ҰЛТТЫҚ ПСИХОЛОГИЯ ҚАЖЕТ ПЕ?

0
426 қаралды

китаптарҚАЖЕТ БОЛҒАНДА ҚАНДАЙ?
300 ЖЫЛДАЙ ПАТШАЛЫҚ РЕСЕЙ МЕН БОЛЬШЕВИКТЕРГЕ БОДАН БОЛҒАН ҚАЗАҚТАР ҮШІН АУАДАЙ ҚАЖЕТ

Ұлттық психология (кең мағынада этнопсихология) әр ұлт пен ұлыстың тек өзіне ғана тән тыныс-тіршілігінен туын­­дайтын (тіл, әдет-ғұрып, салт-дәс­түр, дін, миф, т.б.) психологиялық ерек­шеліктерді зерттейтін ғылым. Ұлттық психология – этнопсихологияның зерт­тейтін басты проблемасы. Бұған ұлттық мі­нез, ұлттық сезім, ұлттық тіл, ұлттық на­мыс, ұлттық мақтаныш, ұлттық рух, ұлт­тық тұрпат, т.б. осы іспеттес ұлттық құн­дылықтар кіреді. Ұлттық психология­сыз ұлт болмайды.


 

portretҚұбығұл ЖАРЫҚБАЕВ,
академик Т.Тәжібаев атындағы этнопсихология
және этнопедагогика оқу-зерттеу орталығының
ғылыми жетекшісі, профессор

 IMG_1360Ақнұр ОЛЖАЕВА,
«Мектептегі психология –
Психология в школе»
журналының бас редакторы

 

Еліміз егемендігін жариялап, тәуел­сіз­дігін алғаннан кейін жұртшылық ара­сында «ұлттық тәрбие», «ұлт психоло­гия­сы» дейтін сөз тіркестері жиі айтылатын болды. Осы мәселенің төңірегінде түрлі жиын­дар мен мәслихаттар өткізіліп, га­зет-журнал беттерінде күні бү­­гінге дейін көптеген мақалалар жазылып, нақтылы ұсыныстар айтылды. Со­нау ХХғасырдың басында-ақ қа­зақ­тың біртуар аяулы пер­зенттері – Х.Дос­мұхамедов, Ж.Аймауытов, М.Жұма­баев­тар жеріне жеткізе айт­қан еді.

«Мектебімізді таза, сау, берік, һәм өз жа­­нымызға үйлесетін негізге құра біл­сек, ке­лешегіміз үшін тайынбай-ақ серт­тесуге болады. Сондай негізге құра ал­масақ, ке­лешегіміз күңгірт». (М.Жұмабаев).

1992 жылы 20 тамызда «Әдеп және жан­­тану» дәрісін енгізу туралы Қа­зақ­стан Ха­лыққа білім беру министрлігі Жал­пы ор­та білім беру бас басқар­ма­сы­ның бас­тығы Б.Қ.Ұзақбаев тарапынан Об­лыстық бі­лім басқармаларына жол­данған нұсқау­лықта былай делінген:

Қазақстан Республикасы Білім ми­нистр­лігі алқасының 19.XII.91. №16/5 ше­­шіміне сәйкес, 1993/94 оқу жылынан бас­тап орта білім беретін мектептердің жо­ғары кластарында бұрынғы «Семья өмі­рінің этикасы мен психологиясы» дей­тін пәннің орнына «Әдеп және жантану» атты жаңа дәріс енгізіліп отыр.

Сіздерге  жіберіліп  отырған осы дәріс бағ­дарламасының жобасы ғалымдар мен мек­теп мұғалімдерінің талқысына түсіп, ма­құлданған. Таяу арада осы атпен оқу құ­ралы жарық көрмекші (авторлары: Қа­зақ мемлекеттік  ұлттық  университетінің  профессоры Қ.Жарықбаев пен доцент Ә.Табылдиев).

Министрлік Сізді аталмыш дәрісті бар­лық қазақ мектептерінде енгізуге жә­не алда жарық көргелі отырған оқу құра­лы­на сұраныс ұйымдастыруды және осы ша­ралардың орындалу барысын Жалпы ор­та білім оқу-әдіс­темелік бас басқар­ма­сы­на 1993 жылдың
1 қарашасынан қал­дыр­май хабарлауыңызды міндеттейді».

Келесі бір құжатта ҚР Білім министр­л­і­гінің сол кездегі орынбасары Б.Сапарбаев (қазір ол Ақтөбе облысының әкімі) Ал­матыдағы «Атамұра» баспасының бас ди­ректоры М.Құлмұхамедке (кейін Мә­дениет министрі болған) Қ.Жарықбаев пен Ә.Табылдиев дайындаған «Әдеп және жантану» оқу құралының қолжазбасын оқу­лық түрінде 100 мың таралыммен шы­ғару туралы тағы бір хатты жолдаған еді.

Елімізде психология ғылымының та­мыры тереңге кетпей, өзегі ерте шіріген ағаш­тай қурай бастағанына кім кінәлі де­ген сауалға келетін болсақ – мұның үш се­бебі бар екенін байқау қиын емес. Мұ­ның екеуі – билік басындағыларға байла­нысты болса, біреуі – осы мәселені дұры­с­­тап жолға қоя алмай жүрген өзімізге келіп тіреледі.

Даудың басы Дайрабайдың көк сиы­ры­нан басталады дегендей, мектептерде психология пәнінің оқытылмауына би­лік­тегілердің не себептен қарсы болғаны әлі күнге дейін белгісіз. Бұған Білім ми­нистрлігіндегілердің өздері себеп болды десек қателеспейміз. Олар, әсіресе, орта мек­теп департамент директорлары С.Ес­босынова, С.Рзалиев, С.Өмірбаевтар өз­дерінің академик Т.Тәжібаев атындағы этнопсихология және этнопедагогика оқу-зерттеу орталығына жолдаған хат­та­рын­да «Әдеп және жантану» пәнінің ор­ны­на Кеңес заманында КСРО мектепт­е­рі­­нің бәрінде оқытылатын «Семья өмі­­­рінің этикасы мен психологиясы» де­ген пәнді оқыту қажет деген көзқарасты ұстанды. Семья өміріндегі әдеп және психология» Кеңес дәуірінің идеологиясы емес пе? Осыған орай, «екі кеменің ба­сын ұстаған суға кетеді» дегендей, мұға­лімдер мен мектеп басшылары мұның қайсысын оқытарын білмей әуре-сарсаңға қалды. Төменде министрліктің орта білім департаментінің директоры С.Есбосы­но­ва­ның профессор Қ.Жарықбаевқа жазған жауап хатынан үзінді келтірейік:

«В соответствии с базисным учебным пла­ном на 1994–1998 учебные годы предмет «Этика и психология семейной жизни» включен в инвариантную (обязательную) часть учебного плана для изучения в Х классе».

2005 ж. 31 желтоқсанда осы ресми хат­қа мен төмендегідей жауап берген едім: «Сіз айтып отырған аталмыш пән Кеңес­тік дәуірде КСРО-ның барлық орта мек­теп­терінде оқытылғаны белгілі. Тәуел­сіз­ді­гін жариялаған ТМД елдерінің Білім ми­нистрліктері бұл пәнді жаңа талапқа сай келмейді, ол коммунистік тәрбие бас­таған еді. 1991 жылы ҚР Білім министрлігі тө­ралқасының арнайы шешімімен (№46/5, 19.12.1991) «Семья өмірінің эти­ка­сы мен психологиясының орнына «Әдеп және жантану» оқу құралын (хрестоматиясы) бағдарламасымен бірге әр­қайсысы 100 мың тиражбен шыққан еді.

Соңғы 20 жыл көлемінде Қазақстан мек­тептерінде психология пәнін оқыту ке­рек пе, әлде жоқ па деген мәселелердің төңірегінде айтыс-тартыс болып келеді. Бұл айтқанымызға төмендегі мақа­ла­лар­дың тақырыптары айқын дәлел. Олар: «Қа­заққа психология ғылымы керек пе?» («Жас Алаш» газеті, 1996, 28 қараша), «Біз­ге ұлттық тәрбие керек пе? немесе мектеп­терде жантану пән ретінде неге оқы­тыл­май­ды?» («Көзқарас» газеті, 2003, 15 қа­ра­ша), т.б.

«Баяғы жартас – бір жартас» дегендей, осы мәселенің шешімін Білім министрлігі тарапынан қолдау таппай, әлі күнге дейін бізді әуре-сарсаңға салып қойды. Турасын айтсақ, Үкімет те, Білім министрлігі де психологияны басы артық ғылым санайтын секілді. Оған дәлел жетіп-артыла­ды. Мұның бастылары – жалпы білім бе­ретін мектептерде психология пәнін оқытуды қажетсіз (мұны жоғарыда тәп­тіштеп айтып кеттік) деп санау, ұлттық психология ғылыми-зерттеу мекемесін ашуға деген неқұрайлылық. Енді соң­ғы­сына қысқа түрде тоқталайық. 1993 жылы тәлім-тәрбие саласымен айналысатын бір топ ғалымдар Президент Н.Ә.Назарбаевқа ұлттық психологияны зерттейтін институт ашу туралы арнаулы қаулыда да қол қой­ды. Бірақ ол кейіннен қағаз жүзінде қал­ды. Қазір де ұлттық психологиялық ғы­лыми мекеменің болмауынан, біз өз мен­талитетімізді жөндеп көрсете алмай, Мәскеуден, Ресейден келетін, ұлтымызға ешбір қатысы жоқ деректермен ғылыми жұмыстар жүргізуге мәжбүрміз. Ұлттық психологиялық орталық бізге кеуде соғу үшін емес, біздің ұлттық тұрғыдан даму үр­дісімізге, қанымызға сіңген әдет-ғұ­рып, салт-дәстүр ерекшеліктерімізді әлем­дік өркениетке, ғылыми-техникалық прог­ресті неғұрлым тиімді пайдалану үшін қажет екені белгілі. Ұлттық психо­ло­­гиялық ҒЗИ – елдегі осы саладағы ғы­­лыми мәселелерді үйлестіріп, оған бел­гілі бағыт-бағдар беретін, яғни жас ға­­лымдар ұшып шығатын ұя іспеттес ме­ке­ме.

Сондықтан да билік басындағылар бұл мәселеге атүсті қарамай, оның ше­ші­мін табу жағын ойластырулары тиіс.

Психолог мамандарын даярлауда өзі­міз де қатысты кемшіліктер де аз емес.

– Толстой өзінің «Соғыс және бей­біт­ші­лік» атты эпопеясында адамның бет-келбетінің 98 түрлі ерекшелігін көрсетіп, Волоконский, Ростова секілді кейіп­кер­ле­рін суреттеген. Ленин Толстойды «Орыс жанының айнасы» деуі де содан бо­лар. Бұл салада қазақ топырағында аса құнды пікір айтқан адамның бірі – Жүсіпбек Аймауытов. Жүсіпбектің тәлім-тәрбие тақырыбында жазған еңбектерінің ішінде «Психология» деп аталатын көлем­ді оқу құралының орны айрықша. «Психология нені сөйлейді?» дейтін бірінші тарауында осы ғылымның екі жарым мың жылдық тарихынан біраз мағлұмат бе­реді. Адамның жан дүниесін, мінез-құл­қын зерттеуді қалайша ұйымдастыруға бо­латынын тәптіштеп түсіндіреді. Бізді ерек­ше таңқалдыратыны – адам психоло­гиясын зерттеуде математиканы, оның ва­рияциялық статистика дейтін саласын қалайша пайдалануға болатындығы жайлы мәселе. Қазақ топырағында мұны Ай­мауытовтан басқа ешкім күні бүгінге дейін көтермеген. Біздегі ғылыми психо­логиялық терминдердің алғаш жүйеге түсуі де Аймауытов есімімен байланысты. Қырқыншы жылдарға  дейін әзірбайжан, өзбек, түркмен, қырғыз, башқұрт тілде­рін­де ұлттық психологиялық еңбектер жа­рық көрмеген. Жүсіпбектің психология­лық еңбектері оқырманға әлі толық жетпей жатыр. Қалың жұртшылықтың игілі­гіне тезірек айналдыру жолын баспалар тезірек қолға алса, нұр үстіне нұр.

Қазіргі қазақ психологтарына ғылыми зерт­теуде де, шәкірт дайындауда да Жүсіпбек та­маша үлгі. Олай болса, оның қалдырған психологиялық мұрасына үнемі зер салып отырмаса болмайды.

ҚазҰУ-де 1988 жылдан бастап психолог мамандар даярлана бастады. Алғашқы төрт жылда орысша оқытылды. Университетте одан бұрын да 1947-1953 жылдары ло­гика және психология бөлімі болған. Ара­да 35 жылдық үзіліс бар. Ал қазақ ті­лін­де психологтар дайындау 1991 жылы, яғ­ни тәуелсіздікке ие болумен тұспа-тұс кел­ді. Мәскеудің Ломоносов атындағы уни­верситетінің психология факуль­те­тін­де он екі кафедра болса, бізде бір ғана кафедра бар, алғашқыда екеу еді, кейін бі­реуін жауып тастады. Мұғалімдер орысша оқып келгендіктен, көбісі қазақшаға шор­қақ, өз еңбектерін орысша жазып, бас­қаға аудартады. Оны ана тілімізге ау­да­­р­ғандардың кейбірі ана тіліне шала­ғай.

Осы кітаптардың көбісі орыс тіліне АҚШ және Батыс психологтарының ең­бек­терінен аударылған қазақ рухынан ал­шақ жатқан дүниелер.

Бізде қай нәрседе болса да басқа жұрт­қа еліктеушілік басым. Мәселен, Анг­лия­ның Кембридж университетінің, Оңтүстік Кореяның оқу үлгісі дегендер пайда болды. Ұлттық психологияға өзіміздің оқыту, тәрбиелеу әдістерімізге селқостық орын алу­да. Мұндай жағдайда ұлттық ерек­ше­лік­тер жайына қалып, әлемдік жаһандық үрдіс белең алуда.

Психологиядағы ұлттық дәрістерді оқып-үйренуге қазақ студенттері ынтасыз дейтін пікірлер де бар. Мұнымен ке­лісу қате. «Меніңше, ұлттық тәлім-тәр­бие­ге мектепте де, жоғары оқу орын­дарында жөнді көңіл бөлінбейді», – дейді бізбен әңгімелескен бір психолог-студент.

Қазіргі таңда қазақ баласының психо­логиясын орыс, батыс психологиясы жаулап алған. Оған кінәлі – теледидар, интернет, басқа да ақпарат құралдары. Сту­­­денттер ана тіліндегі газет-жур­нал­дар­ды, көркем әдебиеттерді оқымайды. Бұл, әрине, өзімізге келіп тірелетін мә­се­ле. Мұндай жағдай біздің ұстаздарымызға да, билік басындағыларға тән. Отба­сын­дағы қазақы тәрбиенің де оңып тұрғаны ша­малы. Ата-ананың өнегелі тәрбиесінің өзі – жақсы психология ғой. Ұлттық тәр­бие отбасы мен мектептен басталатыны бел­гілі. Мектептердің оқу жоспарында «Қа­зақ әдеті мен психологиясы» дейтін пән жоқ, мұны міндетті түрде енгізбесе бол­майды. Біздер қазақ ғұламаларының тә­лім-тәрбиелік ұстанымдарынан хабарсызбыз. Төрт жыл бойына Батыс пен орыс­тың психологиялық ілімін жаттап жү­реміз. Оқу жоспарындағы бұрынырақ орын алған «Қазақ психологиясының тарихы», «Әл-Фарабидің психологиялық жүйесі», «Қазақ этнопсихологиясы», «Ұлт­тық салт-дәстүр психологиясы» се­кіл­­ді арнаулы дәрістерді қайтадан ен­гізу қажет.

Білім және ғылым министрлігі бекіт­кен оқу жоспарында психологияға тікелей қатысы жоқ курстар жетіп-артылады. Олар: Қазақстан тарихы, философия, шет тілі, қазақ және орыс тілдері, информатика, экология, т.б. Осынау қоғамдық гу­манитарлық пәндерден студенттер мек­теп қабырғасында жеткілікті мағлұмат алатыны мәлім. Енді оларды қайталап оқытудың қажеттілігі қанша? Оның орнына тек болашақ мамандыққа қатысты пәндерді оқыту тиімді емес пе?

Бізде оқылатын арнаулы пәндердің бағ­дарламасы да төрт аяғынан тең басып тұр деп айту қиын. Мәселен, зоопсихология (жануарлар психологиясы) атты бі­рін­­ші курста оқытылатын пәннің маз­мұны өмірден, күнделікті тұрмыс-тір­шіліктен алшақ жатқандығы – бұған жақсы дә­лел.

Қазақстан мал шаруашылығымен кө­бі­рек айналысатын ел. Сондықтан зоопсихология пәніне төрт түлік малдың пси­­­хологиясына байланысты мәселелерді оқытсақ қалай болар еді? Ал осы пәнде көп жағдайда құрт-құмырсқа, бақа-шаян, шы­бын-шіркейлердің жүйке жүйесінің ерекшеліктері мен сүтқоректілер мен омыртқалылар психологиясы сөз болады.

Мәселен, студент үшін халқымыздың төрт түлік малдың психологиясына қа­тыс­ты деректерді беретін болсақ, ол курс­тың теориялық және практикалық мәні маңыздырақ болар еді.

Қазақта үй малдарына қатысты 4000-нан астам атаулардың ішінде тек қозының ғана 40-қа жуық түрі бар екені көп нәрсені аңғартпай ма? Осы айтылғандар психо­ло­гиялық тұрғыдан талдауды қажет етеді. Құлан мен құлыншақтан басталатын жыл­қы малының, ботақан мен ботадан өр­битін түйеге тиісті атаулар қаншама? Бұл деректер аталмыш пәнді ана тілінде оқып үйренушілерге ғана емес, төл тілі­міз­де білім алып жатқан қазақ ұлты өкіл­дерінің бәріне де пайдалы. Мәселен, қала ба­лаларын ат пен биені бір ұғым деп ой­лай­ды екен. Олар құлынды бие деп, ту бие, тайлы бие, құнан, дөнен, ат, айғыр, тұлпар, т.б. анатомиясымен қатар, психологиясын білетін болса кұба-құп болар еді. Ұсақ жәндіктерді де білген жақсы, бі­рақ өзімізге жақын төрт түлік малдың пси­хологиясын тереңірек білетін болсақ, бұл практикалық тұрғыдан аса пайдалы бо­лар еді.

Жасөспірімдер арасындағы өз-өзіне қол жұмсау (суицид), мұның көрсеткіші бойынша еліміздің алдыңғы қатарға шық­қандығы, үлкендер тарапынан бала­ларға көрсетілетін зорлық-зомбылықтың артуы, отбасындағы ата-ана мен бала қарым-қатынасының нашарлауы, жас отбасылар арасында ажырасудың көбеюі сияқты, т.б. келеңсіз жағдайлар орын алу­да. Соңғы кездері осы секілді психо­ло­гия­лық астары бар мәселелерді шешуге бел­сенді араласу – психологтардан кәсіби ше­берліктіқажет етеді.

Қазіргі кезде балалар арасында жүй­кенің сыр беруі 30 пайызға өскен. Мұның өзі оқу үлгеріміне елеулі әсер етеді. Ал дұ­рыс білім алмаған баланың болашағы қа­лай болады? Екіншіден, еш жерде ті­р­кел­меген мектепішілік түрлі оқиғалар, қыл­мыстар да жетіп-артылады. Ұстаздар та­рапынан болатын жайсыз жағдайлар да кездесіп тұратындығын жасыруға болмас. Бұған тосқауыл болатын психологтар ға­на. Сондықтан Білім және ғылым ми­нистр­лігінің ойланатын кезі келген се­кіл­ді. Қорыта айтқанда, ғалымдар мен ма­мандар психологтарды даярлау және бар мамандардың қызметін тиімді пайдалану бағытында арнайы жоба әзірлеп, оны үкілі үмітпен құзырлы органдарға жол­дауы – қазіргі күннің басты  талабы. Оқу орындарында психология пәнін жүр­гізу­де прогрессивтік шет ел психо­лог­тары­ның жетістіктерін пайдалануды ұмыт­пау керек. Бізде бұл жағына тиісті көңіл бөлінбей жүр. Халқымыздың жан дү­­ниесіне өзінің теориялық һәм прак­ти­калық жаңалығымен Ұлы Даланың ты­ныс-тіршілігіне біртабан жақын тұр­ға­ны – 3.Фрейдтің психоанализ ілімі мен американдық гуманистік (ізгілік) психологиясы өкілдерінің (К.Роджерс, Г.Олпорт, А.Маслоу, т.б.) түйін-тұжырым­да­ма­лары. Мәселен, гуманистік  пси­хо­логияның (мұның идеясын кезінде Әл-Фараби, Өтей­бойдақ, Асанқайғы, Абай, т.б. айт­қан. – Қ.Ж.) түсінігінде  адам – табиға­ты­нан қай­таланбас белсенді тұлға, әркім­нің ал­дына қойған мақсатына жетуге мүм­кіндік бар, оның үнемі өзін-өзі жетіл­діре түсуі­не мүмкүндігі мол, өйт­кені, «үмітсіз – шайтан» дегендей, онда бола­шақтан үмі­т үзбейтін, ілгері қарай ұмтылу­шықтың табиғи негізі бар дейтін оптимистік идеялар ұсынылған.

Логотерапияның негізін салушы В.Франкл тұлғаның мінез-құлқындағы не­гізгі қозғаушы күш оның өз өмірінің мән-мағынасын іздеу мен мұны жүзеге асыруға ұмтылысы дейді. Мұндай әрекет­тің адамда болмауы онда селқостық, то­рығу, өмір сүруге деген сенімінің болмауына алып келеді. Өмірдің бірегей мән-мағынасын білдіретін құндылық­тар­ды субъект (индивид) төмендегі үш саладан (шығар­машылықпен айналысу, белгілі ұстаным көзқараста болу, оны ба­сынан кешіруден табуы мүмкін. Сондай-ақ гуманистік психологияның негізін салушы А.Маслоу тұлғаның барлық қа­сиеттерін (мінез, бағыттылық, қызығу, мүдде, қабілет, икем­ділік, темперамент, бейімділік, т.б.) тұтастай қарастырып, оның аса маңызды құн­дылықтарын ашу – әр адам қайта­ланбас тұлға. Оның айналаны өзін-өзі сезіне алуын үздіксіз дамып, жетілуге, өзін-өзі тануға түрткі бо­ла­ды. Адам та­би­ғатынан белсенді, жі­герлі, шығармашы­лық­ка қабілетті субъект.

А.Маслоу, К.Роджерс, Г.Олпорт, В.Франкл­д­ардың қай-қайсысы да адамды жоғарғы рухты, алдына өзін-өзі жетілдіру мақсатын қарастырады. Мәселен, Г.Олпорт тұлға анықтамасының 50-ге жуық түрін жүйелеп, оның сыртқы көрінісімен ішкі психологиялык мәніне байланысты жеті топқа бөліп қарастырады. Біздегі психологиялық бөлімшелерде шет ел психологиясынан осынау прогрессивтік көзқарасты назардан тыс қалып келеді.

Қазіргі қазақтардың мінезі туралы бі­рер сөз.

Бұрынғы КСРО-ны мекендеген этнос­тардың психологиясы туралы қорғалған диссертациялар, жарық көрген еңбектер аз емес. Ал бізге қомақты зерттеуді былай қойғанда, ауыз толтырып айтатындай ма­қалалар да болмай келеді. Қазіргі қазақ жаны деформацияланған, бүлінген дер едік. Өйткені, қазақтың психологиясында осы этносқа ғана тән біртұтас ұлттық ерекшелік бар деп айту да қиын. Қазақтың бүкіл тыныс-тіршілігінде, отбасындағы әдет-ғұрпы мен салт-дәстүр, жөн-жосық, жол-жоралғысында елімізді біраздан бері мекен етіп келе жатқан басқа этностар мінездерінің элементтері көрініс береді десе де, бәз біреулер айтып жүргендей, біз жылқы мінезділіктен айырылған, «қой мінезді» момын, жуас, намысы жаншыл­ған халық емеспіз.

Қазіргі нарық заманына белшесінен бат­қан қазақ елінде біздің пайымдауымызша, 11 миллионнан астам қазақ жұр­ты 6 үлкен топқа бөлінетін сияқты. Бұның біріншісі, шамамен 2,5 миллиондай әр түрлі себептерге байланысты мәңгүрт (бұның да неше түрі бар. – Қ.Ж.) атанған ағайындар. Бұлар ана тілінен де, тегінен, әдет-ғұрпынан бей-хабар жандар. Екінші топ – бұл да сан жағынан осы шамалас маргинал қазақтар. Үшінші топқа – жаңа қазақтар (қазақ байлары), төртінші топқа – оралмандар, бесінші топқа – кәдімгі қазақ, алтыншысына – нағыз қазақтар. Империялық саясат тудырған ұнамсыз қа­сиеттер бізде қазір де баршылық. Қа­ны­мызға әбден «сіңіп» кеткен жағымпаз­дық пен жалтақтық, даңғазалық пен ұраншылдық, күдікшілдік пен күншілдік, арызқойлық  пен жалақорлық, бойкүйез­дік пен салғырттық, жалқаулық пен ша­ла­ғай­лық, т.б. Бұл айтылғандарға нарық қо­ғамы тудырған жезөкшелік, неке­бұзарлық, келеңсіз тіршілікке құмарлық, бақталастық, т.б. (бұлар бұрын-соңды қа­зақтың түсіне де кірмеген мерез қа­сиеттер еді) осы секілді пәлелер келіп қо­сылды. Бізде бұдан басқа еліктеп-со­лықтаулар (батысшылдық, ермелік, елік­теушілік, желөкпелік, т.б.) жетіп-арты­лады. Бұл жайт еңсемізді көтертпей, құлдық психологиясының шырмауынан шығуға кесірін тигізіп-ақ тұрғанын естен шығар­мауымыз абзал.

Кезінде ұлт мәдениетін зерттеуші бір ға­лымның турасынан қойған мына бір пікірі ойдан кетер емес: «Алдағы жаңа ғасырда адам болып қалатынымыз айдан анық, бірақ қазақ болып қалуымыз үлкен мәселе…».

«Қазақ әдебиеті» газетінің бір санында «Уа, біз кімбіз?» деген мақала басылды. Оның қысқаша жауабын былайша берген болар едік: Біз – «сырты бүтін» (түр-сипатымыздың қазаққа ұқсастығы) «іші түтін» (қазіргі қазақтардың біртекті ұйы­ған ұлт еместігі). Өйткені, көпэтностық (полиэтностық) қоғамда жоғарыда айт­қандай, белгілі бір ұлтқа тән кесек, то­лық, берік те байсалды, тұтас мінездің болуы қиын. Мұндай мінез бітістері бір­текті этносқа, яғни моноэтностарда ғана кездеседі.

Сөз соңында тағы да айтарымыз, Қа­зақ­стандағы ұлттық психология ғылы­мының жоғары жақтан қолдау таппай отырғаны, әсіресе, еліміздің өз егемен­дігін жариялап, тәуелсіздігін алғаннан кейін неге шешімін таппай тұрғанын тү­сіну қиын. Біз жоғарыда осындай ке­леңсіз жағдайдың неге туындап отырғанын, себептерін, шама-шарқымызша сөз еткен болдық. Бірақ біз осы мәселелердің бар­лық әттеген-айларын көрсете алған жоқ­пыз. Олардың бар себеп-салдарын таразылап жазуға бір мақаланың көлемі де көтермейді. Сондықтан бұларды тек тіз­бектеп атап өтуді жөн көрдік. Олар: соңғы жиырма жыл ішінде билік тарапынан (бұл жерде Білім және ғылым министрлігін айтып отырмыз) елдегі психология ғы­лымының жай-жапсары туралы бастама көтермеуі, оқу жоспары мен бағдарлама, стандарттар жасауға араласпағаны, осы мамандықтың кадрларын дайындауға немқұрайлық, ғалымдар тарапынан кө­терілген ұсыныс, талап-тілектерге би­лік­тегілердің құлақ аспауы, төл тілі­мізде пси­­хологиялық әдебиеттердің жарық көруіне қамқорлықтың жоқтығы, т.б. Осы секілді ірілі-ұсақты мәселелерге ми­нистрлердің бағыт-бағдар беріп отырмауы, психология мамандығының көңіл-күйіне қаяу түсіретіні талай рет баспасөз беттеріне көтерілді («Қазаққа психология ғылымы керек пе?», «Ұмыт қалған аралдай», «Мектепте ұлттық психология неге оқы­тылмайды?», «Жұртта қалған кафедра», «Психологияның бағы қашан ашылады?», т.б.).

Біз билік тарпынан да, психолог мамандарынан да ұлттық психологияға қамқорлық жасау мәңгілік елге жасалған қамқорлық деп есептейміз.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне кел­сек, біздер өз күшімізбен осындай ты­ғырықтан шығудың жолын таппай, қиналыс жағдайында отырғанымыз хақ. Шешімін таппай тұрған мәселелерге жауап беруді жоғары жақтан күтетінімізді тағы да еске саламыз. Халқымыздың «үмітсіз – шайтан» дейтін дуалы сөзіне орай, психология ғылымының бағы ашылатынына үміттіміз.

Пікір қосу