­сетеді. «Оның ақындығы жорға жүй­рік­теріне қойған аттарынан-ақ көрініп тұр… Бұлар – бүкіл республикамызға абырой-атақ әперіп жүрген әйгілі аттар: «Құлан­қара» мен «Бұланқара» – бәйге аттары, «Желмаясы» – жорға. Осы үш атауда қан­дай теңеулер, қанша поэзия жатыр! Бұл Құ­латай, Сұратай, Жұматай деген сияқты мағынасыз ұйқастыра салған заттар емес, поэзиялық мән берілген, ат үстінде өскен елдің поэзиясының әуені бар атаулар», – дей отырып, Боштай Кітапбаевтың бап­керлік, атбегілік өнерін тәптіштеп бейнелеуге көшеді.

Қазақта «ат шаппайды, бап шабады» де­ген мәтел бар. Бабын таппасаң, не тұл­па­рың да көсіліп шаба алмайды. Осыған байланысты жазушы өз көзімен көрген бір жәйтті еске алады. Алматы ипподромында болған үлкен бір бәйгеде белгілі мем­лекеттік және қоғам қайраткері, әрі үлкен ғалым Кәрім Мыңбаевтың әкеліп қосқан торы төбелі ат бір айналым жалғыз дара озып келгенде, Ғабеңнің қасында отырған Мұхтар Әуезов Кәрімді көк желкеден түйгіштей бастапты. «Аузына «өй-өй!» де­ген­нен басқа сөз түспепті. Көзінде парлап кет­кен жас еді». Ал сол Кәрім қайтыс бол­ғаннан кейін екі жылдан соң бапсыз әке­ліп қосылған әлгі бәйгі атының қара терге ма­лынып, төрт аяғы төрт жаққа кеткен тра­гедиясының да куәсі болған.

Бұл антитеза, шендестіру тәсілі не үшін қолданылған дейтін емес. Геройының бап­керлік өнерінің ерекшелігін ашуды мақ­сат еткен. «Бошайдың үш қарасын», – деп жазады Ғабең, – мен екі ұлы тойда көр­дім: алғашқы рет ұлы ақынымыз Абай­дың туғанына 125 жыл толған тойында был­тыр. Екінші рет күні кеше ғана өткен ха­лық­тық поэзияның алып ақыны Жамбыл бабамыздың туғанына 125 жыл толған тойын­да.

Абай тойында жиырма километрлік айналмалы бәйгеге 40-50 ат қосылып еді. Бо­­шайдың «Құланқарасы» жеке-дара жал­ғыз келді. Оған ең таяу келе жатқан аттар бір айналым кейін қалды. Жорға жарысында Бошайдың «Желмаясы» тағы да жал­ғыз дара болып келді. Сегіз километр жор­ғалаған «Желмая» бусанған да жоқ. Со­нымен, Абай тойының екі бас бәйгесін, бір екініші бәйгесін Бошайдың қаралары әкет­ті. Жәкеңнің тойында «Бұланқара» мен «Желмая» тағы да екі бас бәйгені әкет­ті. («Құланқара» ақсап қалды).

Бәйгелерге мініп шапқан 12 жасар ба­ла Валерий, 14 жасар Ершоқ Әскенов эссе авторының назарынан тыс қалмаған. «Бақылаған адамға Бошай балаларының бұл­жытпай ұстайтын бірнеше ұтқыр тә­сіл­­дері бары байқалады. Бұл балалар ат­тың өкпесін қысып тебінбейді. Аттың ша­­быс ыр­ға­ғын бұзып, қамшыламайды. Шалқай­май еңкек отыратындықтан алдынан соқ­қан жел (тығыз ауа) баланың кеудесіне де тірел­мейді, ықшам киінген­дік­тен жел кеу­леп етегінен де тартпайды».

Бұның бәрі, әрине, Бошекеңнің үйре­тіндісі. Ғабит Мүсірепов сонымен бірге ұлт­тық дәстүрімізді алдағы келе жатқан ме­рекелерде ұштай түсуге бағытталған проб­лемалық мәселелер көтереді. «Илаһи, әркім тойға Бошайдай әзірленгей ақ-ты», – деп қорытады эссесін.

Бәйгі атты бағып-қағу өнері жөнінде бұ­ған менің, осы жолдар авторының өз та­ра­пынан қосарым, Бошекеңнің маған айт­қан бір әңгімесі.

– Өзің білесің, – деді ол, – Катонда Мұз­тау дейтін таудың етегінде Рахман қай­нары дейтін әулие су бар. Сол қайнарға екі қара атты апаратынмын. Бәйгеде шап­қан соң аттың алдыңғы екі аяғына қан тү­се­ді. Алдыңғы аяғынан әжептәуір ауыр­лай­ды. Ыстық суға салғанда, жылқы ал­қы­мынан бу шығып, сүйсініп тұрады…

Тағы да бір әңгімесінде Бошекең бәйге атын баптау өнерін әкесінен үйренгенін айтып отыратын. Әкесі Кітапбай өмір бойы колхоз жылқысын баққан адам. 1932 жылы колхозда 800 жылқы болса, 1942 жы­лы соғысқа аттанар алдында санын мыңға, соғыстан қайтып оралғанда екі жа­рым мыңға жеткізген. Кітапбай тұңғы­шы Бошайды 7-8 жасынан бері қасына ертіп жүріп атбегілікке баулыған.

Бошай Кітапбаев тұлғасының және бір жар­қын қырлары Ғафу Қайырбековтың «Алтай азаматы» дастанында жарқырайды. Не өлеңдетсе де, дауылдатып өлеңдететін дауылпаз ақын:

…Соғыстан Бошай оралды

Кіндігі түскен жеріне.

Оң аяғы – ол қалды

Европаның төрінде», –

деп нөсерлетеді. Соғысқа Бошай жасы 18-ге толар-толмас аттаныпты. Аяғы Витебск түбінде қалған. Маған анда-санда телефон соққанында Бошекең амандықтан соң сөзін: «жалғыз аяқпен міне пәленше жасқа келдім» – деп бастайтын. Мен: Бошеке, бая­ғының ескі ақындары «алпыс алқы­мым­нан алды», «жетпіс желкеме мінді», «селкілдеген сексенге келдік», – деп зарланушы еді. Осы әдетіңізді қашан қоясыз? Онан да «Жалғанды жалпағынан басып өтіп, Жасарып, қайта туып, алдым бекіп» деп жырлайтын Жәкеңнің өзінен үлгі алып жүргеніңізді неге айтпайсыз?! – дей­тінмін.

Ғафекең де дастанында «жарымжан» кейіпкерінің қан майданнан оралысымен «шабытпен, оймен ел бастап, колхозды үл­кейтіп, өсіргенін», шаруасы топтан ту алса, бәйге қосқан жүйрігінің «жүздеген тұлпар алдында» ойқастап бөлек шауып «жүлде бермей» келе жатқанын жырлайды. Ал дастанының екінші бөлімі кәдуілгі көркемдік тартысқа құрылған. Еңбек майданына кіргелі қырық жыл өткенінде бір күні геройының басына ой келеді: Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға ескерткіш орнату керектігі хақында.

Бес ауылға бес белгі

Орнатпақ болды мәрмәрдан.

Қалдырмай жазып еш ерді,

Шыға алмай кеткен арманнан.

Қимылы қатты Аға өрен ісін ойдағыдай аяқтайды. Салынған ескерткіште «Жар­қы­рап алтын әріптер – Жайнады ерлер есі­мі». Енді оны салтанатты түрде ашуға аз-ақ қалғанда жоғары жаққа «арыздар ақ­ты зуылдап». Кітапбаев өзіне колхоз есе­бінен тастан ойдырып ескерткіш жасап жа­тыр деген іспетті. Сол-ақ екен кертартпа ау­дан, облыс дөкейлері ескерткішті ашуға рұқ­сат бермей қояды. Бошекең бетінен қайт­қысы келмей, ескерткіш жа­сау­ға шық­қан шығынды өз қаражатынан төле­мекке ыңғайланғанда әлгі кертарпалар «тоңқалаң асады». Жаңа басшылық Боше­кеңнің бастамасын ел үшін, болашақ үшін жасалып жатқан игі іс деп жоғары баға­лайды.

Бес ескерткіш – үш жүз ер

Халқымен бүтін қол алып,

Шақырып тойға туған жер,

Келгендей болды оралып.

Бұл оқиғаның мән-жайын мен де бі­летінмін. Ғафу дастанындағы «үш жүз» боз­дақтың біреуі туралы хикаяны Бо­ше­кеңнің өз аузынан естігенім бар-ды. Ол – Нұрқас Батырбаев деген Бошекеңнің ауыл­­дас ағасы. Оның шарболат характерін мү­сіндейтін сала құлаш роман жазуға да болар еді. Бошекең оны «бір өзі жүз кісілік» деп сыпаттайтын. Нұрқас 28 жасында «халық жауы» атанып 10 жылға сотталып, сонау Қиыр Шығыстағы Хабаровскідегі колониядан бір-ақ шығады. Сонда жүріп еті тірлігінің арқасында мұсылмандар колониясының бастығы болады. Еліне деген сағынышы ақыры майданға сұрануға мәжбүр етеді. Майданда жүріп жазған соңғы хаты былай басталады:

  1. ІV.43. Сәлем хат.

«Ардақты көруші жан жолдасым Уә­зипа, жалғызым Алтыбай, балдызым Рауза! Сендерге сағыныш жүректен сәлем жол­даймын!

Бошекеңнің маған жазған бір хатына қарағанда, Нұрқастың Алтыбайы қазір сек­сеннің сеңгірінде. Инженер болып қыз­мет еткен. Қазір басынан қатты ауыра­ды екен. Әйелі Нұрсар, қызы Жанар ба­ғып-қағып отыр…

Ғафу ақын майдангерлердің есімдері алтын әріппен жазылған Ескерткіштің ашылуын былайша суреттейді.

Баяғы жарлар – жесірлер

 Жаулықпен шашын жасырған.

Жарқырап алтын есімдер

Көздерге оттай басылған.

 

Келіншек күйге түскендей

Ерлерін қайта құшақтап,

Ғажайып күнді кешкендей

Кірпіктен жасы моншақтап.

……………………………………….

Кемсеңдеп кемпір-шалдарың

Құшақтап тасты бас салып,

Сулайды орамалдарын,

Суалған көзден жас тауып…

Қайран Ғафудың осы жыр жолдарын оқып отырғаныңда өзің де көзіңді шылап аласың… Ерлердің есімін жаңғыртқан Бошекең ендігі болашақ жас ұланның да даңқты ата-бабаларының есімдерін біле жүрсін деп те ойламады дейсіз бе?!

Қазір бар үлкенді-кішілі оқығандардың көзі – интернетте. Бошай Кітапбаев туралы «Өнегелі өмір» сериясынан кітап, тіпті роман жазылса, қандай ғанибет іс атқа­рыл­ар еді. Кітапбаев Бошай ағамыздың үйін­дегі қабырғада Кеңес Одағының ке­шегі аса көрнекті қайраткерлері Пантелеймон Пономаренконың, Никита Хрущевтің, Леонид Брежневтің, Дінмұхамед Қонаев­тың портреттері ілулі тұратын. Бүл жайдан-жай емес. Ол осы көсемдердің әрқай­сы­сы­мен жолығысқан, олардың Бо­шекеңе тіке­лей шарапаты тиген. Мұзафар Әлімбаев ақын айтқандай, «Бас колхозшы Хрущев – бас изепті дұрыс! – деп». Осы жәйттердің өзі бір жатқан хикая…

Менің үйімдегі кітап сөресінде «Тоғыз таң­балы найман» атты үш томдық шежіре кі­тап тұр. Оны құрастырған шежіреші кім десеңіз, тағы да сол – Бошекең, Бошай Кітапбаев ағамыз…

2009 жылы Өскемен қаласының рес­тора­нында Ұлы Отан соғысының арда­гері әкем Рүстемнің 100 жылдық мерейтойын өткіздім. Той президиуымында әкемді білетін бұрынғы майдангерлер, бірі – Бошай Кітапбаев та болды. Рекеңді жақсы білетін. Сол жайлы айта келе, жұртшылық­қа той өткізуші маған бәйге атының бірін сыйлайтынын жариялады. Мен жай ет қызуымен айта салған шығар деп жүре­тін­мін. Бошекеңнің Алматыда тұратын балалары бар. Соларға келгенде менің үйіме соқ­пай кетпейтін. Маған сол келісінің бі­рінде:

– Шериаздан шырақ, әнеугі сөзім – сөз. Бәйгі атты саған қашан жеткізіп бе­рейін демесі бар ма!

Мен біраз үнсіздіктен соң:

– Бошеке, оны мен қай жерде бағып күт­пекпін? Алматыдағы екінші қабаттағы пәтеріме жетектеп кіргізе алмаймын да. Тіпті, соғым етіп те соя алмаймын. Обалына қаламын ғой… Онан да былай деп келі­селік. Егер алда-жалда маған сыйлаған жануар­ды бәйгеге қоссаңыз, бұл Елеукенов Шериазданның аты деп жарияласаңыз, сол жетіп жатыр! «Атың шықпаса, жер өр­те» деген. Оның қасында…

Маған жазған 25 беттен тұратын бір ха­тын Бошай аға: «Қымбатты, құрметті Шериазданымыз! «Жақсының жақсы бі­лер сымбатын, Жаман қайдан білсін жақ­сының арзаны мен қымбатын» деп қа­зақ­тың бір асыл адамының айтқаны бар ғой, – деп бастайды.

Жарықтық Бошеке! Сіз өзіңіз – сол жақ­сылардың бірегейісіз. Иншалла, жеңе­шеміз екеуіңіздің жұмақтың төрінде отыр­ғандарыңызға кәмілмін!

Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ.
Шілде, 2016 ж.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір