Үйіңізге қараңызшы, кітап бар ма?!
28.09.2021
1812
0

Өткенде редакцияға бір ағамыз келді. Есім-сойы – Абдолла Бекжігітов. Кітап сатумен айналысатын көрінеді. Алматыдағы «Адем» сауда орталығында тек әдеби кітаптарды сататын дүкені, дүкенінде 5000-нан астам кітап бар. Одан бөлек сол шамадағы кітап үйінде «шаң басып» тұрғанын айтты. Әбекең кітапты елдің қолынан арзан бағаға сатып алып, қайыра елге сатады. Көбінесе жасы ұлғайған кісілерден, қайтыс болған қаламгерлердің балаларынан, кезінде кітап жинауды өзінің парызы санаған егде буыннан ескі, әдеби кітаптарды алып, оқырманға жеткізеді. Өзінің тұрақты қаридарлары (клиенті) бар.

Ағамыздың бұл кәсіппен айналысқанына ұзақ жыл болыпты. Әрине, бізді халықтың қандай кітап оқуға ынтызар екендігі қызықтырды.

– Көпшілік жұрт проблемалық мақалалар жинағына, публицистикалық, пәлсапалық, ғылыми еңбектерге қызықпайды. Тұрақты клиенттерім базар жағалап, күн көріп жүргендер болғандықтан да шығар, тек әдеби, оның ішінде прозалық шығармаларды көбірек сатып алады. Күнін ілдалдалап әзер көріп жүргендер бас қатыратын дүниелерді оқығысы келмейді.  Содан кейінгі трендте – мотивация, бизнес және психология жайында жазылған дүниелер. Онда да ғылыми емес, интернет арқылы өзінің кітабын жарнамалап жүрген Қуаныш Шоңбай, Айнұр Тұрсынбаева секілді «заманауи жазғыштардың» кітаптары өтімді. Шешендік өнерді үйретем деп жүрген айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақовтың кітабына да сұраныс жаман емес. Қайтсем байимын, қайтсем бақытты боламын, қайтсем елге танымал тұлғаға айналам деген жастар, өмір жолындағы кедергілерден құтылғысы келетін жұртшылық жоғарыдағы кітаптарға әуес. Жарнаманың күші ерен. Бұлардың кітаптары уақытша сұранысқа ие болып тұр. Күні ертең одан да жалығады. Халық бәрібір көркем әдебиетті оқиды. Ілияс Есенберлин, Оралхан Бөкей, Мұхтар Мағауин, Әзілхан Нұршайықов, Әбіш Кекілбаев бастаған аға буын қаламгерлердің кітаптарын іздейтіндер кезігеді. Иә, қазір кітап оқитындар жыл санап азайып барады. Әсіресе, жастардың арасында. Солай болса да, көркем әдебиеттің базары тарқамайды, менің қорымда сан жылдап жатқан кітаптардың дені түбі бір иесін табады, – дейді Абдолла Бекжігітов.

Біз Әбекеңмен ұзақ әңгімелесе алмадық. Алдағы уақытта кітап саудасы, оқырман талғамы, кітап оқитындардың жас ерекшелігі туралы кеңірек әңгімелесерміз деген ойдамыз. Зерттеушілердің пікірі бір бөлек, нақты іспен айналысып жүрген адамның пікірі қашанда өзекті.

Жоғарыда есімдері аталғандардың өліп-өшіп өз кітаптарын жарнамалауының сыры бар. Олар да елге болсын дейді, білім алсын, байысын дейді. Одан бұрын кітап сату арқылы миллиондаған пайда табады. Әлемде кітап бизнесінің қаржылық айналымы кино бизнесінен көп екенін естісеңіз, сенбессіз. Кітап саудасы, кітап бизнесі – әлемдік экономиканың ажырамас бөлігі. Миллиондаған адам осы саудамен күн көріп отыр.

Бүгінгі айтпағымыз бұл емес еді. Кітап сату бөлек әңгіме. Ал кітап сатып алатын, кітап оқитын, үйіне кітап жинайтып отбасы неге азайып кетті? Мені осы сұрақ үнемі толғандырады. Осыдан 15-20 жыл бұрын көптеген үйлерде кітап сөресі болатын. Әртүрлі саланың сарғайған кітаптары момақан қалыпта сөрелерде тізіліп тұратын. Ондай отбасында кітаппен сырлас, кітаппен мұңдас адамдар өмір сүретін. Ондай үйден зиялылық, дегдарлық пен ізденіске құштарлықтың лебі есіп тұрушы еді. Қазір ше?..

Арыға бармаңыз, көршілеріңізді, олардың үйін көз алдыңызға елестетіңіз. Мектеп оқулықтарынан, ары кетсе әулеттік шежіреден өзге кітап көрмейсіз. Еңселі, нән сарай, бірақ жұтаң… Себебі, кітап жоқ!.. Кітап жоқ үйді яки кітап оқымайтын отбасыны сыртынан қарап сезесің… Бәрі бар, бірақ әлдене жоқ екенін аңғарасың. «Әлдене». Осы сезім сізді алдамайды, ішіне енсеңіз, кітап, ешкімге зәбірсіз аяулы кітап жоқ. Көңілің қоңылтақсиды, сылдыр сөз, өсек-аяң аясынан арыға аспайтын әңгіме, «аралас-құраластық» – көршілік парыздың өтеуі ғана…

Кеңес одағы кезінде кітапты ең көп оқитын ұлт болыппыз!.. Әфсана. Шын оқырман енді пайда болады дестік. Ол да әфсана… екен. Бағзыдағы үйінде кітап сөресі тұратын, азды-көпті кітап жинайтын отбасылар қайда кетті? Осындайда базар жағалап, үй-үйді аралап, қаламгерлердің жинаған кітаптарын ұрпағынан тиын-тебенге алып, оны сатып нәпақа тауып жүрген Абдолла ағамыз еске түседі. Жүдеу-жадау халықтың аз да болса әдеби кітаптарды оқып жүргеніне шүкір дейсің. Олар кімдер екен?.. Мүмкін кешегі үйіне кітап жинаған отбасылардың әр қиырға аттанған ұрпақтары шығар? Солар. Солар екеніне сенімдімін.

Қаламгердің ұрпақтары демекші, небір даңқты жазушылардың өмірден өткен соң жиған кітаптарының қоқыс жәшігіне тасталғанын талай естідік. Сондай сәтте кітапты, жо-жоқ, соны керексіз еткен ұрпақты аяйсың!.. Кейде бүгінгі қаламгерлердің көбісінің кітап сатып алмайтынын, қолына түскенін оқып, сонымен-ақ қаламгер атанып жүргенін көргенде… атасының кітаптарын қоқысқа тастаған ұрпаққа  ренжігің де келмейді. Үйіндегі үш-төрт кітабын оқығанын айтып мақтанатын замандастарың біраз жылдан соң кезіксең әлі де сол кітаптар туралы айтып отырады. Кімді аяйсың: қаламгерді ме, оқырманды ма, әлде «қаламгердің» болашақ ұрпақтарын ба?..

Қазір кітап құндылық емес. Қателесесіз, кітап – құндылық. Тек байлықтың, бардамдықтың, сырбаздық пен дегдарлықтың, білімділіктің символы болудан қалды. Білімділік, оқымыстылық байлық саналмайтын болды. Шын мәнінде, осы ұғымдардың бәрінің өзегінде кітаптың асыл нұры бар еді ғой…

«Әлемдегінің бәрі кітапқа енгісі келіп тұратын» кезең өткен жоқ. Жазу өлмейді. Демек, кітап та өмір сүреді. Қолына смартфон ұстаған ұрпақ түрлі әлеуметтік желіден бұрынғылар көрмегенді көріп, бұрынғылар оқымағанды оқып жатыр… дерсіз. Адамзатты осы игілікке жеткізген КІТАП емес пе еді? Білім – кітап, кітап – білім еді ғой. Кітап берген білім қонымды, кітап берген білім адал еді. Әрине, адастыратын автор көп. Ол үшін кітап жазықсыз.

Кітап оқымайтын ұрпақ, кітап оқымайтын әулет, кітап оқымайтын ел заманауи технологияның өндірушісі емес, тұтынушысы болады. Әлемді билеушілердің ерікті жұмысшысына (құлына) айналады. Оқитындардың ақпаратымен өмір сүреді. Солар жасаған «заңдылықтардың» шеңберінің тұтқыны болып күн кешеді… Сенбейсіз бе? Айналаңызға қараңыз. «Ютубты» ақтарыңыз. Оқитын елдің озарын әйгілейтін сан мыңдаған дәйек бар. Біз бұл жерде көркем әдебиет туралы айтып тұрғамыз жоқ. Ол басқа тақырыптың жүгі.

Кез келген ғылымның қайнар көзі – кітап. «Кітап – білім бұлағы». Білімнің өзегі – ой. Ойдың шуағы – сөз. Сөздің жылуы – жазу! Ал жазудың отаны – кітап! Айналып кітапқа соғамыз. Демек, кітапсыз – дүние бос.

…Үйіңізге қараңызшы, кітап бар ма?! Айтпақшы, Сіз қандай үйде тұрасыз?!

Т.ТАҢЖАРЫҚ

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір