«КҮЙМЕН ӨРІЛГЕН ӨМІР»
24.06.2016
2026
0

БековҚазақстан  Республикасының еңбек сіңірген мәдени қайраткері, дәулескер күйші,  фольклортанушы, аяулы ұстаз, шертпе күй шебері «Мағауия Хамзин мен Уәли Бекенов – шертпе күйдің қос ішегі тәрізді», – деп композитор Еркеғали Рахмадиев баға берген Уәли  Бекеновтің бұл дүниеден өткеніне 12 жылдың жүзі болыпты.

Өзі кеткенімен  оның соңында  күйге байланысты жазылған зерттеу кітап­та­ры, күйлері, әндері, өлең­де­рі мен әңгіме­лері –  құн­ды мұра болып қалады.  Еңбек ардагері, Баспа және полиграфия ісінің қайраткері, Уәкеңнің асыл жары Үміт­жан  Уақасова 2014 жылы күйшінің  шығар­ма­ларын жинақтап, бір ізге түсіріп, фотосуреттермен толықтырып, «Күй­мен өрілген өмір» атты кітап шығарып еді. Қа­зір Үмітжан Жүніс­қызы­ның қо­лында Уәли Бекенов тұтынған заттар көздің қарашығындай сақ­тау­лы. Соның бірегейі Уәкең талай жерде күй тартып, талай күйлерді радио-теледидарда әуе­лет­кен, шә­кірттеріне күй үйреткен қа­сиетті қара домбырасы болатын. Бір отбасының, бір әулеттің ғана емес, өнер сүйер бүкіл халықтың игілігіне жарасын деп, күйші­нің асыл жары осы домбыраны Ықылас атында­ғы Республикалық саз аспаптары мұражайына тапсырды. Осыған байла­ныс­ты мұражай басшысы Ұлжан Байбосынова бастаған ұжым мүшелері «Күй дарабозы – Уәли Бекенов­тің домбырасы музей сахнасында» атты шығармашылық кеш ұйымдастырды. Кешті жүргізген Т.Жүргенов атындағы Өнер акаде­миясының ұстазы, күйші Мұрат Әбуғазы Уәли Қалиакбарұлының өмірі, шығарма­шылығ­ы туралы тілге тиек ете келіп, Абай күйлерін тұңғыш но­таға түсіргені туралы айтып өтті. Одан кейін белгілі қобызшы, профессор, Уә­кең­нін шәкірті Базарқан Қосбармақов ұс­тазының өнегелі істері  жайлы сөз қозғады.  Уәли­дің шәкірт­терінің бірі, аталмыш  мұра­жай­дың алғашқы директоры болған, белгілі күйші Жарқын Шә­­кәрім: «Қы­тай қазақтарының күйле­рін Қазақ­станға алғаш алып келіп, Ахмет Жұба­новқа таныстырып, батасын алған – Уәли еді»,– дейді тебіреніп. Күләш Байсейітова атын­­да­ғы Респу­бли­ка­лық колледждің ұстазы Қайыр­бек Әділов өз сөзінде осы ұжымда бірге істе­ген уақыттарын сағынышпен еске алды. Белгілі журналист, Уәкеңнің бала кезден досы Ғалым Тыныбаев досының 6 жасынан бастап, Шыңжаң қазақтарының белгілі күйшісі – Раздықтан күй үйре­ніп, оны бізге жет­кіз­гендігі туралы айтты. Кеште Бәйжігіттің «Кербала» күйінен бастап Уәкеңнің өзінің бірнеше күйлері  орындалды.

Кеш соңында өнер иесінің  шәкірті әрі жиені Серік Қыдырбекұлы мұражай­ға тапсырылғалы отырған Уәли Бекенов­тің қара домбырасымен   күй­шінің  «Күй  аңсаған»  және   Раздықтың «Аң­шы­ның зары» атты күйлерін орындады.  Жәні­бек Кәрменов, Дәнеш Рақышев, т.б. бел­гілі қа­зақ әнші-күйшілерінің дом­бы­расының қасына  Уә­ли  Бекеновтің  қара домбырасы да қойылды.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір