ЖОҚ КІТАП ҚАЛАЙША «ӨТПЕЙДІ»
22.01.2016
1276
0

img_7691-800x1086Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ,
сатирик, прозашы


 

Тұңғыш кітабым – «Мінездеме» (әзіл-сықақ әңгімелер) 1970 жылы 12.000 таралыммен шықты. Одан 1992 жылға дейін жарық көрген  сегіз жинағымның   әрқайсысы 35.000 дана болып басылды. Орыс тіліндегі «Смех и слезы» кітабымның таралымы – 50.000 дана. Ал сол жылдары оқырманға менің аударуыммен ұсынылған: Әзиз Несин, Остап Вишня, Аурелиу Бусуйок жинақтары 10–12.000 данадан болды.

«Өз күніңді өзің көр» қағидалы заман бас­талған 1992 жылдан беріде менің кітап­та­рымның  да таралымы қаламдастарымның көпшілігіне меже етілген екі мың дананың  шегінен аспады, көбінесе – бір мың дана.

Бұрынғы жинақтарым республика кі­тап­ханалары мен сауда дүкендеріне жетіп жатса, кейінгілерім саны үш есе қысқарған кітапханалардың жартысына да жетпейтін болды. Рас, кітап  сататын дүкендердің сөрелерінде көркемдеп шығарылған жеке томдар, 5-10 томдық таңдамалылар тұрға­нын көріп жүрмін, бәрекелді! «Қалауын тапса, қар жанар».

Менің кітаптарым соңғы 20 жылда тиіс­ті министрліктің қамқорлығымен емес, баспагер інілерімнің, демеушілердің ықы­ла­сымен шығып келеді.

Аты құбыла беретін министрлігіміздің «қамқорлығына» екі мысал келтірейін:

Бірінші, жасым 70-ке толардан екі жыл бұрын (2013 ж.) министрлікке хат жазып, әзіл-сықақ әңгімелерімнің екі томын шы­ға­рып берулерін өтіндім. «Мүмкіндік жоқ» деді. «Мейілдерің!»  дей салдым. Бірақ содан қалайда хабардар болған астаналық  белгілі қай­раткер інілерімнің бірі ол өтінішімді жер­де қалдыртпай, 2011жылы шықпақ кітаптар тізіміне ендіртіпті. Ойда-жоқта жасаған жақсылығын кейін мен таныс досынан естідім, ал өзі  аты-жөнін жария ет­пеуді қалапты. Ол Екітомдығымның бірінші кітабы 2011 жылы, екінші кітабы 2013 жылы шықты.

Екінші мысал, жасым 80-ге толардан бір ­жарым жыл бұрын Мәдениет министрі мен ҚЖО басқармасының төрағасына өтініш жолдап, 2015 жылы атақты Әзиз Не­си­ннің туғанына 100 жыл толатынын, оның аудар­машыларының бірі – өзімнің сексен­нің сеңгіріне шығатынымды хабарлап, Не­син­нен аудармаларымның Екітомдығы шы­ғуына  қолұшын беретіндеріне бек сене­тінімді айттым. Министрліктен 2014 жыл­­дың күзінде: «2015 жылы шығарып бе­ре­міз» деген жылы жауап жетті де, 2015 жыл­дың көктемінде: «тендер өткізбеді» деген «қара қағаз» келді. Тағы да: «Мейіл­дерің!» дей салдым. Олардың оң тізімінде жоқ екенімді білемін, «басы ауырмай­тын­дардың  қасында балтырымды сыздатып» қайтемін?!

Бүгінде: «кітап өтпейді, оқырман жоқ» деген «ғажап білгірлік» пікір бар. Ал оның неліктен екеніне назар аударылмайды да, жаңсақ жорамал жорта береді. Өз басым Алматының төрт кітапханасымен  тұрақты қарым-қатынастамын. Қашан барсам да, әсіресе, жас оқырмандарды көптеп көремін. Өкінішке қарай, олар қажет еткен жаңа кітаптар табыла бермейді.

Жылда іргелес екі-үш облысқа барып-қай­тып жүремін. Әрине, кітап сататын дүкендерде, кітапханаларда боламын. Көретінім – ресейлік әлем-жәлем кітаптар мен журналдар. Қазақ ақын-жазушылары­ның кітаптары жоқтың қасы. Әсіресе, мектеп кітапханаларының қоры ескірген, жаңа кітап алдыруға қаржы тапшы. Яғни жоқ кі­тап қалайша «өтпейді», қоры тозған кі­тап­­хана атаулыға оқырман неге баруға тиіс?

Көркем әдебиетіміздің арқауы, ажары, біздің рухани жан ләззатымыз – тағылымды кітап десек, оның тағдыры тәлкекке айналып, тағылымды кітапты таныстық кітап еңсеріп барады. Кейбір қалың қалталылар бүгінгі өзінің, кешегі әке-атасының не кигені, қайда болғаны, не ішіп-жегені, қа­лай кекіріп-түшкіргені, қалай ұйықтағаны туралы қалың-қалың кітап шығаратын «дәстүр» тапты. «Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» деген мәтеліміз тозар емес. «Әдебиетке обал  болды-ау!» дейтін басшы-қосшы көрінбегелі қашан?!  Өте өкінішті!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір